Неге, неден тайды екен?

1518
0
Бөлісу:

17 маусым күні 829 жолаушының өмірін тікелей жауапкершілікке алып, Астанадан Алматыға беттеген «Бәйтерек» пойызының 8 вагоны рельстен шығып кетіп, апатқа ұшырады. Апат Отар мен Шу стансалары аралығында болған. Оқиға салдарынан 1 жасөспірім көз жұмды, тағы 17 адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі аталған төтенше жағдай фактісі бойынша тексеру басталғанын хабарлады. Инвестициялар және даму министрлігі арнайы комиссия құрып, апат себептерін іздеуге кірісті. Соңғы екі сөйлем, әрбір апат болған сайын айтылатын (жазылатын) жаттанды тіркес…

Алдын ала дерек бойынша, ма­шинист теміржолдың майыс­қан тұсын көріп, тежегішті бас­қан. Бірақ бұл – дәлелді тоқетер емес. «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясының мәлі­метін­ше, вагондар 2012-2014 жыл­дары Крюковск пен Твердің вагон құрастыру зауытында жасалған. Барлық техникалық талаптарға сай. Жалпы, елімізде рельстен таятын пойыздар саны көбеймесе, азаяр емес. Кешегі апаттан соң соңғы 10 жыл көле­мінде еліміздегі теміржол төңіре­гінде туындаған төтенше жағдай­ларды еске түсірдік.

2009 жыл

2 сәуір күні түскі 14.55 ша­ма­сында Ақтөбе облысындағы Жіңішке стансасында құм тиеген екі вагон аударылды. Кейіннен Төтенше жағдайлар министрлігі аударылған вагондар республи­калық маңызы бар Ақтөбе – Орын­бор тас жолындағы қозға­лысқа кедергі келтіргенін мәлім­деді.

2013 жыл

29 мамыр күні сағат 13.20-да Зырян ауданы маңында №3506 пойы­зының 7 жүк вагоны рельс­тен шығып кетті. Төтенше жағдай өзге пойыздардың уақыт кестесіне елеулі әсер еткен.

2014 жыл

19 сәуір күні Атырау облысы­ның Қызылқоға ауданында Алматы – Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті. Пойызда жалпы саны 19 вагон бар болса, оның 16-сына жолаушылар отырғызылған. Құрамында 586 жолаушы мен 26 жолсерік болған. Оқиға салда­рынан 33 адам жараланып, екеуі ауруханаға жатқызылған. Ва­гондар 2006-2007 жылдары Қы­тайда құрастырылған екен.

2014 жыл

20 сәуір күні Жамбыл облы­сындағы Луговой – Құрағат өт­келінде бос келе жатқан пойыз­дың 13 вагоны жолдан шығып, аударылып қалды.

2014 жыл

5 мамыр күні сағат 16.56 ке­зін­де Оңтүстік Қазақстан облысында Черноводск – Бадам теміржол өткелінде жүк пойызының 29 вагоны жолдан шығып қалды.
8 вагон цистерна толы күкірт қышқылын, 17 вагон құрылыс материалдарын тиеп әкеле жат­қан. Оқиға кесірінен теміржолдың 150 метрі зақымданып, 4 тіреу же­лісіне зиян келген. Оқиға зар­дабын жоюға сол кезде 240 адам, 22 техника бірлігі, 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған.

2015 жыл

31 шілде күні Ақтөбе облы­сында дизельді отын құйылған жеті теміржол цистернасы мен құрғақ жүк артқан төрт вагон рельстен шығып кетіп, өртке оранған. Оқиға Ембі қаласынан 4 шақырым жерде болды. Кейін ҚТЖ жалпы саны 20 вагонның рельстен шыққанын, оның 16-сында бензин болғанын мәлім­деді. Өрт сөндіру қызметі келіп жетемін дегенше 7 цистерна мен 4 вагон жанып кеткен. Тек үш сағаттан кейін өрттің аптығын басу мүмкін болған.

2016 жыл

27 желтоқсан күні сағат 17.15 ша­масында Қарағанды облысын­дағы Бабатай стансасында электровоз бен 12 жүк вагоны жолдан шығып кеткен. Бұл жағ­дай өз кезегінде 12 жолаушылар пойызының қозғалысын тоқта­туына әкеліп соқтырды.

2018 жыл

Қаңтар айында астық тиеген 5 вагон апатқа ұшырады. Төтенше жағдай Құлсары стансасы аума­ғында орын алған. Қостанай облысынан шыққан астық темір­жол арқылы Ақтауға жеткізіліп, ары қарай экспортқа жіберілуі тиіс екен. Тізбекті шұбатып соза бе­руге болады. Біз негізгілерін атап өттік.
«Мұндай апат қайда болмай жатыр, қалыпты нәрсе ғой» деп мән бермеуге де болатын шығар. Бірақ кез келген немқұрайлы­лықтың соңы – өлшеусіз зардапқа әкеліп соқтыратыны ақиқат емес пе. Оның үстіне, Қазақстан жолау­­шылар мен жүк тасымалын не­гізінен теміржол кешені ар­қылы жүзеге асыратын мемлекет. Сон­дықтан рельс бойында болған әрбір апат – материалдық шы­ғынға ұшыратады. Әрбір апат – пойыздар қозғалысын тежейді. Соның әсерінен жолаушылар тасымалында кедергілер туын­дайды. Пойыздар уақытынан кешігеді. Бұл бірте-бірте қалыпты жағдайға айналып, тәртіп тү­бегейлі жойыла бастайды. Жауап­сыздық артады. Мәселенің за­лалы тек теміржол саласына емес, бүтін қоғамға кесірін тигізеді. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының мәліметінше, 2012-2015 жылдар аралығында 18 жүк және жолаушылар пойызы рельстен шығып кеткен. 2016 жылдың өзінде 14 төтенше оқиға тіркеліпті.
«Теміржолдың күтімі – пойыз­дардың қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін фактор. Соңғы 5 жылда теміржолды жөндеу жұмыстарына 245 млрд теңге бөлінген. Аз ба, көп пе, маңызды емес, ең бастысы қаржы бөлініп жа­тыр. Соған қарамастан пойыз апаты мүлде азайған жоқ. Енді өкілетті органдар мұқият сарап­тама жасап, жағдайды қолға ал­маса болмайды» дейді экономист Рахым Ошақбаев «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында.
Жалпы, бұған дейін рельстерді шетелдік компаниялар жеткізіп тұрған. Теміржол өнімдері бойын­ша ішкі бәсекелестік болмағаннан кейін, толықтай импортқа тәуел­діміз. Қазақ транспорт және коммуникация ғылыми зерттеу институтының бас инженері Георгий Юрченконың айтуынша, елдегі теміржолдың тым құры­ғанда 30 пайызын орта және то­лықтай күрделі жөндеуден өткізу керек. Инфрақұрылымды жақсы деңгейде ұстап тұру үшін, жыл сайын кем дегенде 1,3 мың ша­қырым теміржол жаңартылуы тиіс. «Тиіс», «керек» сөздерінің қол­данылғанына қарағанда, темір­жолдарымыз тат басқан күйі тозып жатыр деген сөз. Мәселен, 2014 жылы 664 шақырымдық жолдың үстіңгі бөлігі жөнделген. Жыл сайын теміржол сапасының маңыздылығына мән беру өзекті болып қала бермек. Себебі, 2016 жылы теміржол транспорты ар­қылы 23,1 млн адам тасымалдан­ған. Бұл көрсеткішпен теміржол арқылы сапар шеккен адамдар саны автокөлік тұтынушыларынан да асып түседі. Сондықтан ішкі нарықта теміржол саласына өнім ұсынатын зауыттың болуы маңыз­ды еді. Бұл тұрғыда Ақтөбе рельс белағаш зауыты жақсы жұ­мыс істеуде. Қазір зауыт жылына 430 мың тонна өнім шығарады екен. Бұны бір деп қойыңыз…
Асқар Мамин ҚТЖ-ны бас­қарып тұрған тұста теміржолдағы жылжымалы құрамның тозу көрсеткіші төмендеді деп мәлім­деді. «2008 жылдан бастап жүр­гізілген кең ауқымды инвести­ция­лық бағдарлама аясында 2013 жылы 933 локомотив, 35 055 жүк вагонын, 937 жолаушылар ва­гонын жаңарту мүмкін болды» деген еді ол. Сонымен қатар 3390 шақырым жолдың модернизация­ланғанын да айтты. Бұныңыз – екі…
2016 жылы теміржол жолау­шы­лар тасымалын субсидиялай­тын мемлекеттік механизмге өз­геріс енгізетін заң қабылданды. Атал­ған заң бойынша жолау­шы­лар вагоны паркін жаңартуға инвестиция тарту мүмкіндігі артып шыға келді. Бүкіл заманауи мүмкіндіктермен жарақтанған вагондар шын мәнінде әкелінді де. Үшінші көзір – осы. Бірақ осын­шама игіліктерге қарамас­тан, жол апаты мен жолаушы­лар­дың наразылығы толастар емес. Мәселен, 2017 жылдың наурыз айында елордалық тұрғын тозығы жеткен вагонның жағдайын айтып, шу көтерді. «Мені бір ғана мәселе қызықтырады, транспорт комитеті жолаушылар тасымал­даушыларды бәсекелестік ортаға жіберген кезде бұл компанияларда қандай активтер бар екеніне мән берді ме екен?» деп жазды ол желідегі парақшасында. Инвес­тициялар және даму министр­лігінің мәліметінше, елімізде 1990 жылдан жасы жоғары вагондар саны – 700. Жалпы, жолаушы вагон­дарының орташа жасы – 19. Былтыр министрлік арнайы кон­курс өткізіп, жолаушылар тасы­малдайтын 9 компанияны таңдап алған. Осыншама шаруа істеліп жатқанына қарамастан, теміржол бойындағы апат тоқтар емес.
2017 жылы маусым айында Бүкіләлемдік экономикалық форум арнайы зерттеу жариялап, онда Қазақстанның теміржол инфрақұрылымы бойынша әлем­де 26 орында тұрғанын көрсетіпті. Тізімде жалпы саны 136 ел бар. «Қазақстан транспорт желісін Еуразиялық транспорт жүйесіне интеграциялау бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Осы арқылы оның дамуына өлшеусіз үлес қосып жатыр» деген еді былтыр Премьер-министрдің орын­басары Асқар Мамин Астанада өткен New Silk Way бизнес-форумында. Үлкен мінберлерден айтылған үлкен сөздердің орны бөлек қой. Ал облыс пен аудан, ауыл мен шеткері стансалар шең­беріндегі теміржол жағдайы мен вокзалдар инфрақұрылымы тіпті бөлек. Жағдай төмен. Тым қораш. Апаттар болады, ол бойынша тексеріс басталады, БАҚ-та апат­қа кінәлілер туралы «айыптау» мәтіндері жазылып, шенділердің ұзыннан-ұзақ жасаған баяндама тақылеттес «сылтауы» жарық көреді. Сонымен іс – тәмам. Бұл апат пен келесі апат аралығында өмір жалғаса береді…

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*