Кәсіби маманның сыйлығы

1912
0
Бөлісу:

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлікті өркендету басым бағыттардың біріне айналып, бүгінде осы салада бағын сынап жүргендер толағай табысқа кенеле бастады. Әсіресе, «2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында көп шаруа қолға алынған. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Бизнес кеңесші» секілді бағдарламалар бүгінде бизнесті дамытуды қолға алғандар үшін нағыз көмекші әрі демеуші құралға айналды. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көптеген жобалары мен қолдауының арқасында жергілікті жерлерде тың бастамаларды қолға алған іскер азаматтар ел сүйсінер тірілікті қолға алды. Олардың қатарында табыстың кілтін кәсіпкерліктен тапқан оралдық Светлана Амангелдина да бар.

Светлана Шайдоллақызы Елбасының тапсырмаларына сай тамаша тірліктерді қолға алған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалына дән риза. Өйткені ол жерде барлық жастағы азаматтарға тиісті көмек те, қаражат та беріледі.
Адамды кейде баршылық сынайды, кейде таршылық сынайды. Мектепке дейінгі білім беру саласында ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған Светлана Шайдоллақызы Ақтөбеден Оралға қоныс аударатын кезде «Немен айналысамын?» деген үлкен таңдаудың алдында тұрды. Әрі ойланып, бері ойланып, өзі бес саусағындай білетін саладан алыстап кете алмайтынын түсінеді. Сол тұста «Неге жеке балабақша ашпасқа?» деген ой келеді. Оның бұл шешімін отағасы да құптап, жан-жақты қолдау көрсетеді. Қолдағы бар қаражаттың басын құрап, қаланың орталығынан қосқабатты коттеджді жалға алып, жанына білікті мамандарды топтастыра бастайды.
– Балабақша ашпас бұрын жағдайды толық зерттедім. «Кәсібім сұранысқа ие бола ма? Кезекте қанша бала тұр? Тәрбиеленушілерге қандай мүмкіндік бере аламын? Осындай сан сауалға жауап іздедім. Мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастырдым. Сөйтіп, нартәуекелге бел буып, 2016 жылдың шілде айында 120 орындық алғашқы жеке бөбекжайымды аштым, – дейді кәсіпкер.
Сол жылдары облыс орталы­ғын­да 3-6 жас аралығындағы бүлдір­шін­дерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі әлі өзектілігін жоймай тұрған еді. Келушілер саны күннен-күнге артып, сұраныс көбейеді. Кәсіптің тамырын дөп басқанын түсінген Светлана енді оны кеңейтуге мықтап кіріседі. Қаланың өзге ауданынан бұрынғы ескі балабақша ғимаратын жалға алып, оны 150 балаға арналған заманауи бөбекжайға айналдырады.
Бүгінде «Нұр» және «Дельфин» жеке бөбекжайларында барлығы 270 балдырған мектепке дейінгі тәлім-тәрбиемен қатар, білім әлеміне алғаш­қы қадамдарын жасауда. Тұрақты жұмыспен қамтылған 31 адамның тең жартысы – жергілікті оқу орындарын бітірген жас мамандар. Қазақ және орыс тіліндегі топтарда белгіленген мемлекеттік стандартқа сай мектепке дейінгі білім беру жүзеге асады. Балаларды өнерге баулып, қарым-қабілетін ұштайтын түрлі үйірмелердің жұмысы жүйелі жолға қойылған. Ал тілінде мүкістігі бар өрендермен арнайы логопед маман айналысады.
– Бөбекжай ақысы – айына 12-13 мың теңге. Ата-ана баласының тамақтануы үшін ғана төлейді. Ал қалған шығынды Үкіметтен бөлінген субсидия есебінен жабамыз. Ай сайын әр балаға 19 мың теңге бөліне­ді. Бұл қаражат ең алдымен қыз­мет­керлердің жалақысына және бала­бақша ғимаратын жалдау ақысына, салықтар мен коммуналдық төлем­дерге бағытталады, – дейді Asemdik ЖШС директоры Светлана Амангелдина.
Мектепке дейінгі білім беру саласында 37 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог-психолог қарамағындағы қызметкерлердің алаңсыз еңбек етуі үшін барлық жағдайды жасаған. Өз перзентін өзгеге баққызған ананың көңілі алаңдаулы болатыны түсінікті. Сол себепті, мұнда қызметкерлердің балалары үшін 100% жеңілдік қарастырылған. Оған қоса өздері балалар үйінде тәрбиеленген жас отбасылардың бөбектері де балабақшаға тегін қабылданады.
– Қызым Аймира Бейбітова «Дельфин» бөбекжайына наурыз айында қабылданды. Санаулы уақыт­тың ішінде көп нәрсені үйре­ніп, жаңа достар тапты. Жеке болса да, төле­мақысы мемлекеттік бала­бақшамен бірдей. Ата-аналардың барлық талап-тілегін ескеріп, жұмы­сын әрдайым жетіл­діріп отыратын бөбекжай ұжымына ризамын, – дейді қала тұрғыны Әсел Дүйсеғалиева.
Бар саналы ғұмырын бала тәр­бие­сіне арнап келе жатқан Светлана Шайдоллақызы өзін өзге салада мүл­дем елестете алмайтынын айтады.
«Балалармен жұмыс істегеннен жаным рақаттанып, ерекше күш-қуат аламын. Бұл кәсіпке пайда табу үшін емес, тәрбиелі де сали­қалы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу, халықтың керегіне жарап, қызмет қылу мақсатында келдім. Үкімет те қазір кәсіпкерлікпен айналысамын деген жанның бетін қағып жатқан жоқ, керісінше жан-жақты қолдау көрсетіп, түрлі жеңілдіктер ұсынып отыр. Мәселен, биыл балабақшадағы әр балаға бөлінетін субсидия көбеймек. Мем­лекеттің нақты қолдауын сезіну кәсібімді ілгерілетуге жігер­лендіріп, жаңа белестерді бағын­­дыруға қанаттандырады, – дейді мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік бойынша нәтижелі жұмыс істеп жүрген кәсіпкер Светлана ханым.

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*