Төмен байытылған уран банкі Қазақстанға не береді?

1045
0
Бөлісу:

Өткен жылы 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінде Қазақстан әлемді жаппай қырып-жою қаруынан тазарту идеясының заңды жалғасы – халықаралық төмен байытылған уран банкінің тұсауын кесті. Бейбіт мақсаттағы атом өндірісінің атын жамылған ядролық қару құрастыру қаупінің алдын алу үшін қолға алынған жоба аз байытылған уран шикізатын МАГАТЭ қорытындысын алып, арнайы кепілдемеге қол қойған елдерге ғана беруді көздейді. Қазақстан мен МАГАТЭ арасында банк жобасы туралы келісім жасалған тұста, сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Төмен байытылған уран банкі атом энергетикасының бейбіт түрде дамуына қызмет етеді және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай ауқымды үлес қосады» деп, ядролық отын қоймасының ғаламдық маңызын белгілеген болатын.

Фукусима мен Чернобыль апатта­рының салдарынан туындаған атом энер­гетикасы туралы кері көзқарас өзінің өміршеңдігін дәлелдей алмады. Оған көмір, мұнай және газ сияқты дәстүрлі отын түрлерінің сарқылуы, қоршаған ортаға келтіретін зардабының жыл санап артуы және әлемдік нарық­тағы бағасының құбылмалы болуы себеп. Табиғи ресурстардың аталған кемшін тұстары энергия өндірудің қосымша тәсілдерін іздеуге жол ашты. Балама энергия көздерінің бәсекеге қабілетті бола алмауы, адамзат баласын қауіпсіздік шараларын жетілдіру ар­қылы атом энергиясының игілігін кө­руге қайта әкелді. 2011 жылғы жойқын апаттан кейін де атом электр стансасы қызметінен бас тартпаған Жапония үлгісі бұған жақсы мысал бола алады. Бүгінде әлемнің 31 елінде ғаламдық энергияның 11 пайызын қамтамасыз ететін 447 ядролық реактор жұмыс істейді. Тағы 160 энергетикалық блок салу жоспарланып, 60 стансаның құры­лысы жалғасып жатыр. Әлем мемле­кеттерінің атом энергиясына деген қызығушылығының артуы ядролық қа­терді болдырмау үшін жаңа іс-қи­мылдар жүйесін қолға алу қажеттілігін тудырады.
Төмен байытылған уран банкі – уран гексафториді сақталатын қойма. Қазақстан жеріндегі банкте 90 мың тонна көлемінде 4,95 пайызға дейін байытылған уран сақталады. Страте­гиялық маңызды аймақтың қауіпсіздігін Қазақстанның Ұлттық гвардиясы қам­тамасыз етеді. Әңгімеге арқау болып отырған нысанды құру жөніндегі ойды алғаш рет «Ядролық қауіпті азайту туралы бастама» халықаралық қоры ұсынды. Идея бойынша аз байытылған уран қорының резервін құрып, онда жиналған шикізатты атом энергиясын дамытуға мүдделі мемлекеттерге арнайы кепілдеме бойынша беру көзделген. Банк қызметін пайдалану үшін тұтыну­шы елдер уранды ары қарайғы өңдеу және байытудан бас тартып, шикізатты таратпау туралы міндеттемелерін толық орындауы керек. Төмен байытылған уран – уран-235 изотобының 20 пайыз­дан аз деңгейде байытылған түрі. Бұл жартылай өнімнен энергетикалық реак­тордың кез келген түріне арналған отын түрін дайындап алу қиын емес. Сон­дықтан атом энергетикасына бет бұрған мемлекеттер өзінде уран байыту ісін жолға қоймастан-ақ, МАГАТЭ банкінен алған шикізатты қажетіне жарата алады. 2007 жылы америкалық бизнес-магнат Уоррен Баффет жобаның жүзеге асуына 50 млн доллар көлемінде қаржы бөліп, қолдау білдірді. 2009 жылға дейін АҚШ (49 млн доллар), Норвегия (5 млн дол­лар), БАӘ (10 млн доллар), Еуропа Ода­ғы (25 млн еуро), Кувейт (10 млн доллар) банктің алдағы он жылдық жұмысын қамтамасыз етуге жететін жарна берді.
2010 жылы МАГАТЭ мемлекеттердің төмен байытылған уран банкінен шикізат алу тәртібін бекітті. Оған сәй­кес, коммерциялық нарықта ядролық отын алу бойынша қиындықтарға кез­дес­кен ел атомды бейбіт мақсатта пай­да­ланатыны расталып, МАГАТЭ ұйы­мы­ның тиісті қорытындысын алған­нан кейін ғана төмен байытылған уран банкінен шикізат тасымалына қол жет­кізе алады. 2011 жылы шілде айында Қа­зақстан ядролық нысанды өз жерінде орналастыруға өтінім берді. Болашақ банк орны үшін Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауыты мен бұрынғы Семей сынақ по­лигонындағы №5 алаң ұсынылды. МАГАТЭ сарапшылары сол жылдың тамыз-қыркүйек айларында жүргізген зерттеулердің нәтижесінде төмен байы­тылған уран банкі Үлбі металлургиялық зауыты аймағында болуы керек деген қорытынды жасалды. Соңғы шешім қабылдауға зауыттың 20 жылдан астам уақыт МАГАТЭ кепілдемесін ұстанып келгені, 45 жылға жуық төмен байы­тылған уранмен жұмыс істеу тәжірибесі мен қажетті инфрақұрылымының бо­луы әсер еткен.
Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы банктің құқықтық мәртебесі және техникалық ерекшеліктеріне байланысты келіссөздер төрт жылға созылды. 2015 жылы қол қойылған келісімге сәйкес, төмен байытылған уран банкі МАГАТЭ ұйымының иелігінде және бақылауында болғанымен, нысанды қадағалау, қорғау және жұмысын жүргізу Қазақстанның үлесіне қалды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының ха­лықаралық бөлім басшысы Әлкей Мар­ғұлан аз байытылған уран қоймасының Қазақстанда орналасу себебін еліміздің бейбіт бастамаларынан іздейді.
– Төмен байытылған уран банкі – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бейбіт бастамаларының практикалық көрінісі. 1949 жылдан бастап, 80-жылдар­дың ортасына дейін Семей полигонында мыңға жуық ядролық сынақ жасалғанын білеміз. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан ірі державалардың қауіпсіздік кепілдемелерін алу арқылы әлемде төртінші орындағы ядролық арсеналынан бас тартты. Сонымен қатар еліміз жаппай қырып-жою қаруын таратпау және әлемді ядролық қарудан азат ету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келді. Олардың қатарында 29 тамызды ядролық қаруға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп бекіту және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Президент бастамалары да бар. Аталған факторлар аз байытылған уран банкін Қазақстанда орналастыру туралы шешімнің қабылда­нуына тікелей әсер етті.
Сарапшы Дәурен Әбен төмен байытыл­ған уран банкі жобасының елімізге ха­лықаралық беделден бөлек, өзге көп артықшылық беретінін саяси тұрғыдан түсіндіреді.
– Қазір ел арасында төмен байытылған уран банкі Қазақстанға экономикалық және саяси тұрғыдан еш пайда әкелмейтін, имидж қалыптастыруға ғана жұмыс істейтін жоба деген пікір бар. Оған еліміз банктің жұмысына қатысты эксплуа­тациялық шығындарды мемлекеттік бюджеттен өтейтіні жөніндегі ақпаратты қосыңыз. Дегенмен бір қарағанда Қазақстанға халықаралық беделден өзге ештеңе сыйламайтындай көрінген банк жобасы болашақта бірнеше артықшы­лықтар беруі мүмкін. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болған Қазақстан төмен байытылған уран банкін өз территориясында орналастыру арқылы ғаламдық ядролық қауіпсіздік пен жаппай қырып-жою қаруын таратпау жобасына үлкен үлес қосады. Халықаралық мәні бар стратегиялық нысан Қазақстанға тәуел­сіздігі мен тұрақтылығын сақтауда қо­сымша кепілдеме беріп, ірі державалар­мен қарым-қатынасында саяси басымдығын қалыптастырады. Қазақстан табиғи уран шикізатын өндіретін елден атом өнеркәсібі дамыған, дайын өнімдер шығаратын мемлекетке айналуды көздейді. Бұл тұрғыда МАГАТЭ жетекшілігіндегі банк еліміздегі атом өндірісінің дамуына жаңа серпін береді, ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық ұйымдармен тығыз серіктестік қалыптастырады.
Төмен байытылған уран банкі шикі­затты негізгі нарықта алу мүмкін болмаған жағдайда ғана арнайы шарттармен тасымалдайды. Яғни, ол әлемдік уран сатылымына бәсекелес болмайды және экономикасы осы шикізат түрінен табыс тауып отырған мемлекеттерге кері әсерін тигізбейді. Халықаралық жобаның негізгі мақсаты – ядролық қаруды таратпау қозғалысын дамыта отырып, бейбіт мақсатта атом өндірісін жолға қойғысы келетін елдерге кедергі келтірмеу. Қойманы Қазақстанда құру туралы нақты шешім қабылданғанға дейін 22 раундтан тұратын келіссөз жүргізіліп, МАГАТЭ-нің жиыр­мадан астам техникалық миссиясы жүзеге асырылды. Қауіпсіздік талаптарының түгел сақталатыны келісіліп, көңілге қонымды қорытындылар жасалғаннан кейін ғана банк қызметіне рұқсат берілді. Төрт жылға созылған таңдау процесі МАГАТЭ, жобаға қаржы құйған және шикізатын банкте сақтайтын мемлекеттер депозитарий орналасқан елдегі тұрақтылық пен тыныштыққа тікелей мүдделі екенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер бере отырып, қосымша жауапкершілік жүктейді. Өйткені енді ядролық отынға жарамды уран қорының жатпиғылды қолдарға өтпеуі, барлық та­лаптарға сай сақталуы және қорғалуы – еліміздің мойынындағы міндет.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*