ПРЕЗИДЕНТ ГОЛОВКИНМЕН КЕЗДЕСТІ

884
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы WBC, WBA (Super), IBO тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасындағы бокстан Әлем чемпионы Геннадий Головкинмен кездесті.

Елбасы кездесу барысында бокс­тан Әлем чемпионы Генна­дий Головкинге ілти­пат білдіріп, қазақстандықтар оның кәсіби спорттағы жарқын жетістіктерін мақтан тұтатынын айтты.
– Отандастарымыз сенің жекпе-жек­теріңді жіті бақылап оты­рады. Сен Қазақ­станды лайық­ты түрде танытып, өз ота­ныңды ешқашан ұмытпай, жүр­ген жерде айтып жүресің. Біз сені мақтан тұтамыз. Қыркүйек айында сені өте маңызды жекпе-жек күтіп тұр. Барша қазақ­стан­дықтардың атынан саған жеңіс тілеймін, – деді Қазақстан Пре­зиденті.
Нұрсұлтан Назарбаев Генна­дий Голов­киннің Қазақстан спор­тын танытудағы және еліміздің халықаралық имиджін арттыру­дағы зор рөлін атап өтті.
– Сен өз салмағыңда ешкімге дес бер­медің, бірде-бір жеңілісі жоқ саған ең үздік нокаутер бокс­­­­шы деген атақ берілді. Бұл – зор жетістік әрі біздің спортымыз бен бүкіл Қазақстанды насихат­таудың жарқын мысалы. Біз сенің ерік-жігеріңді жоғары бағалай­мыз. Егер Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік болса, біз оған жағдай жасап, қол ұшын береміз, – деді Мемлекет бас­шысы.
Г.Головкин жеке қолдау көр­сеткені үшін және Қазақстанның спортын, соның ішінде бокс мек­тебін дамытуға зор көңіл бөлгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
– Елімізді халықара­лық аренада одан ары таныту үшін бар күш-жігерімді жұм­саймын. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса, Қазақстанда жекпе-жек өт­кізу жоспа­рымызда бар. Халқымыз осындай қызықты бокс бәсекесін тамашалауға әбден лайық деп есептеймін. Маңызы зор осын­дай жекпе-жекті барша жұрт көргісі келеді де­ген ойда­мын, – деді Г.Головкин.
Сонымен қатар ол Қазақстан Пре­зидентіне WBC, WBA (Super), IBO және IBF тұжырымдары бойынша кәсіп­қойлар арасында бокстан алған чемпиондық бел­діктерін сыйға тартты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Г.Головкинді «Қазақ­стан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапат­тады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*