БЕЙБІТ ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ

1208
0
Бөлісу:

Ахмет Хамди АЯН,
«Ахсел» холдингінің басқарма төрағасы

Астананың 20 жылдық мерекесіне орай Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің кітап дайындау идеясын ризашылықпен қабылдадым. Астана қаласының бас қала болып жариялануына байланысты мен де өз естелігіммен бөліссем деп отырмын.
Құрметті Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың қайтыс болуына байланысты 1993 жылы 17 сәуірде Анкараға арнайы келген болатын. Сол кездегі Қазақстанның Түркиядағы елшісі Қанат Саудабаев пен Президент әкімшілігінің жетекшісі Сыздық Әбішев бірге қатысқан аста Елбасы Ақмоланы астана етіп бекіту туралы ойын жеткізіп, нақты себептерін әңгімелеп берді. Мемлекет басшысының қайраткерлігін, алыстан ойлайтын алғыр аңғарымпаздығын сол кезде байқап, іштей риза болған едім. Тақыр жерге қала тұрғызып, оны бас қала етіп жария ету ойының орындалатынына сенбей, күмәнмен қарағандар табылды. Содан бері арада аттай 20 жыл өтті, ал ғажайып туынды көпшіліктің көзайымына айналды.
Астана қазіргі таңда «Түркі әлемінің мәдени бас қаласы» деген мәртебеге әбден лайық. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Түркия тарапынан құрылған Түркі академиясының ақордасы көптеген халықаралық игі істердің өтуіне ұйытқы болды. Келіссөздер нәтижесі, әсем ғимараттары мақтануға тұрарлық, бұған біздер де қуаныштымыз. Астанадағы «Самал» мөлтек ауданы, дипломатиялық қалашық, Парламент үйі, «Телеком» кеңсесі, қонақ үйлер желісі – түркі әлеміндегі бірлік идеясына сенген азамат ретінде біздің болашақ ұрпаққа қалдыратын мәңгілік мұрамыз болмақ. Жауапты жобалардың басы-қасында жүріп, әу бастан қол ұшын беріп, бірге жұмыс істеген Президент әкімшілігінің жетекшісі, марқұм Сыздық Әбішевке, Владимир Ниге және Темірлан Досмұхамедов пен жаны жаннаттық Сарыбай Қалмырзаевқа, сонымен қатар Президент әкімшілігінде қызмет еткен барлық техникалық қызметкерлерге, сәулетшілер мен өзге де компаниялардың өкілдеріне алғысым шексіз.
Астананың болашақта әлемнің аса ірі орталығының бірі және түркі әлемі үшін маңызды бас қала боларына күмәнім жоқ. Қазақ бауырларымыз үшін де, бүкіл адамзат үшін де орасан пайда әкелеріне сенеміз.
Соңғы кездері Астананың бейбітшілік кездесулер мен саяси-экономикалық тақырыптағы форумдар ұйымдастырылатын қала рөліне ие болғанын және осы бағытта атқарылған жұмыстарды ризашылықпен бақылап отырамын. Түркі әлемінің ақсақалы – қадірлі ағамыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз, сара саясатының арқасында Қазақстан аймақтағы бейбітшілік пен бауырмалдықты, татулық пен тыныштықты қамтамасыз ете алды.
Астана – бейбіт елдің берекесі. Тұрақты жағдай мен жағымды жаңалықтар мекеніне зор құрметпен, сүйсіне қараймыз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*