Астана агломерациясы Қазақстанды өзгертеді

720
0
Бөлісу:

Ұлы армандар айдынына, ұлттық қуат қайнарына, бақ-береке байтағына айналған Астана қазақ елінің қабілет-қарымын, қажыр-қайратын, әлеует-мүмкіндігін бүкіл әлемге паш етуде. Сарапшылардың байламынша, Қазақстанның бас қаласы – дүниежүзіндегі ең қарқынды дамушы қалалардың бірі және жаһандық ауқымдағы табысты урбанистік жоба.

Елорда әкімі Әсет Исекешевтің дере­гін­ше, 20 жыл ішінде Астана тұрғындарының саны үш еседен артып, 1 миллион адамға жетті. Осы уақытта қаланың аумағы да 3 есе­ге ұлғайды. Небәрі екі онжылдық мер­зім­де көше­дегі көліктер саны он еселенген. Ал ел игі­лігіне берілген баспана көлемі 19 есеге өсіпті.
Астананың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) атаулы шамада 224 есеге, ал нақты шамада 5,5 есеге артып, 5,8 триллион теңгеге немесе 17,7 миллиард долларға жетті. Жиырма жыл ішінде елордамыздың өркендеуіне және өндірісіне 8,3 трлн теңгедей немесе 47,7 млрд долларға жуық инвестиция құйылған.
Енді бас қаламыз «Халықаралық қаржы орталығы» ретінде әлемдік биіктерге өрлеу­мен бірге, «агломерация» ретінде кеңге өркен жаятын болады.
Қазақстан Үкіметі өзінің 2017 жылғы 8 қарашадағы №726 қаулысымен «Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын» бекітті. Бұл құжаттың басты міндеттері Астана агломерациясының шекараларын айқындау, аумақты функ­цио­­налдық аймақтарға бөлуді әзірлеу, халық­ты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіру, инже­нерлік, көліктік, әлеуметтік және рекреа­циялық инфрақұрылымды дамыту.
Соның ішінде әсіресе, көліктік жүйені дамыту аса өзекті болып отыр. «Мүйіздері» сымнан жиі ажырап қалып немесе жүк көлік­тері сымдарын үзіп кетіп, дәл көше ортасында үйір-үйірімен қаңтарылып тұруы көбейгендіктен, он жылдай бұрын елорда троллейбустардан тегіс бас тартты, паркін жапты. Трамвай деген мұнда болған да емес. Ал метро салуға халқы аздау делінді. Нәти­же­сінде, бүгінде Астана қалаішілік қатынаста бар­лық қоғамдық көлік атаулыдан жалғыз авто­бустарға тәуелді болып отыр. Бұл олқы­лық­ты жою үшін Астана жеңіл рельсті
көлік – биік эстакадамен қозғалатын LRT жобасын іске асыруды қолға алған. Бірақ оның жыры ұзап кетті. Оны тездетуге енді шың елі білек сыбана кіріскен болатын. Олардың қарқыны қандай, жетістігі нендей екенін Инвестиция­лар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әңгімелейді:
«Қазіргі кезде қытайлық компаниялар консорциумының қатысушысы саналатын China Railway No.2 Engineering Group Co, Ltd компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыс­тарына 1-санаттағы лицензия алды және ол тіреуіш іргетастарды, эстакадалардың тіректерін орнату жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс объектілерінде, олардың барлық желісі бойынша 121 ауыр техника мен 2 262 жұмысшы жұмылдырылған. 2018 жылдың маусы­мындағы жағдай бойынша ұңғыма­лар­ға бұрғылай қағылатын қада-тіреуіштердің 80,5%-ы, ростверктердің 35%-ы, тіректер мен бағандардың 16,8%-ы, құрама білік­тер­дің 10,1%-ы орнатылды. Тұйық-депо объек­ті­лерінде 2 618 тіреуіш қағылды» дейді министр.
Яғни, байқасаңыз, жұмысы әлі жетерлік. Инвестициялар және даму министрлігінің бағалауынша, жобаның шамамен небәрі 10%-ы ғана жұмысы жүргізілді.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта сарапта­ма­лық қолдау режимінде жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Ол құжатта­ма­сы тек ағымдағы жылғы желтоқсан айын­да дайын болып, бекітілетін көрінеді. Демек, жолаушыларға шыдам сақтап, автобустарға ары қарай да сығылыса кіруден басқа амал қалмайды.
Ал салушы компания миллиардтарды игеруін жалғастырады. LRT жобасын іске асыру үшін 2018-2019 жылдарға 16,2 млрд теңге бөлінді. Тарата айтсақ, 2018 жылы 9,1 млрд теңге шығындалмақ, келесі 2019 жылы тағы 7,1 млрд теңге жұмсалады. Ал 2017 жылы қытайлық компания барлық бөлінген 69,5 млрд теңгенің 63 миллиардын игерген.
Ол уақытылы «қорыта» алмаған 6,5 млрд теңге сомадағы қаражат қазір Астана қаласы бойынша Қазынашылық департа­мент­тің есебінде жатыр. «Астана LRT» ЖШС ақпараты бойынша ол миллиардтарды да биылғы жыл соңына дейін игеру жоспар­лан­ған. Оның сыртында 2018 жылға бөлінген 9,1 млрд теңге қаражат кестеге сәйкес, алда­ғы тамыз айында Астана қаласының әкім­ді­гі­не аударылады. Ендеше, қажетті қаржы то­лық көлемде берілген, оны ұқсата жұмсап, жұ­мысқа жылдамдық беру әкімдік пен шы­ғыс көршінің компаниясының қолын­дағ­ы іс.
Биыл Алматы агломерациясының «Үл­кен Алматы айналма автокөлік жолы» са­лы­на бастағаны мәлім. Сол сияқты елордада да оның айналасындағы транзиттік ағындарды қала сыртына қарай бағыттап жіберетін заманауи жоғары технологиялық айналма жолы пайда болмақ.
– Астанада айналма жолдарды, көліктік дәліздерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл қала маңы аймағын сыртқы көлік жүйе­ле­рімен байланыстыру және қалалық аум­ақты оңтайлы қамту үшін қажет. Елор­да­ның сыртқы айналма жолдарын бір-бірімен тұйықтау мақсатында «Астана қаласының Оңтүстік–Батыс айналма автомобиль жолын» салу жұмыстары жүріп жатыр. Авто­жол­дың ұзындығы – 33 шақы­рым. Ол 4 жолақ­тық қозғалысы бар 1- санатты жол бола­ды. China Xinxing Corporation консор­ци­у­мымен және «КазГер­Строй» ЖШС бірлес­­кен кәсіп­орнымен мердігерлік шартқа қол қойды. Шарттың құны – 59 миллиард теңге, – дейді
Ж.Қасымбек.
Оның мәліметінше, осы қыруар соманың былтыр 14,2 млрд теңгесі игерілген. Ал осы жылы әлгі екі компанияға тағы 19,7 млрд теңге арна тартады. Жобаға 344 бірлік құры­лыс техникасы, 621 жұмысшы (оның ішінде 27-сі – шетелдіктер) жұмылдырылған.
Шарт бойынша астаналық айналма жол салу жұмыстары 2017 жылы басталды және жобаны 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2007 жылдан бері республи­ка­лық бюджет қаражатына Астанада «Уголь­ная», «№14», «№12» және «Бейсеков» көше­лері арқылы өтетін магистралды жол­дың («кіші айналма жолдың») да құры­лыс­тары жүргізілуде. 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл жобаны ары қарай жалғастыруға – 9,1 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылға 4,5 млрд теңге қарас­ты­рыл­ған.
Енді нақты жобалардан межелі жоспар­лар­ға келсек, бір қызық жайт анықталады. Астана еліміздегі ең шағын агломерация бол­ға­лы тұр. Салыстыру үшін айтсақ, мәсе­лен, Шымкенттің агломерация­лық процес­те­рін қалыптастыру аймағының ауданы 1 миллион 573 мың 479 гектарға немесе 15 734 шаршы шақырымға созылып жатыр. Алатау бөктеріндегі Алматы агломерациясының аумағы бір миллиондай, дәлірек айтқанда, 939,5 мың гектар жерге немесе 9,4 мың шаршы шақырымға құлаш ұруда.
Ал Астана агломерациясына әлдеқайда жинақылық тән болмақ. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, елордалық агломерацияның аумағы небәрі 201 800 гектарды немесе 2,18 мың шаршы шақырымды алады. Агломерация халқының саны өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,19 миллион адамды құрайды. Оның басым көпшілігі, яғни 1,04 миллионы Астана қаласында тұрады.
2017 жылдың қорытындысы бойынша Астананың жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) елдің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) үлесі шамамен 11,1% болды.
– Астана – агломерациялық орталық ретінде белсенді қалыптасып келе жатқан еліміздің ірі мегаполисі. Астана қаласының тартылыс аймағына Ақмола облысындағы Ақкөл қаласы, сондай-ақ Ақкөл, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының елдімекендері кіреді. Елорда адами, қаржылық ресурстардың, білім беру және ғылыми әлеуеттің жоғары шоғырлану деңгейімен ерекшеленеді. Ол отандық нарықтарды байланыстыратын дамыған инфрақұрылымға ие, – дейді еліміздің бас экономисі Тимур Сүлейменов.
Ол «Астана агломерациясын» Қазақстан­ның ұзақмерзімді өсім нүктесі ретінде қалыптастыру мақсатында жоғарыда аталған «өңіраралық схемаға» қоса, Үкімет қаулы­сымен «Астана агломерациясын дамы­ту жөніндегі 2020 жылға дейінгі өңір­ара­лық іс-шаралар жоспары» да қабылданғанына назар аудартады. Бұл жоспарда 82 іс-шараны іске асыру көзделген. Оның ішінде 29 іс-шараны орындауға Астанадағы орталық мемлекеттік органдар: Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Энергетика, Ақпа­рат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт, Ішкі істер министрліктері жұмылды­ры­лады және әрбір ведомство өз саласындағы мін­детке жауап береді. Қалған 53 іс-шараға Аста­на қаласының және Ақмола облысының әкімдіктері дербес жауапты.
Іс-шаралар жоспары негізгі 3 міндетті іске асыруды көздейді.
– Бірінші міндет – «Астана агломера­ция­­с­ын аумақтық және институттық дамы­ту». Оның аясында қала құрылысын жос­пар­­лау құжаты – «Астана агломера­ция­сын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы» әзірленіп, бекітілді. Астана қаласын және Ақмола облысын дамытудың 2020 жылға дейін­гі бағдарламаларына агломерациялық даму бөлігінде өзгерістер енгізілді. Үкімет қау­лы­сымен «Өңірлерді дамыту – 2020» мем­­­бағ­дарламасы да жаңа редакцияда қабыл­­­дан-
ды, – дейді Ұлттық экономика ми­нистрі. Енді бұл құжаттар жүзеге асыры­лу­да.
Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері арасында Астана агломерациясын дамыту бойынша бірлескен қызмет туралы мем­орандумға қол қойылған. Осылайша, №1 міндеттің жоспарланған он іс-шара­сы­н­ың тоғызы орындалды және бақы­лаудан алынып тасталды. Қалған жалғыз іс-шара орындалу сатысында.
№2 міндет республикалық және өңірлік нарықтарда Астана агломерациясын эконо­ми­калық ілгерілетуді көздейді. Бұл үшін елор­да «біздерде мынадай бар, мынадай бар!» деп төл өнімдерімен қызықтыра алуы шарт.
«Сондықтан Астана агломерациясының «экономикалық мамандану» бағыттары анық­­талды, яғни ол әлемдік деңгейдегі қаржы­лық, жоғары мамандандырылған медициналық және білім беру қызметтерін ұсынуға, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға маманданады. «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңбе­рінде «Ақылды қалалар» үлгілік тұжырым­да­масы әзірленді. Басқа қалалар «Smart-технологияларды» ендіруде бас қаламыздан тағылым-өнеге алуға, тәжіри­бесін көшіруге тиіс. Астанада медициналық кластер құрыл­ған, оның аясында медици­налық қызметтер­дің 6 заманауи орталығы жұмыс істейді» деп санамалады министр Тимур Сүлейменов.
Жалпы, осы екінші міндеттің жоспар­лан­ған он іс-шарасының барлығы орын­да­лып­ты және бақылаудан алынған.
№3 міндет «Агломерацияның ұстыны ретінде Астананы, оның қаламаңы айма­ғын және тартылыс (әсер ету) аймағын инфра­­құрылымдық үйлестіріп дамытуды» көздейді.
Бұл ретте «Астана – Алматы», «Астана – Өскемен» автожолдарының құрылысы, жаңа әуежай терминалы мен жаңа теміржол вок­залы секілді бірқатар «ірі инфра­құры­лым­дық жобаларды» іске асыру еліміздің бас қала­сы­нан шеткері өңірлерге қарай қанат жаятын «республиканың көліктік каркасын» одан әрі дамытуға бағытталған екен. Себебі, Кеңес тұсында Қазақстандағы барлық жолдар КСРО орталығы Ресейге бастады да, өз өңір­ле­ріміз өзара байланыстырылмаған болып шықты. Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақыты бойында қазақ елі сол кемші­лік­ті түзеп, өз астанамызды өңірлермен және өңірлерді бір-бірімен тікелей байланыс­ты­ру­да.
Осы мақсатта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2015 жылы Астана қала­сын­дағы көлік-логистикалық орталық (КЛО) құрылысын аяқтады. Бұдан басқа, елор­дада тағы 4 КЛО жұмыс істейді.
Тұтастай алғанда, Астана агломерация­сын қалыптастырудың үшінші міндеті аясын­да жоспарланған 62 іс-шараның 51-і орындалып болған. Қалған тоғызы орындау сатысында тұрған көрінеді.
Барлық іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 51,5 млрд теңге, ал жергілікті бюджет қара­жа­ты­нан 771,3 млн теңге көзделді. Бюджеттен қаржы­лан­­дыруды талап ететін 48 іс-шараның ара­сы­нан қазір жалпы сомасы 23,9 млрд теңге тұратын 7 іс-шара орындалу үстінде, шы­ғын­ды қажет ететін басқа бар­лық іс-шаралар іске асырылды және бақылаудан алынды.
Әрине, бұл жоспармен іс бітпейді, өмір­дің өзі оған ұдайы өзгеріс енгізіп отырады. 2018 жылғы 5 сәуірдегі «Астана қаласын әлеу­­меттік-экономикалық дамыту туралы» кеңесте Елбасы берген жаңа тапсырмаларды жүзеге асыру үшін қала әкімдігі елорданың «Мастер-жоспарын» әзірлеуде.
Мемлекет басшысы қойған міндетке сәйкес, осы жылдың соңына дейін ірі қалалардың, оның ішінде Астана қаласының дамуының 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиялары да әзірленуге тиіс.
Астана агломерациясын дамыту бойын­ша жаңа шаралар бекітуге жоспарланған Мастер-жоспарға және Астана қаласын дамыту­дың ғасыр ортасына дейінгі страте­гия­сына енгізілетін болады.
Биіктерді алмаған тұйықтарға тіреледі. Өркендеу жолындағы асқар асуларды қаймық­пай еңсерген Астана қазақ елін де жарқын болашаққа бастап келеді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*