Ұялы телефонды тіркеу кімге қажет?

5383
5
Бөлісу:

Соңғы кез­дері халық арасын­-да ұялы байланыс теле­фондарын тіркеу мәселесі жиі айтылып жүрген еді. Бүгінде бұл әңгіме шын­дыққа айналып үл­герді.

Таяуда Орталық комму­никациялар қызметінде Ақ­парат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қа­тысуымен баспасөз мәслихаты өткен болатын. Кездесу ба­ры­сында министр ведомствоның бір жыл көлемінде атқарған жұ­мыстары мен алдағы жоспар­лары туралы айтты.
Бұл іс-шараға қатысу­шы­лардың арасында орталық мем­лекеттік органдардың, министр­лікке қарасты қоғамдық кеңес пен БАҚ-тың, байланыс опе­ра­торларының, IT компаниялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды. Кездесу кезінде министрдің блогы мен call-ор­талық арқылы сұрақтарды қа­былдау ұйымдастырылып мем­лекеттік қызмет көрсету сапасы, БАҚ туралы заң, «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасы және ұялы байланыс оператор­лары­ жұмысының мән-жайы баян­далды.
Баяндамаларының бірінде ұялы байланыс телефондарын тіркеу жайын сөз еткен министр бұл мәселенің жуық арада жүйе­лі түрде іске асатынын жеткізді.
«Негізі, барлық проце­дура­лық мәселелер шешілген. Тіркеу шаралары шамамен жарты жылға созылады. Дегенмен біз аталған жұмысты барынша оң­тайландыруға тырысамыз. Мы­салы, абонентке SMS-xабарлама келеді. Ол өз келісімін берсе болды. Бұл жағынан қиындықтар туындаса, жақын жердегі ұялы байланыс кеңсесіне бару қажет. Сосын онлайн тіркеу қызметін де іске қосуды жоспарлап отыр­мыз.

Құрылғыны тіркеу үшін не істеу керек?

Сонымен, жылдың аяғына дейін елі­міздегі барлық тұр­ғындар ұялы телефондарын тір­кеуден өткі­зетіні белгілі болды. Ал оны тір­кеу үшін қандай алғы­шарттар­ды орындау керек? Ен­деше, осы мәселеге тоқта­лайық.
Ұялы байланыстың або­ненттік құрылғыларын тіркеу 2004 жылдың 5 шілдедегі Қа­зақ­стан Республикасының Заңы­ның 8-бабы, 1 тармағының 8-8 тармақшасына («Байланыс туралы») сәйкес пайда болды. Ережелерге сай, Қазақстан Рес­публикасының аумағына әке­лінген немесе жасалған або­ненттік құралдар міндетті түрде тіркеуден өтулері керек. Жеке тұлғалар үшін тіркеу тегін түрде 4 сағаттың ішінде жүргізіледі, ал заңды тұлғаларды өтініш біл­дірген мерзімнен 8 сағат ішінде тіркейді. Бұл жөнінде хабар­ла­мада «Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелет жасқа тол­ма­ғандардың абоненттік құрал­дарын заңды өкілдерінің ке­лісімімен ғана тіркейді, ал он төрт жасқа толмаған жасөс­пі­рімдердің заңды өкілдері өз ат­тарынан ғана тіркей алады» делінген.

Тіркеу немесе қайта тіркеу үшін байланыс құралының иесі қызметтің автоматтық жүйесіне жүгіне алады немесе байланыс операторының кеңсесіне тө­мендегідей құжаттармен бара алады: 1) ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін); 2) Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды; 3) Тіркелуші абоненттік құрылғыда қолданылатын або­ненттік нөмірлер.
Ұялы телефон қолдану­шы­лары 2018 жылдың соңына дейін құрылғыларын тіркеуі керек, себебі 2019 жылдың 1 қаң­­тары­нан тіркелмеген абоненттер үшін ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді. IMEI-коды бірың­ғай базада тіркел­меген ұялы телефондар жылдың аяғында бұғатталады. Яғни, Лаң­кестікпен күрес туралы заңға сай әрбір байланыс құрылғысының жеке коды арнайы базаға тір­келуі тиіс. Бастысы, бұл шара ха­­лықара­лық тәжірибелерге сүйе­­не отырып жасалмақ.
Ұялы телефондарды тіркеу үшін ұялы байланыс опера­тор­ларының абоненттік бөлім­дері­не барудың еш қажеті жоқ. Бар болғаны, қалта телефоныңызды онлайн режимде немесе SMS (ұялы байланыс опера­торлары­ның интернет-ресурсы және SMS,USSD, т.б.) арқылы тіркей аласыз.
Ол үшін қолданыстағы те­лефонның IMEI кодын және жеке куәлік нөмірін білсеңіз бол­ғаны. Тіркеу онлайн немесе байланыс операторының кең­сесінде жүргізілмек. Ал егер ұялы телефонның нөмірі тір­келмеген немесе басқаның атын­да болса, өзіңізге ауыстыру керек. Әйтпесе, IMEI-код бас­қаның атына жазылып немесе байланыс құрылғыңыз бұғат­талып қалуы мүмкін. Мұндай база ұрланған, болмаса кон­тра­фактілі жолмен келген ұялы теле­фондарды анықтауға, лаң­кестіктің алдын алып, қыл­мыскерлерді табуға таптырмас көмек дейді мамандар. Өйткені қазір смартфонның IMEI коды болғанымен, оның кімге тиесілі екенін анықтау қиынға соғады. Егер базаға тіркеліп тұрса, иесін бірден табуға болады. Ал тір­келмеген телефондар жаппай бұғатталады.

Одан не ұтамыз?

Бұл бастама терроризм және экстремизммен күресті күшейту, сонымен қатар телефон ұрлы­ғының алдын алу үшін қолға алы­нып отырғанын айтады құ­зырлы органдар. Жеке және заңды тұлғалардың ұялы бай­ланыс құрылғыларын тіркеу міндеті 2016 жылы еліміздің «Бай­ланыс туралы» заңына экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейтуге ба­ғытталған түзетулер пакетінің аясында енгізілді. Аталған нор­маны Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК бірлесе отырып әзірлеген болатын.
Қазіргі кезде халық арасында IMEI-кодты тіркеу ережесі ен­гізілгеннен кейін қара нарықта ұялы телефондардың бағасы көтеріліп кетуі мүмкін деген де әңгімелер желдей есіп жүр. Ұялы байланыс операторлары бұл жағдайға қатысты өз пікірлерін білдірді.
Нарықтағы кәсіби ойын­шылардың мәлімдеуінше, жыл­жымалы байланыстың або­нент­тік құрылғыларын тіркеу ережесі әлі әзірленген де жоқ. Сондықтан заң жобасының қалай әрекет ете­тіні және оның телефон на­рығына қалай әсер ететіні әзір­-ше белгісіз. Kcell, Tele2 және Altel компаниялары болса, бір­лі-екілі саудалаушылардағы смарт­фон­дар құны ресми дү­кендердегі дең­гейге жетеді деп санайды.
«Адал сатушылар жеткізу­шілермен тікелей жұмыс істейді, сондықтан олардың бағасы өз­геруі неғайбыл. Ал қара нарық­тағы құны «ресми» бағаға дейін өсуі мүмкін. Алайда бәрі де ере­женің түзілуіне қалай әсер ете­тін­дігіне байланысты» деп тү­сіндірді Tele2 және Altel ком­панияларының баспасөз қыз­меті. Дей тұрғанмен, бұған дейін сатып алынған және шетелден әкелінген телефондарды есепке қою мәселесі түсініксіздеу. Олар­дың тіркеу тәртібі әзір­ленетін ережеде қарастырылуға тиіс деп санайды Kcell. Tele2 және Altel болса операторлар IMEI-код бойынша мобильдік құрылғыларды тексеру жағын қиындатпай, оны өздерінің сайтында қарастырса да болады деген пікір айтты.
Ал Ұялы байланыс компа­ниясының өкілі Олжас Бибанов ұялы телефонды тіркеу жұмысын кешіктірмеген жөн дейді.
«Біз бірінші кезекте SMS-xабарлама жібереміз. Егер келі­сімін берсе, тіркеу жұмыстарын бастаймыз. Азаматтар осы жыл­дың аяғына дейін өз құрылғы­ларын тіркеп үлгеруі керек. Се­бебі, келесі жылдың 1 қаңтары­нан бастап тіркелмеген або­ненттерге қызмет көрсетіл­мей­-ді. Тіркеу барысында базаға
ұялы телефонның IMEI-коды, оның иесі жайлы мәлімет және сәйкестендіру нөмірі енгізілетін болды» деді ол.
Расымен смартфондарды тіркеу – ұрланған және контра­фактілі жолмен келген теле­фондарды анықтау үшін қажет екендігі белгілі. Сол үшін де бұл іске жауаптылар жұмысты те­зірек қолға алуды көздеп отыр. Тіркелгеннен кейін барлық жи­налған деректер де ұялы байла­ныс желісінің абоненттік бөлім­шелерінің бірыңғай дерек­қорында сақталатын болады. Бастысы – қауіпсіздік мәселесі оңтайлы шешімін табады дейді мамандар.

Түйін

Бәрімізге белгілі бол­ған­дай, қазақстандықтар үшін осы жылдың соңына дейін атқарылуы тиіс маңызды істердің бірі – ұялы теле­фондарды тіркеуден өткізу болды. Келер жылдан бас­-тап тіркелмеген телефонды тұтына алмайтынымыз да шындық. Бұл талап заңмен бекітіліп, қазіргі күні Ақпа­рат және коммуникациялар министрлігінің мұрындық болуымен тіркеудің егжей-тегжейлі тәртібі мен меха­низмін әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жақын арада тіркеу де басталаты­нын ұмытпайық.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

5 пікір жазылған

Пікір жазу


*