Бас қалаға бастап келгендер…

1317
0
Бөлісу:

Ел астанасының Астанаға ауысуының өте әділетті шешім болғанын қазір шын түйсіне түстік. Жыл санап халқы көбейіп, күн санап инфрақұрылымы күрделене түскен Алматы – елорда көтеруге тиісті жүкті ойдағыдай атқара алмас еді, астана атқаруға тиісті функцияны орындауда баяу қозғалар еді. Бұл ретте Алматы ауыр салмақтағы боксшы іспетті… Елбасы астананы Арқа төсіне көшіріп, елдің жаңа тынысын ашқандай болды. Жаһанға тың көзқараспен қарап, дүние-дүрмекке «Астана» атты жаңа тұлпарды жаратып қосты. Қазір бәрі ғажап. Көкпен таласқан ғимарат та, көздің жауын алар гүлзар да, ақылды үйлер де, қымбат көліктер де, жайлы жұмыс пен жақсы жалақы, тіпті жасыл орман да бар мұнда.

Ал тура 20 жыл бұрын мұның бірі де елес бермес еді. Қу мекиен тақыр дала, әр тұста қалқайған бір үй көзге шалынады. Қалаға тән тіршілік көзін табу қиын. Бір елдің астанасы тұрмақ, аудан орталығына да ұқсамайды. Елбасының ерен ерлігінің арқасында бізге елес секілді көрінген шаһардың шынайы бейнесі сомдалып, уақыт өткен сайын тұлғалана түсті. Ол уақыттың қадірін сол кезде Астанаға алғаш келген жандар жақсы біледі. Олар сол сәттегі қиындықты да, қызықты да алғаш болып көрді. Әрине, Астананың өз қолы өз аузына жеткен уақытта, жемісін де алғаш болып жеді. Сол себепті, Арқаға алғаш барған тұлғалармен тілдесіп, мереке қарсаңында сырластық.


«Астана Опера» – Орталық Азиядағы ең үлкен театр. Театрдың басты үлкен залы 1250 адамға лайықталған. Вестибюль, фойе, көрермен залы мен негізгі сахна, бәрі жоғары классицизм деңгейіне сай жасалған. Зал акустикасымен Италия және Германиядан шақыртылған жетекші мамандар жұмыс істепті.


Мырзакелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері:

215 мың ғана халық тұратын

– Ең бірінші болып, тұтас құраммен Зейнолла Қабдоловтың батасын алып, 1997 жылы 8 желтоқсанда қақаған аязда біздер көшіп келдік. Сол кездегі жағдай, қаланың кейпі мақтайтындай емес еді, әрине. Қалада 215 мың ғана халық тұратын. Қызмет көрсету деңгейі төмен, сапасы нашар болатын. Базар дүкеннен кейін ашылып, бағасы дүкеннен қымбат еді. Қазақша газет са­тыл­майтын. Дейтұрғанмен, жергілікті халық сауықшыл болатын. Гармонын тартып, көше аралап сауық-сайран құратын еді.
Араға жиырма жыл салып, Астана адам танымастай өзгерді. Біздің өлшемге салсақ, керемет әрі қарқынды даму болды. Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Бүгінде елорданың ел қоржынына салған инвестициясының республика көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең. Оның үстіне, қала еліміздегі ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамуда, Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Алдымен әкімшілік орталық қана болып, тек оншақты жылдан соң мәдени орта қалыптасты. Бастапқыда «барлық қаражат Астананың өсіп-өркендеуіне ғана жұмсалуда» деген теріс көзқарас болып еді. Бар-жоғы жиырма жылдың ішінде басқа аймақтар, ондағы барлық облыс орталықтары елордаға қарап бой түзейтіндей жағдайға жеттік. Бүгінде бірінен бірі озады, соған қуанамыз. Саяси жағы өз алдына. Қала қазақыланды, мәдениетіміз артты. Бір бөлмеде отырып, бірге қызмет еткен еліміздің батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігінен келген адамдар бір-бірінен тілді, сөйлесу мәдениетін, бойын күтуді үйренді. Жаңа адам­дардың (әсіресе жастардың) менталитеті қалыптасты.
Шыны керек, Астананың даму қарқынына көңілім толса да, ғылыми ортасына көңілім тола қойған жоқ. Елорданың ғылыми деңгейі жайында мақтана алмаймыз-ау деймін. Әлі дамытуымыз қажет бағыт – осы. «100 жаңа есім» жобасы өте әділ және адал болды деп санаймын. Ендігі үміт – сол тізімдегі ғалымдарда. Ғылымда көзбояушылық болса, уақыт өте келе білінеді, мәлім болады. Бүгінгі жастардың басым көбі білім үшін емес, диплом үшін оқитыны қынжылтады. Емтиханды өзі емес, қолындағы ұялы телефоны тапсыратын болды. Бірақ ел іші емес пе, жақсылығы да қатар келіп жатыр, келе береді. Массачусетс технология университеті биылғы оқу жылында оқуға түсу үшін қажетті құжаттар тізімінен жоғарғы білім туралы құжатты алып тастады. Біздің адамдар әлі дипломын алға ұстайды. Дипломға емес, білімге қарап бағалайтын заман есіктен сығалап тұр.


«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы – әлемдегі ең үлкен шатыр. Оның биіктігі 152 метрге жетеді. Жобаның архитекторы – Норман Фостер.


Әкім ТАРАЗИ, жазушы, драматург:

 Елорда болуға сұранып-ақ тұр еді…

– Адам баласы басынан өткен жақсылықты да, жамандықты да әр тұрғыдан бағалап, оның сабағын әрқилы сараптайды. Өз басым қаламгер болғандықтан, адамның да, қоғамның да, дәуірдің де басынан өткен құбылыстарын жазушылық пайыммен қатар, философиялық талғаммен таразылайтын жанмын. Еліміздің тәуелсіздіктен бұрынғы кезеңі бір сала болса, егемендікке қол жеткізгеннен кейінгі мерзімі – өзгеше бір әлем. Себебі, қаламгер ретінде қиял еркіндігі және ой мен ақылдың шарықтау динами­касы, яғни өрелі биігі болатынын жақсы білемін. Сондықтан нақты іс пен идеялық композицияның да өз шегі, өлшемі барын ескерге­німіз жөн. Дегенмен он сегіз мың ғаламда санасы озық жа­ратылған адам бала­сының бойында қиял мен істің көңіл жетсе де, көз жет­пейтін жерге дейін өр­лейтін шағы болады екен. Мұны біз бар-жоғы жиырма жыл ішінде құлпырып орнай қалған бағаналы орда, басты орда – елор­дадан көріп отырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын Целиноградқа келген бір сапарымда көшесінің ми батпағы шығып, езіліп жатқан сұрықсыз қаладан бір таны­сымыздың үйін әзер тапқанымыз есімнен кетпейді. Сол жолы көше бойында терезесі жерге батып кеткен үйлерді көріп, «мына қалада адамдар қалай өмір кешеді екен?» деп түңіліп едім. Міне, арада жиырма жыл өткенде сол қала әлемнің ең әдемі қалала­рымен терезе теңестіріп үлгерді.
1997 жылдың 10 желтоқсаны болатын. Елбасының Жарлығымен Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстанның астанасы мәр­тебесін иеленген. Дәл осы күні Мемле­кеттік рәміздердің Сарыарқа төріне көшірілу құрметіне салтанатты жиын болды. Осыған қатысуға Алматыдан бір топ зиялы қауым өкілдері келді. Жазушылардан марқұм Сайын Мұратбеков екеуіміз бармыз. Қыс. Далада қар жауып, күн берекесіздеу болып тұрды. Ақмоланың шыңылтыр аязына шыдамаған біздер: «япырай, Президент неге асықты екен, бұл қала елдің астанасы қалай болады?», – деген күмәнді оймен Алматыға қайттық. Ол кезде расымен күдігіміз көп, үмітіміз аз еді.
Қарап тұрсаңыз, әлемде қалыптасқан тәртіп бойынша, белгілі бір қаланың астана атануы үшін ол 32 талапқа сай болуы керек екен. Ал Ақмола сол өлшемдердің бәріне сай болып шықты. Кезінде «Хандарымыз ту тіккен мекені қасиетті Ұлытауды неге астана қылмасқа?» деп ойлаушы едім. Бұл туралы газеттерге де жаздым. Мақаламды Елбасы оқыған-оқымағанын білмеймін, бірақ бір сөзінде ол кісі: «Астана болуға қай шаһар лайық деген сауалға көп ойландым. Ойымда Ұлытау да болды. Бірақ онда теміржол жоқ. Сондықтан барлық талаптарға Ақмола лайық деген ой түйдім», – деді. Расымен де, Ұлытау өңірінде экономиканың күре тамыры – теміржол торабы жоқтығын ойламаппын. Ал Еуразия кіндігіндегі Ақмола тоғыз жолдың торабында орнала­сып­ты. Бұл солтүстік пен оңтүс­тікке, батыс пен шығысқа ықпал ету жағынан қолайлы. Оның сыртында инфрақұры­лымдарды дамыту жағынан, қоршаған орта мен сейсмикалық жағдайы, еңбек ре­сурстары мәселесі бір елдің астанасы болуға сұранып-ақ тұр еді. Кейін Ақмоланың астана бо­ла­тынына күдікпен қараған жұрт­шылықтың бәрі де шешімнің дұрыс­тығын мойындады.
Астанаға көшіп келгелі қала адам танымастай өзгергенін күллі жұрт біледі. Шынымен де, Астананың даму динамикасы таңдай қақтырарлық. Күні кеше қоңыртөбел ғана шағын шаһар асқақтаған Астанаға айналады деп кім ойлаған? Несін жасырайық, бұрын қаланың сұрықсыздау келбетін көріп: «әй, Ақмоланы астана етуден ештеңе шық­пас-ау», – деп кеңесетінбіз. Сөйтсек, жаңсақ ойлаппыз. Қазақ қысқа мерзім ішінде өз Астанасын салып алды. Бұл – тарихта болмаған жағдай. Қазақ елі Астана болып жарияланысымен оған көшіп алды. Мұндай тәуекелге баруымыздың өзі – ерлік.


Қала тұр­ғын­дарының орташа жасы – 30. Демек, шаһардың басым бөлігін жастар құрайды деген сөз.


Қаладағы Есіл өзені әу баста су қоймасы ретінде жасалған. Себебі, бастапқыда өзеннің ені 1-2 метр, ал тереңдігі жарты метрге жетер-жетпес шамада ғана болған. Бірақ уақыт өте келе су қоймасын кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, өзен арнасы ашыла түсті. Кейін жағажай пайда болып, қайық пен шағын кемелер жүзе бастады. Қазір Есіл өзені Астананың солтүстігі мен оңтүстігін жалғап тұрған, қала қонақтарының жиі баратын сүйікті орынына айналған.


Астанай деген бір қыз бар

Жыл басында Статистика комитеті елімізде Астана есімімен 17 ер адам бар екенін айтқан болатын. Олардың бесеуі қазіргі Түркістан облысының тұрғыны десек, Алматы, Маңғыстау, Павлодар облыс­тарында екі-екіден бар. Елорданың өзінде де екі Астана тұрады. Ақмола, Жамбыл, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыс­тарынан да Астананы кездестіре аламыз. Қазақ – ырымшыл халық. Бүгінде еңсесін тіктеген елорданың қандай қарқын­мен дамып келе жатқанын көз көрген соң, көңілге ұнағаннан кейін ырымдайтыны айтпаса да түсінікті. Статистика комитетінің дерегіне Астана есімімен тек ер адамдар тіркеліпті. Десек те, біз қызының есімін елорданың атауымен байланыстырған отбасыны білеміз. Ол – журналист Ғабит Мүсіреп пен профессор Перизат Сейітқа­зының жанұясы. Бұл отбасындағы кенже қыздың есімі – Астанай.
Астанай Ғабитқызы 1999 жылдың тамызында елордамызда дүниеге келген. 18 жастағы бойжеткен биыл 12 жылдық Назарбаев мектебін физика-математика бағыты бойынша озат аяқтапты. Арманы – экономист болу. Барлық емтихандарын сәтті тапсырып, Назарбаев университетінің экономика мамандығына оқуға қабылданыпты, сондай-ақ Венгрия мен Гонконгтың жоғары оқу орындарынан да шақырту алған. Астанайдың есімін естігенде көп адам таңданысын жасырмай, атын қайта сұрап жатады екен. Мұндай реакцияға Астанайдың өзі де әбден үйреніп алыпты. Кенжесіне ерекше есімді қалай таңдағаны жөнінде оның анасынан сұрап көрдік.
– Мемлекет басшысының Ақмола қаласы ресми астана мәртебесіне ие болғаны туралы Жарлық шыққаннан кейін, Президент әкімшілігі, Парламент жаңа ордаға қоныс аударды. Сол уақытта «Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы десанты ретінде үш журналист сол көшпен бірге аттанды. Соның ішінде газеттің Парла­менттегі тілшісі біздің отағасы да бар. Ал 1999 жылдың ақпанында «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы елордаға түгелімен көшіп келді. Осы редакциядағы жас отбасылардың арасында, елордада дүниеге келген сәбилердің тұңғышы Астанай болды. Жүктілік кезінде қызымның есімі жайында біраз ойланып, бірнеше нұсқасын таңдап та қойғанбыз. Перзентханадан шығатын кезде, туу туралы куәлігіне баланың есімін жаздырып шы­ғуымыз керек. Содан қай есімге тоқтай­тынымызды ақылдасайын деп, отағасынан сұрасам, «Астанай» деп қоятынымызды айтты. Бастапқыда қарсылық білдіргенім рас. Сөйтсем, Ғабекеңе бұл есімді қою туралы ұсынысты сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Ержұман Смайыл жасапты. Осылайша, «Егеменнің» елордада дүниеге келген тұңғыштары ретінде басылым басшылары­ның ықылас-ниетінің арқасында қызымыздың есімін Астанай деп қойдық. Сол жылы «Егемен Қазақстан» газетінің 80 жылдық мерейтойында басылымның ардагер журналистері сахна төріне төрт айлық Астанайды шығарып баталарын берді, – деп еске алады анасы Перизат Бәйтешқызы.
Бес жасында Астанай өзіне неге қаланың есімін бергені жөнінде ата-анасынан сұраған екен. Өйткені ауладағы балалардың көбі ойын арасында қылжақтап, мазақтайтын көрінеді. «Бірде Астанай бізден неге есімін қаланың атауымен байланыстырып қойғанымызды сұрады. Біз жаңа өркендеп-өсіп келе жатқан қаланың тарихын, тағдырын, болашағын, мәртебесін түсіндіріп бердік. Жақсылыққа жаны құштар халқымыздың дәстүрлі жолымен журналист ағаларының ырымдап, елорда сияқты қанатын кеңге жайып, биіктерді бағындырсын деген ниетпен осылай атауды ұйғарға­нын айттық. Бұл есімнің қойылу сәтінен де естеліктер айтатынбыз. «Егер бұл есімді қаламасаң, ұнат­пасаң, өзгертуге болады» дедік. Қағілез бала ғой, бірден ұғына қойып, есімін өзгертуден бас тарт­ты. Содан кейін өз атына реніш білдіріп келген емес» дейді анасы.
Бүгінде Астанай елорданы жақсы көреді. Бас қаланың көркем келбетін, заманға сай даму қарқынын үнемі тілге тиек етіп отырады. Сондықтан болар, есімінің елордамен байланысын ес білгелі мақтан тұтатын болған. Елорданың мерейтойы, туған күні қарсаңында Астанайды журналистер қауымы көп іздейтін көрінеді. Кішкене күнінде елордаға арналған мерекелік бағдарламалардан босамайтын Астанай ендігі жерде атымен емес, білімімен, еңбегімен атын шығарғанды қалайды. Бір қызығы, Назарбаев зияткерлік мектебіне 7 сыныпта сынақты өзі барып тапсырып, биыл оны үздік аяқтап отыр. Бас қаланың тарихы мен тағдыры турасында, өткені мен бүгіні хақында жақсы біледі және елорданың туған күнін асыға күтіп, арнайы мерекелегенді де жақсы көреді. Өйткені Астанай жас қаламен бірге өсіп келеді.


Еліміздегі ең үлкен ту да Астанада ілулі тұр. Ені 30, ұзындығы 15 метр болатын жалау 111 метр биіктіктен мен мұндалайды.


Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана ерекше беделге ие. Оның оқырмандары өте көп. Себебі, кітапханада 2,5 миллионнан астам кітап қоры бар.


Махат Садық, журналист: 22 Деректі фильм түсірдім

– Астанаға алғашқы лекпен келгендер­дің алдыңғы қатарында болдым. Астананы салуға, Астанаға үлес қосуға, жұмыс істеуге келдік. Біз келгенде бұл жақ қоңырқай ғана өлке еді. Адамдар онша жұмыс істемейді, бейсенбіден бастап демалысқа кетіп қалады. Күніне ары кетсе 3-4 сағат қана жұмыс атқа­рады. Рейтинг бойынша 13-14 орын­дағы, қазақтың қиырындағы аймақ еді. Біз келіп, жаңа серпіліс әкелдік. Тәулігіне 8-10 сағатқа дейін еңбек еттік. Астананың еңселі елордаға айналуына қолымыздан келгенше көмек қылдық. Қаламымызбен, микрофо­нымызбен, таспамызбен өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Айтарлықтай журналистік орта болған жоқ. Бірқатар телеарналар мен басылымдар тек меншікті тілшілерін ұстады. Бұл қалаға келіп, «Жеті күн» бағдарламасы арқылы тұңғыш рет Астанадан тікелей эфирге шықтық. Ол да тарих. Қалаға деген патриотизм, қаланың әрбір нәрсесін көрсету сезімі ішімізде қайнап тұрды. 1998 жылы алғаш рет қалада гольф алаңы ашылды. Ол да қазір тарихтың бір бедеріне айналды.
Астана менің бағымды ашты дер едім. Бұл қалаға үйренісу қиын болған жоқ. Себебі, өзімді Астанаға арнап келдім. Президент грантына ие болдым, бірнеше халықаралық сыйлықтарды иелендім, баспаналы болдым. Ұл-қыздарым осы қала­ның рухымен тәрбиеленіп жатыр. Белгілі мәдениет және қоғам қай­раткері Оралбай Әбдікәрімов айтқан бір естелік бар. «Астананың 10 жылдығына байланысты ғой деймін, бір жиналыс өтіп жатты. Сонда Елбасы қала басшылығына қарата: «Біз бұрынғы цели­ноград­тықтарды Астананың деңгейіне жет­кіземіз деп жүрсек, сендер немене, өз­дерің целиноградтық болып кеткендерің?», – деп ұялтып еді. Ол жәй айтыла салған сөз емес. Басшылыққа алатын ұлағатты қағида. Астаналықтардың мінез-құлқы, білім-білігі, жүріс-тұрысы, мәдениеті, күллі болмысы астаналық деген мәртебеге сай болуы тиіс. Астана орайын­дағы Елбасының талабы да, тілегі де осы. Соған сай болмағымыз ләзім. Өз басым Елба­сының соңына еріп Астананың көркеюіне қайраткер ретінде үлес қостым» деп еді ол кісі. Сондықтан Астана бейнесі, Ас­та­на руханияты әлі де кемелдене тү­се­ді деп есептей­мін.
Әрине, әлі де болса кемшін тұстары бар. Қазір Әсет Исекешев келіп, біраз еуропалық жаңашылдықтар енгізіп жатыр. Соған қарап отырып «неге бұрынғы әкімдер солай істемеді екен» деп ойланасың. Дегенмен ештен кеш жақсы. Мәселен, Лондонда да, Парижде де күн ара жаңбыр жауады. Бірақ олар біз сияқты көшенің кез келген тұсына топырақ шашып, гүл еге бермейді. Ақша істеу үшін әкімдіктері қитұрқы әрекетке ба­рып, көрінген жерге гүл еге берсе, олар да балшықтың астында қалушы еді. Бірақ олар олай істемейді. Олар әр кварталға бір парк­тен жасап қояды. Халық сол жерге келіп де­малады. Жастар шалқасынан түсіп жатады. Сәйкесінше сол жерге адамдар өздері күтім жасайды. Ал бізде шалқадан түсіп жататын парк жоқ. Былай қарасаң, көгал жетіп артылады. Соны кәдеге жарата білу керек. Жоғарыда айтқан екі қалаға да барып, он-он бес шақырым жаяу жүріп, шарлап шықтым. Астанамен ұқсас тұстары өте көп. Лондондай болу үшін бас қаламыз­дың мәдени-әлеуметтік саясатына өзгеріс­тер енгізуіміз керек. Астанада үш ай жаз. Өкініштісі – отыз күніміз ақтеректің (тополь) мақта-мақтамен арпалыста өтеді. Әлі есімде, 1998-99 жылдары сол мақта терек­тер аяусыз қырқылды. Он жылдай көзіміз ашылды. Астананы айналдыра ең қымбат ағаштар егіп, орман жасадық. Қазір өкініштісі, Елорда орталығына ең арзан тополь-теректерді қайтадан мыңдап егіп жатырмыз. Өз қаламыздың болашағын ойлауымыз керек. Ал ол үшін мұндай эколо­гиялық қатерге жол бермеу өте маңызды.
Астана туралы бірнеше фотоальбом жасадым, қала туралы 22 телефильм түсірдім, 200 радиосериал жасадым. Ол дүниелер шетелдерде де көрсетілді. Бірақ осы еңбегім үшін атақ бер, «Астананың 10 жылдығы», «20 жылдығы» деген сияқты толып жатқан орден, медаль сұраған жоқ­пын, дәметпедім де. Жасалса, оның бәрі қала үшін жасалды. Өзімнің жан қалауымды, рухани қажеттілігімді, мемлекет, елорда алдындағы азаматтық парызымды атқардым ғой деп ойлаймын.


Астана «астана» деген атауды беретін, әлемдегі бірегей басты шаһар. Мұндай аудармаға ие әлемде тағы бір қала бар.  Ол – Сеул. Кәрісше «соуль» сөзін тәржімаласақ, «астана» деген мағынаны береді.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ, Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*