БҰЛ – БІЗДІҢ ҒАСЫР!

962
0
Бөлісу:

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан  әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек».
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдағы қазаққа қандай қасиеттер лайықты болуы керектігін әрдайым айтып келеді. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап құбылып жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өзде­ріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшелік­терін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады».
Осыған дейінгі қазақтың жүріп өткен жолын қарасақ, ғасырдың басы ылғи қасірет пен қайғымен басталған екен. Алысқа ұзамай-ақ ХХ ғасырдың басына көз салсаңыз, сұмдық картиналарға куә боласыз. Жойқын дүмпулер, ақ патшаға қарсы Ұлт-азаттық көтеріліс, революция, күштеп коллек­тивтендіру, 21 мен 32-нің ашар­шылығы, 37-дегі репрессия… Ұлтымызды жойып жіберуге жақындаған екен.
Құдайға шүкір, жаңа ғасырды қазақ үлкен серпінмен бастады. Үнемі қорқыныш пен үрейден еңсесі түскен ұлт тұңғыш рет басын көтерді. Жаңа ғасырға жасампаз­дықпен қадам басты. Соның ең басты көрсеткіші – Астана. Қазақ қазақ болғалы өз астанасын өз қолымен тұрғызды. Қазір тіл ұшына жиі үйіріліп, қайта-қайта айтыла берген соң, көбіміз мән бермейміз. Алайда ХХІ ғасырды қазақ халқы тыныштық пен тұрақтылық жағдайында, үрейлі үркінші­ліксіз, жойқын жортуылсыз, мамыражай қалыпта бастап отыр. Осыдан он сегіз жыл бұрын қазіргі сол жағалауда бір-екі ғимарат­тан басқа түк те жоқ еді. Қазір қандай! Елордасы жайнап, жасанып келе жатыр. Осыған қазақ атаулы түгел үлес қосты. Ең бейқамының өзі тілеулес, тілекші болды.
«Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» дейді Мемлекет басшысы. Дұрыс сөз. Кәсіп игермейінше, тіршілік көзін табу оңай емес. Білімді болмайынша, мыңдармен, миллион­дармен бәсекеге түсу қиын.
Жаңа ғасыр қазаққа зор мүмкіндіктер есігін ашып тұр. Сондай мүмкіндікті пайда­ланбау – барымызға да, арымызға да, бағы­мызға да сын! Сондықтан күнделікті күй­беңмен тепеңдеп жүре бермей, бір мезет селт етіп ояну, сілкіну, сосын жоғары серпін­мен нақты бағытқа қарай қимылдау қажет.
Жер жаһандағы қалың дүбірдің жел жағынан бір лек келеді. Бұл – қазақтың легі. Желкілдеп келе жатқан сол лектің түңлігі желпілдейтін күндерге тезірек куә болуды қалаймыз!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*