Тәуекелі – зор, берері – мол

956
0
Бөлісу:

   «Астана» халықаралық қаржы орталығы – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы. Оның ашылуы маңызды қадам, біздің экономиканың бекем түрде дамуының жалғасы болып табылады. Жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде АХҚО-ны құру туралы идеяны ең алғаш рет 2015 жылы айтқан едім» деді Нұрсұлтан Назарбаев. 
Конгресс орталықта Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми қызметін арнайы гонг соғу арқылы іске қосты. «Ұзақ уақыт күткен сәттің туын­дауымен құттықтаймын және осыдан бастап, біздің Халықаралық қаржы орталығымыз қызметіне кірісті. Осы жерде отырған барлық орталық қатысушыларына, уақытын бөліп келіп отырған қымбатты қонақтарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Елімізге небәрі – 27 жыл. Бұл – тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенмен халқымыз болашақ гүлдену жолында үлкен қадам жасады деп ойлаймын. «Астана» халықаралық қаржы орталығы да осы мақсатқа қызмет ететіндігіне үміт артамыз. Біз өз тарапымыздан орталық­тың жұмысы барлығына қанағаттанушылық сыйлайтындай, бизнеске пайда әкелетіндей және Қазақстан одан мол пайда алатындай жасайтын боламыз» деді Елбасы.
Ел ордасын ауыстырар кезде «Алматы – қаржы мен мәдениет орталығы болып қала береді» деген сөз айтылып еді. Енді міне, араға аз ғана жылдар салып, Астана ең ірі қаржы орталығына айналды. Бұлай болуы – заңды. Астана – Қазақ елінің нағыз орталығы. Қай жағынан алғанда да! Бұл қала қазір бүкіл қаражат, саясат, мәдениет орталығы дәре­жесіне көтерілді. Мұның бәрі Қазақстан Президентінің табандылығы мен қайсарлы­ғы­ның арқасында жүзеге асты.
Астана енді сайын сахарадағы көрікті қала ғана болып қоймайды, дүниенің тетігі – қаржы-қаражаттың кілтін ұстаған шаһарға айналады. Аумалы-төкпелі заманда Елбасының тағы бір тәуекелі зор, берері мол қадамға баруы қайран қалдырады, тіпті тәнті етеді.
Астана халықаралық қаржы орталығына қатысушыларға салық бойынша 50 жылға дейін, сондай-ақ визалық және еңбек бойынша жеңілдіктер қарастырылыпты. Негізгі жұмысы ағылшын құқығына негіз­делген, осы аймақтағы бірден-бір ірі қаржы орталығы. Мұнда тәуелсіз сот, халықаралық арбитражды орталық жұмыс істейтін болады. Ол кез келген тарап құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. Арғы-бергі кезеңде дәл мұндай қаржы орталығы біздің елде болған емес.
«АХҚО судьялары ретінде менің ше­шіміммен Англия мен Уэльстен келген 9 абыройлы судья тағайындалды. Оларды лорд Вульф мырза – Англияның бұрынғы Жоғарғы судьясы басқарады. Арбитражды орталыққа сонымен бірге тағы 23 халық­аралық арбитраж енді». Қор нарығын дамытатын қатысу­шылардың ыңғайы үшін АХҚО биржасы – жоғары технологиялық инфрақұрылым құрылды. Бүгін сіздермен осы биржаның жұмысын бастаймыз. Оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы және Шанхай қор биржасы қатысады» деді Мемлекет басшысы.
Біздің жадымыз қысқа: Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда бір шеге қағу үшін Мәскеуден рұқсат сұрап, бір балға алу үшін орталыққа жалтақтап келген кезімізді ұмыттық. Ұмыттырған – уақыт. Тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған қазақ елінде Астана мемлекеттің Темірқазығына айналды. Енді біздің өз орталығымыз бар. Қа­зақстандағы 18 миллионнан астам адам Астана уақытымен өмір сүреді. Астанаға қарап бағдар алады. Астанадан қаржыланады. Астана – сонысымен де асқақ!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*