Қазақтың жаны

1399
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы биылғы 12 маусымда қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында «Ұлттық домбыра күні туралы» Қаулыға қол қойды. Онда «Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын» делінді. Жарлықтың орындалуын қадағалау міндеті Президент әкімшілігіне жүктелді.
Елбасының осынау көреген шешімі турасында еліміздің бір топ зиялы қауымы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады. «Сіздің Жарлығыңызбен шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» ретінде бекітілді. Бұл көреген шешім қастерлі қара домбырамыздың мәртебесін биіктетіп, ұлт мұрасының абы­ройын асқақтатты. Қазақ халқымен бірге жаса­сып келе жатқан ұлттың қоңыр үні – домбы­ра­ның қайта жаңғыру дәуірі басталды деп білеміз. Шамырқанған Махамбет, толғанған Абай, жыр төккен Жамбылды домбырасыз елестету әсте мүмкін емес. Домбыра – қазақтың жауына қару, жанына дәру еткен жан серігі. Ұлт аспа­бына арнайы күнтізбеден орын берілуін ел ерекше ықы­ласпен қабылдады» делінген хатта.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласында «Ұлттық жаңғыру ұғымының өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар: біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық бол­мыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп жазды. Осынау қазақтың қылыштан өткір, құрыштан берік арналы аспабын ұлықтау, домбыра дәуірін қайта жаңғырту ұлттық болмыстың өзегін сақтауға бағытталғандай. Осы турасында хатта «Ұлт жадының тұғырнамасы болған «Рухани жаңғыру» мақалаңыздан кейін ұлт өнері ерекше қамқорлыққа алынып, бастамаңыз кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі – Ұлттық домбыра күні. Бұл мерекенің өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол болады деп сенеміз. Мәселен, «Рухани жаңғыру» аясында екінші рет ұйымдастырылған «Мен қазақпын» мегажобасы сіздің ұлт өнерінің насихатына бағытталған баста­маңызды одан әрі жалғастырып, өнерлі жастарды насихаттап, ұлт өнерін дәріптейді» деп жазыпты зиялы топ.
Хатқа еліміздің өнері мен мәдениетіне еңбек сіңірген халық артистері мен қайрат­керлері қол қойған. Әнші, профессор Қайрат Байбосынов, әнші-жыршы Бекболат Тілеухан мен Ұлжан Байбосынова, дәстүрлі әншілер Рамазан Стамғазиев, Толғанай Сембай, Айгүл Қосанова, күйшілер Жанғали Жүзбай, Жарқын Шәкәрім мен Айгүл Үлкенбаева, қобызшы Әлқуат Қазақбаев, тер­меші Айгүл Елшібаева мен Ардақ Балажанова, Ұлттық арнаның басқарма төрағасы Ерлан Қарин, сондай-ақ «Мен қазақпын» жобасының авторы Қуаныш Сүлейменов құрметпен ықылас, айрықша алғысын білдірген. «Қазақтың ән-күйін нақышына келтіре орындап, жаныңызға азық етумен ұлт өнерін ұлықтауда еңбегіңіз айрық­ша. Осы ретте ұлт өнерінің алғы сапында жүрген барлық өнерпаздың атынан және қалың бұқара халықтың атынан ұлттық аспабымыз – қос ішекті домбыраға көрсеткен ерекше ықы­ласыңызға айрықша алғыс білдіреміз!» деп аяқталады алғысхат. Мәде­ниет пен өнер элитасы бұл күннің қоғамды ұлттық жаңғыру идеясына топтастыратына сенім де білдіріпті.

Айдана Нұрмұхан

Бөлісу:

Пікір жазу


*