ТРЕНДТЕГІ ТАҚЫРЫП ҚАНДАЙ?

1322
0
Бөлісу:

Бұқаралық ақпарат құралдарын бәсекеге қабілетті қыламыз десек, салалық журналистиканы дамыту керектігі жөнінде талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе, журналистиканың қоғамдық-саяси бағытын әлі де баптай түсуіміз қажет дегенді алға тартады сарапшылар. Ол үшін саяси журналистік зерттеулер, анали­тикалық сапалы сарап­тамалар оқырман на­зарына ұсынылуы тиіс.

Алайда бұған кедергі көп. Кезінде қоғамдық мәселелерді көтеріп, формат рұқсат еткен мөлшерге дейін елдің сөзін сөйлеуге ұмтылатын Дархан Әбдіктің «Бас тақырып» деген хабары жабылды. Сол кездері «Қазақстан» телеарнасында «Көкпар» да тоқтаған болатын. Сонда журналистер «Соңғы бес жыл көлемінде халықтың үні мен даусын жеткізуге тырысатын бағдарламалардың тісінің кетіліп, қисапсыз жабыла бастады. Оның орнына қос тілді эстрада жұлдыздарын насихаттау, КВН мен күлкі театрларының «бір күлерлік» дүниесін жарнамалау, кәсіби актерлердің «асабалық» жобаларын бұлғақтату – бүгінгі қазақ телевизиялық кеңістігінің басты ұстанымына айналды. Төртінші билік атанатын журналистика кейінге ысырылып, бұқаралық мәдениеттің жаршылары телесериалдармен қолтықтасып, эфирге жантайып жатып алды» деп ренжіген еді. Одан бері тағы бес жылдай уақыт өтті. Телевизия кеңістігінің таным-түсінігі, мән-мағынасы, мазмұны әлі де сол қалпында. Ал ресми баспасөздің саяси журналистиканы сараптауға мүлдем қауқары жетпейтін болды деген пікір де жоқ емес. Сонымен, саяси журналистиканың дамуына тежеуіш болып тұрған не? Журналистердің кәсіби деңгейінің әлсіздігі ме, әлде?..
Осы салаға қалам тербеп жүрген журналистерден сұрап көрдік.

Дархан ӘБДІК, журналист:
– Біздегі саяси журналистиканың деңгейі төмен. Тіпті журналистика­ның қазақтілді, мейлі орыс тіліндегі бұл бағытын бар деп айтуға келмейді. Өйткені саяси журналистика – саясатқа, саяси тұлғаларға берілетін тәуелсіз баға, сараптау, талдау жұмыстары. Мұндай журналистік жұмыстардың қатары азайды бүгінде. Бірақ бұл құбылысқа тек журналистер кінәлі емес.
Бүгінде онлайн алаңда бейтарап пікірлердің айтылуына мүмкіндік бар. Ал тәуелсіз ой-пікір – журналистиканың негізі. Әлеуметтік желідегі блогердің бейтарап, еркін пікір айтуына өз ішкі цензурасы болмаса, еркіндігі бар. Дей тұрғанмен, бұл алаңдағы сараптамалардың өзі еліміздің хал-ахуалына толықтай ықпал етуде деп айта алмаймыз. Бірақ бастамасы бар, ал оның даму мүмкіндіктері әлі алда.
Екінші себеп – қоғамдық енжарлық. Біздің қазақтілді қоғамда өркениеттің құндылықтарын талқылау мәселесі әлі де дұрыс қолға алынбай жатыр. Көбіне, әркім өзінің «мен қазақпынға» саятын руын, тегін, шыққан жерін талқылау төңірегінен аса алмай отыр. Ал азаматтық қоғамда белсенділік болуы тиіс. Сол қоғамның өкілдері өзінің тұрмыс-тіршілігіне немқұрайлы қарамай, соған жаны ауруы керек. Бұл орайда бізде азаматтық енжарлық басым. Ол біздің эволюциялық дамуымызда әлі азаматтық қоғам деңгейіне жетпегенімізді білдіреді, феодалдық санадан шыға алмағанымыздың көрінісі. Феодалдық сана дегеніміз – руды, ұлтты, дәстүрлерді әділдік принциптерінен жоғары қою. Қоғамдағы болып жатқан әділетсіздік, азаматтық қыспақтан гөрі бізге руымыздың абыройы, ата-тегіміз, жеті атамыз қымбат.


Қасым АМАНЖОЛ, журналист:
– Саяси журналистика бізде дамымаған. Себебі, еліміздің саяси журналистері арасында бәсеке жоқ. ВВС, Euronews, әл Жазира сынды тәуелсіз, халықаралық, әлемдік алпауыттардың өкілдігі де жоқтың қасы. Бәсеке болмағаннан кейін елімізде саяси журналистика, оның ішінде саясаттағы тартысты мәселелерді бейтарап түрде, жан-жақты бере алатын БАҚ дамымаған. Жекелеген сайттар мен блогерлік деңгейде саясат тақырыбын жазып жүрген журналистер аздап бар. Дегенмен, ақпарат құралы тәуелсіз, бейтарап, өзара бәсекеде жұмыс атқаруы керек. Осы бәсекелестік болмағандықтан, жекелеген тұлғалар да, журналистер де өзін-өзі дамыта алмай жүр. Қазақтілді, яки орыстілді журналистика деп бөлмей-ақ, жалпы еліміздегі саяси журналистиканың жағдайы осы. Оның үстіне, кейінгі уақытта саяси журналистикада қазақтілді сегмент дамып, саясат тақырыбын қазақ тілінде жазатын журналистер қатары көбейіп келеді. Кез келген дамыған елдің шынайы саяси бәсекесі бар, демократиялық құндылықтары іс жүзінде бағаланатын елдің журналистикасын үлгі етуге болады. Журналистика – қоғамдық мамандық, сол себепті ол қоғаммен бірге дамиды.


Артур НЫҒМЕТОВ, журналист:
– Қазақстанда саяси журналистиканың деңгейі өте төмен деп есептеймін. Себебі, саяси журналистика дегеніміз – талдау. Ал қазіргі кезде ақпарат кеңістігінде саяси сараптама материалдар өте сирек кездеседі. Кездесіп жатқандарының деңгейі өте төмен. Осыдан 10-15 жыл бұрын тәуелсіз басылымдарда елдегі саяси процестерге қатысты керемет материалдар шығып жататын еді. Саяси тақырыпта жазатын журналистер де көп еді. Қазір не өзгерді? Меніңше, тренд өзгерді. Жақсы сарапшы-журналистер ешқайда жоғалған жоқ, олар блогингқа бойлап, саяси публицистика саласына ауысты. Қазіргі кезде кейбір БАҚ беттеріне әлеуметтік желіде жазылған саяси сараптамалар басылып шығуда. Әлеуметтік желі, блогосфера саласына кетудің бір себебі – ол соңғы кезде кей басылымдарда күннен күнге «дамып» келе жатқан цензура болар. Сол себептен саяси журналистиканың деңгейі төмендеп, кейбір басылымдарда мүлдем жоғалды деуге болады.
Блогингқа ауысқан сарапшы-журналистердің саяси шешім қабылдау процесіне, әрине ықпалы жоқ деуге болады. Бірақ кейбір желілік трендсеттермен билік өкілдері санасуға мәжбүр. Себебі, олардың қоғамдық пікір қалыптастырудағы мүмкіндігі зор.


Ерболат МҰХАМЕДЖАНОВ, экономикалық сарапшы:
– Елімізде тек саяси журналистика емес, бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар саласы әлі де дамуы, бәсекеге қабілетті болуы қажет. Өйткені салалық журналистикаға маманданбайынша, салалардың дамуы қиын. Біздегі
БАҚ-тың әр саласы өзінің нысанасына алған сектордың жілігін шағып, майын ішкендей зерттеп, талдап, саралай алуы тиіс. СNN-нің бір бағдарламасынан шетелдік екі журналистің өзара сұхбаттасуына куә болдым. Әңгіме экономика және бизнес тақырыбында өрбіді. Әлгі екеудің диалогына ден қойсаң, құдды бір экономист сарапшылар сөйлеп жатқандай. Сұхбат беруші журналист экономика саласын зерттеп алғаны соншалық, қазіргі нарық үшін аса маңызды ұсыныстар айтып отыр. Міне, шет мемлекеттердегі салалық журналистиканың деңгейі – осы.
Ал біздегі жағдай қандай? БАҚ өкілдерінің таным-түсінігінде түсініксіз шектеулер бар. Оған ешкім «қой, жазба» демесе де, өз-өзімен зерттеу тақырыптарын талдаудан таяды да тұрады. Бүгінгі журналистика тек ақпарат берумен шектеліп отыр. Жаңалықтың жаршысы болғанымыз дұрыс-ақ, бірақ хабарлау жанрынан аса алмай отырғанымыз қате. Бұлай болуының себебі, жас журналистикада ізденіс жоқ. Мәселен, бүгінгі брифингтерге қатысатын журналистердің қоятын сауалы көбіне сын көтермей жатады. Баспасөз баяны күні бұрын таратылып берілсе де, БАҚ өкілдері ол тақырып бойынша алдын-ала дайындалмайды. Ал дайындық аз болған соң, сауалың сауатсыз шығады, мұндай болған соң мысың басылатыны айтпаса да түсінікті. Баспасөз баянындағы біржақты ақпаратқа негіздей саламыз, сыни ойлау әлсіреді.
Саяси, яки экономикалық журналистика фактіге негізделуі керек. Бүгінгі журналистиканың көтеріп жүрген тақырыбы тұрмыстық деңгейден аса алмай жүр. Мәселен, бір ауылдың тұрғыны тұтынатын ауызсу лай болса, біздегі БАҚ-тың басым бөлігі шу етіп сонда барады, сосын жауды төндіріп тұрып таратады. Мәселенің мәнін, түп себебін түсінуге, соны зерттеуге тырыспайды. Тыңғылықты журналистік зерттеу арқылы ауыл тұрғынының ғана емес, барлық саланың жүйелік проблемасын шешуге болады. Бұл шетелдегі журналистикадағы қалыптасқан үдеріс. Ол жақтың журналистері салалық және кәсіби тұрғыда үнемі ізденіп, білімі мен біліктілігін жетілдіріп отырады. Бізге де сол қажет-ақ.

Айдана Нұрмұхан

Бөлісу:

Пікір жазу


*