БАҚ-та қыздар көбейді: Бас редакторлар не дейді?

1642
0
Бөлісу:

Халықты ақпараттандырушы, кейбір түйткілді мәселелерді кеңінен талдап, тарқатушы, болған және болжамды мәселелер бойынша сараптаушы, мамандардың пікірін алып, оны ешбір қоспасыз ел-жұртқа ұсынушы функциясын атқаратын – журналистер екені еш даусыз. Көкейдегі тақырыбын әркім әртүрлі жеткізеді. Бірі – жолжазба очеркі күйінде, енді бірі – эссе түрінде ойын қағазға түсіріп жатады. Қазір талдау мақалалары мен ақпараттар жиі жазылады. Замана өзгеріп, жаңа құндылықтар өмірімізге дендеп енгелі бері, журналистика да алуан түрге бөленді. Оның міндетін атқарушылар қатарында жігіттер де, қыздар да көп.

Бірақ ара-тұра «журналистика қыз балаға қол емес» дегенді де жиі құлақ шалады. Бұл пікір сірә, олардың тұр­мыстық жағдайға көбірек мойын бұратын табиғи міндеттерінен туындаса керек. Дегенмен бір мамандар «адам талантты һәм еңбекқор ма, ол жынысқа бөлінбей жұмыс істеуі керек» дегенді алға тартады. Рас, шын мәнінде әйелдер үйде отыруы керек болса, полиция қызметі мен өрт сөндіру саласындағылар, құтқарушы және құрылысшы әйелдер бірінші болып «аластатылуы» керек еді ғой. Әрине, қай әйел қандай мамандықты таңдаса да өз еркі. Біріншіден – жұмыс істеп, ақша табу керек, ал екіншіден – өз ықыласы құлаған мамандықтың құлағынан ұстайды. Ол – адамның ішкі еркі, жан қалауы. Бірақ журналистиканың жөні бөлек. Қалам мен қағаздың жүгі бәрінен ауыр екенін ақиқат. Бір дүние жазу үшін жаныңды жеп жіберу, шұғыл тақырыппен апталап, айлап іссапарға аттану, материал өткіземін деп тұрмыстың жайына үлгермеу – бұл әйелдерге теріс әсер етуші факторлар. Шынында, әйелдер – отбасының ұйытқысы. Отбасында береке болса, қоғам тыныш дамиды. Түзу жолдан ауытқы­майды. Тізбелей берсек, дерек те, дәйек те мол. Бұл сала өкілдерінің атаулы мерекесі қарсаңында дәл осы тақырыпты қаузап көрдік. Әсіресе, бұл орайда еліміздегі жетекші басылымдарды басқарып отырған бас редакторлардың пікірі маңызды еді. Баспасөздің биігінде отырған майтал­мандармен дәл осы тақырыпта еркін сұхбат құрып көрдік. Әркімнің пікірі – оның жеке ойы. Ендеше, өткір айтылған, дөп түскен, сыпайылай жеткізген ой бәйгесіне кезек берелік.
Бірнеше басылымның басын бірік­тірген «Жас Өркен» ЖШС Бас дирек­торы, белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің пікірінше, жігіттер жүректің қаттылығын, білектің күшін қажет ететін жұмыстарға баруы тиіс. Ал журналистика «асханасын» қыздарға беріп қоюдан қорқудың еш қажеті жоқ.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
«Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры:

– Қазір негізі әлеуметтік мәселелердің заманы. Саясатта, басқа да кейінгі қатарға ысырылып тұр. Шешімін табуы тиіс мәселелердің көшін осы әлеуметтік, қоғамдық жағдайлар бастап тұр. Бұл ретте қыз балалар әлеуметтік мәселелерді жақсы жазады, жақсы көтереді. Бірақ ол журналистикада қыз балалар көбейіп, ұл балалар азайып кетті дегенге себеп емес. Қазір өзі гуманитарлық мамандықтарда көбінесе қыздар қызмет жасап жатыр. Ал жігіттер жүректің қуаты, білектің күші деген сияқты мамандықтарға бет бұрады. Қыздар үшін журналист болу ыңғайлы сияқты. Кеңес заманындағыдай ұзақ жол сапарларға шықпайды. Ары кетсе, ұшақ арқылы ірі-ірі қалаларға барады да қайтады. Сондықтан жұмысына да үлгереді, бала тәрбиесін де назардан тыс қалдырмайды. Жалпы, отбасы-ошақ қасында болғаннан кейін, өзімен өзі отырып жұмыс жасағанды тәуір көретін болуы керек. Олар осындай мақсатты арнайы таңдауы да мүмкін. Инстинкт адамды өзі солай ыңғайлайды. Дегенмен жыныс жағынан өзара сәйкестік сақталғаны дұрыс. Себебі, қыз балалар әлеуметтік мәселелерді қанша келістіріп, жақсылап жаза алады, жақсы сезіне алады дегеннің өзінде ер адамның ойлау жүйесі бөлек. Ерлерде қоғамға қажетті ойлар мен пікірлер тұжырымдалып тұрады деп ойлаймын. Сондықтан мәселенің, осы қыры да есепке алынып, аталған міндеттемелер сақталғаны жөн. Бірақ оны қалай сақтаймыз? Оқу бітіріп, осы салаға түсіп жатқан талапкерлердің көбі қыздар. Кеңес заманында «мектептерде мұғалімдердің барлығы әйелдер болып, жігіттеріміз қыз мінезді болып бара жатыр» деген үлкен алаңдаушылық туындаған еді. Қазір де солай болуы мүмкін шығар. Басқа қолдан келетін не бар. Сосын бұл мәселенің тағы бір қыры – журналистика саласындағы, осы мамандықтағы еңбекақы мен қаламақы жағдайына келіп тіреледі. Қазір қаламақы мүлдем төленбейді. Кейбір бірен-сараң газеттерде болмаса. Онда айтарлықтай емес. Еңбекақы да төмен. Кейбір жүргізуші болып елге танылғандар мен жұлдыз болып кеткендер болмаса, басқалары төмен айлық алады. Осы себеп те үлкен әсер етіп жатыр. Байқасаңыз, осыдан 15-20 жыл бұрын нарық заманы басталған кезде журналистиканың айлығы төмен екені бірден білініп қалды. Айлығы төмен жерге отбасын асыраймын деген азаматтар әрине бармайды. Егер айлық пен қаламақы жоғары болатын болса және оның материалдық негіздегі насихаты дұрыс болса, онда қоғамдық мәселелерді жеріне жеткізіп қаузай алатын талантты азаматтар журналистикаға бет бұрады деп ойлаймын. Қазір олардың орнын ақын мен жазушы жігіттер толтырып жатыр. Жан-жаққа көз салатын болсақ, Abai.kz сайтынан бастап «Жас Қазақ үні» деген газеттерге дейін ақын, жазушы жігіттер журналистер көтеретін мәселелерді көтеріп, елге ұсынуда.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
«Алматы-ақшамы» газетінің бас редакторы:

– Журналистикада әйел азаматшалар болмау керек деген пікірмен келіспеймін. Жалпы, бұл пікірді Тауман Салықбайұлы деген көркем мінезді, керемет білімді ағамыз айтқан болатын. Онда да қыз балалардың кейін тұрмысқа шығатынын, отбасы қамымен кәсібінен алшақтап қалатынын, ұзақмерзімді іссапарларға шыға алмайтынын меңзесе керек. Ол кісі өзі әзілді де астармен әдемі жеткізе алатын, қалжыңды жоғары деңгейде айта алатын асқақ кісі еді. Бұл көзқарасы да сондай ұтымды, әдемі әзілден туындаса керек. Ал қазіргі таңда қазақ журналистикасында, баспасөзде қыздар өте көп. Санына орай сапасы да аса жоғары. Әсілінде журналистикаға ұқыптылық, ыждағаттылық керек. Бұл тұрғыдан алғанда, қыздар осы талаптарға толығымен жауап бере алады. Олар шаруаны өте мұқият істейді, ұқыпты болады, соңына дейін жауапкершілікпен қарайды. Бізде журналистика саласында өзінің стилімен дараланған, журналист деген абыройлы атқа лайық болған жандар жетерлік. Солардың бірегейі – Фариза апамыз. Әрине, ол кісінің ақындығы – Алланың берген сыйы, таланты ғой. Ал негізінде бастапқыда журналистикада қалам тербеген. «Шашы ағарған қыз» деген еңбегі қандай керемет еді. Ән секілді оқыла жөнеледі. Көңілің де, көзің де тояды. Бас алмай оқып шығасың. Жалпы өзі ақындардың, әдебиетке құмар жандардың журналистикаға келуі – оң әсер береді. Олар журналистикаға поэтиканы алып келеді. Сөз бен сөйлем құлпыра түседі, мақала ән секілді жеңіл сіңіп кете барады. Олар сезімшіл, эмоцияшыл болады ғой. Сол қасиеттерімен журналистикаға да сондай нәзіктік сыйлайды. Қарап отырсам, қыз журналистер батылырақ болады екен. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын айтып салады. Қаймықпайды, қорықпайды.
Өзім басқарып отырған басылымда да көптеген қыздармен қызметтес болдым. Мысалы, Әсия Бағдәулетқызын алайық. Біздің газетте істеді, шыңдалды, жетілді, өсті. Талай-талай керемет мақалалар, зерттеулер жазып, көзге түсті. Қазір шетелде оқып жатыр. Қазір деген өз саласы туралы терең сөйлей алатын, жеткізіп, дәлелдеп, нақты жаза алатын маманға айналды. Одан бөлек редакциямызда Рая Ескендір, Әсел Дағжан, сияқты дәулескер қаламгерлер легі қалыптасты. Бұл қатарда Әйгерім Райсқызын да айтып кете аламын. Сонымен қатар Айнаш Есали, Айгүл Аханбайқызы, Қарашаш Тоқсанбай қыздардың да журналистикада өзіндік орны бар, қарымды қаламгерге айнала алатынын дәлелдеген жандар.

Қазыбек ИСА,
«Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы:

– Қазір ауылдық жерлерге барып, жастардан «журналист боласың ба?» деп сұрасаң, «жоқ, журналист емес, диктор боламын» деп жауап береді. Олардың ойының бәрі – теледидардан халыққа көрініп, тезірек жұлдыз болып кету. Жастар қазірдің өзінде әлі осы ойдан, осы арманнан айыққан жоқ. Бұл жерде журналистика кінәлі емес. Сол журналистикада қыздардың көбеюі, олардың сыртқы сұлу келбеті көп жастарға әсерін тигізген секілді. Оларды көріп, бәрі теледидарда жұлдыз болуға ұмтылады. Бірақ қаламгер қыздарымыз да бар. Оларды жоққа шығаруға болмайды. Алайда көпшілігі арзан атаққа жеткісі келіп, тележұлдыз болудың жолдарын қарастырады. Заманға байланысты ұлдардың көбі күнкөріс қамын көп ойлап кетті ме деймін. Не болса да, қаламның қарымын сезінетін, сөздің, тілдің қасиетін ұғынатындар келгенге не жетсін. Ұл болсын, қыз бала болсын. Жынысқа бөлмей-ақ елдің сөзін, ұлттың мүддесін қорғайтын қаламгерлердің қатарға қосылғаны дұрыс деп ойлаймын. Журналистика өткір жанр ғой. Қыздар осы салаға келіп, көбейіп жатса, олар да ер тұлғалы сөзді айтамын деп жатса, оған да жақсы көзқараспен қарау керек. Сөзбен де, іспен де көрсете алатын ер азаматтар болғанға не жетсін. Негізі, журналистика кәсіп болған соң, оны кімнің болса да игеруге құқығы бар. Қабілет-қарымы кеп жатса, дарыны асып жатса, жынысқа қарамағаны жөн. Ал қазіргі журналистиканың жүгі өте ауыр болып тұр. Әсіресе, қыз балаларға қиын.

Еркін ҚЫДЫР, 

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы: 

– Бұл пікір біз университетте оқып жүрген кезде қалыптасып еді. Тауман ағамыз бірінші лекциясын «қыздар сендер ауылға қайтыңдар, қыздардан журналист шықпайды» деп бастайтын еді. Бірақ ағамыз айтты екен деп, қайтып кеткен қыздарды көрмедік. Біздің кезімізде қыздар аз болды. Ал енді қазіргі тенденцияға қарап отырсақ, журналистиканың көптеген саласында қыздар еңбек етіп жүр. Өзім ұзақ жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істедім, ол жерде жігіттер басымдау болатын. Ал қазір басқарып отырған «Астана ақшамы» газетінде қыздар көптеу. Сонымен қатар Астанада газеттерден тәжірибеден өтуге келетін жастардың да 90 пайызы – қыздар. Сондықтан профессор Амандосовтың ескертуінен ештеңе шыққан жоқ. Әлемдік өркениетке ілесіп, қазіргі журналистика нәзік жандылардың мамандығына айналып бара жатыр деген пікірге қосыламын. Бұдан үрейленетін ештеңе жоқ, қазір қыздар жігіттерден артық жазбаса, кем жазбайды. Мәселенің байыбына бару, тұщымды деректер келтіру, мақала философиясын меңгеру жағынан ешкімнен кем емес. Бастапқы кезде олар мәдениет, тұрмыс, руханият саласына бейім болса, кейінгі кезде саясатқа да, өндіріске де араласып, осы тақырыптарды індете жазып жүрген азаматшалар жетерлік. Жалпы, бұл мамандықты жынысқа бөлудің қажеті жоқ шығар. Себебі, қыздар журналистикадан өз орнын ойып тұрып алып, батылдығымен, біліктілігімен ерекшеленді. Дегенмен көңіл толмайтын бір нәрсе – тележурналисти-када жүрген қыздардың газет журналистерімен салыстырғанда, дайындықтары төмендеу секілді. Ал жазба басылымдарда жүрген қыздардың кәсібилігі әлдеқайда жоғары.
Қыздар үшін бұл шаруаның бір қиындығы – олар тұрмысқа шығады, бала өсіреді, іссапарға кетеді, жалпы, отбасының ұйытқысы болуы тиіс жандар. Сол тұрғыдан алғанда қиын тиеді. Жұмсаған жерге барып материал жазып, қолынан қаламын тастамай, түнімен жүріп газет шығару әйел адамдарға оңай тимейді. Сол себепті, соның бәрін жеңіп шығып, жұмысына да, отбасына да үлгеріп, жігіттермен тайталасып, өзінің мықтылығын дәлелдеп жүрген қыздардың ісін – ерлік деп те айту керек. Жігіттерде мүмкіндік көп. Тұрмыстық шаруаларға бас ауыртпайды да, тақырыпты тереңінен зерттейді, өзін-өзі дамытуға уақыт арнайды. Ал қыздарда мұндай мәселелерге уақыт тапшы. Бірақ олар соның өзінде бәрін қамтуға тырысады. Жанкешті. Мәселен, өз қатарымыздан айтар болсақ, ауызға Рымтай Сағынбекова ілігеді. Ол экономикаға бейімделген, қазір «Теңге Монитор» деген газетте істеп жүр. Өзбекәлі Жәнібековтің батасын алған Қарашаш Тоқсанбай да әлі күнге қаламын тастамай, қазақ журналистикасына еңбек сіңіріп келеді. Аймақтарда жүрген қыздарымыз да көп. Оңтүстіктің мәдениетін көтеріп жүрген Үмітхан Алтаева бар. Бұл орайда екі кітап шығарып, журналистикада өз атын қалыптастырған Таңсұлу Мейірманованы қалай айтпай кете аламыз. Бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес, дегенмен бала-шағасын да ұмытпай, журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген курстастарым көп.

Срайыл СМАЙЫЛ,
«Жас қазақ» газетінің бас редакторы:

– «Қыздар журналист болмауы керек» деген әңгімені өз басым естімеппін. Біз оқып жүрген кезде факультетте қыздар көп болды. Қазір қалай екенін білмеймін… Жалпы, қарап отырсақ, газеттерде қыздар мол, толып жүр деп кесіп айтуға келмес. Қыздар да бар, жігіттер де жүр. Дегенмен жасыратыны жоқ, жыл сайын журналист болуға талпынған, қалам мен қағазды серік еткен қыздардың саны көбейіп келе жатыр. Ал телеарна саласына келетін болсақ, ол жерде кілең қыздар деп айтуға болады.
Журналистика саласындағы ең беделді Пулицер деген сыйлықты алғаш иеленген журналистердің бірі әйел адам болған екен. Бірақ ол жазған кезде ер адам болып жазып жүрген. Кейін ол алаяқ емші туралы зерттеп, оның жасап жүрген экспериментінің өтірік екенін дәлелдеп мақала жазып, көзге түседі. Сол газеттің қожайыны – Пулицер деген кісі өзінің атындағы сыйлықты тұңғыш рет жаңағы жас журналист қызға береді. Сондықтан журналистика әйелдерге қолайсыз, жат мамандық деуге келмейді. Дәл қазіргі сәтте кез келген редакцияны әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Олар барлық салаларда, барлық жанрларда еркін жазып жүр. Өзімнің қызметтік жолымда да көптеген азаматшалар болды. Көп нәрсені сол кісілерден де үйреніп, өстік. Газетімізге келген жас практикант қыздарды үйретіп, мақала жазуға бейімдеп жұмысқа да алып қалып жаттық. Тәжірибеден өтіп жүрген кездерінде ынталандырып қаламақы тағайындап, талабын ұштауға барымызды салатынбыз.
Шетелге барған сапарымда да іс-шараларға белсене араласып, тыным таппай жүрген қыздарды жиі байқаймын. Мәселен, қазір фотограф қыздар көбейген. Бұрын суретке тек ер адамдар түсіріп жүретін. Ал қазір мойнына фотоаппаратын ілген, қолына диктофонын ұстаған, керек кезінде оператор да бола кететін қыздар көп. Олар сондай жан-жақты. Кәсіби. Нағыз заманауи журналистика талаптарына бейім екенін көрсетіп жүр. Бұл қуантады, көңілге жылылық ұялатады.

Дүйсен МҮСІРӘЛІ,
«Балдырған» журналының бас редакторы:

–Кезінде журналистика факультетінде сабақ берген Тауман Амандосов дейтін ағамыз қыз балалардың осы саланы көптеп таңдауына қарсы болған екен. Бірақ қазір қыздар көп қой журналистикада. Менің қыз балаларға бір риза болатыным, біздің жігіттерге қарағанда табанды келе ме деп ойлаймын. Қандай жолмен болса да, қандай қиындықпен болса да, өз мақсатына жету үшін табандылық танытады. Ал біз жігіттер, біреумен келісе алмасақ, қолды бір сілтей саламыз. Сондықтан қыздардың журналист болғаны керек. Жалпы, қай салада да ер адамдар азайып бара жатыр. Ол жағы шұғыл түрде реттеуді қажет етеді. Орыс халқында «қасқырды аяғы асырайды» деген жақсы сөз бар. Сол сияқты журналистерді де аяғы асырайды. Әрі-бері көп жүгіруің керек. Қазақ журналистикасында қозғайтын, талдайтын мәселелер өте көп. Қаламақы аз. Мысалы, 2 бет мақала жазсаң, әрі кетсе 5 мың теңге аласың. Ал басқа елдерде қаламақы жақсы. Бұл жағы да жыныстық тепе-теңдіктің сақталмауына әсер етіп жатқан болар.

P.S. Әлем бойынша қай қасиетімен де алда келе жатқан, жұрттың алдына түсіп алып жөңкілуден танбайтын АҚШ жақтан бір мысал келтіргіміз келіп тұрады… Журналистикасы шарықтай дамыған осы елде журналистердің басым бөлігі ер-азаматтар екен. 2014 жылғы дерек бойынша, бұл елде әйел журналистердің саны 4,5 пайызға артқан. Бірақ соның өзінде толық жүктемемен жұмыс істейтін әйелдердің саны бүкіл журналистердің үштен бір бөлігін ғана құрайды.
Біздің елде де жыл сайын журналистика факультетін 70-80-ге жуық түлек тәмамдайды. Олардың бәрі бірдей журналист болмайды. Арасында бірен-саран ұл бар демесеңіз, басым бөлігі – қыздар. Жалпы, бұл мақала арқылы тілшілікті кәсіп еткен бұрымдылардың «бұл салада бекер жүргенін» еш дәлелдегіміз келмейді. Оған құқымыз да жоқ. Тиісінше қыздардың осы салада жүргенінен зәбір көріп, жапа шегіп жатқан қазақ журналистикасы тағы жоқ. Керісінше, табысымыз артып, беделіміз жоғарылап барады. Бізге тек белгілі қаламгерлердің пікірі қызық болды. Біз ұсындық, түйін – өзіңізде.

Абай Аймағамбет,
Абылайхан Жұмаш

Бөлісу:

Пікір жазу


*