Көп тиынға – бір «ТИІН»

Қазақта «ит тірлік» деген тіркес бар. Жақында «тиін тірлік» дейтін санаға сіңетін сыңайлы. Өйткені қаладағы қарбалас пен күйбеңді тынымсыз тиінмен жиі байланыстырады. Алматылықтардың тұрмыс-тіршілігін білдіретін алып тиін Атакент көрме орталығының дәл алдынан орын тепті. Биіктігі төрт ғимаратпен пара-пар нысан тоғыз ай тұрады деседі. Одан кейінгі тағдыры қалай болары белгісіз. Себебі, сабан шөп уақыт өте келе өңін жоғалтатыны бар. Осы тиін үшін «жоғалған», яки жұмсалған қаражат – 23 миллион теңге.
Әлқиссасын жақсы жаңалықтан бастайық. 12 метрлік нысан еліміздің рекордтар кітабына енген. Яғни, ең үлкен арт-нысан ретінде тіркелді. Бір айта кетерлігі, бұл – эко-нысан. Сертификат та сол үшін берілген. Дизайны мен құрылысына үш айға жуық уақыт кеткен. Атакент маңына орналастыруының да пәлсапасы бар: Әуезов пен Тимирязев, жазушы мен ботаниктің құрметіне аталған көшелердің қиылысына табиғи нысан қойылып отыр. Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары бұл маңайдың неліктен таңдалғанын айтып берді. «Тиін» – қаладағы жаяу жүргіншілер аумағын жақсарту үшін жасалып отыр деседі. «Орын таңдау оңай болған жоқ. Нысан алыстан көрініп тұратындай жерлер көп. Бірақ жанына барып суретке түсуге ыңғайлы болсын дедік. Сондықтан соңғы шешіміміз Атакент болды» дейді Найля Мүлікова.
«Тиінді өте үлкен қылуымның себебін түсіндіре кетейін. Әдетте, біз кішкентай тиінді көріп, қандай сүйкімді деп тамсанамыз. Енді, бұл Тиін алматылықтарға қарап қандай сүйкімді адамдар дейді. Көлемі мен салмағы бойынша бұл нысан – жобаларымның ішіндегі ең үлкені. Бірақ биіктігі бойынша 15 метрлік баобаб ағашынан аласа. Сабан – ауылшаруашылық материалы. Ауылда көп қолданылады. Қаланың тас ғимараттарын көріп шаршағандар үшін жағымды көрініс болсын дедік. Алматыдағы өмірді айқын көрсететін нысан деп ойлаймын. Өйткені тиіндер қала тұрмысын бейнелейді. Олар да біз сияқты өмірге бейімделді. Біз сияқты тырмысып ғұмыр кешеді. Тиіннің қолында жаңғақ бар. Ол – сыйдың белгісі. Яғни, жарқын болашақты білдіреді. Қатты қысып ұстап алған. Көзі де бақырайып, ешкімге бермеймін деп тұрғандай» дейді инсталляция авторы, суретші Алекс Ринслер.
Қазір сап-сары болып тұрған сабан уақыт өте келе қараяды. Демек, бұл нысанның сұлулығы уақытша. Алекс Ринслер – концептуалист-суретші. Бір қызығы, ол жасаған эко-нысандарын өртеп тастайды екен. Өзіндік дәстүрін естіп таңғалғанымыз рас. Жастық шағымда отпен билеумен айналысқан суретшінің сондай әдеті бар екен. Бірақ тиінді өртемейтін болыпты. «Алекс алғашында әдетіне басып, өртеу туралы ұсыныс айтқан. Біз келіспедік. Өйткені дәстүрімізде ондай жоқ. Тоғыз айдан кейін түрі қандай болатынын көрейік. Бәлкім, алып тастармыз» дейді Funk агенттігінің директоры Майра Измайлова. Сабаннан жасалса да, нысан өрттен қорғалған. Өртке төзімді сұйықтық шашылған. Әбден тексеріліп, ең мықтысы таңдап алыныпты. Сонымен бірге, өрт тоқтататын капсулалар орналастырылады. Екі бейнебақылау камерасы да қойылмақ. Нысан авторының айтуынша, мұндай инсталляциялар қала үшін пайдасын тигізуі керек. Яғни, тек суретке түсетін жер ғана емес, құс ұялайтын мекен де бола алады-мыс.
«Тиін» – мемлекет пен Funk агенттігінің бірлескен жобасы. 15 миллион теңге қала әкімдігінен, 8 миллион теңге агенттіктің қаржысынан бөлінген. Нысанға 15 тонна болат, 3 тонна ағаш, 3 тонна сабан кеткен.
Әлеуметтік желіде тиіннің сұлулығына қатысты пікірлер де екіге бөлінді. «Өте ерекше нысан. Алматыда осындай өзгеше дүниелер көбейсе екен. Жолшыбай көріп, қуанып қалдым» деп жазғандар бар. Сондай-ақ «Атакенттегі саябаққа барып, кешкісін қыдыратынымыз бар еді. Енді, ол да жоқ. Кішкентай қызым тиінді көріп, қорыққаннан жылап жіберді» деген де пікірлерге көзіміз түсті. Нысанды жақтап жатқандардың ішінде дизайнерлер де бар. «Бұл – қалыпты жағдай. Бір рет өтетін акция деп қабылдайық. Тиін емес, керік не қасқыр болуы да мүмкін еді. Маған ең ұнамағаны – халықтың наразылығы. Бәрі сынауға кірісіп кетті. Бұл – төмен мәдениеттің көрсеткіші. Халыққа ештеңе ұнамайды. Барлық жерде барыс немесе домбыра тұруы керек. Қалғанының бәрі көңілден шықпайды. Өте ерекше нысан. Несі бар?» дейді дизайнер Нұрлан Төреханов.
Журналист Серік Әбікен әлеуметтік желідегі парақшасына мынадай жазба қалдырыпты: «Мына тиін суыр әлде борсық тектес-ау деймін. Біреулер «Байбелка» деп бейресми ат та қойыпты. Құп. Байбелка болсын, Жайбелка болсын – бәрі-бір. 7 тонна темірге 3-4 тонна шөп-шалам, сабан-топан тықпыштап жасапты. Жасаған «ғұламалар» 9 айға шыдап береді дейді. Сосын тозады. Тозғанда енді… Алматының алақұйын желі, ақтүтек бораны жұлқылап жүдетеді де. Байбелка «арықтағанда» шөп-шаламы, сабан-топаны бұрқырап ұшар. Мейлі ғой, не көрмеген, кімнің еркелігін көтермеген Алматы. Аузы-басы мен ауласын қоқым басқан қалалықтар қасиетті Байбелкаға тіл тигізе ме деген алаң бар көңілде. Бала кезінде арбаға сабан тиеп, тасып көргендер жақсы түсінер, совхоздың маясынан асып, 4 қабат үйдің биіктігіндей боп тұрған сабан аз дүние емес, қиқымы талай жерді жабады. Шамамен, 23 миллион теңгені желге ұшырсаң дәп сонша аумақты басып қалады екен. Сабан ұшырғанша, теңге ұшырғаны жөн еді. Алматының қақ ортасынан топан-топалаң жасау – ешкімнің миына келмеген ғажап ой! Мұндайға миың жету үшін шетелде оқып келуің керек шығар. Алматы ықшамаудандарында мектеп, балабақша жоқ, есесіне топан-той бар. Нағыз креатив!».
Дұрыс-ақ. Бұл – жеке пікір. Алайда біздің қауіптенетініміз – 23 миллион «желге» ұша ма деген уайым.
Бұдан бөлек Алматыда тағы 15 арт-нысан ашылады. Идеяларды халық ұсынса, қаржыландыру – әкімдіктен. Оңтүстік астананың жазы қазылған жол, аптап ыстық, көшедегі кептелістермен байланыстырылады. Бірақ биылғы жаздың бір ерекшелігі – көптеген жаңа нысандар салынуда. Қазақстан, Жапония және Ұлыбритания тандемімен бірқатар арт-нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Сәтбаев пен Байсейітова көшелерінің қиылысында урбан киіз үй орналастырады. Идея жапон дизайнері, архитектор Шин Шокитаға тиесілі. Абылайхан көшесіне қарай түссеңіз, балаларға арналған күмбезді алаңқайды көре аласыз. «Неделька» субұрқағының жанында ерекше «Әлем» деген орындық қойылады. «Су жүрген жер – береке» демекші, идея авторлары судың маңызын көрсете отырып, ағысқа қарсы жүзу пәлсапасын да білдіргілері келген сыңайлы.
Аталған нысандар арнайы жобаның аясында іске асырылып жатыр. Байқау өткізіліп, нәтижесінде осы 16 нысан таңдап алынған. Басты мақсаты – Алматы тіршілігімен байланысты ерекше дүниелерді туындату. Арт-нысандардың эксплуатациясы бір жылдан бес жылға дейінгі уақытқа жоспарланған.
Жадыра АҚҚАЙЫР
Нагыз акымактык