Тартысты дода күтіп тұр

901
0
Бөлісу:

Футболсүйер жанкүйерлер үшін Әлем чемпионатының әр ойыны маңызды. Бүгінде дүбірлі доп додасының қызығы да әлі жалғасып жатыр. Жеңіске пара-пар ойындар, соңғы кезде соғылған голдар, көпшілік күтпеген нәтижелер, алаңдағы қуанышқа, өкінішке толы сәттер көрермендердің жадында сақталары анық. Бұл – Әлем чемпионаты. Мұндағы әр ойын тартысқа толы өтеді.
Біз осы ретте Әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі (ІІ тур) соңғы ойындарға қысқаша шолу жасап көрген болатынбыз.

Бразилия мен Швейцарияның маңызды жеңісі

Е тобындағы үздік құрамалардың бірі Бразилия топтағы екінші кездесуінде Коста-Риканы 2:0 есебімен жеңді. Қос гол да ойын аяқталар тұста соғылды. Жеңісті голдардың авторы – Коутиньо мен Неймар.
Осы топтағы Швейцария құрамасы Сербия­ны 2:1 есебімен ұтып, 3 ұпайға ие болды. Плей-офф жолдамасының иегерлері соңғы турда анықталатын болды.
Сербтер бірінші таймда қарсыластарын 1:0 есебімен жеңген. Егер осы есепті сақта­ған­да Сербия құрамасы 1/8 финалға шығар еді. Алай­д­а екінші таймда швейцариялық футбол­шылар таразы басын теңестіріп қана қоймай, жеңіске бастар жолды тауып кетті. 52-минутта Гранит Джаканың, 90-минутта Джер­дан Шакиридің соққан голы Швейца­рия­ға жеңіс сыйлады.
Қазіргі таңда топтағы Бразилия мен Швей­ца­рия құрамаларында 4 ұпайдан бар. Сербия­да – 3 ұпай. Плей-офф жолдамасынан үмітін үзген Коста-Рика құрамасының қоржы­ны бос тұр. Топтағы үшінші ойында Бразилия Сербия­мен, Швейцария Коста-Рикамен кездеседі.

Нигерия – құтқарушы,
Муса – үздік ойыншы

D тобының екінші турында Нигерия мен Ислан­дия құрамалары кездесті. Матч Нигерия­ның пайдасына шешілді. Есеп – 2:0. Ойын­ның 49 және 75-минуттарында шабуыл­шы Ахмет Муса гол соғып командасын жеңіс­ке бастап қана қоймай, бұл топтағы Аргенти­на құрама­сы­на да келесі кезеңге өтуге мүмкін­­дік сый­лады.
Келесі ойында нигериялықтар Аргентина құрамасымен кездеседі. Ал Исландия соңғы турда хорваттармен күш сынасады. Бұл топта Хор­ватия 6 ұпаймен көш бастап тұр. Ни­герия­ның еншісінде 3 ұпай бар. Аргентина мен Исландия бір ұпайдан еншіледі. Бір қызы­­ғы үш құраманың да келесі кезеңге өтуге мүм­кіндігі бар. Қай құраманың «асығы алшы­сы­нан түсерін» алдағы маңызды ойын көрсетеді.

Бельгия мен Англия
ірі есеппен жеңіске жетті

G тобындағы Бельгия мен Тунис құрама­ла­ры арасындағы ойында жалпы саны 7 гол соғылды. Ал кездесу 5:2 есебімен еуро­па­лық­тар­дың пайдасына шешілді. Бельгия сапынан Азар мен Лукаку дубль авторы атанса, ал Бачуайи командасының бесінші добын салды. Тунис құрамасының сапынан Бронн мен Хазри көзге түсті.
Ағылшындар Панаманы 6:1 есебі­мен жеңді. Ойынның алғашқы бөлігінде қарсылас команданың қақпасына жауапсыз 5 гол соққан Англия құрамасы Әлем чемпионатындағы нәтижелі ойындарының бірін көрсетті. Екінші таймда да ағыл­шындардың басымдығымен өтті. Кездесудің 62-минутында Харри Кейн хет-триктің авторы атанып, сұрмергендер тізімінде пор­ту­галдық Криштиану Роналду мен Ромело Лукаку­­ды артта қалдырып кетті. Десе де өз еліне құрқол қайтуды құп көрмеген пана­ма­лық­тар ойынның соңғы минуттарында есеп айырмасын қысқартты. 78-минутта гол соқ­қан Фелипе Балой Панаманың Әлем бірін­ші­лігінің финалдық кезеңіндегі тұңғыш голы­ның авторы атанды. Есеп – 6:1. Айта кетейік, ағылшындар Әлем чемпионаты тарихында алғаш рет 6 гол соғып отыр.

Көш басында Мексика

F тобындағы Оңтүстік Корея мен Мексика құрамалары арасындағы ойын 1:2 есебімен аяқталды. Ойындағы бірінші голды Карлос Вела салды. 66-минутта мексикалық шабуылшы Хавьер Эрнандес есепті 0:2-ге жеткізді. Бұл гол Эрнандестің Әлем чемпио­нат­тарында соққан 50-голы. Қарсыластары­нан екі доп өткізіп алған Оңтүстік Корея құрамасының сапынан 93-минутта Сон Хын Мин көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты.
Осы топтағы Германия мен Швеция құрамалары арасындағы ойын немістердің жеңісімен аяқталды. Алғаш боп шведтерден Ула Тойвонен допты қақпаға енгізгенімен, екінші таймда Марко Ройс гол салып, таразы басын теңестірді. Алаң­­да он ойыншымен жүріп жеңіске ұмтыл­ған жігерлі Германия құрамасының сапынан 95-минутта Тони Кроос айып соққысын орындап, командаға жеңіс сыйлады.
Мексика құрамасы екі ойында 6 ұпай жи­нап, F тобында бірінші орында келеді. Сәйке­сінше, Оңтүстік Корея екі турда да ешқан­дай ұпай ала алмады. Германия мен Шве­ция құра­маларында 3 ұпайдан бар. Үшін­ші кездесудегі шешуші ойындар қызыққа толы болмақ.

Польша жарыстан шығып қалды

Н тобында Жапония мен Сенегал коман­да­лары кездесті. Бірінші турда қарсы­лас­тарын тізе бүктіріп, үш ұпайға ие болған қос құрама үшін бұл кездесу де маңызды болатын.
Ойын сенегалдықтардың қарқынды шабуыл­­­дарымен басталды. Жапон қақпа­шы­сы Кавасима 11-минутта Сабалидың соққы­сын қайтарамын деп, Сенегал құрамасының капитаны Садио Маненің аяғына допты өз қолымен салып берді. Мане өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Алға ұмтылған Жапония құрамасы таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Сөйтіп, 34-минутта өз дегеніне жетті. Нагатомо алыстан берілген допты әдемі тоқта­тып, Инуиға сырғытты. Такаси қақпа бұрышын дәл көздеп есепті 1:1-ге жеткізді.
Екінші тайм да Сенегал футбол­шы­ла­ры­ның шабуылымен басталғанымен, жапондар да қарап қалмады. Бірнеше рет қақпаға қауіп төндірді. 71 минутта сенегалдық футболшы Мусса Ваге өз құрамасын есепте алға шығар­ға­нымен, 78-минутта сенегалдық қорғау­шы­лар­дың қателігін ұтымды пайдаланған Кэй­сукэ Хонда есепті теңестірді. Ары қарай қос құра­ма­ның футболшылары толассыз шабуыл­­дар ұйымдастырғанымен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Польша мен Колумбия құрамалары ара­сын­­дағы ойын 0:3 есебімен аяқталды. Есепті алғаш болып 40-минутта Мина ашты. Екінші тайм­да Фалькао есепті еселей түсті. Араға 5 минут салып Куадрадо командасының үшін­ші голын соқты.
Сенегал мен Жапония құрамаларының еншісінде әзірге 4 ұпайдан бар. Бұл – Н то­бын­да жолдама үшін тартыс одан сайын қыза түсті деген сөз. Бір ойында жеңіліп, бір ойын­да жеңіс­ке жеткен Колумбия құрама­сы­ның топ­тан шығуға мүмкіндігі әлі сақтаулы. Ал Польша үшін Әлем біріншілігі тәмам.
Соңғы турда, яғни 28 маусым күні Вол­гог­радта Жапония – Польша, Самарада Сенегал – Колумбия құрамалары өзара сынға түседі.

ТҮЙІН:

Ресей еліндегі Әлем чемпио­на­ты­ның нақ қызған шағы. Алда – шешуші ойындар. Үшінші кездесуде келесі кезеңге жолдама алған құрамалар толықтай белгілі болады. Әзірге Ресей, Уругвай, Фран­ция, Хорватия, Англия, Бельгия құрамалары топ­тан шығып қойды. Ал Панама, Сауд Арабиясы, Тунис, Оңтүстік Корея, Польша, Египет, Марокко, Коста-Рика, Перу құрамалары жарысты ерте аяқтады. Олар үшін топтық кезеңдегі үшінші ойынның еш маңыздылығы жоқ. Қалған құрамалардың жарыс жолындағы тағдыры жақын күндері анықталмақ.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*