ӘЛЕМЖЕЛІНІҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?

981
0
Бөлісу:

Әлеуметтік желілердің әлеуеті күн сайын артып барады. Қолында смартфоны бар кез келген адам кем дегенде әлеуметтік желінің біреуіне тіркеледі. Қоғамдағы барлық жаңалықты алақандай аппарат арқылы әлеуметтік желіден көріп, біліп отырады. Тіпті соңғы кезде әлеуметтік желі күрмеулі мәселені шешудің құралына айналды. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдалана білгендер кәсібін дөңгелетіп, байып жатыр. Себебі, әлеуметтік желі – кері байланыстың ең тиімді құралы. Осы құралды билік пен халық арасындағы алтын көпір ретінде пайдаланып жүрміз бе?  Осы туралы сөз қойғаймыз. 

Біздің елдегі ең үлкен мәселе – билік пен халық арасындағы алшақтық. Халық билікке мұң-мұқтажын жеткізудің жолын білмейді. Осыдан көп жыл бұрын пайда болған әкім-қаралардың блогына хат жолдауды да сол күйі меңгере алмай кеткендер көп. Меңгергендерінің өзі жауапты айлап күтіп шаршады. Әлеуметтік желіні жұрт тез үйренді, олар бұрынғыдай әр мекеменің ресми сайтына кіріп, салаға қатысты сауал жолдап отырғаннан гөрі, өзін толғандырған сауалды әлеуметтік желіге жазудың тиімді екенін түсіне бастады. Жазған жазбасына жауапты мекемені немесе тұлғаны белгілеп, мәселе талқыланып жатқан жазбаға «шақырып» беретіндердің бар екенін жақсы біліп алды.
Айтқандай, өзге жұрттар әлеуметтік желінің әлеуеті тұрғанда мекеме сайттарының қажеті бар ма, сол сайтты ұстап тұру үшін қомақты қаржы жұмсауды доғарсақ қайтеді деген мәселені талқылауға шығарып отыр. Себебі, олар әлеуметтік желі мемлекеттік сайттар мен басқа да каналдарды алмастыра алады деген сенімде. Алайда бұл топқа қарсы пікір айтушылар мекеме сайтын да, әлеуметтік желі парақшасын да қатар жүргізген жөн деп санайды. Себебі, әлеуметтік желі вирус таратуға бейім келетіндіктен, парақшаның жойылып кету қаупі барын алға тартады. Ал біздің елде бұл мәселе әлі талқылана қойған жоқ.
Саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев біздің ел үшін қоғаммен кері байланысты нығайтуда мекеменің ресми сайтын сызып тастауға болмайды деп санайды.
«Қазір ақпараттың көлемі көбейген және имидждің құны өскен уақытта қоғаммен кері байланыс аса маңызды. Десе де, facebook секілді әлеуметтік желіге толық еніп кетуге болмайды. Себебі, ол – өзгенің меншігі. Ал мәліметті салатын мемлекеттік орган. Сол себепті, ол өзінің сайты арқылы да қатар жұмыс істеп, ақпараттандыруы қажет. Оған қоса сайттың әлеуметтік желі алдында артықшылықтары көп. Оның үстіне әлеуметтік желіде отырмайтын адамдарды да ескеруіміз керек» дейді.
Сарапшы сөзінің жаны бар, біз бұған facebook әлеуметтік желісіндегі министрліктердің парақ­шаларына шолу жасау барысында куә болдық. Оның үстіне министрліктер халықпен кері байланыс жасауға талпынып отырған жоқ. Парақшалары бір-бірінен аумайтын министрліктер әлеуметтік желінің өздері атқарып жатқан жұмыстарды насихаттау алаңы деп қана түсінетін сыңайлы. Себебі, парақшаларда баспасөз-хабарламалары, министрдің есеп беру жиыны, министрдің іс-сапарларынан түсірілген бейне­жазбалардан көз ашпайсыз. Түрлі жиындардан тікелей эфирге де орын берілгенімен, оның көрілімі аса көп емес. Қысқа қайырғанда, парақшалар тек ресми бағытта. Ресми мекеме болған соң, оған да түсінікпен қарауға болар, бірақ парақшаларда қараша халықпен кері байланыстың жоқ екенін астын сызып айтуға тура келеді.
Білім және ғылым министр­лігінің парақшасына кірушілер көп, бұл Ұлттық бірыңғай тестілеуге бай­ла­нысты болса керек. Себебі, дәл осы тақырыптағы материалдарды бө­лісу­шілер көп. ҰБТ-ға қатысты са­лын­ған материалдардың астына жа­зылған сұрақтарға жауап беруді ешкім жөн көрмеген. Қорғаныс ми­нистрлігінің парақшасынан мін таба алмадық, алайда Перизат Хан­назар есімді пайдаланушының биыл 29 мамырда жаз­ған «Елдің пі­кі­ріне құлақ асып, әлеуметтік же­­­лі­леріңізді қазақшалағандары­ңыз үшін алғыс айтамын!» деген пікірінен кейін парақша бұған дейін орыс тілінде жүргізілгенін түсіндік. Ал Әділет министрлігінің парақшасы мемлекеттік тілге әділ болмай шықты. Аккаунты қазақша бол­ғанымен, парақшадағы материал­дардың барлығы орыс тілінде екен. Министрдің есеп беру кезіндегі сөйлеген қазақшасын сынағандардың жазбасын өшір­мегеніне қарағанда, министрлік өз кемшілігін мойындайтын болса керек. Денсаулық сақтау министрлігінің аккаунтын орысша терсеңіз ғана табасыз. Барлық парақшаға тоқталу шарт емес, десе де арасында бөле-жара айтатыны – Инвестициялар және даму министрлігінің парақшасы. Бұл парақша тәулігіне бірнеше рет жаңарады. Барлық материалда мемлекеттік тілге басымдық берілген.
Министрліктердің парақша­ларына шолу жасау барысында халықпен кері байланыс жолға қойылмаған. Мұның себебін пиар-маман Ербол Азанбек былай деп тарқатады.
– Мемлекеттік органдар ол министрліктер болсын, әкімдіктер болсын, қоғаммен байланыста әлеуметтік желінің маңызын тү­сінбей отыр. Бүгіндері әлеу­меттік желілер қоғамдық пікір қалыптастыруда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен бір деңгейге жетіп қалды. Өйткені ауыр болса да айтуымыз керек бір шындық бар – БАҚ-қа халық тарапынан сенімсіздік басымдау. Оның үстіне ақпарат құралдары арқылы министрлік пен әкімдік өкілдеріне байланысқа шығу қиын. Әлеуметтік желіде адамдар көңіліндегі сұрағын төтесінен қоя алады, пікірін жаза алады. Бірақ өкінішке қарай, көп жағдайда мемлекеттік органдар тарапынан оларға өз деңгейінде жауап қай­тарылмайды. Бұл – мемлекеттік орган­дардың қоғаммен байланыс са­ласында кемшілігі бар дегенді білдіреді. Бір ғана мысал айтайын, 2014 жылы ел арасында қазақстан­дық үш банк банкрот болады деген SMS-хабарлама тарады. Сол кезде пиар мамандары хабарламадан тараған ажиотаждың күшеюіне үш банктің де әлеуметтік желіде парақшалары болмауымен түсіндірген. Егер ол банктердің парақшасы болғанда, халыққа жедел әрі дұрыс ақпарат таратқанда, салдары ауыр болмас еді дегенді айтты. Міне, осыдан кейін банктер барлық әлеуметтік желіде парақшаларын ашты. Банк парақшасын жүргізетін мамандарға арнайы штат ашты. Бір ғана банктің өзінде әлеуметтік желі жұмысын үйлестіретін 7-8 маман қызмет істей бастады. Олар күні-түні қазақ, орыс тілдерінде әлеуметтік желіге келіп түскен сауалдарға жауап беріп отырады, – дейді.
Оның айтуынша, коммерция­лық құрылымдарда call-орта­лықтарға түсетін сауалдар мен әлеуметтік желі арқылы келіп түсетін сауалдардың деңгейі теңесіп келеді. Бұл адамдардың әлеуметтік желіні жиі қолданатынын білдіреді. Әлеуметтік желіде сауал қойған адамды басқалар да оқиды, пікірін білдіре алады. Бұл коммерциялық құрылымның имиджіне белгілі бір деңгейде әсер етеді. Бірақ мемлекеттік органдар осы жағдайға әлі күнге көңіл бөліп отырған жоқ.
«Мемлекеттік органдар бұ­қаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеуге баса көңіл бөледі де, өз сайттарына, әлеуметтік желідегі парақшаларына немқұрайлы қарайды. Шын мәнінде, әлеуметтік желідегі парақшаны жүргізу үшін бюджет бөлу, арнайы мамандарды тартуға көңіл бөлетін уақыт жетті. Себебі, мемлекеттік органдар басшыларының Электронды үкімет порталындағы блогына сауал жолдап, 3-4 күнде жауап алатын әдіс ескірді. Өйткені қазіргі тұтынушы сауалына 5-10 минут, ары кетсе жарты сағаттың көлемінде жауап алғысы келеді. Демек, мемлекеттік орган болсын, коммерциялық құрылым болсын, халықпен яки клиенттерімен жұмыс істеуде жылдамдыққа көңіл аударуы керек және ол бірінші кезекте әлеуметтік желі арқылы жүзеге асуы тиіс» дейді.
Ербол Азанбек министрліктердің сайттары мен парақшаларын сырттай бақылай отырып, бізде қоғаммен байланыс дегенді көп жағдайда журналистермен ғана байланыс деп қабылдау деген түсінік орныққанына қынжылады.
«Журналистермен байланыстың түпкі мақсаты халықпен байланыс болуы керек екені белгілі. Ендеше, негізгі ақпаратты БАҚ-қа есеп үшін шығаруды көздемей, халыққа түсінікті болатындай деңгейде жеткізу керек. Әлеуметтік желінің тиімділігін пайдалану арқылы бұқарамен кері байланысты көтеру үшін министрліктегі бас­пасөз қызметінің жұмысына жүйелі реформа керек. Себебі, бізде негізінен баспасөз қызметтері ғана бар, ал оның міндеті журна­листермен жұмыс істеумен шек­теледі. Егер осы құрылым Қоғаммен байланыс департаменті деп құрылса, оның ішінде: баспасөз хатшысы, министрдің имиджімен айналысатын пиар маманы, әлеуметтік желіде жұмыс істейтін маманы, оператор мен фотографы болса, әрқайсысы өз міндетімен айналысса, билік пен халық ара­сындағы байланысты орнатуға мүм­кіндік туады» дейді пиар маманы. Алайда атын атаудан бас тартқан респондент қоғаммен байланысты күшейту үшін департамент құруға министрліктердің, дұрысы министрлердің ынтасы болуы керек дейді. Оңтайландыру жүріп жатқан қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлердің штатын көбейтуге билік аса құлықты емес екен. Оның үстіне мемлекеттік мекемелердегі баспасөз қызметіндегі екі-үш маман ғана штатта. Ал қал­ған­дарын министрлікке бағынышты мекемелерге тіркеп қана жұ­мысқа қабылдайды екен. Олар министрліктің баспасөз қызметінде іс-сапарлатып жұмыс істеуге мәжбүр.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*