Бүгінгі банк секторындағы жағдай

918
0
Бөлісу:

Банк секторы – Қазақстандағы ең көп қолдау көрген, субсидия молынан бөлінген сала. 2008 жылы қаржылық жүйеде қиындықтар туындаған шақта ел Үкіметі жүйе құраушы ірі банктер банкротқа ұшырамас үшін, Ұлттық қордан миллиардтаған қаржы бөлді. 2017 жылы банк жүйесін сауықтыру бағдарламасы аясында бөлінген 3 трлн теңге қаражат елдегі жалпы ішкі өнімнің 4 пайызын құрайды екен. Бұл жолы Еуразиялық банк, АТФ Банк, Цеснабанк, Bank RBK, Банк ЦентрКредит сынды әлеуметтік маңызды банктерге қолдау көрсетіліп, халықтың салымы, мемлекеттік және жеке компания­лардың 4,5 трлн теңге көлеміндегі қаржысы сақталған. Қоржынында қайтарымсыз кредиттері толып қалған банктер үкіметке ауыз ашып отыруды дағдыға айналдырып алғандай. Соңғы уақытта банктер­дің берген несиелерінің көлемі де артпай, 2017 жылдың соңында 12,7 трлн теңгені құраған. Осы себепті, Елбасы сәуір айында банк­терді қолдау бағдарламасын тоқтату туралы тапсырма берді.

Көп жылғы қолдаудың нәти­жесінде, ірі банктердің жағдайы біршама жақсарғанымен, кейбір орта банктердің жағдайы аса мәз емес. Мәселен, Ұлттық банктің дерегі бойынша, кейбір банк­тер­дің қайтарымсыз несиелерінің кө­лемі жалпы портфельдің 70 пайызын құраған. Парламент қа­бырғасында өткен тыңдалым­да Данияр Ақышев: «Орта банктер либералды несие саясатын ұс­та­нып, материалдық емес кепілзат негізінде акционерлермен бай­ланысы бар тұлғаларға несие бер­ген. Осындай несие саясатының нәтижесінде орта банктерде үл­кен қаржылық мәселелер туын­дап отыр. Қазіргі кезде олардың «жаман» несиелерінің көлемі
70 пайызды құрайды», – деген еді. Оған қоса, Ұлттық банк төраға­сы екінші деңгейлі банктер өз­дерің жағдайы нашар екенін жасырып келген деп мәлімдеді. Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығы сараптамалық орталы­ғының сарапшысы Мерей Иса­беков бұл ескертпе тек санаулы екінші деңгейлі банктерге қа­тысты және аталмыш банктерге ескерту мен ықпал ету шаралары қолданылғанын айтады.
– Бір жағынан, тәуекелді қа­дағалау банктердің жосықсыз, ала­қол әрекеттерінің алдын алып, жүйелік мәселелерді жоюға мүм­кіндік береді деп ойлаймын. Ал 9 Халықаралық қаржылық есеп­тіліктің стандартына көшу мен жүйелі шегеріс банк секторын объектив бағалауға ықпал етеді. Айта кету керек, Сенатта «Валю­талық реттеу мен валюталық қадағалау туралы» заң жобасы аясында арнайы заң қабыл­дан­ды. Екінші жағынан банк сек­торы – еліміздегі басқа сала­лар­мен салыстырғанда, ең қадаға­лауы күшті, реттелген сала. Реттеу мен бақылаудың күшеюі несие­леудің жандануына кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені бұл бас­тамалардың нәтижесі банктер­дің қарыз алушыларға қоятын та­лабының күшеюіне әкеп соғады. Оның үстіне, бұл мәселелер айқын­­далғанға дейін олардың көпшілігі адал жұмыс істейтін, – дейді қаржыгер.
Ұлттық банк Астана Банкі мен Эксимбанктің жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдап, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашатын лицензиясын тоқтату туралы шешім шығарғаны белгілі. Оның алдында Qazaq Banki ли­цензиясынан айырылған еді. Са­ла­лық заңнаманы бірнеше рет бұзғаны үшін реттеуші орган осын­дай қадамға барған. Астана банкінің лицензиясы тоқта­тыл­ғаны сол екен, салымшылар өз қаражатын шешіп алудың бар­лық жолын қарастырды. Дүрліккен жұрт Астана банкіндегі есепшот­тарынан бір аптаның ішінде 30 млрд теңгені шешіп алған.
Осы орайда экономист Әлібек Аллияров лицензиясы тоқта­тыл­ған банктердің жағдайы расында қиын деп тұжырымдайды.
– Олардың берген несиелері­нің басым бөлігі – қайтарымсыз несие. Сондықтан олардың не­сие­лерін реттеуге қаржысы жет­пей жатыр. Ұлттық банктің шарты бойынша, банктердің NPL көр­сеткіші (90 күнен аса төлем жа­салынбаған несиелер) жалпы порт­фельдің 10 пайызынан ас­пауы керек. Аталған үш банк бұл шарттың үдесінен шыға алмай жа­тыр. Мәселен, Qazaq Bankiнің 90 күннен аса төлем жасалынба­ған несиелерінің үлесі 50 пайызға жетіп қалды. Астана банкінде жұмыс істемейтін карталардың қатары көп және қаржыландыр­ған ірі жобалары жүзеге аспай қалған. Бірақ қазір Ұлттық банк оларға көмектескісі келгенімен, нақты қадамға бармай отыр. Ке­зінде Қазком сынды ірі банктер­ге жақсылап қол созғаны белгілі,– дейді сарапшы.
Қазақстан қаржыгерлер қа­уым­­дастығы сараптамалық ор­талығының сарапшысы Мерей Исабековтің айтуынша, аталмыш банктерге қатысты жағдай қалай өрбитіні анық емес:
– Қазіргі кезде Ұлттық банк ЭксимБанк, Астана Банкі, Qazaq Bank-iнің акционерлері мен ме­неджментімен жағдайды тұрақ­тандыруға бағытталған шара­лар­ды қолға алу турасында келіс­сөз­дер жүргізіп жатыр. Бұл банктер өтімділіктің қажетті деңгейін қа­лыптастыру тұрғысынан қиын­дықтарға ұшырады, сондықтан клиенттер алдындағы міндет­те­мелері шектелген. Барлығы үшін тиімді шешім шығарылады деген үміттеміз. Әзірге жағдайдың қа­лай өрбитіні белгісіз, мәселенің шешімін күте тұрғаннан басқа амал жоқ.
Жақында Ұлттық банк обли­га­циялық бағдарламаны қолға алу туралы шешім шығарды. Атал­мыш бағдарлама бойынша, Бір­ың­ғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттан «7–20–25» бағдарламасын несиелеу үшін 200 млрд теңге инвестиция бөлі­неді. Бұл қаражат 2019 жылы ипотекалық несиелеуге бағыт­талатын болады. Оның көлемін 1 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Нәтижесінде, ол банктердің ипотекалық порт­фелін 2 триллион теңгеге дейін арттыруы тиіс.
Сарапшы Мерей Исабеков бұл ретте тек зейнетақы қорының ғана емес, нарықтан да қаржы тар­тылатынына мән береді.
– Жалпы алғанда, ЕДБ-ның облизацияларын сатып алу бар­лық тәуекелдерді ескере отырып, нарықтық шарттар негізінде жү­зеге асады, ол барлық тараптарға тиімді болуы керек. Бұл шара екінші деңгейлі банктердің қор­ландыру негізін әртараптан­ды­рып, несиелеуді жандандыруға мүмкіндік тудырады. Екінші жа­ғынан, БЖЗҚ портфелін әрта­раптандырып, қор нарығының дамуына дем береді, – деп түйін­дейді сарапшы.
Алайда Әлібек Аллияров қиын жағдайда тұрған банктердің бұл бағдарламаға қатысуға шамасы жетпеуі мүмкін деп топшы­лайды.
– Жаңадан қолға алып отыр­-­ған облигациялық бағдарламаға банк­тер сәйкес болуы керек. Оған олардың шамасы жете ме, жетпей ме? Ұлттық банктің қазіргі қойып отырған талабы бойынша, бұл бағдарламаға қатысу үшін тек Ұлттық банк емес, екінші деңгейлі банк акционерлері тарапынан да қаржылай көмек болуы керек. Сол себепті, Астана банкі немесе Qazaq Banki бұл бағдарламаға қаншалықты қатыса алатыны белгісіз. Тек БЖЗҚ-ның қар­жысы ғана емес, акционерлерде қосым­ша капитализация жасау үшін осындай қадамға барып отыр. Зейнетақы қорынан тар­ты­латын қаражат облигацияларға салынады. Оның қаншалықты қайтарымды болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Екінші деңгейлі банктер кез келген уақыт­та банкрот болуы мүмкін. Облигациялық бағдарлама бол­ғандықтан, техникалық дефолт болған күннің өзінде, облига­циялар төленбейді. Қайтарымы жағынан тәуекелі көп, – деп пайымдайды Әлібек Аллияров.
Сарапшының айтуынша, банк­терге көмектесу мәселесінің екі ұшы бар. Бір жағынан, азамат­тардың зейнетақы жинақтарын жеке банктерге құйғандай болады. Екінші жағынан, банктерді құт­қар­майтын болса, тағы да сол банктерде есепшот, депозит аш­қан жеке тұлғалардың жағдайы қиындайын деп тұр. Өйткені Қазақстанда теңгемен салынған депозиттерге –10 миллионға дейін, доллармен салынған де­позиттерге – 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік кепілдік бе­рілген. Алда-жалда банк банкрот болса, халық өз ақшасын ала ал­май қалады. «Осы себепті Ұлт­тық банк ЕДБ-ны банкрот қылуға қор­қады. Банктерді құтқарғанда дұрыс, бірақ құтқару жолы басқа болуы керек. Олар үнемі Үкімет­ке үміт арта бермес үшін, Ұлттық банкке кейбір орта банктерді құрбандыққа шалуына тура ке­леді. Қазіргі банк секторының жағдайына, 10 балдық жүйе бо­йын­ша есептесек, 5-6 балл берер едім. 2008 жылғы дағдарыс кезін­де Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге стрессті активтерді бас­қаратын компания ашуға рұқсат берді. Соның арқасында банктер өздерінің еншілес ком­панияларына баланстарындағы қаржыны емін-еркін жібере алды. Банктің балансына қарасаң, жағ­дайы жақсы сияқты, бірақ енші­лес компаниясын көре алмайсың. Есеп-қисапта бәрі жақсы сияқты, бірақ еншілес компанияға берген несиенің қанша көлемі жұмыс істемей тұрғанын білмейді. Заң бойынша бәрі дұрыс, қазіргі қа­лыптасқан жағдай кезінде Ұлттық банктің өзі берген рұқсатының нә­тижесі» деп тұжырымдайды сарапшы.
Банк секторында соңғы жаңа­лық – ең ірі Халықбанк пен Қаз­коммерцбанк толықтай бірігіп, Қазком өз лицензиясын ерікті түрде тапсырды.
– Бұл процесс аяқталған соң, біріккен банктің қарамағына бү­кіл банк секторындағы актив­тердің үштен бір бөлігі өтеді. Са­лыстыру үшін айтсақ, біріккен банктің активтері 8,16 трлн тең­гені құрайды, бұл сома одан кейін тұрған ең ірі 5 банктің актив­тері­нен артық. Әрине, мұндай шо­ғыр­ландыру бәсекелестікке кері әсер етуі мүмкін, алайда бі­ріккен банк екі құрылымның жыл­дар бойы жинақтаған тәжі­рибесін қол­данады деген үміт­теміз. Банк­тер икемді, заманауи болу­мен қа­тар тұрақты болса де­ген ой бар. Әрине, мұндай нә­тижеге жету өте қиын, – дейді Мерей Исабеков.
Қаржыгер Әлібек Аллияров бұл бірігудің нәтижесінде, на­рық­та ірі манополист пайда бо­лады деген ойда. Өйткені олардың үлесі 30 пайызын алып кетеді. Бәсекелестік төмендеген жерде, қызметтің сапасы төмендейді. Жүйе құраушы банктер осылай­­-ша біріге беретін болса, нарыққа кері әсер етіп, қаржылық қызмет құнын түсіруге мүмкіндік шекте­леді.

Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*