ҚАЗАҚТАНУ ҚАДАМЫ

877
0
Бөлісу:

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өтті. Елбасы осы салтанат үстінде  «Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл болмыс-бітімі деп айтуға болады. Ол Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр» деді. 
13 маусым күні Елбасының Жар­лығымен шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілген еді. Осыған орай, бүкіл Қазақстан көле­мінде Ұлттық домбыра күні аталып өтті. Түркістан облысының орталығында Қ.Ясауи кесенесінің алдында «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде 1000 дом­бы­рашы Құр­манғазының «Сарыарқа», «Балбы­рауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін орындады. Облыс бойынша барлық аудан, қалаларда бір мезгілде домбырашылардың флешмобы ұйымдас­тырылыпты. Бір ғана облыста жалпы саны 3 мыңнан астам домбырашы ұлттық өнерді дәріптеді. Ақмола облы­сындағы Біржан сал ау­данында «Домбыра» деп аталатын кіші композиция орнатылды. 29 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауда­нында Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай биіктігі 7 метрлік, ені 3 метрлік ескерт­кіш ашылыпты.
Мыңдаған домбырашының бір мезетте бір күйді тартуы – жақсы үрдіс. Осыдан біраз жыл бұрын Үрімжіде «Кеңес» күйін бірден 13 мың адам тартты. Бұл оқиға «Гин­нес рекорды» кітабына енді. Қазақстанда 500 домбырашы «Сарыарқа» күйін орын­дады. Марқұм Қаршыға Ахмедияров қазақ­тың күйін асқақтатуға ерекше үлес қосып еді.
Кезінде «бір совет халқы боламыз деген» солақай саясаттың салдарынан домбыра мен қазақтың өзге де ұлттық аспаптары жоғала жаздады. Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков­тердің жанкештілігінің арқа­сында ғана аман қалды. Қазақтың арманы да, мұң-зары да осы домбыраның қос ішегінен тараған. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі қазір кез келгеннің тіл ұшына оралатын тіркеске айналды.
«Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, оның жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізе білген сенімді серігі. Ұрпақтан ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, Ұлы даланың сазды сарынын жырлаған да домбыра. Бүгін қасиетті домбыраны қолына алып, осы мерекені атап өту үшін үлкен-кіші қалаларда халық алаңға күймен шықты. Елордамыз Астанада Елбасымыздың қатысуымен екі мыңнан астам домбырашы бір уақытта күй шертті. Мерекенің тұсаукесер рәсімі осылай өтті. Жылдар өте бүкіл қазақ халқы осы мерекеге бәрі домбыра ұстап, шаттық күйін шертеді деп кәміл сенемін. Киелі домбырамыз күмбірлеп, үні мәңгі асқақтай берсін!» деді домбыра­шылардың алдыңғы сапында өнер көресткен Мәдениет министрі.
«Ұлттық домбыра күні» дүние есігін ашқан сәбилерге домбыра сыйлау дәстүрі пайда болды. Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы осы әдемі үрдісті іліп әкетті.
Ендігі кезекте Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Абдулхамит Райымбергенов секілді шеберлердің мектеп-студиялары аясын кеңейтсе, еліміздегі консерваториялар мен музыкалық колледждерде ұлттық дәс­түрге, орындаушылық мәнерге, домбыра ерекшелігіне көңіл бөліп, оқу бағдар­лама­сына енгізілсе, әйбат-ақ болар еді!
Дабырадан домбыраға бет бұрдық.
Бұл – қазақтану қадамының басы.

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*