ЖЕТІСУ ЖЕРІНДЕГІ ЖЕТІСТІКТЕР

852
0
Бөлісу:

Елімізде бәсекеге қабілетті цифрлы орта қалыптастырып, жастардың бұл бағыттағы бейімділігін арттыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы бірқатар жаңа жобаларды қолға алғаны белгілі. Бүгінде аталған тың баста­малар бойынша Алматы облысында ауқымды жұмыстар атқа­рылуда. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында ІТ сынып пен ІТ орталық ашылып, мектеп оқушылары қазіргі заманғы бағдарламалау тілдерін және робот техникасының негіздерін тегін үйренуде. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматы облысына арнайы барып, осы бағыттағы жұмыс барысымен танысты. Сапар бары­сында ол облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге бірқатар әлеу­меттік нысандарда болып, партияның облыстық активімен кездесті.

Бүгінде Елбасы – партия Төрағасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясын жүйелі жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бастама партия қызметінің барлық саласын қамтиды. Халық аталған жұмыстардың игілігін көру үшін нұротандықтар нақты жобаларды қолға алып отыр. Атап айтқанда, еліміздегі цифрландыру үдерісіне үлес қосып, азаматтардың цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында еліміз бойынша тегін ІТ сыныптар ашылуда. Тек Алматы облысының өзінде алдағы үш жылда 62 осындай сынып пен робот техникасына арналған 19 кабинет ашылмақ.
Қазірдің өзінде мұндай сыныптардың бірі Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында ашылды. Бұл жерде жыл соңына дейін 900-ге жуық мектеп оқушысы STEM оқыту жүйесі бойынша заманауи бағдар­ламалау тілдерін үйреніп, тегін білім алады. STEM оқыту бағдарламасын «Болашақ» бағдарламасының түлектері, бір топ өнертапқыштар ойлап тапқан. Бұл бағ­дарлама бойынша балалар командалық жұмыс бойынша тәжірибелерін шыңдап, ғылыми-техникалық білімді шынайы өмірде қолданудың қыр-сырын меңгереді. Сондай-ақ аталған жүйе креативті ойлауға баулып, жастардың техникалық пәндерге деген ынта-жігерін оятуға бағытталған. Бүгінде бұл бағ­дарламаға бірқатар шет мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Тіпті жобаның франшизасы АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Австралия, Қытай, Оңтүстік Корея және Израиль елдеріне сатылып та үлгерген.
«Нұр Отан» партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл жұмыстардың барлығы еліміздің дамыған мемлекеттердің алдыңғы легіне қосылуы жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
– Қазіргі кезде технологияның қар­қынды дамуына байланысты кейбір мамандықтар өзінің маңыздылығын жо­ғалтып, тіпті бірқатары мүлдем жойылуда. Керісінше, ІТ саласының білгірлеріне деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Сондықтан біз жастарымызға болашағы бар мамандықтарды оқытуды қолға алдық. Осындай ІТ сыныптарда оқыған жас жеткіншектер келешекте басқа саланы таңдаса да бұл жерде алған білімдері олардың ойлау қабілетіне оң әсерін тигізіп, алдағы өмірлеріне азық болары сөзсіз. Сондай-ақ мұндай жобалар арқылы партия «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын жүзеге асыратын білікті мамандар даярлап, оның тиімді орындалуына да өз үлесін қоспақ, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Нұр Отан» партиясы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйым мен бизнес қауым­дастық өкілдерімен бірлесіп, алдағы үш жылда еліміз бойынша тегін 1000 ІТ сынып ашуды жоспарлап отыр. Онда бағдарламалау мен робот техни­ка­сының негіздері бойынша мектеп оқушыларына терең­детілген білім алуға барлық жағдай жасал­мақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жоба бойынша жылына 150 мың бала білім алады. Бүгінде ел эко­номикасын цифрландыру ісінде білікті мамандардың жетіспейтінін ескерсек, партияның бұл тың бастамасы аталған мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Тағы бір партиялық жоба аясында таяуда облыс орталығындағы агротех­никалық колледжде білікті ІТ мамандар даярлайтын ІТ орталық ашылды. Бұнда базалық білімі бар және қосымша мамандық алғысы келетін кез келген азамат бағдар­ламалау тілдерін үйренетін болады. Қазіргі таңда әлемдік фриланс нарығында програм­мистерге деген сұраныс өте жоғары. Сон­дықтан бұл бастама еліміздегі жұмыссыз жастардың жаңа табыс көзін меңгеруіне мол мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде Тал­дықорғандағы орталықта ауыл мектеп­теріндегі инфор­матика пәнінің мұғалім­дері білімдерін жетілдіруде. Алдағы уақытта бұл жерде білім алатын азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіргендер арасынан іріктеліп, қабылданбақ. Орталық түлектерінің жұмыспен қамтылуына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетеді. Бұл жөнінде партия мен палата арасында екіжақты келісім бар.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев өңірдің кәсіпкерлерімен кездесіп, партия тарапынан кәсіпкерлік саланы қолдау мәселесін сөз етті. Өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлер партияның шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қолға алған Бірыңғай геоақпараттық онлайн сервис порталын құру бастамасы туралы пікірлерін білдіріп, бұл жоба коммерциялық жер телімдеріне қатысты сыбайлас жемқорлық­тың айтарлықтай азаюына және аталған жұмыстардың ашық әрі әділ жүргізілуіне үлкен септігін тигізетініне сенім білдірді.
Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Алматы облысында кәсіп­керлікті дамыту бағытында айтарлықтай жетістікке қол жеткізілгенін атап өтті.
– Кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі шағын және орта бизнес екені белгілі. Мемлекетке түсетін салық пен жұмыс орын­дарының саны жағынан да бұл саланың маңызы зор. Халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы да шағын және орта бизнеске тікелей қатысты. Осы бағытта Алматы облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл бағытта «Нұр Отан» партиясы да Елбасының тікелей тап­сырмасымен бірқатар нақты жоба­ларды қолға алды. Соның аясында коммерциялық мақсаттағы жер телімдері бойынша кәсіпкерлерге қажетті барлық ақпараттар қолжетімді болатын бірыңғай портал құрылады. Бұл жоба «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүзеге асырылады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыстық жобалық кеңсесінде болып, оның жұмысымен танысты. Бұндай кеңселер бүгін­гідей жаһандану дәуірінде қазақстандық руханият пен мәдениеттің қаз-қалпында сақталуын және жастардың тарихты құрметтеп, патриоттық рухта тәрбиеленуін қамтамасыз етеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстармен танысқан Мәулен Әшімбаев партияның «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының жүзеге асырылуына үлес қосу мақсатында отандық кітапханалардың жұмысын жаңғыртып, коворкинг-орталық­тар ашып, жастардың ағылшын тілін үйренулеріне жағдай жасауды қолға алға­нын, сол бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Сондай-ақ сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасы алға қойған мақсат-міндеттерді пысықтады. Нақты айтқанда, 1 маусымда өткен Саяси кеңес­тің отырысында партия Төрағасы мақұлдаған жаңа партиялық жобаларды жүзеге асыру және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу жұмыстары жан-жақты талқыланды.


Залқарбек МҰРАТӘЛИҰЛЫ,
STEM орталығының
коммерциялық директоры:
– Біздің оқыту бағдарламамыз бойынша мектеп оқушылары бағдарламалау, робот техникасы негіздерін кезең-кезеңімен мең­геретін болады. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды «Нұр Отан» пар­тиясының «тегін 1000 ІТ сынып» жобасы бойынша бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Алматы облысымен қатар қазірдің өзінде Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Астана қаласында өз сыныптарымыз­ды ашып үлгердік. Әр сынып тиісті технологиямен және біздің оқыту бағдарламамызбен жабдықталған. Бұл жерде мектеп оқушылары 3 модуль бойынша білім алады. Сондай-ақ мұнда барлық материалдар қолжетімді. Яғни, олар қажетті бағдарламаларды интернет арқылы көшіріп алып, үйлерінде жұмыс істеуге де мүмкіндік бар. Бұндай сыныптардың дәстүрлі информатика пәнінен басты айырмашылығы, бұл жерде бағдарламалау тілдері тереңдетіліп оқытылады. Ал мектеп бағдарламасында ол салалар көбіне жалпылама түсіндіріледі. Сондай-ақ біздің сыныптарда робот техникасы мен 3D модельдеуді де меңгеріп, осы салада білікті маман болып шығуға алғышарт жасалады.

Дәурен ЖҮНІСОВ,
Алматы облыстық
білім басқармасының басшысы:
– Әлемде ІТ саласы өте жедел дамығандықтан, көптеген елдер осы секторға ерекше ден қойып отыр. Тіпті Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты елдер IT-ді ел экономикасын дамыту­дың тетігі ғана емес, күшті ұлттық қару деп қабылдайды. Ең дамы­ған 30 елдің қатарына кіруді көздейтін біздің елімізде де бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Елбасының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қолға алған жаңа жобаларды ерекше атап өткен жөн. Біздің облысымызда партияның IT мамандар даярлау мен IT сыныптар ашу бастамасы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба бойынша облыста арнайы орта білім беретін
2 колледжде ІТ орталықтар ашылып, ауыл мектептерінің информатика пәні мұғалімдеріне бағдарламалау тілдерін үйрете бастады. Болашақта жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды оқыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ жоба аясында алдағы үш жылда облысымызда тегін 62 ІТ сынып ашылмақ. Аталған сынып пен орта­лықтарда балалар халықаралық стандарттарға сай арнайы бағдарламалау тілдерін меңгереді. Бұл бастама мек­тептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс ретінде жүргізіледі. Партияның мектеп асханаларын жаңғыртып, ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйретуге бағытталған бастамалары да облысымызда жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Алмас ӘДІЛ,
Алматы облысы
Көксу ауда­нының әкімі:
– «Президенттің, бес әлеу­меттік бастамасының» жүзеге асыры­луына қоғамдық бақылау жүргізу «Нұр Отан» партиясына жүк­телгені белгілі. Сол мақсатта арнайы республикалық қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады. Осыған орай, партия­ның Көксу аудандық филиалы­ның ұйытқы болуымен ауданда 10 ақпараттық насихат тобы құрылып, оған 106 белсенді партия мүшелері, депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары енді. Бүгінге дейін жұмыс тобы 44 кездесу, дөңгелек үстел мен әртүрлі форматтағы шаралар ұйымдастырып, белсенді жұмыс істеуде. Бес бастама аясындағы жұмыстарға келер болсақ, ауданымыздағы Балпық би ауылында «7– 20 – 25» бағдарламасы бойынша 20 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұдан басқа, алдағы уақытта аталған ауылда 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Екінші бастама бойынша ауданда 4 мыңға жуық жұмысшының жалақысы өсетін болады. Басқа бастамалар бойынша да ауданымызда көптеген игі істер қолға алынды. Елбасының партия Саяси кеңесінің отырысында «Партия – іскерлігі мен белсенділігі сұрыпталып, білім мен білігін көрсете білген нағыз патриоттардың жұмыс орны» деп дөп басып айтты. Шын мәнінде, партияның жергілікті жерде беделінің артуы және партия мүшелерінің сапалық жағынан нығаюы ел үшін адал қызмет ететін азаматтардың еңбегімен келеді. Сондықтан бүгінде ауданда партиялық кадрлық резервке белсенді, өз ісіне мығым мамандарды тарту жұмысын қолға алдық.

Бота ЕЛЕУСІЗОВА, 

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылының әкімі,

«Түрген» бастауыш партия ұйымының төрайымы:
– «Нұр Отан» партиясының бастамашыл стратегиялық жоба­лары 500-ден аса мүшесі бар «Түрген» бастауыш партия ұйымындағы партия мүшелеріне де ерекше серпіліс берді. Партияның жаңа жобаларының жастардың ойлау қабілетінің шыңдалуына, заманауи технологияларды пайдалануына, жаңашылдыққа даяр болуына, болашаққа деген ұмтылысын қалыптастыру ісіне бағытталғаны ата-аналарды қуантады. Елбасының қатысуымен өткен партия Саяси кеңесінің отырысында айтылған әрбір тапсырманың маңыздылығын ескере отырып, бастауыш партия ұйымындағы белсенді кәсіпкерлеріміз де жобалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосуда. Ауыл халқы қазірдің өзінде екі бірдей партиялық жобаның игілігін көруде. Қазіргі кезде колледж студенттерінен құрылған 12 еріктіні жазғы лагерлердегі 575 баланы замануи әдістер арқылы ағылшын тілін үйретуге жібердік. Сондай-ақ мектептердегі футбол алаңдарын қайта құру жобасы бойынша белсенді партия мүшесі, кәсіпкер Саят Мұхамеджанов ауыл жастарына арналған құны 8 млн тенгені құрайтын футбол алаңын салып, сыйға тартты. Бүгінде ол жерде 80 бала арнайы кестемен футбол ойнауға машықтануда. Жақын арада ауданымызда Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жангелді Көшімбайұлының қолдауымен ІТ сынып ашу жоспарланып отыр. Онда 72 бала сабақтан тыс уақытта бағдарламалау, веб сайттар құру, 3D модельдеу, анимациялау, дизайн, архитектура, робот техникасын игеру машықтарын үйренеді. Сонымен қатар Түрген ауылындағы кітапхана қазіргі заманғы коворкинг және білім орталығы ретінде қайта құрылу жолында өз жұмысын жаңа үлгіде бастауды қолға алды.
Ерболат ТҰРЫМБЕТОВ,
«Нұр Отан» партиясының Алматы облысы

Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Партиялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында ау­данымызда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Мектеп алаңдарын қайта жаңғырту» жобасы аясында Іле ауданында спорт алаңдарының саны мен сапасына мониторинг жасалып, кәсіпкерлермен келісімдер жүргізілді. Соның нәтижесінде, Өтеген батыр кентінде жеке кәсіпкердің қолдауымен жақында 20 млн теңгеге 2 шағын футбол алаңы салынса, шалғай Ақши ауылында балалар спорт алаңы, Қараой ауылында жағажай волейболына арналған спорт алаңы салынып жастардың, жасөспірімдердің спортпен айналысуына, футболмен шұғылдануына оң әсерін тигізді. Партиялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында аудандық партия филиалының төрағасы бекіткен желілік кестедегі іс-шараларды 11 мыңнан астам партия мүшесі, мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, кәсіпкерлер мен жасотандықтар өз жұмыстарын бастап кетті.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*