Мүгедектерге арналған оңалту орталығы салынады

813
0
Бөлісу:

Бұған дейін ғимаратты жалға алып, өзінің жұмысын жүргізіп келе жатқан жеке кәсіпкер, бірінші топтың мүгедегі Рауан Рауылбеков енді өз алдына жеке оңалту орталығын ашуды көздейді. Бүгінгі күні алғышартты жұмыстарын да қолға алып отыр. Жеке кәсіпкер өткен жылы жобасын қорғап «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамыту бірыңғай бағдарламасы аясында 3 миллион теңге сомасында грант ұтып алады. Жалпы, ұсынып отырған жоба – ол аймақтағы мүгедектерді оңалту орталығының құрылысы мен жұмысын жүргізу. Шындығында, бұл өңірде бұған дейін қолға алынбаған алғашқы жоба болып тұр. Ал соңғы 18 жылдың көлемінде кәсіпкерлік саласында жұмысын дөңгелетіп келе жатқан Рауан алға қойған мақсатына жету жолында тынымсыз еңбектің бағасы жоғары дейді.

«Әрине, бұл пилоттық жоба болғандық­тан, ал­ғашқы кезде ғимаратты жалға алып, жұмысты жүр­гізіп көрген едік. Пилоттық жоба деп отыр­ға­ным – «Қайсар» омыртқасы зақымданған мүгедектерді физикалық оңалту орталығы. Кейін күн суыған уақытта жалға беруші тара­пы­нан жалға алу құны көтеріліп, жұмысты тоқ­татуға мәжбүр болдық. Оның үстіне, өзіңіз бі­лесіз мойын омыртқасы зақымданған мүге­дек­терге көп жағдай жасалуы керек. Сөйтіп, жұ­мыс өткен жылдың 26 қазанында тоқтады. Ке­лісімде 26 сәуір мен 26 қазан аралығын қам­тыған болатын. Қыс айларында жұмыс істеген жоқ­пыз» дейді әлеуметтік кәсіпкер.
Дегенмен биылғы жылы жаңа «Мүгедектерді оңалту орталығын» ашуды қолға алды. Осы жыл­дың сәуір айында Рауан Рауылбеков жеке кә­сіпкерден жер учаскесін сатып алды. Жер те­лімі үлкен емес, дегенмен бір қабатты оңалту ор­талығын салуға мүмкіндік бар.
«Шынын айту керек, қазір құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуге аз-маз кедергілер бар. Өзімнің же­ке кәсіпкерлік нысаным бар. Мысалы, көлік­терге сервистік қызмет көрсету кәсібін жүр­гіземін. Бұл – қосымша қаржы табу көзі. Мүге­дектерге арналған жаттығу құрылғыларын алып-сатумен айналысамын. Жоғарыдағы «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ая­сында үш миллион теңгеге ие болдым. Бүгінгі күн­ге бұл қаржының екі миллион теңгесін игер­дім. Енді облыстық кәсіпкерлік басқармаға хат­пен шығып отырмын. Өйткені қалған бір мил­лион теңгені құрылыс жұмыстарына жұм­сау керек. Жалпы, бағдарламада көр­сетілген та­лап­тардың барлығын орындап отырмын» дей­ді Рауан.
Өңірдегі мүгедектердің жағдайына барын­ша қанық кәсіпкер өз тарапынан оңалту құрыл­ғы­ларын да жасап отыр. Бүгінде ол бел омырт­қасы және мойын омыртқасы зақымданған мүге­дектерге арналған жаттығу құрылғыларын жа­сап, сатады. Рауан құрастырып, сататын бұл құ­рылғылар Польша мемлекетінде құрасты­рыл­ған (жүру иммитатор имитроны) құрыл­ғы­ның баламасы.
«Әрине, бұл құрылғының мүгедектерге қо­лай­сыз тұстарын зерттеп, өз құрыл­ғымызда он­дай олқылықтарды реттедік. Көбіне мүге­дек­тердің мұндай құрылғыларға қаржысы да же­те бермейді. Ондай жағдайда демеушілердің, ме­ценаттардың қаржысына сатып алады» дей­ді кәсіпкер.
Бүгінгі күні кәсіпкер мүгедектерге арналған жат­тығу құралдарын қажет еткен оңалту меке­мел­еріне уақытша да беріп отыр. Ал жағдайлары кел­генде сатып алады екен.
Кәсіпкердің айтуынша, жеке оңалту орта­лық болмаса, жалға алу тиімсіз болып тұр. Әри­не, облыстық әлеуметтік бағдар­ламалар бас­­­қармасы тарапынан оларға уақытша ғи­марат тауып беру жөнінде ұсыныстар болды. Де­­генмен бұл да тиімсіз. Өйткені мүгедектерге ар­налған мекен болғандықтан, онда кондицио­нер, жылы еден, барлық қызмет ұсынатын жағ­дайдың талапқа сай болу керек. Енді осы оңал­ту орта­лығының құрылысын жүргізуге кәсіпкер мықтап кіріспек. Тек жергілікті билік тара­пынан да қолдау қажеттілігі туындап отыр.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2017 жылдың бі­рін­ші тоқсанында мүмкіндігі шектеулі адам­дар саны 652 мыңды құраған, оның ішінде 400 мың адам түрлі деңгейде еңбекке жарамды.
Тағы бір айта кетерлігі, мүгедектерді оңалту ор­талығының қызметі кіріс әкелетін кәсіп түрі­не жатпайды. Мұнда тек қызмет ұсынылады. Сон­дықтан бірден болатын пайда көзі деп есеп­теу ерте. Ал орталық өз қызметін бастаған кез­де қосымша жұмыс орындарын да ашу көз­делген. Орталық 10-15 мүгедекке арналады.
Алғашқы кәсібін Рауан «Рауылбеков» жеке кәсіпкері ретінде ата-анасының үйінің алдын­дағы гаражда көлік жөндеуден бас­та­ған. Бүгінгі күні кәсібін де кеңейтіп, дөң­гелетіп отыр. Көмекшісі – ата-анасы. Әйелі Айгүл Рауылбекова да бірінші топ мүгедегі. Ол да Рауан­ның белсенді көмекшісінің бірі. Қолынан кел­мейтіні жоқ. Мүгедектерді оңалтуға арнал­ған құрылғы­лардың жұмыс істеуі үшін, арнайы мүгедектер қолғабын тігіп, дайындайды. «Аман­дық болса, алдағы жаз ортасында оңалту орта­лығының құрылысын бастайтын болсам, бір ар­манымның орындалғаны болар» дейді біздің кейіп­керіміз.

Ерман Әбдиев,

Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*