ОҚЫРМАНДАР ОРАЗАЛИНМЕН КЕЗДЕСТІ

547
0
Бөлісу:

Алматыдағы С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында Астананың 20 жылдығына орай ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалинмен кездесу өтті. Кездесуді «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды. 

Жиынның басты мақсаты – елор­да­ның еліміздің дамуына қосқан үлесі мен атқарылған ұлы істерін жастарға жеткізу. Сондай-ақ жас қаланың ұлттық сипаты­мыз­ға айналып, беріктігімізді сақтай алғанын толығырақ түсіндіру.
Әлемдегі ең жас астанаға – 20 жыл. Осы уақыт аралығында жаңа қала жасам­­­паз елордаға айналды. Арқа төсін­де сәні мен салтанаты жарасып, озық идея­ларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелді. Толғақты түйіндерді талқылай­тын жаһандық орталық болды. Осы орайда Нұрлан Оразалин әңгімесін ары­дан бастап, елорданың Алатаудан Арқаға қалай көшірілгені жайында баяндады. Бұған қоса, Астананың бүгінге дейінгі даңғыл әрі дара жолын тұшымды ойлары­мен ортаға салды.
«Астананы көшіру айтар ауызға оңай болғанымен, ол заманда көп қиындық тудырды. Бір үрей, бір қорқынышпен үлкен жауапкершіліктің жүгі артылды. 1993 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор қызметіне орналастым. Елбасымен болған алғашқы сұхбатымда осы­ған қатысты сұрақ қойғанмын. Сонд­а ол кісі: «Біз мемлекеттік тұтасты­ғы­мызды сақтау үшін, Алматы секілді ардақты, аяулы қаланың мәртебесін бекіте отырып, астананы солтүстікке көші­р­уге тиіспіз. Өйткені тәуелсіз­ді­гі­міз­ді алғанымызбен, әлі тектілігіміз бойымызға толық сіңе қойған жоқ, сондықтан көшті Арқаға түзеуіміз керек», – деп жауап берген болатын.
– Десе де, бұл шешімге қарсылық таныт­­қандар да болды. Бірақ ішкі миг­ра­­­цияны, саяси сипаты бар Астана­ны қалып­тастыруды барлығы қалады. Еге­мен­ді ел атану – қазақтың маңдайына біт­кен бағы. Тұтастығымызды сақтап келе жатқан біртұтас ұлтпыз. Осы жыл­дар ішінде тәуелсіздіктің тізгінін ұстай алатын қабілетіміздің бар екенін дәлел­де­дік – деді Н.Оразалин.
Кездесуге жиналған қонақтар ақын­ға арнайы сұрақтарын қойып, өлең оқып беруін өтінді. Астананың 20 жыл­дық тойына арналған кездесу ақынның жыр шумақтарымен қорытындыланды.

Салтанат ШЫРЫНХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*