Аймақтардың тартуы

1139
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында елорданың 20 жылдығына орай, бас қалада облыстар іске қосқан бірнеше нысанмен танысты. Қазақстан Президенті Қызылорда облысы салған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясын аралап көрді.

Мемлекет басшысы экспозиция аумағында Қызылорда облысының жұртшылық өкілдері­мен әңгімелесті. Елбасыға ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің мүмкіндіктері паш етілді. Өз кезегінде Президент ғылым мен жаңа технологияларды дамыту ісіндегі ғарыш өнеркәсібінің маңыздылығын атап өтті.
– Тапсырмам бойынша француз тарапымен бірлесіп, жасанды жер серігін құрастыратын зауытты іске қостық. Жуырда отандық жер серіктерімізді құрастыруға кірісеміз. Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар. 2022 жылға қарай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ғарыш өнеркәсібіміз жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп, Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналатын болады, – деді Н.Назарбаев.
Музей «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан. Ол 1,4 гектар жерді алып жатыр. Астананың 20 жылдығына сыйға тартылған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясында «Союз» (47 метр), «Протон» (55 метр), «Зенит» (50 метр) зымыран тасығыштарының макеттері қойылған. Жақын арада мұнда орбитааралық «Буран» кемесінің үлгісі пайда болады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Астана­ның мерейтойына Қарағанды облысы сыйлаған «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне барды. Триумфалды арка мен Түркістан көшесі аралығындағы 1,2 гектарлық алаңды алып жатқан аллея аспан астындағы музей іспетті. Онда Ұлытаудың көрікті жерлерін көруге болады.
14 метрлік «Қазақ еліне мың алғыс» мону­ментінің басты элементі ретінде үш бала­ны бауырына қысып тұрған жас қазақ қызының мүсіні – «Отан Ана» қоладан сомдалған. Ком­по­зиция авторы Самат Рустамбековтың айтуын­ша, Ана репрессия жылдары түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, бір нанды бөліскен Қазақстанды бейнелейді. Үш бала­ның бірі – кавказдық, екіншісі – корей ұлты­ның ұлын, үшіншісі еуропалық қызды білдіреді.
Жаңа аллеяны аралап көргеннен кейін, Қазақ­стан Президенті «Қазақ еліне мың ал­ғыс» монументі алдына жиналған Қара­ған­ды өңірінің этномәдени бірлестіктерінің өкіл­дерімен әңгімелесті. Н.Назарбаев біздің ел тарихындағы қилы кезеңдердің халық жа­дын­­да сақталуының маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін елордада көріп отырған жетіс­тік­те­ріміздің бәріне 20 жылдың ішінде қол жеткіздік. Астананы салуға бүкіл Қазақстан атсалысты, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан біз бұл мерейтойды барлық облыс­­тардың қатысуымен, кеңінен тойлап жатыр­мыз. Еліміздегі азаматтардың бәрі өздерін жайлы сезініп, жақсы өмір сүргенін қалаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы елімізді одан ары ілгерілету ісінде халқымыздың бірлігі айрық­ша маңызды екенін айтты.
– Біз бірлігімізді сақтап, бір-бірімізге құр­мет көрсетуіміз керек. Барша жұрттың Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп, өсіп-өркен­дегенін қалаймын. Ең бастысы – тату қарым-қатынасты сақтай білу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл күні ел Президенті Астана қаласының сол жағалауында орналасқан Ботаникалық баққа да барды. Мұнда Елбасы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдерімен әңгіме­л­есіп, бас қаланы және бүкіл Қазақ­стан­ды көгалдандыру үшін жүргізілген жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Н.Назарбаев Ботаникалық бақтың орта­сында орналасқан оранжереяны аралап көріп, оны отандық және халықаралық ма­ман­­­дандырылған институттардың ғылыми әлеуе­тін пайдалана отырып, ары қарай дамы­ту қажеттігін айтты.
Таныстырылым рәсімі кезінде Мемлекет басшысы елорданың көшірілу тарихы мен жаңа астананы салудың негізгі кезеңдеріне тоқталды.
– Астана төңірегінде орман өспейді деп үнемі айтылатын. Бірақ бүгінде елордадағы 83 мың гектар жерге отырғызылған ағаш­тар­дың биіктігі 20-25 метрге дейін жетті. Жыл сайын орман алқабының аумағы бес мың гектарға ұлғайып келеді. Осы орманды «Шор­тан­ды-Бурабай шипажай аймағымен» қосқы­мыз келеді, – деді Президент.
Сондай-ақ Елбасыға Ботаникалық бақ­тың сәнін келтірген, тайқазан түріндегі жарық шашқан музыкалы субұрқақ көрсетілді. Оны «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы салды. Бір ерекшелігі сол, субұрқақтың су қоймасы жер астына жасырылған, демалушыларға көрінбейді. Фонтанның сыртқы шеңберінің диаметрі 73 метрді құрайды. Композицияның ортасында Шымкент қаласында дайындалған Тайқазан орналасқан. Тайқазан бұрқ-сарқ қайнап, одан су төгіліп жатқандай көрініс береді. Оның биіктігі – 6,5, ал диаметрі – 7,9 метр.
Ботаникалық бақ аумағында 11 шақырым­дық велосипед жолы, 10,5 шақырымдық жүгіруге арналған жолақ, спорттық жабдықтар бар. Жасанды көл арқылы жаяу жүргіншілер көпірі өтеді. Желілік парк те баққа жақын орналасқан. Көгалдандыру аумағының жалпы көлемі 613 мың шаршы метрден асады. Мұнда Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдері­нен әкелінген алуан түрлі бұталы өсімдіктер мен ағаштар отырғызылыпты.
Мемлекет басшысы сол жағалауда жаңа­дан ашылған 240 орындық Almaty balabaqshasy балабақшасына арнайы соқты. Бұл білім мекемесінде балалар шығармашылығын дамытып, олардың демалысын ұйымдастыру үшін музыка залы мен ойын алаңдары бар.
Almaty balabaqshasy 12 топтан тұрады. Әрбір топтың Алматы қаласымен байланысты тақырыптық атаулары бар. Мысалға, ғима­рат­тың бірінші қабатында Қазақстанның мақ­танышы – «Алатау», «Медеу» биік таулы мұз айдыны, «Шымбұлақ» заманауи тау-шаңғы шипажайы, атақты «Алма Арасан», туристерді тартушы «Тау самалы», аты аңызға айналған «Үшқоңыр», баршаға танымал «Алма­лы», тарихи орталық – «Жетісу», Алма­ты
символы – «Апорт», өзінің ұлылығымен сүй­сін­­дірген «Алтын адам» тақырыптық топ­тары орналастырылды. Балабақша интерье­рі­нің дизайны Алматының белгілі көшелері­мен және даңғылдарымен танысуға, сондай-ақ қала тарихы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Осының алдында жексенбі, 1 шілде күні де Елбасы бірқатар жаңа нысандарды аралады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Астанада жаңа «Жетісу» бағының ашылуына қатысты. Бұрын бұл елордалық парк «Арай» аталған. Бас қаланың 20 жылдығына орай, Алматы облысы оны қайта жөндеуден өткізіп, жаңаша құрып шықты да, енді оған «Жетісу» атауы беріліп отыр. «Керуен», «Апорт», «Қор­жын­нан төгілген алмалар», «Шарын шат­қалы», Wі-Fі ағашы – осының бәрін «Жетісу» саябағынан табылады.
Нұрсұлтан Назарбаевқа өңір әкімі А.Бата­лов саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының бәрі көрініс тапқанын айтты. Оның кіреберісінде Жетісуді бейнелейтін 7 арка, субұрқақтары бар басты аллея орын тепкен. Сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арнал­ған «Тәңірі» алаңы, аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.
Ашылу рәсімі аясында Қазақстан Прези­денті мен көрермендер үшін сахнада Алматы облы­сының танымал артистері және этномә­де­ни орталықтарының өкілдері өнер көрсетті. Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Елбасы Алматы облысы Астананың мерей­тойы­на керемет саябақ тарту еткенін және оның елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.
– Бүгінде мерейтойлық шараларға барлық облыс­тар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені Астана – бүкіл Қазақстанның жетіс­тігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал бізсалдық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сөз соңында облыс басшылығы мен құрылысшыларға ризашы­лық білдірді және шараға қатысушылардың бәрін алдағы елорда күнімен құттықтап, бақ-береке тіледі.
«Жетісу» саябағы Арай мен Сарайшық көшелерінің қиылысында орналасқан. Ол ландшафтық серуен мен демалу, кіреберіс және орталық аллея, ойын, көлік қою және тамақ­тану аймақтарынан тұрады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға ойын аймақтары қарасты­рылған.
Демалу аймағында субұрқақтары бар бас ал­лея, Алматы облысының символы – Апорт ала­ңы, тауға ұқсас құздар орналастырылған. Мұнда Шарын шатқалының көшірмесі қо­йыл­­ған. Жартастың жанына сахна мен ашық аспан астындағы амфитеатр бой көтер­ді.
Халықтың спорттық белсенділігін арт­ты­ру мақсатында жобада түрлі алаңдар қарас­тырылған. Атап айтқанда, үстел ойындарына арналған жабдықтар, роллердром, қыста да, жазда сырғанақ алаңдары ретінде пайдаланылатын жоталар бар. Саябақты ұзындығы 1200 метр болатын веложол қоршайды. Қыста оны шаңғы жолы ретінде пайдалануға болады.
«Тәңірі» алаңының ортасында Wі-Fі ағашы орнатылған. Металдан құрастырылған күн панельдерінде жарықдиодты шамдары, батарея­лары мен аккумуляторлары бар компо­зи­ция сымсыз интернет желісіне қосы­луға, электронды гаджеттерді қуанттан­ды­руға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Алматы ауданында орналасқан «Жерұйық» саябағын аралап көрді. Онда Елбасыға 19 жыл бұрын өзі отырғызған алғашқы ағаш көрсетілді.
Астананың 20 жылдық мерейтойына Маңғыстау облысы елімізді мекен еткен барша этнос өкілдері бас қосатын шаңырақ сыйлады. Елбасы «Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында Маңғыстау өңірі қайта жөндеуден өткізген елордалық «Достық үйін» аралап көрді. Президент осында елорданың этномәдени орталықтарының өкілдерімен және Маңғыстау облысының көрнекті қоғам қайраткерлерімен әңгімелесті.
– Еліміздің барлық өңірінде «Достық үйлері» бар. Онда облыстардың этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Енді бас қаланың да төл «Достық үйі» болады. Сіздерді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын, – деді жиналған жұртшылыққа қайырылған Нұрсұлтан Назарбаев.
Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов Мемлекет басшысына «Достық үйінің» эскиз­дік жобасын таныстырды. Достық пен ынты­мақ­тастықтың символы саналатын «Достық үйі» «Бауыржан Момышұлы, 24» мекен­жайында орналасқан және 3 қабаттан тұрады. Бұл көркем сипатты нысанда кітапхана, музей, халықтық қолданбалы өнер шеберханалары, конференц-зал, тілдерді оқыту орталығына арналған орындар, хореографиялық зал, вокал студиясы, асхана қарастырылған.
Бірінші қабатында көрме залы, концерт залы және «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі мен Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымдарына арналған каби­нет­тер бар. Этномәдени бірлестіктерге арналған кеңселік орынжайлар музеймен бірге екінші қабатта орын тепкен. Ғимараттың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді алып жатыр. Оның айналасы абаттандырылған.
Бұл күні ел Президенті оң жағалаудағы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді аралап, оның техникалық-пайдаланушылық сипатта­ма­ларымен танысты. Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев Нұрсұлтан Назарбаевқа көпір­дің саябақ аймағындағы жаяу жүргін­ші­лер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайтынын баяндады. «Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады» деді облыс әкімі.
Көпірдің дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Оның сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді. Нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна.
Қазақстан Президенті жаңа көпір Атырау облысының лайықты тартуы екенін және оның елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететінін атап өтті.
Сонымен қатар Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын велосипед көлігінің инфрақұрылым нысандарын таныс­тыр­ды. Велосипед жолы Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және ЕХРО – 2017 кеше­нінің нысандары арқылы өтеді. Ол қала­лық саябақтағы шаңғы және роликке арнал­ған жолдар мен Ильинка кентінен «жа­сыл бел­деу» арқылы жүретін велосипед жолақ­та­рын байланыстырады. Велотректер арнайы үстел­дері және велосипед қоятын орындары бар, Wi-Fi және телефонды қуаттандыру мүм­кін­дігі қарастырылған «ақылды инфрақұрылым­мен» жабдықталған.
– Астаналықтар бұл нысандарды дайын­дауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Шара соңында ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасында Атырау облысы фи­лар­мониясының өнер ұжымы ұйымдас­тыр­ған «Ұлы дала жүрегі – Астанама» атты театр­лан­ды­рылған концерттік бағдарлама көрсетілді.
Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арнал­ған көпірді және велосипед инфра­құры­лы­мын «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы ая­сында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақ­стан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жам­­был облыстарының әкімдіктері тұрғыз­ды.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*