ҰЛТТЫ ҰТЫСҚА ШЫҒАРАТЫН ҰТЫМДЫ ЖҮРІС

1142
0
Бөлісу:

Президенттің Жарлығына орай, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы заңының 3-бабы 1-бөліміне сай қайта құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болды. Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі  беріліп, Қазақстандағы 17-әкімшілік-территориялық аймаққа айналды. 

Саясатты үлкен шахмат тақтасына теңейтін болсақ, Елбасының Шымкентке респуб­ликалық маңыз беріп, Түркістанды облыс орталығы ретінде қайта құруын ұлтымыз үшін «өте ұтымды жүріс» деп бағалауға болады. Тарихи және әділ шешім. Кезінде Астана қалай елордасы атанып, 20 жылдың ішінде бүгінгі сәнді де сәулетті келбетіне жеткен болса, Түр­кістан да тап солай алдағы уақытта тотыдайын таранып, түлеп сала беретін болады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында осыған дейін екі үлкен облыс орталығы ауысты. Бірі – Көкшетау, екіншісі – Талдықорған. Күйі кетіп қалған екі қала да әкімшілік өзгерістен кейін жасанып сала берді. Әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерткен кезде Мемлекет бас­шысы көптеген факторларды ескеретінін аңдауға болады. Соның бәрі – қазақ мем­лекеттілігінің нығаюына бастайтын шаралар. Шымкент қаласының территориясы – 1,5 миллион гектар. Аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен қаланың бірі. Қала агломерациясының халқы 1,8 миллионнан асып отыр. Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылуы да ел та­рихындағы ең елеулі оқиға. Қазақстанда үшінші миллион тұрғыны бар мегаполистің пайда болуы – Елбасы саясатының жемісі! Татулық пен тұрақтылықтың арқасы. Шымкенттіктер іске бейім, бәсекеге қабілетті, сауда-саттыққа епті. Бір сөзбен айтқанда, пысық. Кез келген кәсіпті игеріп кетеді. Қызмет көрсету саласында да елбектеп тұрады. Шымкент шаһарының республикалық жоғары мәртебені иеленуі оның шырайын кіргізе береді.Енді еліміздегі басты үш мегаполистің бірі ретінде бұл қала дамудың жаңа сатысына қадам басады. Осылайша, Елбасы өз Жарлығымен Шымкенттің дамуына даңғыл жол ашып берді.
Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Мақпал Орынбетова «Түркістан облысының құрылғаны барша қазақ үшін қуанышты, үлкен саяси мәні бар оқиға болды. Қазақ қазақ болғалы, қазақтың атын шығарған да – Түркістан. Түркістан – бар қазақтың рухани астанасы. Қазақстанның кіндігі – Түркістан. Олай дейтін себебім Түркістан – әруақты бабаларымыздың рухының топтасып, жи­нақталған жері. Түркістан кезінде кіші Мекке деп аталған. Түркістанның облыс орталығы болуы біздің ұлтжандылығымыз, отан­шылдығымыз бен қазақшылығымызға дем беріп, мәртебемізді биіктетеді» деп бар қазақтан сүйінші сұрай жазыпты.
«Әлемдік тәжірибеде Түркістан сынды тарихи қалаларда туризмді дамытуға, мәдени орталықтарын сақтауға тырысады. Бірақ оны әкімшілік басқару орталығы етпейді» деп Дос Көшім Түркістанның тарихи, мәдени құн­дылықтарына көлеңке түспеуін қалайтынын білдіріпті. Дамыған елдерде мектеп, уни­верситет, емхана ғимараттары ерекшеленіп тұрады. Ал Қазақстанда әдетте әкімдік немесе сот сынды атқарушы билік отыратын зәулім құрылыстар бірден көзге түсерліктей, әдемі көрінеді. Түркістан облыс орталығы деп танылған соң, шенеуніктер қаласына айналып, оның мәдени мұрасы қараусыз қалмауы керек».
Түркістан мен Кентау қалалары үшін ауызсу мәселесі өзекті. Сусыз тіршілік бол­майды. Бірінші кезекте осы проблеманы шешіп алу қажет.
Түркістандағы туризмді дамытып, мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейту үшін ең алдымен Астанамен байланысты жолға қою қажет. Бұл үшін Түркістан – Қызылорда – Жезқазған – Астана автожолын жедел жақсарту маңызды.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*