ОРТАЛЫҚҚА ОРНЫҒУ

937
0
Бөлісу:

Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы:

Елордамыздың 20 жылдығы биылғы жыл­дың басты оқиғасы екені сөзсіз. Осыған орай ақпараттар ағынында астаналық мегаполисті тұрғызудағы табыстар, қала салу мен архитектурадағы жетістіктер, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсері жөнінде көп айтылуда. Алайда, ең басты нәрсені – жаңа астананың жас Қазақстан ұлтының идеялық-адамгершілік және рухани тұрғыдан жаңғыруындағы ауқымды рөлін ұмытпағанымыз жөн.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде-ақ 2030 және 2050 жылдарға дейінгі стратегиялардың негізіне ай­­налған «Қазақстанның болашағы – қоғамның идея­лық бірлігінде» және «Қазақстан­ның еге­менді мем­лекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стра­­те­гиясы» атты концептуалды еңбектерінде Қа­­­зақстанның болашақтағы демо­кратиялық, ашық әрі бейбітсүйгіш мемле­кет ретіндегі бей­не­сін айқындап берген болатын.
Бүгінгі Астана ұлтымызды рухани тұрғыдан жаң­­ғырту жолындағы Президентіміз ұсынған сол идея­лар мен оның осы жылдар ішінде атқар­ған ау­қым­ды жұмыстарының жарқын көрінісі бо­лып отыр.
Отандық ономастикалық кеңістікті қайта қа­­­лыптастыру және оның мазмұнын ой елегінен өт­­­кізу арқылы Қазақстан халқының санасын тәуел­­діліктен арылтып, рухани жаңғыру жолына түсуі­­­міз елорданы көшіру мәселесімен тікелей бай­­ланысты.
Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи әділеттілікті қал­пы­на келтіру және халқымыз үшін ардақты есім­дерді ақтап алу жөніндегі жұмыстарды қайта құру жыл­дарының өзінде-ақ бастап берген еді. Бұл бас­тамалардың маңызы аса зор. Шын мә­нін­де, хал­қымыздың өз-өзін, өзінің төл тілін, мә­дение­тін, тарихын және шынайы шежіресін та­нып-білу­ге бағытталған ұзақ та күрделі жол сол кезде бас­тау алған болатын.
Елорданы көшіргеннен кейін Астана мен оның іргелес аумақтары Мемлекет басшысының бас­­тамасымен еліміздегі атауларды ономас­ти­ка­лық тұрғыдан «қайта таңбалау» жөніндегі қа­жыр­лы әрі жүйелі жұмыстардың орталығына ай­налды. Ас­тана елорда мәртебесін алғанға дейін қаладағы 619 көшенің небәрі 180-інің ғана атауы Қазақстан­ның тарихына қатысты бола­тын. Ал 439 көше сая­силанған, идеология­лан­ды­рылған, мәдени-тари­хи тұрғыдан ешқандай не­­гізі жоқ атаулармен атал­ған еді.

Дәуірлер алмасуына байланысты өт­кен­нің доминанттары тарихтың күресініне кетті. Ал Ақмоланың топонимикасындағы В.Ленин, К.Маркс, Революционная, Ок­тяб­рьская көшелерінің орнына Абай, Ке­несары, С.Сейфуллин, М.Әуезов және т.б. тұлғалардың атымен аталатын көшелер мен даңғылдар пайда болды. Бұл ретте, атаулар­ды өзгерту процесі этноцентристік ұста­ным­мен ғана шектелмей, сондай-ақ жал­пыадамзаттық интернационалдық құн­дылықтардың басымдығына да негізделді. Ас­танада кейбір ескі атаулар сақталып, қала меценаттарының (Кубрин, Коще­гу­лов), әлемге танылған классиктердің (Гете, А.Пушкин, Л.Толстой, П.Чайковский), Қа­зақстан тарихында айрықша із қал­дыр­ған ғылым және мәдениет қайраткерлерінің (А.Янушкевич, Г.Потанин, Т.Шевченко, ака­демик К.Скрябин, А.Затаевич, Л.Гуми­лев, А.Бараев және көптеген басқа да тұл­ға­лар) есімдері жаңа көшелерге берілді.
Көшелерге атау таңдау барысында Қа­зақ­стан аумағындағы Жаңаарқа, Аягөз, Сан­дықтас, Марқакөл, Бурабай, Көлсай сияқ­ты танымал географиялық орын­дар­дың, сондай-ақ өзендер мен көлдердің, тау шың­дарының, табиғаттың көрікті жер­лері­нің атаулары кеңінен қолданылуда. Бұ­рын­ғы астаналарымыз – Алматы, Ақмешіт, Орын­бор, Сарайшық, Сауран, Сығанақ, Түр­кістан атаулары да барынша көрініс тап­ты. Қазығұрт, Қозыбасы, Аңырақай, Бұ­ланты, Орбұлақ сияқты бірқатар көше ат­тары маңызды тарихи оқиғаларды еске са­лып тұрады.
Осы ретте «Атамекен» этномемо­риал­дық кешені, «Бәйтерек» мұнарасы, «Мәң­гі­лік ел» салтанат қақпасы, Тәуелсіздік мо­нументі тәрізді маңызды нысандардың атау­ларын да ерекше атап өткен жөн.
Соның арқасында бүгінде қаланың әр­бір көшесі, әрбір мәдени нысаны Отаны­мыз­ға және оның тарихына арналған ау­қым­ды әрі бірегей ономастикалық ансам­бль­дің құрамдас бөлігі болып отыр. Осы орайда, астаналық нысандар атауларының біріктірушілік әлеуеті зор екенін де атап өткім келеді. Әрбір қазақстандық солардың арасынан туған жеріндегі өзіне бала кезден таныс елдімекендер мен табиғи нысандар­дың атауларын, Қазақстанның әр түкпірі­нен шыққан көрнекті тұлғалардың, сон­дай-ақ халқымыздың рухани тірегі мен бай­лығына айналған әрі ерлікке үндейтін аңыз-әңгімелердегі кейіпкерлердің есім­дерін кездестіре алады.
Осындай жұмыс бүкіл Ақмола облы­сын­да да жүргізілді. Бұл іске ғылыми, педа­го­гикалық және шығармашылық зиялы қауым өкілдері белсене араласып, пат­риот­тық танытты. Олардың қатарында кәсіби жә­не әуесқой өлкетанушылар да болды. Нә­тижесінде, Абылай алаңы, Кенесары үң­гірі және Отанымыздың таңғажайып әрі тыл­сым тарихынан сыр шертетін басқа да көп­теген атаулар қолданысқа енді.
Тәуелсіздік жылдарындағы ескерт­кіш­тердің көбі қазақстандықтардың азаматтық бел­сенділік танытып, қоғамдық бастама кө­тергенінің нәтижесінде орнатылғанын ба­са айтқым келеді. Бұл орайда Ұлт кө­ш­бас­шысының халық алдындағы жауап­кер­шілігі өз атына келіп түскен ұсыныстар мен жобалардың бәрін мұқият әрі шынайы ықы­ласпен зерделегенінен байқалды. Егер олар мемлекеттің мүддесіне сай келіп, сая­си тұрақтылықты, азаматтық келісімді, эт­носаралық татулықты қамтамасыз етуге жә­не қазақстандықтардың патриоттық рух­та бірігуіне бағытталса, Президент оң пі­кірін білдіріп отырды.
Тоталитаризм құрбандарына арналған мону­менттің жас елордамызда тұрғызылған ал­ғаш­қы ескерткіштердің бірі екенін ерек­ше атап өткен жөн. Президент бұл ескерт­кіш­ті Ақмолада 1997 жылғы желтоқсан айын­да ашты. Ол тәубеге келудің, тағзым ету мен табысудың символына айналды. Ара­да он жыл өткеннен кейін Ақмола об­лысының Целиноград ауданына қарасты Ақ­мол ауылында (бұрынғы Малиновка ауы­лы) қасіретімен әйгілі Отан сатқындары әйел­дерінің Ақмола лагерінің аумағында Н.Назарбаевтың бастамасымен әрі тіке­лей қатысуымен «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды музей-кешені ашылды.
Бүгінде аттары аңызға айналған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, Қазақ ханды­ғы­ның негізін қалаған Керей мен Жәнібек­тің, Кенесары ханның, Бөгенбай батырдың, ақын­дар Абай мен Пушкиннің, күйші-ком­позитор Құрманғазының, 1941–1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысы батыр­лары­ның, Түркияның тұңғыш президенті Мұс­тафа Кемал Ататүріктің, Францияның ре­­­форматор-президенті Шарль де Голльдің, сон­дай-ақ халқымыздың басқа да біртуар пер­зенттерінің, көрнекті отандық, шетел­дік мемлекет және мәдениет қайраткер­лері­нің тас пен металдан жасалған бейне­лері Астананың алаңдары мен көшелері-нен өздерінің лайықты орындарын тапты.
Қазақстандық патриотизм идеясына ерек­ше мән бере отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы­ның: «Астананы шетелдік серік­тестер үшін де тартымды космополиттік қа­ла ретінде қалыптастыру қажет» деген та­ғы да бір нұсқауы бар. Президенттің бей­таныс әрі үйреншікті емес ортаға шет­ел­дік­тердің тез бейімделіп кетуіне ықпал ете қоймайтыны жөніндегі пайымы пси­хо­ло­гиялық тұрғыдан дәл айтылған. Әрине, бұл орайда ұлттық интеллигенцияның жеке­ле­ген өкілдері реніштерін білдірмей қалмады. Бір­де белгілі жазушымыз, қоғам қайраткері, қа­дірменді Шерхан Мұртаза: «Егер бұл ұлт ас­танасы болса, онда мұндағы «Сине Тем­поре», «Синема-Сити» және өзге де жат ел­дің мәнеріндегі «сити-ити» дейтіндердің қа­жеті қанша?..» деп кейістік білдірген бо­латын.
Бұл жердегі мәселе – жалаң еліктеу­шілік­те емес, пайдалы нәтижелерді ғана шын­дық деп танитын философияны, яғни праг­­ма­тизм­ді басшылыққа алған Елба­сының бү­кіл саясатының, соның ішінде, урбанизация жө­ніндегі саясатының қағи­даттарында. Осыған айқын көз жеткізгенде ғана мұны түсінуге болады.
Ономастика мәселесін қорыта келе, 2000 жылдар басында Астанада болған мы­на бір қызықты жайт туралы айтайын. Бір­де, қала басшылары, жұртшылық өкіл­дері және алаштанушы ғалымдар Әлихан Бө­кейхан көшесіне арналған митинг-лек­ция ұйымдастырды. Сол көшенің тұр­ғын­дары мен басқа да жүргіншілер алғашында бұл шараға аса қызығушылық пен ықылас біл­діре қоймағанымен, соңынан алғыс­та­рын айтып жатты. Олар: «Бұған дейін біз Әли­хан Бөкейхан жөнінде көп біле қой­ма­ған едік. Оның өмірі мен тағдыры, сіңірген еңбегі жөнінде кеңінен әңгімелеп бер­ген­деріңіз жақсы болды. Енді біз осындай ар­дақты азаматтың есімімен аталатын кө­шеде тұратынымызды мақтан ететін бола­мыз», – деді. Еліміздің барлық қалалары мен ауылдарында мұндай кездесулерді кө­бірек өткізу үшін нағыз үлгі осы емес пе?!
Тағы бір маңызды нәрсеге назар ауда­райын, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, М.Жұ­мабаев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұ­банов, Е.Бек­маханов, Ә.Марғұлан және басқа да ұлы тұлғаларымыздың бала кезінен туған же­рінің тарихи және фольклорлық аңыз-әң­гімелеріне құмарлық танытып, санасына сіңі­руі олардың әйгілі туындылары мен жаңа­лықтарына жол ашты. Академик Қ.Сәтбаевтың өзі геологиялық барлау жұ­мыстарын жүргізіп, пайдалы қазбалар ке­нін тапқанда тек ғылыми әдістерге ғана емес, сондай-ақ табиғатқа «тіл бітірген» то­­по­нимдерді және соларға қатысты фо­льк­лорлық аңыздарды талдау нәтижесіне сүйенген болатын.
Жаңа астананы дамыту мәселесі рухани бас­тауларымызға қайта үңілу арқылы да жү­зеге асты. Этномәдениеті алуан түрлі, та­­рихы бай және Еуразияның кіндігіне ор­наласқан, ежелден өркениеттер мен ха­лық­тардың жолы тоғысқан кең байтақ жері бар Қазақстанға әлемдік рухани орталық рө­лі бұрыннан-ақ телініп келді. Сірә, Ұлы да­ланың төсіне Рим Папасы ІІ Иоанн Па­вел алғаш қадам басқан және екі жылдан кейін әлемдік дәстүрлі діндер өкілдері «Бәйтерек» мұнарасының іргесінде бірлесе мінә­жат жасаған тарихи күндерде Аста­на­ның барша жұрт мойындаған киелі ордаға айналуының негізі қаланса керек. Бұрын қан­дай жағдайда да өзара ымыраласа қой­мағандар осында бас қосып, үстел басында ке­ліссөзге келіп, қол алысып жатса, Аста­на­ны құдіретті әрі қасиетті жер деп неге ата­масқа?!
Большевиктер дәуірінде діни ғимарат­тар­дың көбі қиратылып, бұзылмай қалған­да­ры көкөніс сақтайтын орын, атқора не­месе қойма ретінде пайдаланылғаны, жақ­сы-ау дегенде Алматыдағы Воз­несенский кафедралды соборы секілді кейбір ғи­бадатханалар тарихи музейге бейім­дел­ге­ні ХХ ғасыр тарихынан белгілі.
Өткен жылдары Астанада Ғылмани ме­шіті мен Константин-Еленинский пра­вос­лав шіркеуі қалпына келтіріліп, «Нұр Аста­на», «Әзірет Сұлтан» жаңа мешіттерінің күм­бездері және зәулім Успен соборы бой кө­терді. Қаланың әр түкпірінде өзге де не­гіз­гі әлемдік конфессиялардың храмдары, ғибадат үйлері, діни оқу орындары мен жек­сенбілік мектептер ашылды. Басқа кие­лі орындар да назардан тыс қалмады. Мәселен, елорданың батыс жағында қол бас­таған Қабанбай батыр кесенесінің маңы абаттандырылып, соның жанында Ұлттық пантеонның іргесі қаланды.
Бірегей мегаполис салу идеясы мен тә­жі­­рибесі К.Курокава, Н.Фостер, М.Нико­лет­ти және заманымыздың басқа да айтулы сәу­лет өнері майталмандарының өз ойла­рын жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Со­ның арқасында Астана тың урбанистік із­д­еністер мен батыл бастамалардың қай­наған ордасына айналды.
Астананы көшіру кеңістік пен геогра­фия тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ке­зеңдік және тарихи өлшемдер жағынан да орталыққа орнығу траекториясын қа­лыптастырды.
«Қазақстан – еуразиялық держава, со­ған орай мемлекетіміздің орталығына жыл­жуы­мыз сыртқы саясатымыздың бағыты көп­векторлы екенін және интеграцияның маңызын түсінетінімізді аңғартады. Бүкіл әлем­мен достық қарым-қатынас орнату, олар­мен жаны жақын және ашық-жарқын көр­ші болу – біздің мақсатымыз осы» е­д­і Мемлекет басшысы Астананың 1998 жыл­ғы 10 маусымда өткен тұсаукесер рәсі­мін­де.
Сол жылы күзде қазіргі елорда орналас­қан жерден ортағасырлық Бозоқ қалашығы ор­нының табылуы қабылданған шешімнің дұрыстығын дәлелдейтін тағы бір жақсы жо­ралғыға баланды. Заманалар сабақтас­ты­ғы осылайша қайта қалпына келіп, өт­ке­німіз бен бүгініміз осылайша тоғысты.
Елбасының астананы көшіру жөніндегі ға­ламат идеясы жүзеге асқаннан кейін, Қа­зақстан халықаралық ауқымдағы оқи­ғалар ортасына қарай нық қадам басып, жүз жылда еңсеретін жолды ширек ғасыр ішін­де жүріп өтті. Бұрын әлемге танымал емес ел көптеген аса маңызды саяси кез­десу­­лер мен ғаламдық деңгейдегі процес­тер­дің ошағына айналды.
Елордамыз көшірілген сәттен бастап мем­лекетіміздің ресми орталығы ретінде қа­зіргі заманның аса маңызды халықаралық іс-шараларын өткізіп келеді. «Астана ұста­нымы», «Астана рухы», «Астана келісімі», «Астана ара ағайындығы», «Астана процесі» сияқты ұғымдар құрмет тұту әрі ізгі ниет тұрғысынан бүкіл ел дипломаттарының лек­сиконына және барлық әлемдік БАҚ-тың аналитикалық жаңалықтар контентіне берік енді.
Қазақстанның елордасындағы халық­ара­лық келіссөздерге деген құрмет пен се­німге Елбасымыздың ядролық қару­сыз­дану жөніндегі жаһандық бастамаларының, елі­міздің бейбітшілікке негізделген дәйекті сая­сатының, отандық дипломатиялық кор­пустың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Әлемде бірінші болып ерікті түр­де ядролық қарудан бас тартып, жер бе­тін­дегі ең ірі Семей ядролық полигонын жап­қан Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық күреске толық моральдық құқы бар ел ретінде жетекшілік етіп қана қоймай, сонымен бірге қиын әрі ізгілікті бітімгершілік миссияны өз мой­ны­на алды. 2010 жылы Қазақстан пост­кеңес­­­тік кеңістіктегі елдер арасында бірін­ші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ын­­тымақтастық ұйымына басшылық етіп, осы ұйымның 1999 жылдан бері өткі­зілмеген саммитін Астанада ұйымдастырды. Бір атап өтерлігі, Астана форумынан кейін де бұл ұйымның саммиті өткен жоқ. Си­рия­дағы азамат соғысын тоқтату үдерісі ба­ры­сында Астана 2017 жылы жауласушы та­раптар өкілдерінің бейбіт келісім жүр­гізуіне мүмкіндік туғызды. 2017 жылы күзде Ас­танада Ислам ынтымақтастығы ұйымы­ның ғылым және технологиялар жөніндегі І саммиті өтті. Онда Қазақстан бірқатар маңыз­ды бастама көтерді. Еліміз 2018 жыл­ды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңе­сінің төрағасы ретінде бастады.
«Мекен адамды емес, адам мекенді көр­кейтеді» деген көнеден келе жатқан нақыл сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы қаланың кел­беті оның сәулетімен ғана емес, ең алды­мен, тұрғындарының мәдени, кәсіби, аза­­­маттық және патриоттық деңгейімен де ай­қындалатынын үнемі еске салып оты­рады. Осы орайда аға ұрпақ өкілдерінің аты­на жылы лебізімді білдіргім келеді. Олар жасы ұлғайғанына, сіңірген еңбегіне, жеткен мәртебелеріне және Алматыға әбден бауыр басып қалғанына қарамастан, Ақ­молаға тіршілік ету үшін ғана емес, сон­дай-ақ жұмыс істеу үшін де алғашқы лек­пен бірге көшіп келді. Қаратай Тұрысов, Мыр­затай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Бәйгелді, Кенжеғали Сағадиев, Жа­байхан Әбділдин, Иван Щеголихин, Кә­кімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова, Зи­наида Федотова, Ақселеу Сейдімбек, Әкім Тарази… Мен тек ең танымал тұлға­лар­дың ғана аттарын атап отырмын. Әйт­песе, мұндай ардақты азаматтар жүздеп, мыңдап саналады.
Елбасының дәуірлік бастамасына қол­дау көрсетіп, өзінің және ұрпақтарының өмі­рін жаңа астанамен байланыстыру үшін, мемлекеттің көмегіне жүгінбей-ақ, өз күшімен Ақмолаға көшіп келіп, қала ше­тіндегі қарапайым үйлерге қоныстанған аға ұрпақ өкілдерінің ерлікке бара-бар көптеген істері жөнінде жақсы білемін.
Астана әртүрлі жастағы және әр өңірден кел­ген адамдардың басын қосып, олар­ды біртұтас қауымға айналдырды. Осы жыл­дар ішінде «оңтүстіктің адамы» және «сол­түстіктің адамы» деген сияқты қан­ша­ма қисынсыз ұғымдар жоққа шығарылды. Соң­ғы 20 жылда ортақ үйіміз – жаңа елор­дада тату-тәтті тұрып жатқан біздің кең бай­тақ еліміз өңірлерінің өкілдері осы ке­зең ішінде бір-бірі туралы, төл мәдени дәс­түрлері туралы қаншама тамаша жаңа­лықтарға қанық болды десеңізші. Осы­лай­ша, елорданың көшірілуі көп жағдайда са­на­ны тар ауқымда ойлаудан арылтты. Бұл жө­нінде Президент өзінің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық ма­қаласында: «Әрине, туған жердің тари­хын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзің­нің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмы­туға әсте болмайды», – деп нақты атап көр­сеткен болатын.
Өсіп-өркендеген және заманауи жаңа елор­дамыз – инфрақұрылымы дамыған жәй әкімшілік орталық қана емес. Ол – қа­лалар рөлінің трансформациялану дәуі­рін­дегі бүкіл елдің орнықты дамуының құра­лы­на айналып отырған жаңа тұрпатты мега­полистің үлгісі. Болашағымыз Астана сияқ­т­ы қалаларға тиесілі.
Өткен 20 жылдың ішінде елорда тұр­ғындарының саны үш еседен аса өсті. Қала елі­міздегі өңірлік жалпы өнімнің өсімі бойын­ша бірінші орын иеленіп отыр. 2015 жыл­дан бастап Астана республикалық бюд­жеттің доноры болып саналады. Елор­даның заманауи білім беру және медицина кластерлері тиімді жұмыс істеуде. Бүгінде Қа­зақстанның астанасы елімізде және шет­елдерде мойындалған мәдени және ғы­лыми-зерттеу орталығына айналды.
Мемлекет басшысының қаңтар айын­дағы Жолдауында атап көрсетілген «Ақыл­ды ұлт» үшін «Ақылды қала» салу жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру ісі толық қар­­қынмен жүргізілуде. Астана қазірдің өзін­де қалаларды басқарудың жаңа ұста­ным­дары мен прогрессивті қағидаттарын көрсетіп отыр. Оның инновациялық тех­нологияларды пайдалану тәжірибесі мен өмір сүру стандарттары тек өз еліміздің өңір­лерін дамыту үшін ғана емес, сонымен бір­ге шет елдер үшін де ынталандырушы әрі үлгі болып саналады.
Өткен жылы Қазақстанның елорда­сын­да халықаралық ЕХРО – 2017 маман­дан­дырылған көрмесінің өткізілуі – осы сөзі­міздің айқын дәлелі. «Болашақтың энер­гиясы» тақырыбына арналып, ТМД мен Шығыс Еуропа елдері арасында алғаш рет ұйымдастырылған көрмеге 150-ге тарта ел, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық кор­порациялар қатысып, өздерінің «жа­сыл энергетика» саласындағы ең жаңа әзірле­­­мелері мен технологияларын ұсын­ды. Көрме жұмыс істеген 3 айда 4 миллионға жуық адам келді. Олардың 600 мыңнан астамы әлемнің 187 елінен келген шетелдік туристер болды.
Нұрсұлтан Назарбаев көрмені қоры­тын­дылай келе, ЕХРО-ның өткізілуі жаһан­дық кеңістікте елімізді және «Қазақ­стан» ұлттық брендін ілгерілете түсу үшін жаңа белес болғанын атап өтті.
Қазақстанның елордасы National Geographic журналының тұжырымдамасы бойын­ша «Болашақтың қаласы» сыйлы­ғы­ның номинанты болды. New York Times газеті біздің елімізді міндетті түрде келіп-ке­­туге лайықты орындардың тізіміне қос­ты.
Астана бізді түбегейлі өзгертті. «Астана» деп аталатын ғасыр жобасы бүкіл әлемге Ұлы дала халқының қабілеті қандай екенін көрсетті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елорданы Алматыдан Қа­зақстанның орталығына, яғни Еуразия құр­лығының кіндігіне көшіру жөніндегі ше­шімі жас тәуелсіз мемлекетіміздің бола­шақ­қа қарай эволюциялық ұмтылысының гео­саяси, әлеуметтік-экономикалық және мә­дени негізі болды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*