Қаралы қалам қалтырап, жаралы жүрек жылап тұр…

657
0
Бөлісу:

О, Аллай-Аллай-ай… Жарық дү­ние жалған-ай. Қара түнді жамы­лып Астанадан қаралы ха­бар жетті. Мезгілсіз телефон шал­ған Ербол бауырым Искан­дер Сүлейменовтің жол оқиға­сы­нан қаза тапқанын тілі күр­меліп, әрең айтты. Қыз­меттес жолда­сы­ның қазасына қай­ғыр­ғаны дау­сының дірі­лі­нен­ аңғарылып тұр. Бұл қай­ғы­лы хабарды естігенде есеңгіреп, есімді әзер жидым.

Искандер – ұлы ақын, Олжас Сүлейменовтің жанындай жақсы көретін сүйікті немересі. Париждегі Сорбонна университетін үздік бітірген ол – Астанада отандық үлкен компанияда жұмыс істеп жүрген білікті маман. Бірнеше тіл білетін алғыр, ақылды жас. Небәрі 26 жаста. Елге қызмет ететін, тәуелсіз түлектерінің бірі. Олжас атасы сияқты бойы биік, ойы терең еді.
Оны сырттай ғана білетінмін. Астанаға барған кезекті сапарымда, немерем Меруерт пен Ерболдың шаңырағына шақырып дастарқан жайып күттім. Екеуміз біраз сырластық. Сонда ол күзге қарай үйленетінін айтып, «Олжас досыңыз екеуіңіз тойымның төрінде тізе қосып, қатар отырасыздар» деп қуантып еді…
Енді, міне, адамзаттың дұшпаны арсыз ажал арамыздан тым ерте алып кетті.
Қаралы қалам қалтырап, жаралы жүрек жылап тұр… Жаныңдай жақсы көретін досыңның жанынан артық көретін немересінің қазасы жайлы ақ қағазға қара сиямен қаралы сөз жазудан асқан азап бар ма екен? Бірақ, амал не, Алла басқа салған соң жанымды жеп жазып отырмын қоштасу сөз дейтін жоқтауды.
Тас түскен жеріне ауыр. Менің жайым бұлай болғанда Искандердің қан қысымы жай күндері де жиі көтерілетін әжесі Маргарита Владимировнаның Алматыдан алыстау дем алып, ем алып жатқан жерінен жүрегі қайғы еміп, жүйкесі жұқарып жеткен атасы сексеннен асқан Олжастың, Италиядан жанұшыр ұшқан Мәдинаның, шетелден алқынып жеткен туған әпкесі Каринаның халі қандай екені белгілі ғой. Алла өзі жар болып, аман сақтасын оларды.
«Қайғыны бөліссе азаяды. Осы қиын күндерде халықтың сіздерге деген құрметі мен қолдауы ауырды жеңілдетсін, болған іске болаттай болыңыздар» деп жұбатудан өзге не келеді біздің қолдан.
Өмірден өте ерте озған Искандердің жаны жәннатта болсын!

Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бөлісу:

Пікір жазу


*