«Астана самалы» фестивалі өтіп жатыр

742
0
Бөлісу:

Астанада елордалық Мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі аспаптар оркестрі ІХ «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрі фестивалінің шымылдығын ашты. Тоғыз жыл қатарынан Елорда күніне орай аталмыш шара аясында көпшілік керемет концерттік бағдарламалар тамашалайды, Қазақстанның және көрші мемлекеттердің үздік оркестрлері өз өнерлерін ортаға салады. 

 

Әдеттегідей, фестивальдің ашылуы «Астана» концерт залының жазғы сахнасында өтті, онда шараны ұйымдастырушы тарап – халықаралық конкурстардың лауреаттары Қасым Айтбаев пен Мұхаммед Мұса жетекшілік еткен елордалық үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Ұжым танымал кинофильмдерден бәріне таныс композицияларды орындады. Жиналған қауым үздік саундтрек үшін «Оскар» кино сыйлығын алған «Қызылдағы әйел» фильмінде аңызға айналған Стиви Вандер орындаған музыканы, «А Студио» тобының әндерін тыңдап, «Ямайка» әніне биледі.

 

– Шараның ашылуы барысында біз барша әлемге танымал бәрі де білетін джаз композицияларды орындадық. Күнде кешке дейін дайындалатынбыз, сондықтан фестивальге қатысушылармен танысып, сөйлесіп те үлгермедік. Бірақ концерттерде есесін толтырамыз деп ойлаймын, – деді елордалық филармонияның үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі әрі дирижері Мұхаммед Мұса.

Биыл «Астана самалы» көрермендері ҚР Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілімді оркестрі, ҚР Мемлекеттік қорғау қызметінің Президенттік оркестрі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жиынтық үрмелі аспаптар оркестрі, Шығыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Ертіс концерт» ҚМКК үрмелі аспаптар оркестрі, новосібірлік «Сибирский диксиленд» джаз-оркестрі, сондай-ақ Барнаул үрмелі аспаптар оркестрі сынды ұжымдардың өнерін тамашалайды

Астанадағы фестивальге Барнаулдан 60 музыкант келді, олар елордалық сахнаға алғаш рет шығады.

– Бізді көптен бері шақырып келеді. Тек биыл ғана Барнауылдан Астанаға жол түсіп отыр. Мұнда алғаш рет келіп тұрмыз, Астананың ауқымы мен даму қарқынына тәнті болдық. Өте әдемі қала, ЭКСПО павильондарын да аралап, керемет әсер алдық. Барнаулдан үш ұжым келді – үрмелі аспаптар оркестрі, барабаншылар ансамблі және құрметті қарауыл ротасы курсанттарының взводы. Біздің репертуарымыз классикалық, одан басқа латынамерикалық музыка да бар. Құрметті қарауыл ротасының өнері ерекше болады деп ойлаймын. Композицияны орындау кезінде түрлі трюктер жасалады, оны көзбен көру керек! – дейді Барнауыл үрмелі аспаптар оркестрінің бас дирижері Александр Онищенко.

Бүгін таңертеңнен бастап Астаналық және Студенттік саябақтарда фестивальге қатысушылар жеке өнер көрсетуде, ал кешке ұжымдар «Бәйтерек» монументінің алдындағы сахнада дәстүрлі бэнд-марафонға қатысады.

Ертең сағат 11.00-де Республика даңғылының бойында «Жастар» сарайынан Әскери-тарихи музейге дейін оркестрлер шеруі ұйымдастырылады. Фестиваль Қалалық алаңда плац концертпен аяқталады.

astana.gov.kz

(Советбек МАҒЗҰМОВ, фото)

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*