Доллар дүрілдеп, теңге дірілдеп тұр

884
0
Бөлісу:

Ұлттық валютаның құны күннен-күнге төмендеп барады. Доллардың теңгеге шақ­қандағы бағамы жыл басында 328-330 теңге болса, қазіргі кезде айырбастау пункттерінде көкқағаздың құны 343,5 теңгеге жетті. Яғни, кенеттен девальвация болмаса да, доллардың бағасы уақыт өткен сайын көтерілуде. Теңге­нің құнсыздануын әдетте мұнай бағасының арзандауымен байла­ныстыратын еді. Алайда қазіргі нарықта қара алтынның құны түскен жоқ. Керісінше, алдыңғы айлармен салыс­тырғанда қымбаттап, барреліне 78 долар шамасында саудаланып жатыр.

Ұлттық банк төрағасының пікірінше, ұлттық валюта құнының құбылуы – қа­лыпты жағдай. Өткен аптада баспасөз бри­фингінде Данияр Ақышев теңге ба­ғамының құлдырауына бірнеше фактор әсер етеді деген еді: «Валютаның еркін айналымы жағдайында, теңге курсының тербеліп тұруы – заңды құбылыс. Бұл туралы бірне­ше рет айтқан едік. Теңгенің бағамы ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Ішкі факторға халық пен кәсіпорындардың шетелдік валютаға деген сұранысын, төлем балансының ерекшелігін жатқызамыз. Оған қоса біз тұрақты дефицит аймағынан шығып, ішкі сауда операциялары бойынша тепе-теңдікке қол жеткіздік. Сондықтан ішкі жағдайлар бойынша теңгеге әсер ететін қауіп-қатерді көріп отырған жоқпыз. Сыртқы әсер бойынша қазіргі кезде дамушы мемлекеттердің валюта нарығы әлсіреп барады. Теңге – Қазақстан деген дамушы мемлекеттің валютасы. Сәйке­сінше, ол да әлемдік валюта құнының құбылу әсерін сезінеді. Сондықтан бұл – қалыпты жағдай, осыған үйрену керек».
Сыртқы тұрақсыз факторлардың әсе­рінен теңге әлсірегенімен, Ұлттық банк басшысының пайымдауынша, алаңдауға еш негіз жоқ. Дегенмен қайбір сарапшылар теңге тағы да құнсыздануы мүмкін екенін айтады. FXPrimus компаниясы сарапта­малық департаментінің жетекшісі Арман Бейсембаев жыл соңына дейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 360-380 болады деп болжайды.
– Жыл басынан бері теңге курсына әсер ететін сыртқы жағдай түбегейлі өзгерді. Егер бұған дейін курс негізінен мұнай бағасына байланысты қалыптасса, 2018 жылдың басынан әлемдік эконо­микада жаңа факторлар пайда болды, олар әлемдік саясат пен экономикадағы жағ­дайды өзгертіп жіберді. Теңге алғашқы соққысын Ресейге салынған санкцияларды күшейткен кезде алды. Бірақ оның әсері ұзаққа созыл­ған жоқ. Уақыт өте жойылып кетті. Алайда одан басқа ұзақмерзімді, теңге курсына жыл соңына дейін әсер ететін үрдістер бар. Біріншіден, олар АҚШ-тың федералды ре­зерв­тік жүйесінің пайыздық мөлшер­лемені көтеруі, мұ­нымен тоқтамай, монетарлық саясатын қатайтып, жыл соңына дейін тағы 2 рет көтеруі мүмкін. Бұл өз кезегінде доллармен төленетін алыс-беріс бағасының өсуі мен ұлттық валюталарға шаққанда доллар құнының қымбаттауына әкеп соғады. Долларлық капиталдың дамушы елдер нарығынан кетуі жергілікті валюта­ларға салмақ түсіріп жатыр: сингапур дол­лары, үнді рупиі, түрік лирасы арзандады. Са­лынған санкциялар мен Ресей Орталық банкінің пайыздық мөлшерлемені тө­мендетуі салдарынан рубль арзандап, АҚШ-пен сауда соғысының кесірінен Қы­тайдың юаны да құнын жоғалтып тұр, – дейді А.Бей­сембаев.
Сондай-ақ сарапшының айтуынша, доллар қымбаттаған кезде, әдетте шикізат арзандайды. Сондықтан жыл соңына дейін Қазақстанның негізгі экспорттық өнімі – мұнай бағасы түседі. Ол өз кезе­гінде теңгені одан ары құнсыздандырмақ. «Оған қоса, Федералдық резервтік жүйе айына 40 мың долларды жүйеден шығарып жатыр, нәти­жесінде аз уақыттың ішінде доллар дефи­циті туындайды. Доллар тапшылы­ғында оның бағасы шарықтап, басқа валюталардың арзандауына әкеліп соғады. Осы факторлар­ды ескере келе, теңгенің құнсыздануы жыл соңына дейін жалғасады деп ойлаймын. Күзге салым қазіргі процестерде біршама тұрақтылық орнайды. Сәйкесінше, теңге 335-345 ара­сында, тіпті 330-ға дейін нығаюы мүмкін. Ал күзде ФРЖ қайтадан пайыздық мөл­шерлемесін көтеріп, жүйеден айна­лымдағы долларды шығарған кезде, теңге тағы төмен құлдырайды. Жыл соңына дейін USD/KZT – 360-380 төңірегінде тұрақтауы мүмкін» дейді маман.
Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­тығының сарапшысы Мерей Исабеков те теңгенің құнсыздануын АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің қатаң монетарлық саясаты мен Вашингтонның саудадағы қолдампаздық саясаты және рубльдің әлсіреуімен байланыстырады.
– Жыл басынан бері теңгенің долларға қатысты курсы 3,4 пайызға әлсіреді, яғни 1 доллар 329,35-тен 343,48 теңгеге қым­баттады. Еркін айналымдағы теңге үшін валюталық курстың бұлай тербелуі – абыржуға себеп емес. Сонымен қатар Ақ үйдің агрессивті саясаты көптеген дамушы нарықтарға қысым тудырғанын ескеру керек. Өзге дамушы елдердің валютала­рымен салыстырғанда, теңгенің арзандауы ақырын жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстан Ұлттық банкі жүргізіп отырған монетарлық саясаттың тиімділігін дәлел­дейді. Мәселен, түріктің лирасы долларға қатысты 20,8 пайызға арзандаса, брази­лиялық реалдың құны 17,2 пайызға төмен­деп кетті. Рубль болса 8,8 пайызға құнсыз­данды, – деп тұжырымдайды сарапшы.
Мамандардың пайымдауынша, тең­генің алдағы уақыттағы бағамына сыртқы факторлар көбірек әсер етпек. Мәселен, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастың шие­ленісуі валюта нарығының құбылуына әкеп соғады. Соны­мен қатар Ұлттық банк саясаты теңге курсында үлкен рөл ойнайды. Ұлттық банк жыл басынан бері базалық мөлшерлемені
4 рет, жалпы 1,25 пайызға төмендетіп, бұл теңгелік актив­тердің тартымдылығына әсер етті.
– Айта кету керек, Қазақстан қаржы­герлер қауымдастығы ай сайын қаржы нарығы кәсіби қатысушыларының ара­сында сауалнама жүргізеді. Маусым айын­дағы сауалнама нәтижесі бойынша, сарап­шылар жыл соңына дейін 1 АҚШ доллары­ның құны орта есеппен 335,8 теңгені құ­райды деп күткен еді. Сауалнама жүргізілген уақытта курс 331-334 ара­лығында еді, сарап­шылар әлсіз құнсыз­дануды күткен, ешкім рубль мен мұнайдың қарқынды динамикасын ескермеді. Келесі болжамда осы мәселе ескеріледі деп отырмыз. Деген­мен ешқандай экстремум болмақ емес, – дейді Мерей Исабеков.
Ұлттық валютаның құнсыздануы, ма­манның пікірінше, ел экономикасына жағымды да, жағымсыз да әсер етуі мүмкін. Дегенмен бұл жағдайдан қаржы­герлер негативтен гөрі, позитивті көбірек байқап тұр. Бірінші жарты жылдықта теңгенің дол­ларға қатысты курсы 3,4 пайызға арзандауы болмашы ғана өзгеріс екен. «Қазақ­стан экспортының 70 пайы­зын минералды шикізат құрайды, олардың бағасы АҚШ долларымен бекітілген, бұл ретте қазақ­стандық экспортерлердің теңгедегі табысы артты. Оған қоса шетелге тасымал­данатын №1 тауар – мұнайдың құны жыл басынан бері 16 пайызға қымбаттағанын естен шығармаған жөн. Импорт туралы айтатын болсақ, оның құрылымы алуан түрлі және тауарлардың басым көпшілігінің бағасы АҚШ долла­рына емес, тасымалдаушы елдің валю­тасына байланған. Оған қоса, Қазақстанға кіретін тауарлардың үштен екі бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. Ал жыл басынан бері теңгенің қытай юані мен еуроға қатысты құнсыздануы әлсіз болса, ре­сейлік рубльге қатысты 5 пайызға нығай­ды. Сондықтан курс құбылуынан импортер­лердің шығыны болса да, ол айтарлықтай емес, – деп тұжырымдайды қаржыгер.

 

Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*