«Қызыл кітап» неге қолжетімсіз?

2020
0
Бөлісу:

«Қызыл кітап» – жер бетінен жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жәндіктер, құстар мен аңдардың әрқайсысы туралы қысқаша сипаттамалық жинақ. Өкінішке қарай, бүгіндері әлгіндей зауал төніп тұрған табиғат перзенттері аз емес. Тіпті олардың қатары жылдан-жылға көбейіп, сондықтан «Қызыл кітап» әр шыққан сайын күрт қалыңдап барады.

1948 жылы құрылған Халықаралық табиғатты қорғау қоғамы сиреп кеткен өсімдіктер мен хайуанаттардың тізімін жасауға кірісті. Араға бір жыл салып тым сирек ұшырасатын түрлерді қорғауды мақсат тұтқан комиссия құрылды. Осы комиссия мүшелерінің жылдар бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде, 1963 жылы алғашқы халықаралық «Қызыл кітап» шықты. Комиссияның төрағасы, ағылшын эколог-орнитологы Питер Скотт «Қызыл түс – қауіп-қатердің түсі, сол себепті адамдардың назарын бірден аударуы тиіс» деген ұйғарымға келіп, құрып кету қаупі төнген табиғат перзенттеріне арналған алғашқы жинақ қызыл түспен һәм сондай атаумен шықты. Содан бері халықаралық «Қызыл кітап» толықтырылып, бірнеше рет қайта басылған көрінеді. Бұған қоса, әр мемлекет өзінің «Қызыл кітабын» шығаруды жолға қойды. Керек десеңіз, Ресей сияқты жер көлемі тым үлкен мемлекеттер құрамындағы әр аумақтық бөлініске қатысты дербес «Қызыл кітап» шығаруды дағдыға айналдырған. Ерекше екпін түсіріп айта кетерлік бір мәселе, қай жылы, қай мемлекетте, қай тілде, қандай көлеммен шықса да, «Қызыл кітап» атау­лының бір-ақ басты мақсаты бар, ол – жер бетінен жойылып кету қаупі төнген табиғат перзенттерін (өсімдік, жәндік, құс, аң, балық тағы басқалары) біржола құрып, мүлдем жойылып кетуден арашалап қалу. Осы тұста бәлкім, балаң санада «Құдай жаратқан жәндік пен өсімдікке, аң мен құсқа мүлдем жойылып, тып-типыл құрып кететін қауіп-қатер қайдан?» деген сауал қылаң беруі әбден кәдік. Иә, ондай қауіп-қатер негізінен адамнан, яғни адамның ашкөздігі мен адам қолымен жасалатын техногендік үрдістер кең дүниенің апшысын қуырып, тынысын тарылтып, жайпап барады.
Қазақстандық қоғамда қазіргі кезде сана сергектігі, рухани жаңғыру, рухани түлеу мәселесі өткір тұрғаны мәлім. Демек, туған еліңнің, туған өлкеңнің табиғатына жанашыр болу – перзенттік парыз әрі Отанның ортақ шаруасына оң иығыңды тосу деген сөз. Осындай ұғым-түсінікпен Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетіндегі әріптестеріміз «Қызыл кітап» деген арнайы айдар ашты. Бұл айдар аясында Ақ Жайық атырабы, яғни Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қызыл кітапқа» енген табиғаттың төл перзенттерінің сипаттамасы беріліп тұрмақ. Дала, қала, аудан және ауыл, ел-жұрт тегіс білсін, туған өлкеміздің қай өсімдігі мен қай хайуанатының тағдыры қыл үстінде тұрғандығын. Біліп қана қоймай, олардың жер бетінен мүлдем жойылып, біржола құрып кетуіне жол бермей, үлкен-кішіміз бірдей жанашыр болайық, әлеумет! Осы идеяны қағазға түсірмек ойда жүргенде ең болмаса қолымызға ұстап, парақтап көрейік деп «Қызыл кітапты» іздегенбіз. Облыс орта­лығындағы кітап дүкендерінен бірде-бір жинақты таппадық. Содан табиғатты қорғау, экологиялық ахуалды қадағалау тікелей міндет-миссиясы болып табылатын облыстық деңгейдегі барлық мекемеге хабарластық. «Қызыл кітап» олардың барлығында дерлік жоқ болып шықты. Іздегенімізді тек Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың кітапханасынан ғана таптық. Көрдіңіз бе, табиғаттың қай перзентіне адамның аялы алақаны, жанашыр көзқарасы керек екендігі жөнінде мәлімет беретін «Қызыл кітаптың» өзі қасқалдақтың қанындай қат болып тұр. Сонда деймін-ау, «Қызыл кітаптың» өзін «Қызыл кітапқа» енгізетіндей күлкілі жағдайға, мүшкіл халге жеткеніміз бе?! Негізі бұл жинақ әр мекеме, әр үйде тұрса да еш артықтық етпес еді. Осы орайда мына ойымызды да ортаға салғанды жөн көрдік.
Бүгінде Рухани жаңғыру аясында ірі елдімекендер саналатын қала, кенттерді айтпағанда, әр ауыл, әр мектепте тарихи-өлкетану сипатындағы музейлер ашылуда. Үлкенді-кішілі осы музейлерде ел-жұрттың жан дүниесінде, әсіресе жа­с­өспірім-көкөрім санада табиғатқа жанашырлық түйсігін қалыптастыру мақсатында «Қызыл кітап» мүйісін жасақтасақ, шіркін! Бұл мүйісте ең болмаса, белгілі бір елдіме­кеннің төңіре­гіндегі жер бетінен жойылып кету қауіп-қатері төнген, құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған табиғат перзенттері туралы екі аяқты пенденің санасына сәуле түсірердей там-тұм мәлімет берілсе дейміз.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*