Қош келдің, плей-офф!

586
0
Бөлісу:

Әлем чемпионатының әрбір күні аладоп деп делебесі қозған жанкүйерлер үшін күн сайын түрлі тосынсый дайындап беріп жатыр. Жеңеді деген командалар жеңістен алыс ойнап, әлсіз деп бағаланғандар белсене шабуылдағалы бері, әлдене деп болжауға да жүрексініп қалғанымыз рас. 25 маусым күні түнде әлем чемпионатының 1/8 финалына шыққан командалардың алғашқы легі де анықталған. Кім бұл кезеңге жеңіл аяқ басты, кім артынып-тартынып жүріп әрең жолдама алды, бір сараптап көрелік. 

А тобындағы интрига өткен турда-ақ түбірімен жойылған. Ресей сенімді екі жеңіске жеткеннен кейін, алаң иелерінің бір аяғымен 1/8-де тұрғанына ешкім де күмәнданған жоқ. Ал Уругвай Ресейге оңай жем болған қос құраманы қиналып ұтты. Ең бастысы 3 ұпай олжалай білді. Осылай­ша, Уругвай мен Ресей кездесуі топтағы бірінші орын иегерін анықтайтын кездесу мәртебесіне ие болған. Көпшілік мамандар Ресейдің осыған дейінгі екі ойындағыдай ойқастайтынына сенген жоқ. Бір жағынан Черчесов командасын қатты қысымға алмай, плей-оффқа тың күшпен шығарғы­сы келген секілді. Әйтеуір, негізгі құрам ойын­шыларының біразын алаңға шығар­ма­ды. Есесіне екі матч бойы қосалқы құрамда қалып келген шабуылшы Алексей Миранчук, қорғаушылар Федор Кудряшев пен Игорь Смольниковтер ойнау мүмкін­ді­гіне ие болды. Дегенмен Ресей құрамасы кеше қай жағынан да азулы Уругвайға қауқар көрсете алмады. Ал оңтүстік амери­ка­лық ұжым топтық кезеңдегі үш ойында да жеңіске жетіп, үш ойында да қақпасына гол жібермей, Әлем чемпионаты тарихын­дағы мұндай жетістікке жеткен бірегей команда атанды.

Уругвай – Ресей – 3:0 (гол соққан: Луис Суарес, 10, Денис Черышев, 23 (өз қақпа­сына), Эдинсон Кавани, 90)

Ескерту: Игорь Смольников 36-минутта алаңнан қуылды

Топтағы екінші матч – Сауд Арабиясы мен Египет құрамалары арасындағы айқас болды. Ресми маңызы жойылғанына қарамастан, кездесу жоғары деңгейде, қарқынды өтті. Ойыншылар сағызша созылып, жәй ғана пас алмасып немесе лас ойын көрсетіп жүріп алған жоқ. Доп үшін шынайы жанталасқа түсіп, қарымта шабуылға жиі шығып, қақпашылар бір сәтке де дамыл таппады. Әсіресе, Сауд Ара­биясы ойыншылары доп ұстау көрсет­кіші бойынша басымдыққа ие болып, Мысыр қорғаушыларын әуреге салды. Айтпақшы, бұл ойында Египет қақпасын 45 жастағы Эссам әл-Хадари күзетті. Осылайша, бұл ойыншы Әлем чемпионаты тарихында алаңға шыққан ең қарт футболшы ретінде тарихқа еніп отыр. Ал Сауд Арабиясы құрамасының бас бапкері Хуан Антонио Пици бұл ойында үшінші қақпашысын алаңға шығарды. Сөйтіп, Ресейге келген үш қақпашы да чемпионатта өнер көрсетті. Ойындағы есепті бірінші болып 22 минутта Мұхамед Салах ашқан. Алайда бұдан кейін мысырлықтардың қарқыны бәсеңсіп қалды. Бірінші таймға қосылған қосымша уақыт кезінде Салман әл-Фаридж пенальтиден есепті теңестіріп кетті. Ал екінші таймға қосылған соңғы 5 минут тәмамдалар тұста Сәлем әл-Давсари Мысыр қорғаушыларын алдап өтіп, гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. Осы­лайша, Сауд Арабиясы Әлем чемпионат­та­рын­да 12 матч бойы жеңіске жете алмай келе жатқан сәтсіз серияларын бұзып отыр. Ал Египет құрамасы Әлем чемпио­наттарында әлі бірде бір рет жеңіске жетіп көрген жоқ. Сол көңілсіз статистика өзгермеген күйі қала берді.

Сауд Арабиясы – Египет – 2:1 (Гол соққандар: Мұхамед Салах, 22 минут, Салман әл-Фаридж, 45+6 (П), Сәлем әл-Давсари, 90+5)

В тобындағы Иран – Португалия және Испания – Марокко матчы да тартысқа толы болды. Португалия мен Испанияның еуропалық топ-команда және құрамы кіл жұлдыздардан жасақталғанына қарамас­тан, Иран мен Марокко жанкешті ойын көр­сетті. Иран – Португалия кездесуі үлкен қысымға толы болды. Бұл матчта қос тараптың ойыншылары жалпы саны 6 сары қағаз еншілепті. Оның ішінде Ронал­ду да бар. Сондай-ақ «Реалдың» сұрмергені 53 минутта пенальти сала алмай қалды. Сөй­тіп, үздік бомбардир Харри Кейнді (5 гол) қуып жету мүмкіндігінен айырылып қалды.

Иран – Португалия – 1:1 (Гол соққандар: Рикарду Куарежма, 45, Карим Ансарифард, 90+3, (П)

Алғашқы ойында Ираннан 1:0 есебімен жеңілген Марокко, екінші кездесуде Порту­галияға қарсы да қауқар таныта алмаған. Рас, өте қарқынды ойнады, Руи Патрисиудың әбден мазасын қашырды, допты өздерінде көп ұстады… Бірақ нәтижелі соққы жасай алған жоқ. Бұл матч чемпионаттағы соңғы мүмкіндік екенін анық түсінген Эрве Ренар шәкірттері барын салды. Ақыры бірінші болып есеп ашқан. Испаниялықтар әупірімдеп жатып теңестірді. Екінші голдың тағдыры да осылай өрбіді. Матчқа қосылған қосымша уақыт ішінде Яго Аспас 1:2 есебімен жеңі­ліп жатқан құрамасын абыройсыз­дық­т­ан қорғап қалды. Ол голдың өзін бас төреші Равшан Ирматов бейнеқайталауды көргеннен кейін барып, есепке алды.

Испания – Марокко – 2:2 (Гол соққандар: Халид Бутаиб, 11, Иско, 19, Юссеф эн-Несири, 81, Яго Аспас, 90+1)

Сөйтіп, 1/8-ге жолдама алған коман­далар өзара жұптасты. А тобынан екінші орынмен шыққан Ресей құрамасы көрші топ­тың жеңімпазы Испаниямен кездеседі. Матч 1 шілде күні «Лужники» стадионында өтеді.
А тобында айқын жеңіске жеткен Уругвай құрамасы 1/8 финалында Португа­лия­мен жұп құрайды. Бұл кездесу 30 маусым күні Сочидегі «Фишт» стадионын­да өтеді деп жоспарлануда.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*