Жетістікке толы жиырма жыл

1197
7
Бөлісу:

Биыл – Астана қаласының тамаша жетістіктер мен жеңіске толы 20 жылы. Төрткүл дүниені түгел тамсандырған елдіктің ерен елордасы мерейлі жасқа толды. Осынау уақыт аралығында әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен талайды тамсандырған, Алаш жұртының құтты шаһары атанған Астананың болашағына үлкен үмітпен қараймыз.
Осы орайда Арқа төсіндегі ғажайыптарға толы мегаполистің құрылу кезеңі мен гүлдену кезеңі аралығындағы тарихи оқиғалардың куәсі болған ел ардақтыларынан пікір алған болатынбыз.


Сәрсембек Жүнісов, Қазақстанның құрметті сәулетшісі:

Жаңа нысандар қосыла бермек

– 1995 жылы Алматы қаласының сәулет өнері және қала құрылысы департаментінде жұмыс істедім. Ел астанасын ауыстыру туралы шешім қабылданғанда, елорданың бас жоспарын жасауға атсалыстық. Бірге жұмыс істейтін жігіттермен жаңа қаланың жобасын жасайтын үздіктерді анықтауға арналған алғашқы республикалық, одан кейінгі халықаралық байқауға қатыстық. Астананың құрылысына негіз болатын бас жоспардың сұлбасын Мемлекет басшысына көрсеттік. Ол кезде қаржыландыру шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асқандықтан, әуелі қаланың құрылысына капитал құйған араб компаниясының орнына бір жылдан кейін, Кисе Курокаваның қаланың бас жоспарына жариялаған байқаудағы жеңісімен бірге Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі келді. Астана ол кезде барлық Кеңес Одағының қалалары сияқты болатын. Шаһарда небәрі 73 мың тұрғын бар еді. Болашақта кірпіші жаңадан қаланатын қаланың қандай қарқынмен өсетінін ешкім дөп басып болжай алмады. Сондықтан да Кисе Курокаваның 800 мың халық санына орайластырып жасаған болжамды бас жоспарын өзгертуге тура келді. Өйткені аз уақыттың ішінде Астанаға қоныс аударғандардың қатары артып, қала ерекше жылдамдықпен өсе бастады.
Астананы алғаш сала бастағанда, қаржы аз, жұмыс өте көп болды. Демалыссыз еңбек етіп, түннің ортасында жиналыс өткізетін кездер де өтті. Айтып жеткізу қиын, бірақ сонда адамдар бірін-бірі үнсіз ұғып, тілсіз түсінетін, үздіксіз жұмыстан шаршамай, бәрінің кеудесін қуаныш кернеп жүретін. Бәріміздің ортақ үлкен іске үлес қосып жатқанымыз айрықша сезілетін.
Астананың салынуымен отандық сәулет өнерінің деңгейі сөзсіз өсті. Сәулетшілер ірі жобаларды қолға алды, аз уақытта сапалы еңбек етуді үйренді. Қазір сала мамандары көрші мемлекеттердің сәулетшілерімен салыстырғанда, кәсібилік тұрғысынан әлдеқайда жоғары тұратынын сеніммен айта аламын.
Елордада 21 жылдан бері тұрамын. Бұл – әлемдегі ең үздік шаһарлардың бірі. Әлі күнге негізгі мамандығым бойынша қала құрылысын жобалаумен айналысамын. Астананың дамуы, көлемінің кеңеюі, жаңа нысандардың бой көтеруі – тоқтамайтын процесс. Біз жүз жылдан кейін де қаланы салуды жалғастыра береміз. Өйткені Астана – уақыт ағымымен өзгеретін, жаңашылдықты қабылдап, үнемі өсетін орталық. Сондықтан халқымызды елордамыздың мерейлі туған күнімен құттықтап, бірлік пен береке тілеймін!


Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, тарихшы-этнограф, жазушы:

Ел ажары –елорда

– Ол жылдары Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің хатшысы болдым. Алғашында Елбасымыздың бастамасымен көтерілген Астананы Республиканың орталығына көшіру мәселесі кеңес мәжілісіне қарауға ұсынылды. Сол кезде Елбасымыздың айтқан сөзі әлі күнге жадымнан кетпейді. – Ол жылдары Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің хатшысы болдым. Алғашында Елбасымыздың бастамасымен көтерілген Астананы Республиканың орталығына көшіру мәселесі кеңес мәжілісіне қарауға ұсынылды. Сол кезде Елбасымыздың айтқан сөзі әлі күнге жадымнан кетпейді. «Қойшыеке, қазақтың көрмеген қиындығы бар ма, тартпаған азабы бар ма, соның бәрі өзінің игілігі үшін емес еді ғой. Бәрі де елдің болашағы үшін жасалды. Мені бұл істе халқым қолдайды деп ойлаймын. Қиындықтың болатынын біліп отырмын, бірақ көшу қажет, сондықтан күн тәртібіне шығарайық» деді. Айтылған мәселелерді дайындап күн тәртібіне шығаруға атсалыстым. Қырық мүшенің әрқайсысымен сөйлесіп, ақылдастық. Алайда жиналыс кезінде бұл бастамаға көпшілігі қарсылық білдірді. Басқосу барысында қорытынды сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев барлық мән-жайды ашық айтып, бұл бастаманы Парламентке шығарып дауысқа салу керектігін жеткізді. Жаңа Астана салу, оны гүлдендіру, көркейту үлкен еңбекті қажет етеді. Елбасымыздың іскерлігінің, дүйім жұртты бір ымыраға келтіре білуінің арқасында астананы көшіру мәселесі сәтті жүзеге асты. Жаңа қаламыз, жас қаламыз көз алдымызда күн санап өсті. Қазір Астана Қазақстан халқының бірлігінің ұясына айналды. Елордамыз – ел дамуының айнасы, халықтың ажары, айбыны. Жиырма жыл дегеніміз – тарих үшін түк емес. Осы азғантай уақыттың ішінде Астана әлемге әйгілі қала атанды, жан-жақты дамыды. Біз Елордамыздың әр жетістігіне, бағындырған биік белесіне қуанып отырамыз. Гүлдей жайнаған, көркем, сәулет өнерінің бәрін бойына жиған бас қаламыздың 20 жасы құтты болсын!


Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Мәжіліс депутаты:

Аманаттың ақталуы

– Заман зырғып, уақыт сырғып, жылдар жылжып барады. Қазақ қашанда арқа тұтқан Арқаға келіп, арқамызды тіреп, арқа-жарқа болып жатқанымызға да жиырма жыл толып қалды.
Осындайда енді-енді егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккен кездегі үлкен қадамдарымыз еске түседі. Мемлекеттік рәміздерді белгіледік: Елтаңбамызды, Гимнімізді, Туымызды бекіттік. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылдандық. Төл валютамызды енгіздік. Бұлардың бәрі маңызды. Сонымен бірге, бұлардың бәрі тәуелсіздігін жариялаған елде ертелі-кеш шешілмей қоймайтын мәселелер екені тағы рас. Нағыз тәуелсіздік мемлекет үшін аса маңызды, шын мәнінде ел тағдырын тұтастай айқындайтын мәселелерді өз бетіңше, дұрыс шеше алудан және сол шешіміңді ойдағыдай жүзеге асыра алудан танылуға тиіс. Осындай түбірлі мәселелер шешілгенде ғана мемлекет дамуы орнықты даму арнасына түседі. Олардың алдыңғы қатарында ел астанасының орнын таңдау тұрады.
Уақыттың қатал сынақтарына шындап шыдас бере алатын идеялар ғана өміршең болып шығады. Өскен, өркендеген елдердің тарихынан астана ауыстырудың шешуші мәнін көрсететін мысалдарды көптеп келтіре аламыз.
Бірінші Петр Ресейдің астанасын Мәскеуден Санкт-Петерборға ауыстырғанда елді теңізге, одан ары мұхитқа шығару, сөйтіп жалпы әлеммен ұштастыру мәселесін шешті. Ататүрік астананы ұлы қала Стамбұлдан ол кезде сыртқы дүние көзге іле қоймайтын алақандай Анкараға ауыстырғанда, Стамбұл Түркияның өткенімен, яғни күні біткен империя идеясымен көбірек байланысты екенін, ал ұлт-азаттық күрестің тірегі болған Анкара – жаңарған Түркия идеясымен табиғи түрде, тікелей туысатынын ескерді. Чех эмигранттарының ұрпағы Жуселину Кубичек ди Оливейра Бразилия қоғамын өзгертудің идеясын «Жаңа бағыт – жаңа ел – жаңа астана» деп атауға, елдің орталығын әлемге әйгілі әсем Рио-де-Жанейродан теп-тегіс жерден, жаңадан салынатын Бразилиа қаласына ауыстыруға құрды. Америка Құрама Штаттарының тұңғыш президенті Джордж Вашингтон ел астанасын 1880 жылы Филадельфиядан ауыстырғанда жаңа ғана аяқталған азамат соғысының санадағы зардаптарын жоюды, ол үшін елдің орта тұсынан күні кешеге дейін қырқысып келген аграрлы оңтүстік пен өнеркәсіпті солтүстіктің бірлігінің символына айналатындай атымен жаңа қала салуды ойластырды. Екі Германия біріге салысымен немістер бәрінен бұрын, ел астанасын Боннан Берлинге қайтарудың қамына кірісті. Бұл қадам арқылы немістер герман мемлекетінің сабақтастығы сақталатынын танытты.
Назарбаев ел байтағын Арқа төріне алып келу арқылы геосаясатта да, экономикада да ерекше мәнді мәселелерді шешіп берді. Ұлт тарихының атымен жаңа парағын ашып берді. Ел иесі, жер киесі түпкілікті анықталды. Елбасымыз осы шешімімен халқының рухын көтерді. Өзіне сенімін арттырды. Мықты мемлекет құра алатынымызға көзімізді жеткізді. Қазаққа ежелден тән рух асқақтығы қайта оралды. Даланың кеңдігіне сай ой еркіндігі қайта келді. Астана ауыстыру Қазақстанның геосаяси ұстанымдарын беріктендіре түсті. Бас қаланы орталыққа жақындату арқылы елдің қауіпсіздігі күшейтілді. Қасиетті қазақ жерінің қиыр-қиырын саудаға салғысы келіп баққан сол тұстағы саясаткерсымақтардың көмейіне біржола құм құйылды. Аса ірі жалпыұлттық міндет ойдағыдай шешілді. Қазақстанның Еуропа мен Азияның қақ ортасындағы орнынан туындайтын геосаяси аренадағы артықшылығын пайдаланудың кілті табылды. Астана – Еуразияның алтын көпіріне айналды.
Жиырма жылдық тойындағы қала салтанаты – мыңдаған жылдар бойы осы ұлы даланың төсінде туған елін қанын төге, жанын сала қорғаған батыр бабаларымыздың аманатын ақтағанымыздың айғағы.


Оразгүл Асанғазы, қоғам қайраткері:

Cарыарқа төсіндегі әсемдік

– Астана – ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында дүниеге келген керемет жоба, ата-бабамыздың орындалған арманы. Астанаға алғаш 1998 жылдың сәуір айында келдім. Сол кезде қызу, қайнаған еңбектің үстінен түстім. Күн-түн демей, біреу жол салса, біреу үйдің қасбетін жөндеп жатты. Күндіз – күннің, түнде – шамның жарығымен жұмыс істеген халық. Сол қызу басталған жұмыс жиырма жыл бойы бір тынған емес. Бір кездері құрылыс басындағы крандарды жарқылдақ шамдармен безендірген едік. Сонда бір түнде 1000 кранға дейін жұмыс істеген кездер болған. Әрине, алғаш келген кезде қиындықтар болды, бірақ оны біз елеген жоқпыз, елейтіндей де уақытымыз болмады. Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары ретінде, келе салып мектеп пен балабақшаларды араладым. Қаланың шетіндегі «Конституция» сынды көшелерде сәуір-мамыр айларында судан жолдың қай жері – шұңқыр, қай жері – ой екені білінбейтін еді. Астымыздағы көлігімізді ұрып-соғып жүре беретінбіз.
1994 жылы «Астана көшеді» деген мәселе көтеріліп, 4 жыл пікірталас жүргені белгілі. Сол кезде «ата-бабамыз Сарыарқаның төсінде киіз үйде де өмір кешкен, біз киіз үймен көшіп бара жатқан жоқпыз» деген пікірді оқып едім. Өзім сондай көңіл-күймен келдім.
«Жеріңнің аты – бабаңның хаты» дегендей, сол кездегі Астанада мыңға тарта көшенің бірде-бір қазақша атауы болмаса, қазір Қазақстандағы қалалардың ішінде қазақша атауы ең көп қала – Астана, 92 пайыз. Бұлардың барлығына ұлт үшін, ел үшін еңбек еткен ерлердің, ұлттың даналары, хандары мен билерінің, Алаш арыстарының есімі берілген. Бүкіл қазақ жеріндегі керемет жер-су атауларын Астананың көшелерінен табуға болады. Қазір көшелердің атын әсемдеп жазатын болса, ол кезде әр үйдің қабырғасына әріптерді қағаздан ойып, жай бояумен сызған едік. Астанаға келген адамдардың ешқайсысы суынан да, желінен де қорықпады, жұмысты бар ынтасымен істеді. Өзіміз соны көрдік. Әлі есімде, Желтоқсан оқиғасының 15 жылдығын өткізген кезде, далада 38 градус суық болды, жиналған халық сонша суықты да елемеді.
Астананың кереметтігі – бұл жастардың қаласы. Сарыарқаның төсіне қазақтың басын қосқан шаһар. Алғаш Астана атанғандағы қазақтың санын қазіргімен салыстыруға келмейді. Ол кезде он адамның екеуі – қазақ болса, қазір он адамның
сегізі – қазақ. Сол шақта көшіп келген жастардың ұл-қызы Астанада дүниеге келіп, қазақтың санын көбейтіп жатыр. Бас қалада бүгінде перзентхана, балабақша, мектеп жетіспейді. Бойында қазақи рухы бар қалаға айналды. Астана – сәулеті мен дәулеті жарасқан, саны да жеткілікті қала. Енді осы қалада өсіп-өнген ұрпақ өзінің қазақ екеніне еш қымсынбай, өз тілінде сөйлесе, сапасы артса деген тілегім бар.


Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:

Ғажайып мекен

– Ақмола қаласы ол кезде Қазақстандағы көп қалалардың бірі болатын. Ешбір ерекшелігі жоқ, орысы көптеу, кеңестік типтегі қала еді. Алайда Астананың өсіп-өркендеуі, оның дамуы – біздің тәуелсіздігіміздің нығаюының бір көрінісі деп есептеймін. Еліміздің бас қаласы көз алдымызда «Алпамыс батыр» жырындағыдай, күн санап өсті. Әрбір ғимараттың салынғаны, бөлменің кеңейгені де санамызда естелік болып тұр. Алатаудың баурайында жылы климатқа үйренген адамдардың бұнда көшіп келуі де оңай болған жоқ. Жүрегінде бір ұшқын жоқ болса, тәуелсіздікке деген сенім, Елбасы бастаған шаруаға деген ниеттестігі болмаса, жаңа Астанаға келе қою көп адамның қолайына жаққан жоқ. Бірақ біз оған қараған жоқпыз. Астанаға көшіп келгенде 32 жаста едім. Сол кезде керемет энтузиазммен жүгірдік. Елдің көз алдында осы қалада өстік-өндік, шығармашылық табысқа, қаншама жетістіктерге жеттік. Бүкіл халық Астанада өсіп-өркендеді. Бас-аяғы бес-алты көшеден тұратын Ақмоланың Еуразияның төсіндегі адам таңғаларлық ғажайып қалаға айналуы – ең бірінші, қазақтың, қазақстандықтардың бірлігінің арқасы.
Көшті бастап келген Елбасына сенген елдің еңбегінің арқасында, адам таңғаларлық жетістікке жеттік деп анық айта аламын. Біздің бірлігіміздің, тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің бейнесі – бүгінгі Астана. Әрбір жүрегі Алаш деп соққан азамат үшін аяулы қала ғана емес, мемлекеттің даму көрінісі.


Бақытжан ЕРТАЕВ, әскери қайраткер, генерал-лейтенант:

Жайнай бер, жаңа қала!

– Бұл енді өзімізге белгілі Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асқан игі бастама. Бүгінгі таңда бәріміз еліміздің бас қаласы Астана қаласымен мақтанамыз. Осы орайда, «Алматы қаласын Астанаға көшіру идеясы неден туындады, Елбасы бұл шешімге қалай келді» деген сұрақтар ойға оралады.
Біз де Астана қаласының дамуына, гүлденуіне атсалысқан жандардың біріміз. Ол кезде қала күн өткен сайын өзгеріп жатты. Сол уақыттарда Қарулы Күштердің штабын қай жерге салу керектігін ойластырдық. Бір сөзбен айтқанда, біз әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға тырыстық.
Ертесі күні таңертең қалаға шықсаң кеше ғана көрген ғимаратың бой түзеп, айналысында қызу құрылыс жұмыстары жүріп жататын. Қаланың әр бұрышынан кран мен камаздарды жиі кездестіретінбіз. Қаламыздың символына айналған Бәйтерек нысаны да Қарулы Күштердің штабымен қатар салынды.
Міне, осының бәрі тарихи оқиғалар еді. Бұл істе бастысы сенім маңызды рөл атқарды. Сол себепті, біз алаңдамай, өз ісімізге бел шеше кірісіп, қаладағы Қарулы Күштердің ғимараттарын, басқа да құрылыстарды тұрғызуға атсалыстық.
Иә, расымен де Астанамыз жиырма жылдың ішінде қандай көркем қалаға айналды. Қазіргі кезде Астананың әр жерінде зәулім ғимараттар салтанат құрып, қаланың шырайлы келбетін айшықтап тұр. Біз әскери адамдар ерке Есілдің жағасындағы елордамыздың болашағы үшін қызмет еткенімізге қуанамыз. Бойымызды мақтаныш кернейді. Астанамыз барша әлемге үлгі. Жасай бер, жайнай бер, еліміздің бас қаласы!


 

Бөлісу:

7 пікір жазылған

  1. АХМЕТ 30 Шілде, 2018 at 18:20 Жауап

    Керемет. Жастардың елдордаға тосын сыйлары деп айтуға болады. Әлем бойынша құттықтаулар қуантты

  2. Малик 30 Шілде, 2018 at 18:21 Жауап

    Тек өзіміз емес, басқа елдерде біздің жас қаламыз елдордамызды құттықтауда. керемет

  3. Айдар 30 Шілде, 2018 at 18:21 Жауап

    Астана қаласының жиырма жылдығы жақсы тойлануда, жастар да өз үлкен үлесін қосуда.

  4. Тимур 30 Шілде, 2018 at 18:22 Жауап

    В честь Двацатилетия Астаны проводятся уйма мероприятии, многие которых начинаются самой молодежью

  5. Мурат 30 Шілде, 2018 at 18:22 Жауап

    Такая креативная молодежь у нас. Столько проектов осуществляется вчесть дня рождения Астаны

  6. Әлібек 30 Шілде, 2018 at 18:22 Жауап

    Я горд тем что у нашей столице такая высокая оценка с мировой арены. Процветай, Астана!

Пікір жазу


*