Тақ мұрагері Астанамен мақтанды

701
0
Бөлісу:

Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян Instagram парақшасында Астанадағы ресми сапары түсірілген видеоны жариялады. 1 миллион 600 мыңнан аса жазылушысы бар ханзаданың оқырмандары оның Астанаға сапарын қызығушылықпен талқылады.

Шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян видеода Қазақстанға барғанына қуанышты екенін жазған. Тақ мұрагері Астанадан алған әсерімен бөліскен.

 

Бұған дейін биыл көктемде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарында Әбу-Дабидің тақ мұрагері,  Шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянмен арнайы кездескен болатын.

Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің тақ мұрагері Шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянды Қазақстанға шақырған еді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы тақ мұрагеріне ризашылық білдірген болатын. «Екі жақты достық қатынастардың арқасында екі елде бизнес және мемлекеттік құрылымдары арасындағы ынтымақтастық дамып келеді. Сауда-саттық көлемі 2 есе өсті. Біз инвестицияны қорғау және салық салу саласында уағдаластықтарға қол жеткіздік. Алға қойған мақсаттарымыз көп» деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Әбу-Дабидің тақ мұрагері екі ел арасындағы тығыз достастық Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Шейх Заид бен Сұлтан Әл-Нахаянның еңбегі екеніне айрықша атап өткен еді. «Екі ел арасында бауырластық қатынас орнаған. Біз Сізді үлкен ағамыз деп санаймыз. Өмірлік тәжірибеңіз мол. Сізді құрмет тұтамыз. 30 жыл бұрын Қазақстан осындай өзгерістерді бастан өткереді деп ешкім күтпеген еді. Қазір Қазақстан – көшбасшы ел, өңірдегі жетекші мемлекеттердің бірі. Осының бәріне Сіздің көрегендігіңіз бен пайым-парасатыңыздың арқасында қол жеткізді» деп тақ мұрагері Елбасының еңбегіне жоғары баға берген болатын. Елбасы Әбу-Дабидің тақ мұрагері Шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянды «Астана – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Астанада араб инвесторларының көмегімен «Әбу-Даби плаза» кешені салынып жатыр.

Майра БАҚЫТ

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*