Жаңа бағдарлама кімдерді жарылқайды: банкті ме, халықты ма?

1129
0
Бөлісу:

 Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша баспана берудің бастал­ғанын ресми түрде жария еткеннен кейін, елімізде ипотекалық жолмен баспанаға ие болудың жаңа толқыны іске қосылды. Алғаш рет бұл бағдар­лама туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастама­сы аясында 5 наурыз күні мәлімдеген болатын. Президенттің айтуынша, бағ­дарлама аясында әрбір қа­зақ­стандық қолайлы жағдайда бас­паналы бола алады. Ал осыдан бірер күн бұрын «7 – 20 – 25» бағдар­лама­сының алғашқы клиентінің кім екені де белгілі болды. 

Нарбота Бақытхан – «7 – 20 – 25» бағдарламасының ең алғашқы клиенті. Ол Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алып, ағылшын және француз тілдерін меңгерген. Қазіргі таңда Қытайға студенттер жіберетін арнайы компанияда жұмыс істейді. Тұрақты жалақысы мен төлем қабілетіне сенімді болғандықтан, тәуекелге бел буған.
– «7 – 20 – 25» бағдарламасының мені қызықтырған тұсы – мұнда басқа көптеген бағдарламаларға қарағанда несие өсімі әлде­қайда төмен. Сонымен қатар 5 жыл мен 25 жыл аралығында ақша құюға болатыны, яғни мерзімінен бұрын төлеп құтылуға мүмкіндік бар. Бағдарламаға қатысар алдында алғаш ойымды ата-анама айттым. Олар мені қолдады. Мұндай батыл қадам жасауға ата-анамның көмегі көп тиді. Несие мерзімінің 25 жыл болып көрсетілуі мені қатты алаңдатпайды. Жалпы, несиені 25 жыл мерзімге бөліп төлеуге көптеген қазақстандықтардың қабілеті жетеді деп ойлаймын. Жұмысым, тұрақты жалақым болғандықтан, менде аса қатты қорқыныш болған жоқ. Несиені ЦентрКредит банкінен алдым. Алғаш жоба туралы сұрастыра бастағанда, тұрғын үй кешеніндегі адамдар маған бұл бағдарлама бойынша бірнеше банктің несие беретінін, оның ішінде ЦентрКредит банкінің қолайлы екенін айтты. Осылайша, таңдауымды жасадым. Оның үстіне осы банкте бұрыннан депозит ашып, ақша жинап жүргенмін. Негізі, қандай да бір ипотекалық бағдарламамен үй аламын деп қамданып жүргеніме біраз уақыт болған еді. Бір жарым жыл бұрын үйдің 30 пайыздай қара­жатын жинап қойғанмын. Ол кезде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана аламын деп ойладым. Таңдаған үйдің салушылары «Нұрлы жермен» береміз деген еді. Бірақ жақын арада «7 – 20 – 25» бағдарламасының шығатынын естіп, біраз күте тұрамын деп шештім. Себебі, осы бағдарламамен үйдің 20 пайызын төлеп, баспаналы болу әлдеқайда тиімді еді. Тұрғын үй кешенінің иелері жаңа бағдарлама бойынша да үй ұсына алатындарын айтты. Сөйтіп, әу бастағы таңдаған пәтерімді ала беретінімді жеткіздім. Банкке алғаш барған кезде олар маған бес түрлі нұсқамен есептеп берді. Яғни, 5, 10, 15, 20, 25 жылға алуға болады деп. Ай сайынғы төлем, үстіндегі өсім, соның бәрін түсіндірді. Ерте жабу мүмкіндігі қарастырылғандықтан, 20 жылдық мерзімді таңдадым. Өзім үнемі мемлекеттік бағдарла­маларды қарап, іштей талдап, зерттеп жүретіндіктен, бұл жобаны түсіну қиынға соққан жоқ, – дейді Нарбота Бақытхан.
Оның таңдап алған үйінің толыққанды бағасы – 13 миллион 600 мың теңге. Бас­пананың алғашқы төлемі ретінде 2 миллион 800 мың теңге төлеген. Үй Алматыдағы Ақсай-5 ықшамауданында, «Үш-Сұңқар» тұрғын үй кешенінде орналасқан. «Кілтін енді ғана қолыма алдым. Жөндеу жұмыстарын жүр­гізгеннен кейін, қоныстанатын боламын» деген Нарбота келесі айдың 15-інен бастап несиесін төлейді. Ай сайынғы төлемақы – 81 мың теңге. Бұл бағдарлама бойынша қазақстан­дықтар ипотекалық займдарды екінші деңгейлі банктерден ала алады. Кредиттерді Ұлттық банк құрған – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ сатып алады. Осы ұйымның басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековтің сөзінше, жыл аяғына дейін 100 миллиард теңге несие беру жоспарланып отыр.


Қандай талаптар қойылады?

– Қазақстан азаматы болуы керек;
– Еңбек табысын растайды немесе кәсіпкерлік қызметін көрсетеді;
– Тұрғын үй несиесі бойынша қарызы жоқтығын айғақтайды;
– Бағдарламаға қатысушы-банкке барған кезде республика аумағында жеке баспанасы жоқтығын көрсетуі шарт.


– Қазірге дейін шамамен 71 миллион тең­геге несие беріле бастады. «7 – 20 – 25» бағдарламасы ресми түрде іске қо­сылды. Сол уақыттан бері 71 мил­лион­ға 7 несие рәсімделіпті. Жалпы, 2022 жыл­ға 1 триллион теңге несие беру жос­пар­ланып отыр. Бізбен бірге қазір 7 банк жұ­мыс істейді. Олар – ЦентрКредит бан­кі, Еуразиялық банк, Халық банкі, Цесна­банк, RBK банк, АТФ және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Жыл аяғына дейін Форте банк пен Сбербанк қатарға қосы­ламыз дейді. Олар соңғы техникалық жұ­мыс­тарын пысықтау үстінде, – деді «Бас­па­на» ипотекалық ұйымының басқарма тө­рағасы Қайрат Алтынбеков.


• Жылдық мөлшерлеме – 7 пайыз;
• Бастапқы жарна – 20 пайыз (баспана құнынан);
• Несие мерзімі – 25 жылға дейін;
• Бұл бағдарлама бойынша тек жаңадан салынған құрылыстар беріледі. Бағдарлама негізінде ІІ деңгейлі (ескілеу) баспана рәсімделмейді;
• Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларындағы баспаналардың ең жоғарғы құны – 25 миллион теңге. Өзге қалаларда – 15 миллион теңгеге дейін.


Сарапшылардың айтуынша, елор­да­мен салыстырғанда Алматыда бұл бағдар­ла­ма аясында берілетін дайын үйлер аз.
«7 – 20 – 25» бағдарламасының шарты бойынша тек ішкі-сыртқы құрылысы толық аяқталған үйлер ғана ұсынылуы ке­рек. Қазір мегаполистегі Bazis салып жат­қан «Алмалы» тұрғын үй кешенінде бі­раз пәтер сатылып кеткен. Тек 1, 2 бөл­мелі үйлер қалыпты. 2 бөлмелілер – 15 мил­лионның үстінде. Ал 9,5-10 миллионға тек бір бөлмелі пәтер табуға болады. Оның өзін көпшілік таласа алып жатыр. Де­ген­мен бұл мемлекеттік бағдарламаға бүкіл тиісті органдар үн қосып жатқанын ескерсек, жыл аяғына дейін біраз тұрғын үй кешенінің құрылысына жан бітуі тиіс. Ал­ғашқы несиені берген ЦентрКредит бан­кінің басқарма төрағасы Тимур Иш­муратов клиенттерді жылдам сервис және сапалы консалтингпен қамтамасыз етуге дайын.
– Бұл бағдарламаның маңызы мен өзек­тілігі өте жоғары. «7 – 20 – 25» несие­леу­дің ипотекалық нарығын және эконо­ми­каның құрылыс секторын белсенді ету­ге бағытталған мемлекеттік бағдар­лам­а. Бұл бағдарлама бойынша баспана ал­ған адамдардың ай сайынғы төле­ма­қысы олардың қаржылық жағдайына жүк тү­сірмейді, – дейді ол.
Ал алғашқы тұтынушы атанған Нар­бо­та, бағдарламаның құжат жинап са­былт­пайтынын айтады.
– Алғаш мен «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы бойынша құжаттар жинадым, бірақ бағдарлама иелері маған жауап берген жоқ. Сосын «7 – 20 – 25» бағдарламасына ауыс­тым. Негізі үйді рәсімдеу процесі ұзақ­қа созылмайды, өте ыңғайлы. Халық­қа қызмет көрсету орталығынан басында ипо­текалық қарызы жоқ деген анықтама ал­дым. Сосын бағалаушылар үйдің құнын шы­ғарды. Артық құжат жинап, шар­шат­қан жоқ. Түскі 1-лер кезінде құжат тап­сырғанмын, ал олар маған сағат 2-де ха­бар­ласып, сәтті өткенімді айтты. Түстен кейін келісімшартқа қол қойдым. Ал ертеңіне банк баспана құнының 80 пайы­зын тұрғын үй кешенінің есепшо­тына аударды. Сол күні мен үйдің кілтін алдым. Сонда барлық шаруа бір-екі күнде бітті. Ал мен алған тұрғын үй кешеніндегі үй­дің құрылысы толық аяқталған. Адам­дар қоныстанып үлгерген және бірқатар пәтерлері сатылып жатыр, – дейді ол.
Қайрат Алтынбеков бағдарламаға қ­а­тыс­ты кейбір тиімді шарттарды айтып өтті.
– Бағдарламаның шарты бойынша адамдар 7 пайыздық мөлшерлемемен ала алады. Ең үлкен максимальді шарт мерзі­мі 25 жыл ретінде бекітілген. Алғашқы жар­насы 20 пайыз деп белгіленіп отыр. Бұл кредит Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына беріледі. Қойы­латын бір ғана шарт – басында үйі бол­мауы керек. Бұрынғы «Нұрлы жер», «Нұр­лы жол» және «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламалары бойынша соңғы бес жылда бастарында баспаналары бол­мауы қажет еді. Бір үйді сатып алғаннан кейін 5 жыл күтуі керек болатын. Ал бұл бағ­дарлама бойынша кеше бір үйді сатып жі­беріп, бүгін жаңасын ала беруге болады. Со­сын тағы бір артықшылығы – тұрғы­лық­ты жері туралы құжатқа қарамайды. Бұ­рын Астанадан үй алу үшін Астанада не­месе Алматыда тұруың керек деген шарт бар еді. Ал қазір кез келген аймақтан ала алады. Ең бастысы, ресми түрде тұ­рақ­ты табысы болса болды. Содан кейін ескерілетін тағы бір нәрсе – басқа ипоте­калық қарызы болмауы керек. Қазіргі таңда бағдарлама Астана, Алматы, Орал, Ақтау, Өскемен, Көкшетау қалаларында белсенді жүргізілуде. Жалпы, алдағы уа­қытта барлық өңірде де беріледі. Өйткені бізбен серіктес банктердің филиалдары бар­лық жерде бар, – дейді «Баспананың» бас­шысы.
Бағдарлама жаңадан іске қосылғаннан кейін шығар, оның тұрғындар үшін әлі де түсі­ніп болмай жатқан тұстары бар. Са­рап­шылар жағы да жаңа жобаның жетіл­ді­ретін жақтары жайында жиі айтып жүр. Экономист Расұл Рысмамбетов «7 – 20 – 25» бағдарламасы нарықтың кей заң­ды­лықтарына қайшы келетінін, сондай-ақ бұл бағдарлама арқылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ете алғанымызбен, тұр­ғындардың басқа да әлеуметтік мәсе­ле­лерін туындатып, әлеуетімізді әлсіретіп алуымыз мүмкін екенін айтады.
– Мемлекеттің ел тұрғындарын баспа­на­мен қамтуға бағытталған бастамасын қол­даймын. Бұл мақсатта Үкімет халыққа тұр­ғын үйлерді ипотека беретін бағдар­ла­ма­лар ұйымдастыруда. Соның бірі – жа­қын­да жүзеге асқан «7 – 20 – 25» жобасы. Бұл бағдарламаға деген сұраныс айтар­лық­тай болмай тұр. Неге? Себебі, Мем­ле­кет басшысының өзі еліміздегі 2 мил­лион­нан астам тұрғынның жалақысы 60 мың теңгеден сәл асатынын айтты. Ал ипотекаға берілетін үйлердің ең қар­а­пайы­мын сатып алу үшін айына шамамен 100 мың теңге төлеуің қажет. Біз болсақ, яғни Үкімет адам басына 30 шаршы метр­ден келетін тұрғын үймен қамту жос­па­ры­на қол жеткізуді мақсат тұтып отыр. Сонда әке-шешесі екі баласымен 120 шар­шы метрлі үйде тұруы қажет болады. Мұн­дай пәтерлердің ай сайынғы төле­ма­қысы 140 мыңнан жоғары болмаса, кем шық­пайды. Тіпт әкесі де, анасы да жұмыс істеп, 100 мыңнан жоғары жалақы алады де­сек те, ол отбасының айлық табысының жар­тысынан көбі ипотека төлемдеріне жұм­салатын болады. Мұндай жағдайда әлгі отбасы басқа мақсаттарға арналған шы­ғынын азайтатын болады. Яғни, білім алу, денсаулық дейтін мәселелер екінші кезекке ығысуы мүмкін. Сонда алғашқы жарнасы 20 пайыз, жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз болатын жаңа бағдарламаның өзі тұрғындардың төмен жалақы алу мә­селесін шеше алмайды. Осыдан «7 – 20 – 25» үй салушы компаниялар мен банк­­­тер­ді қолдауға бағытталатын бағдар­ла­ма­ның бірі болып қалмай ма екен деген ой туа­ты­ны түсінікті. Өйткені бұл бағдар­ла­ма­ның аясында үй салатын компания­лар ар­зан бағада үй ұсыну үшін өз шығы­нын мей­лінше азайтуы бек мүмкін. Мұн­дай жағ­дайда үй сапасы сын көтермей қала­ты­ны ғажап емес. Оның үстіне Үкімет инфрақұрылым шығынын қалай шешуді көздеп отырғаны да түсініксіздеу. Яғни, электр жарығы, газ және су құбыры, кәріз жүйесіне кететін шығын кімге жүктеледі? Құрылыс компанияларының мұнша­лық­ты шығындалуға мүмкіндігі жоқ, әдетте. Ал бұл жүктеме мемлекеттің мойнына артылады десек, «7 – 20 – 25» бағдарла­ма­сы­ның шығыны жарияланған мөлшерден 1,5-2 есеге көп болуы әбден мүмкін. Бағ­дар­ламаға қатысты осындай түрлі сауал­тудырушы мәселелер әлі де баршлылық. Дей тұрғанмен бұл ықтимал тәуекелдердің барлығы жаңа бағдарлама­дан бас тартуы­мыз керек дегенді білдір­мей­ді. Бірақ жаңа жобаның кімге тиімді болатынын тың­ғылықты есептеп, әлі жетілдіре түсуі­міз қажет, – дейді сарапшы.


Қарызды қалай алады?
1. Тұтынушы өзі үйді тауып, банкке хабарласады;
2. Банк қарыз алушыны тексеріп, оған келісім береді;
3. Клиент сатып алу жөніндегі және алғашқы төлем жасау туралы келісімшарт жасасады;
4. Банк қарыз береді және оны қарыз алушыға аударады;
5. Клиент жаңа баспанаға ие болады.



Түйін:

Тұрғын үйдің тауқыметін әбден тартқан ел тұрғындары үшін жаңа бағдарламаның бастамасы жаман емес. Адам басына қанша шаршы метрден келетініне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қаржысы жетіп, қалтасы көтерген пәтеріне құжат жинап әлек қараша халық. Бағдарламаның алғашқы 20 пайыз жарнасы, жылдық 7 пайыз мөлшерлемесі барлығын болмаса да, біраз тұрғындардың үй алу мүмкіндігін жеңілдеткені анық. Бірақ сарапшылардың сөзіне сенсек, жаңа жобаның әлі де жетілдіретін тұсы баршылық. Олай етпесек, халықтық басқа да әлеуметтік мәселелері туындап жатуы әбден ықтимал.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ, Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*