Жанарынан жүрек жылуы сезілетін…

689
0
Бөлісу:

«Алла берген кәсібім болар, жоғары білім алып, қолыма оташының қандауырын ұстағаннан бері талай науқастың дертімен бетпе-бет келіп, ажалдан арашалау арқылы өмірдің қыр-сырына жете қаныққандай болады екенсің. Дертіне дауа іздеп, жарық дүниемен қоштасқысы келмейтін әрбір пенденің өз жанына салауат тілеп, жаратқанға жалбарынғанының куәгері болып, жердегі жалғыз қамқоршысы мен қорғаушысындай ақыл-ой, күш-қайратыңды тамтығың қалмай арнайсың, сондай да беріле салу деген жеңіл-желпі, оңай әрекет болмайтыны хақ». Бұл – академик Мұхтар Әлиевтің  дәрігерлік жолы туралы жазған әдемі естелігі. Расында, шын дәрігердің мұндай ересен еңбегін, жанкештілігін есті адамның айтпай-ақ ұғынатыны анық. Ақ халаттың жауапкершілігін арынан биік қоятын, адамзаттың саулығының шын жанашыры осы дәрігер қауымы десек, артық емес. Денсаулық сақтау саласын ұйымдастырушылардың бірі, медицина саласының майталманы, мемлекет және қоғам қайраткері,  ғалым-педагог, ең бастысы аяулы да абзал дәрігердің бірі әрі бірегейі – Жалғау Исалиев. Көзі тірі болса, арда азамат биыл 85 жасының мерейтойын тойлайтын еді. 

Жалғау Шәкірұлы – Батыс Қазақстан облысы Орал қала­сы­ның тумасы. Жақсы сыйласқан досы Мұхтар Әлиевтің «Мен оны «Жайықтың жайсаң жігіті» дейтінмін» деп жазатыны бар. Аяулы, асыл азамат еді. Жанында күннің алтын шуағы бар дейтін замандастары, әрқашан күлімдеп жүретін, жаны жақсылыққа толы, жанарынан жүрек жылуы сезі­летін. Ешкімге жамандық ойламайтын жайдары мінезді абзал жан еді. Профессор Әбдімәлік Нысанбаев «Рухани жағынан жетілген, қасиетті дара тұлға еді» деп еске алады марқұм­ды. 1933 жылдың 21 маусымында дүниеге келген дәрігердің денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі зор. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтын үздік бітіріп, 1957-62 жылдары Ақтөбе облысы Қара­бұлақ ауданына қарасты туберку­лез диспан­сері­нің, аудан ауруха­на­сының бас дәрігері болды. Ақтөбедегі тұңғыш рет өзіндік дәрігерлік жұмысын, ғылыми жұмысын ұстаздық қызметпен тығыз ұштастыру, кандидаттық диссертация қорғау, ғылыми мектебін қалыптастыруы Жалғау ағамыздың өмір жолының негізгі белестері іспеттес. Жайлау Шәкірұлы аса қабілетті, өз ісінің білгірі, кез келген мәселені байыбына барып, оң шешімін таба білетін қарымды да қағілез маман еді. 1962-73 жыл аралығында Алматы мемлекеттік медицина институтында ассистент, одан кейін 1973-76 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы болды. Жалғау Шәкірұлының негізгі ғылыми жұмыстары акушер-гинекология саласының басты мәселелеріне, әсіресе перинаталды медицинаның проблемаларын шешуге бағытталды. Ғалым ұрықтың перинаталды кезеңдегі шетінеу себептерін анықтап, одан алдын-ала сақтандыру жолын негіздеген ғылыми-зерттеу бағдарламасы авторларының бірі. Сондықтан болар, 1976-1983 жылдары жаңа Акушерлік-гинекология ғылыми-зерттеу институтының түбірінен (қазіргі Ана мен бала Ғылыми-зерттеу орталығы) іргесін қалап, оны тұңғыш директор ретінде ұйымдастыра білді. Білікті азаматты басшылыққа лайықтағаны сол-ақ екен, бұл ұжымның жұмысы жөнге қойыла кетті. Өйткені Жалғау ағаның жергілікті жерлердің күрделі мәселелерімен бетпе-бет келгендегі әрекеті көптің көңіліне қонатын. Өз ісін жете біліп, оны ұтымды түсіне білуі, ұйымдастырғыш қасиетімен сәтті ұласып жатты, содан болар үлкен жауапты істердің басында жүрді. 1988 жылға дейін еліміздің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары сияқты жауапты жұмысты да ойдағыдай атқарды.
Алғаш Алматыда акушер-гинекологиялық Ғылыми зерттеу институтының құрылып, жұмыс істеп жатқанын 1980 жылдың сәуір айында орталық газет «Комсомольская правдада» конкурс жарияланғанынан білдім. 1972 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, елде – Қазалыда, одан кейін Ленинск қаласында (қазіргі Байқоңыр) талай жыл акушер-гинеколог болып қызмет жасап, гинекология бөлімшесін басқара жүріп, ғылыми білімімнің жеткіліксіздігін аңғара бастадым. Кезекті еңбек демалысымды алып, Алматыға қарай жол тарттым. Қолымда газеттегі конкурс жарияланған хабарландыру бар. Ол кезде Алматыда бажам, марқұм Кеңес Исаев тұратын. Маған: «Институттың директоры Исалиев деген керемет жақсы адам, алдына ертіп апарайын, таныстырайын, еңбегіңді елейтін қағілез басшы», – деп менің көңіліме дем беріп жіберді. Жастық шақта көп нәрсеге мән бере қоймайтын кезіміз, директордың алдына ақ шалбар киіп, мұртымды едірейтіп, Кеңес бажамен кіріп барғаным әлі есімде. Сұңғақ бойлы, көрікті келген, дауысы майда қоңыр, өзінен бұрын көзі ерте күлімдейтін кең маңдайлы, қалың шашты сыпайы адам екен. Орнынан тұрып, қолын беріп амандасып, танысқаннан кейін, жылдам хатшы қызды шақыртып құжаттарым­ды реттеуге тапсырма берді. Сөйтіп, 25 орын­дық білдей бір гинекология бөлімшесінің мең­­герушісі, институттың кіші ғылыми қыз­мет­кері болып жұмысқа қабылдандым. Бұл – 1981 жылдың тамыз айы болатын. Алғаш институттың таңертеңгі ғылыми конферен­ция­с­ына қатысып, ондағы мәселелерді қалай жүзеге асыру жөнінде көптеген мағұлмат алдым. Сол институтта талай таңғажайып та тамаша адамдармен қызметтес болдым. Мұндағы жігіттердің қолынан жоғары дәрежедегі қаншама операциялар мен медициналық көмек көрсетудің көптеген түрлері өтті. Институтта түнеп қалатын кездерім жиі болды. Ауыр науқастанып түскен қаншама адамды өлім аузынан алып қалып отырдық. Бұл құбылыс менің үйреншікті де қалыпты өмірім болып кетіп еді. Уақыттың тығыздығынан ғылыми жұмысты ысырып қойдым десем де болады. Сол тұста Жалғау Шәкірұлы министрлікпен бір делегацияда Жапония еліне барған. Сонда алғаш рет ультрадыбыстық аппарат арқылы адамның ағзасын, ана құрсағындағы нәрестені, оның жүрек қағысын танып-көруге болатынын байқап, әлгі аппаратты көріп, қатты таңға­лып­ты. Қоғамдық ортада кісілермен тіл табысып, бір ультрадыбыстық аппаратты Қазақстанға тегін алдырды. Содан бірде мені шақыртып алып: «Садуақас, Мәскеуде ультра дыбыс деген аппарат бар, солардың бірін министрлік арқылы Алматыға бөлдіріп келдім. Мәскеуге барып, соның тілін меңгеріп, оқып, үйреніп кел, соған ыңғайлы көріп отырмын», – деді. Директордың бұл ұсынысын бірден мақұл көруге әбден қиналдым. Ол кезде пәтер жалдап тұрамыз, үш балам бар. Осындағы ота жасап жүрген жұмысымның барына мәзбін. Оның үстіне, басқа бір жігіттің барғысы келіп, сұранып жүргені тағы бар. Әйтеуір, не керек. Жалғау Шәкірұлы мені күштегендей, Мәскеу­дегі ультрадыбыс оқуына аттандырды. Ол – 1982 жыл болатын. Ресейдегі акушерлік-гинекология Ғылыми зерттеу институтын­да Николай Демидовтың қолынан оқып, елге қайтарда сол аппараттың біреуін ала келдім. Сөйтіп, Жалғау Шәкірұлының бастамасымен еліміздегі медицина саласына тұңғыш рет ультрадыбыстық аппарат енгізіліп, бұл құрылғымен жұмыс істей бастадық. 1982 жылдың мамыр айынан бастап біздің ғылыми орталық осы аппаратпен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, перинаталды көрсеткіштер айтарлықтай ғылыми жетістіктерге жетті. Менің алғашқы ғылыми жетекшім Жалғау Шәкірұлының үлкен қамқорлығының арқасында 1989 жылы Волгоградта ғылыми кандидаттығымды қорғадым. Тақырыбым сол ультрадыбысқа қатысты болды. Ультрадыбыс­тық диагностиканың дамуы, оны пайдалану алғаш рет Орта Азияда Жалғау Шәкірұлының араласуымен жүрді. Ол кезде Жалғау Исалиев ҚазССР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болатын. Ол кісінің қатысуымен үлкен қаржы бөлініп, Қазақстанға 19 ультрадыбыстық аппарат алынды, мамандар даярланып, барлық облыстарға таратылды.
Жалғау Шәкірұлы ғылыми конференция­ларды көңілді бастап, өте күрделі, аса мазмұнды өткізетін. Ол кісінің әрбір ғылыми еңбегі күні бүгінге дейін денсаулық сақтау саласы үшін аса қажетті әрі пайдалы ғылыми дерек десек, еш қателеспейміз. 1986 жылы желтоқсан көтірілісі кезінде институттың 78 пайызы қазақ жігіттерінен тұратын ғылыми қызметкерлерін қауіпті тергеуден аман алып қалды. Оның айрықша мінезі, майда дауысы, өткір тілі мен орынды қалжыңы осы тергеуден сақтап қалса керек. Денсаулық сақтау саласындағы қазақ жастарының білімді, білікті болуы үшін барлық жағдайды жасады. Ауылдан келген қазақтың қарапайым қарадомалақтарына қамқорлық көрсетіп, жанашырлық танытатын. Қоғамның қазақ дәрігерлеріне деген көзқарасының оң болуы үшін бізден кәсіби маман болуды талап етті, сол бағытымызда шыңдады, демеу көрсете білді. Осының барлығы біз үшін үлкен өмір мектебі. Жарқын Шәкірұлының жарқын бейнесі, ұстаздық ұлағаты мен қазақы қамқорлығы мәңгілік есімде сақталады.

Сәдуақас МҰСТАФАЕВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*