ТҮРКИЯ ҮШІН ЕЛБАСЫНЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК

1642
0
Бөлісу:

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанның заманға лайық бас қаласын салу идеясымен бой көтерген күн келбетті, нұр сәулетті Астананың 20 жылдық мерекесі қазақ халқының ғана емес, түркі әлемінің мерейін өсірген айрықша қуаныш болып отыр. 1994 жылы 6 шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы қабылданған Жоғарғы Кеңес шешімімен, 1997 жылы 10 желтоқсанда ресми көш Алатаудан Арқаға бет түзеген болатын. 1998 жылы 6 мамырдағы Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертіліп, жаңа астана 1998 жылы 10 маусымда айдай әлемге сән-салтанатымен таныстырылды. Содан бергі уақыт ішінде бағаналы орда, басты ордамыз Қазақстанның қайта жаңаруының үздік үлгісін көрсетіп, жақсы тілеудің, қайта түлеудің бастамасы болды. Қазақстан Президентінің «Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі» деген ұлағатты сөзі әрдайым жадымыздан шыққан емес. Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, азаттықтың алтын арқауы – жалпақ жұртымызды айқын болашаққа, кемел келешекке жұмылдырып, даму жолындағы ұлттық мақсат-мүдделерімізді бір арнаға тоғыстырды. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атанып, 2000 жылы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының
мүшелігіне тіркелді. Бүгінде халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен түрлі іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылатын Еуразия кеңістігінің орталығы ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, Астана экономикалық форумын, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиттерін жүзеге асырды. Былтырғы жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан «Астана Expo-2017» халықаралық көрмесін өткізіп, жаһандық кеңістікте танылды. Елбасының ұсынысымен Сириядағы атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіліп, тараптар арасындағы жанжалды реттеу мақсатындағы халықаралық кездесу алаңына айналды. Астана процесі Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әлемдік көшбасшылардың назарын аударып, бейбітсүйгіш бас қала ретінде Нью-Йорк, Женевамен қатар аталатын болды. Осы тұста Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың айтулы мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі Анадолу топырағында бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырып, ел тарихындағы елеулі оқиғаға өзіндік үлес қосып отырғанын атап өткім келеді. Біздің мемлекетіміз үшін зор қуанышымызды алғашқылардың бірі болып бөліскен Түркияның орны бөлек. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Тәуелсіздікті жарияладық, екі сағаттан кейін марқұм Тұрғыт Өзал маған телефон шалып, «Түркия қолдайды» деді.
Бұл қуанышты еш уақытта естен шығаруға болмайды» деген болатын. Көп ұзамай бауырлас екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнап, Астананың іргетасы қалануына түрік инвесторлары мен кәсіпкерлері және құрылыс компаниялары белсене араласты. «Хан Шатыр», Ұлттық музей, «Бәйтерек», «Самал» мөлтек ауданы, дипломатиялық қалашық, Парламент үйі, «Телеком» кеңсесі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Mega Silk Way Astana», сондай-ақ мейрамхана, асхана, қонақ үйлер желісі және басқа ғимараттарды халық игілігіне ұсынды. Астананың түркі әлеміне ортақ сәулеттік дизайны, көгалдандыруы мен абаттандырылуы және инфрақұрылымында да түрік бауырларымыздың қолтаңбасы бар. Түркия мемлекеті үшін Қазақстан, Елбасы, Астана деген сөздер де бір ұғымға айналған. 2009 жылы Әзірбайжанда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен халықаралық Түркі академиясы құрылды. 2012 жылы елдің елдігін, ердің ерлігін танытқан Астана – «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанды. Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеуде де екі мемлекет басшыларын татуластыру үшін біздің Елбасы бітімгерлік рөл атқарды.
2017 жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйытқы болуымен Анкара төрінде Түркия мемлекетімен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы атап өтілсе, ел жүрегі – Астананың 20 жылдығына орай да жыл басынан бері бірнеше ірі қалада әртүрлі шаралар қолға алынып, концерттік бағдарламалар қойылды.
Арқа төсіндегі Ақордамыздың мерейтойына тарту ретінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі тарапынан «Ұлы дала Астанасы» – «ASTANA Ulu Bozkır Başkenti» атты қазақ және түрік тіліндегі кітап арнайы дайындалды. Жинақта Түркияның 11-президенті Абдолла Гүл, Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің экс-спикері, депутат Жемил Чичек, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу, Түркия мәжілісінің экс-спикері Хикмет Четин, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынжы бастаған саяси тұлғалармен басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, танымал кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдерінің арайлы Астана мен бас қаланың авторы, аса мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың, сенімді серіктесі Қазақстанның екі елдің саяси-экономикалық байланысын дамытудағы маңызды рөлі туралы сараптамалық мақалалары, зерттеу еңбектері және шынайы пікір мен жылы лебіздері берілген. Қазақ және түрік тілінде жарық көрген топтама бауырлас елдердің достығын күшейтіп, сенімін арттыра түседі деген ойдамын. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығын зерттеушілер үшін құнды еңбек боларына сенемін.
Туысқан мемлекеттер арасындағы ықпалдастық ұзағынан сүйіндірсін!
Айбыны асқақ Астананың 20 жылдық мерекесі құтты болсын!

Бөлісу:

Пікір жазу


*