«Қазақстан» павильоны ашылды

598
0
Бөлісу:

Қазақстан және Ресей Премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары Асқар Мамин мен Антон Силуанов Астананың 20 жылдығына арналған ХШЖК-нің «Қазақстан» тарихи павильонының ресми ашылуына қатысты. Салтанатты шарада Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов те болды. 

А.Мамин мерекеге қатысушылар мен қонақтарды Қазақстан Үкіме­ті­нің атынан құттықтап, «жаңа елор­да құрылысын салу – көпұлтты халқы­мыз­дың триумфальдық жарқын жеңісі» деп атап өтті.
«Осыдан 20 жыл бұрын Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордасын Алматыдан мемлекетіміздің географиялық орталығы, соңынан Астана атанған қалаға көшіру туралы стратегиялық шешім қабылдады» деді А.Мамин.
Осы жылдары елорданы дамы­туға 50 млрд доллар көлемінде инвес­тиция тартылды. Оның 80 пайызы жеке инвесторлардан түсті. Астана шағын және орта бизнестің символына айналды. Қала экономикасының елу пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Жиырма жылда Астана тұрғындары 1 миллион 200 мыңға жетіп, ірі мегаполиске айналды. Тұрғын-үй құры­лысы ірі қарқынмен жүргізіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылды.
«Мәскеуде бауырлас мемлекеттің төрінде Астана қаласының 20 жылдығы аясындағы көрменің ашылуы – сыйластықтың нышаны. Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Екі ел арасындағы эко­но­ми­калық қарым-қатынас сер­пінді дамуда және еуразиялық кеңіс­тіктегі ықпалдастық үдерісі күн­нен күнге нығая түсуде. Бұл қатынас екі мемлекет арасындағы қатынастың қалай дамуы керектігін көрсететін ХХІ ғасыр үлгісі» деп атады.
Бұдан кейін, А.Мамин, А.Силуа­нов, И.Тасмағамбетов ХШЖК-інің «Қазақ­стан» павильонын тама­ша­лады.
«Қазақстан» павильоны жаңа өмірге қадам басты. ХШЖК-ға келушілер жиілеп, жар­қын оқиға­лар­дың куәсі болады. Қазақ­станның павильо­ны мем­лекетіміздің жаңа эконо­микалық әлеуеті мен бай мәде­ни мұрасының тұсаукесер рәсім­дері өтетін алаң болады. 2018 жыл аяғында ХШЖК-дағы «Қазақ­стан» павильоны толығымен жаңғыртылып, ғимаратқа ұлттық мазмұн беретін тарихи бөлім бастап­қы қалпына келтіріледі.
Мәскеуде Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында Аста­на қаласының сәулеті мен қала құры­­лысы саясатына арналған кон­ферен­ция өткізіліп, оған Қазақ­стан мен Ресейдің сәулетшілері қаты­сады.
Мұның алдында Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Солтүс­тік Қазақстан облысын дамы­ту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өткізілді. Ол Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Солтүс­тік Қазақстан облысын одан ары дамы­ту жөніндегі тапсырмасын орын­даудың маңыздылығына тоқ­­тал­ды. Соған орай, облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесін жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдау үшін, мем­лекеттік органдардың қаты­суы­мен жұмыс тобы құрылды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуын­ша, облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған Кешенді жоспары түзілген. Жоспар жобасы инфрақұрылымдық 12 бағытты қамтиды. Оның ішінде әлеуметтік нысандар құрылысы, көлік және инженерлік коммуникацияларды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің өңдеу қуатын көтеру, қорғаныс кешені кәсіпорындарын жаңғырту көзделеді.
Жалпы алғанда 64 шараны жүзеге асыру қарастырылған. Ол арқылы шамамен 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары 300 млрд теңгеден астам инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қамтиды.
Жұмыс тобының отырысы бары­сында атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жөнінде Ұлттық эко­номика вице-министрі А.Жұмағұлов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі минист­рі Б.Атамқұлов және басқа да мем­ле­кеттік органдардың басшы­лары баяндады.
«Солтүстік Қазақстан облысын 2018-2021 жылдарға арналған Кешен­­ді дамыту жоспарын жасау – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы. Осы құжатты жүзе­ге асыру СҚО әлеуметтік-эко­но­микалық дамытуға зор серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапа­сын көтереді» деп атап өтті А. Мамин.
Жұмыс тобының отырысын қорытындылай келіп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ұлттық экономика министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірлесе отырып, талқылау нәтижесі бойынша айтылған пікірлерді ескеріп, 2018-2021 жыл­дарға арналған кешенді жоспардың жобасын ары қарай толықтырып, белгіленген тәртіппен Үкімет отырысына шығаруды тапсырды.
Петропавл қаласында А.Мамин облыс орталығындағы халықаралық әуежай мен ұшу алаңын жаңғырту жұмыстарымен, Оқушылар сарайы және «Петропавл – Челябинскіге шығу» М – 51 автокөлік жолын жаң­ғырту жұмысы барысымен танысты. Сондай-ақ «Қазтехмаш» ЖШС кәсіпорнында неміс концер­ні CLAAS негізінде жақында ашы­луы жоспарланып отырған ауыл шаруа­ш­ы­лығы техникаларын құрас­ты­ру зауытына бас сұқты.

Ақтамберді САДЫҚАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*