«Үркер» сыйлығының иегерлері анықталды

1233
0
Бөлісу:

Астанадағы «Қазмедиа» орталығында баспасөз, радио және интернет журналистикасына арналған «Үркер – 2018» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 

Байқауға шығармашылық жұмыстары 2017 жылы жарияланған баспасөз редакциялары мен интернет БАҚ өкілдері, сондай-ақ радиостанса­лардың журналистері қатысты. Ал қазылар алқасының құрамында танымал қоғам қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жур­налистика саласының майталмандары болды.
Былтыр «Үздік республикалық баспасөз басы­лымы» аталымы бойынша «Үркер» тұңғыш ұлттық сыйлығын 14 жылдан бері еліміздегі ақпарат айды­нында еркін жүзген «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті иемденген болатын. Биыл «Үздік сұхбат» аталымымен республикалық «Айқын» газетінің шығарушы редакторы Гүлзина Бектасова марапатталды.
«Үркер» тұңғыш ұлттық сыйлығын сондай-ақ «Үздік сараптамалық материал» аталымы бойынша Әсел Мұқанова (Казахстанская правда), «Үздік фотосурет» аталымы бойынша Тұрар Қазанғапов (Tengrinews.kz), «Үздік репортаж» аталымы бойынша Илья Астахов (Today.kz), «Астананың 20 жылдығына арналған материал» аталымы бойынша Ғалым Омарханов («Ана тілі» газеті), «Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымы бойынша Яков Федоров (Yvision.kz), «Үздік журналистік зерттеу» аталымы бойынша Асқар Жалдинов (Time.kz), «Үздік вайн» аталымы бойынша – Нұрлан Батыров, «Экономика мен қаржы туралы үздік материал» аталымы бойынша «Капитал» газеті, «Үздік аймақтық радиостанса» аталымы бойынша Жұлдыз FM радиосы, «Үздік қазақстандық радиостанса» аталымы бойынша Шалқар радиосы, «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» аталымында «Жетісу» газеті, «Үздік республикалық баспасөз басылымы» аталымында «Егемен Қазақстан» газеті, «Үздік Интернет БАҚ» аталымы бойынша – Informburo.kz, «Үздік халықаралық сараптамалық материал» аталымы бойынша Сәуле Исабаева (Централ Азия Монитор), марапатталды.
Айта кетейік, биыл «Үркер» сыйлығы «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналып отыр. Марапаттау барысында барлық жеңімпаздарға 1 миллион теңге ақшалай сыйлық пен дәстүрлі естелік мүсін табыс етілді.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*