Бизнесін дөңгелеткен Қазыбек

803
0
Бөлісу:

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті өркендету басым бағыттардың бірі. «2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткен жылы 14 облыстың 80 ауданында «Бастау» жобасын іске қосқан болатын. Мыңдаған ауыл тұрғыны осы жоба аясында бір ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. Осы жобаға қатысқан Қазыбек Уақасов жақында қонақүй ашты.
Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының V съезі аясында «Бастау» жобасына қатысқан үздік жобалар марапатталған болатын. 2017 жылы қолға алынған 30 үздік бизнес-жобаның ішінде Қарағанды облысынан үш азамат топ жарды. Соның бірі Қарағанды облысы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінің тұрғыны Қазыбек Уақасов.
25 жасар Қазыбектің бизнеске бет бұруына жергілікті Кәсіпкерлер пала­тасының филиалы қолдау көрсетіпті.
«Елбасы жариялаған әлеуметтік бастаманың бірі «Орта және шағын бизнесті дамыту» және «Төменгі пайызбен несие беруді көбейту» тапсырмасы маған және мен сияқты кәсібін ашып, дамытуға ұмтылған көптеген адамдарға ықпалын тигізгеніне қуаныштымын. Қалай бизнес бастасам деген оймен ауданымыздағы кәсіпкерлер палатасына бардым, сол жерде «Бастау» жобасымен танысып, қатты қызықтым. Сәтін салғанда 6 топтың 1 айлық оқуы басталғалы тұр екен, осы топқа ілігіп кеттім. Ол курста бизнес-тренер Райхан Абраева өзінің мол тәжі­рибесімен өте қызықты да, қарапайым тілімен бизнес әліппесін оқытып, бағыт берді. Ақылдаса келіп, Ақсу-Аюлы село­сын­да қонақүй тапшылығына байланыс­ты, қонақүй ашуды қолға алдым» дейді жас кәсіпкер.
Қазыбек Уақасов «Бастау» жобасы курсында маркетинг стратегиясы мен тиімді сату машығын меңгерді. Шет ауданы Кәсіпкерлер палатасы маман­дарының көмегімен бизнес жоспарын толықтырып, комиссия алдында жақсы қорғап шықты. «Ауыл шаруашылықты қаржылық қолдау қоры» АҚ өз жобасын сәтті қорғаған жігітке 6 400 000 теңге көлемінде шағын несие берді. Бұл қаржыға Қазыбек туған ауылында қонақүй кешенін салды. Бүгінде сәулетті де көрікті «Аюлы» қонақүйі аудан тұрғындары мен жолау­шыларына қызмет көрсетуде.
«Қонақүй салу ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға, ауданның инвестициялық әлеуетін көтеріп, бизнесті дамытуға бағытталды. Қонақүй кешенін салу құны жалпы алғанда 14 200 000 теңгені құрайды. Онда келушілерге қолайлы барлық қажетті қызметтер кешені қарастырылған. Келу­шілердің көңілін табу үшін бар жағдайды жасадық» дейді кәсіпкер.
«Бастау» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік негіз­дерін үйретіп, оларға өз кәсібін бастауға көмек көрсету. Өткен жылы «Бастау» жобасы бойынша Қазақстанда 15 мың адам білімін жетілдірді, олардың 3000-нан астамы өз бизнестерін ашты немесе кеңейтті. Биыл бизнес жүргізу курсына қатысушылар саны екі есеге артадыдеп жоспарланған.
Өткен жылы ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруге бағытталған жобаға еліміздің түпкір-түпкірінен дайындығы мен біліктілігі жоғары 80 бизнес-тренер таңдап алынды. 30 күнге созылатын оқыту мерзімі 12 модульден құралады. Атап айтқанда, кәсіпкерлік психологиясы, бизнес жоспарлау, маркетинг, салық режимдері, өткізу нарықтары, құқықтық реттеуге қатысты барлық материалдар тәжірибелік тұрғыдан түсіндіріледі. «Бастау» жобасын үздік тәмамдап, өз бизнес-жобасын сәтті қорғағандар 18 млн теңгеге дейін 6 пайыз жылдық мөлшер­лемемен оңтайлы қаржыландыруға әрі бизнес ашқан соң 12 айға дейін жан-жақты қолдауға ие болады. Тағы бір артықшылығы ол қатысушыларды бизнес-жобасын қорғауға дайындап, психологиялық тұрғыдан қолдап, пысықтайды. 2018 жылы жоба аясы кеңейіп, барлық 160 аудан қамтылады деп күтілуде.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*