Жұмысшылар жалақысы ұлғайтылады

1058
0
Бөлісу:

Ұлттық экономика министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 5 наурызда жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасының» екінші бастамасы қалай және қашан жүзеге асырылатыны жөнінде түсініктеме берді. 

Мемлекет басшысы екінші бастама аясында жалақысы төмен жұмысшы­лар­дың еңбекақысын көбейту үшін олар­­дың салық жүктемесін азайту мін­де­тін қойған болатын. Бұл шара халық­тың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Ұлттық экономика министрлігінің мәлі­метінше, осы бастамаға сәйкес, жала­қысы 25 айлық есептік көрсет­кіш­тен немесе 60 125 (алпыс мың бір жүз жиырма бес) теңгеден аз жұмысшылар үшін жеке табыс салығының мөлшер­ле­месін 10 есеге төмендету ұсынылады.
«Тұтастай алғанда, республика бойынша мұндай төмен еңбекақыны 2 миллионнан астам адам алады. Олар негізінен, ауыл шаруашылығы мен саудада еңбек етуде. Аталған баста­маны іске асыру мақсатында мемле­кеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы бірлесіп, жұмыс жүргізді. Жұмыс қорытын­ды­лары бойын­­ша жалақысы төмен жұмысшы­лар­ға салық салудың оңтайлы тетігі айқын­­далды» деп мәлім етті ведомство.
Нәтижесінде, салық салынатын табыс 90 пайызға азайтылатын болады да, тек қалған еңбекақы көлемінен ғана 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы алынады. Осылайша, салық жүктемесі он есеге төмендейді.
Ұлттық экономика министрлігі қара­пайым халыққа түсінікті болуы үшін 2018 жылы жеке табыс салығын есептеуді қарапайым мысалмен түсіндіре кетті.
Мәселен, жұмысшының жалақысы айына 25 айлық есеп көрсеткішті немесе 60 мың 125 теңгені құрайды делік. Осы сомадан 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасы, яғни 6 мың 13 теңге шегеріледі. Сонда тек 54 112 теңге қалады. Бұл сома ішінде қазіргі тәжірибе бойынша 1 ең төмен жалақы көлемі, яғни 28 284 теңге – төменгі салық салынбайтын кіріс. Оны да алып тастағанда, салық салуға азаматтың барлық табысының 25 828 теңгесі қалады (салық салынатын табыс). Қолданыстағы тетікке сай, одан алынатын салық сомасы 2 583 теңгені құрайды (25 828 *10% = 2 583).
Енді президенттік бастама аясында не өзгермек?
Ұсынылған тетікке сәйкес, азаматтың салық салынатын табысының мөлшері 90%-ға, яғни 2 583 теңгеге дейін төмен­дей­ді. Бұл сомаға 10% мөлшерлемесі бойынша жеке табыс салығы салынады. Сөйтіп, айлығы төмен жұмысшының жалақысынан небары 258 теңге ғана салық ұсталады.
Яғни, іс жүзінде салық мөлшері 10 есе – қазіргі 2 583 теңгеден алда 258 теңгеге дейін төмендейді, оның арқасында азаматтың жалақысы автоматты түрде 2 325 теңгеге өседі.
«Бұл тетікті қолдану қызметкердің дереу және кепілдікті түрде қосымша табысқа ие болуына мүмкіндік береді әрі жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін де ұлғайтпайды. Сонымен бірге, жұмыс берушінің әкімшілік шығындары азай­ты­­лады. Осы арқылы республика бойын­ша жұмысшылар жалпы сомасы 29 млрд теңге шамасында қосымша еңбекақы алатын болады. Салық заңнамасына тиісті түзетулер енгізілді. Олар 2018 жылғы 2 шілдеде Елбасы қол қойылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында көзделген» деп хабардар етті Ұлттық экономика министрлігі.
Бұл тетік 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс жасайтын болады.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*