Тұрмыстық қалдықтан да пайда бар

1677
0
Бөлісу:

Қазір еліміздегі экологиялық басты проблемалардың бірі – тұрмыстық қалдықтың жайы. Сағыздың қорабы, бананның қабығы, тәтті сусынның шөлмегі… бірде-біріне назар салмастан, миссиясын аяқтар-аяқтатпастан қоқысқа жөнелтеміз. Одан кейінгі тағдыры бізге беймәлім. «Күл болмасаң бүл бол». Жоқ, арамызда мұндай шаруаға аса ыждағаттылықпен қарайтын, әрбір керек емес затты мұқият бөліп, тастайтын адамдар да бар шығар. Бірақ көбіміздің қоқысқа немкетті қарайтынымыз рас. Сөйтсек, біз ғана емес, кей кезде мемлекеттің өзі де бұл шаруаға немқұрайлылық танытады екен. Талай қайта өңделіп, кәдеге жарайтын қоқыстар өртеніп кететін көрінеді. Біздің орнымызда Қытай болсыншы, жалап-жұқтап, іске жарамайды деген заттан пайда көріп отырар еді.

Швеция қайда, біз қайда?

Қалдықтардың мынау өмірде бар екені, оған қатысты батыл қадамдар жасалу қажет екені былай миымыздың бір қалтарысында жүретін. Бірақ жақында сенатор Дүйсенғазы Мусин есімізге салмаса тіпті ұмытып кеткен­дей екенбіз.
«Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі күн өткен сайын артып келеді. Энер­ге­ти­ка министрлігінің мәліметінше, Қазақ­стан­да жыл сайын 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық пайда болып, оның 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Бұл еліміз­дегі тұрмыстық қатты қалдықтардың қор­­шаған ортаға кері әсерін тигізіп, эколо­гия­лық ахуалға айтарлықтай нұқсан келтіріп жатқанын көрсетеді» деді ол Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, бұл бағытта мүлде мүлгіп жатырмыз деуге келмейді. Тұрмыстық қалдық­тарды қайта өңдеп, пайдаға жаратып жатқан жобалар баршылық. Алайда олардың әлеуеті бүкіл республика қалдықтарының «басын қосуға» жетпейді. Бұл ретте бізге үлгі болатын бірден бір ел – Швеция. Олар қатты тұрмыстық қалдықтардың бірін қалдырмай өңдеп тас­тай­ды екен. 1975 жылы бұл ел қалдық­тар­дың небәрі 38 пайызын ғана өңдеген. Демек, соңғы он жылдықта шведтер қоқыс өңдеу тұрғысынан нағыз төңкеріс жасай алды деуге негіз бар. Қазір мемлекет тіпті қоқыс таппай, қалдық­тар­ды басқа елдерден импорттауға мәжбүр. Себебі, тұрмыстық қоқыстарды жоятын һәм өңдейтін стансалар әрбір аудан, ауылдың жанында орналасыпты. Қайта өңдеу бойынша Швед қауымдастығының бас директоры Вайн Виквисттің айтуынша, бұл ел қазір қоқыстар­дан энергия өндіру деңгейіне жеткен. Оның үстіне, тұрғындар да ақылды. Газет, пластик, металл, шыны, электр құрылғысы, лампа сын­ды заттарды бөлек-бөлек тастауға үйренген. Дегенмен біз бірден осы деңгейге секіреміз деуге келмейді. Қызыққанда да абайлап қызы­ғу керек. Бұл орайда сенаторлар жөн сөз айтып отыр. Олар: «Алдымен – мемлекеттік меке­ме­лер елдімекендердің санитарлық жағ­дайы мен ай­наласындағы қоқыс үйінділеріне ерек­ше кө­ңіл аударып, тиімді шаралар қабылдауы керек;
Тұрмыстық қалдықтар орналасқан орын­дар­ды бақылауға алып, оның қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізген жөн;
Қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолдау көрсету керек;
Халықтың экологиялық сауатын жетілдіру шара­ларын белсенді жүргізу жолдарын қарас­тыр­ған абзал» дейді. Дұрыс-ақ. Бастапқыда осы шаруаларды шешіп алмайынша, Швеция­ның деңгейіне ұмтылу қисынсыз болары сөзсіз.

Тұрмыстық қалдық – экологияның соры

Ұлттық экономика министрлігінің мәліме­тін­ше, былтыр еліміз бойынша 4,8 млн тонна қалдық шығарылған. Оның көп бөлігі Қара­ғанды, Алматы, Қостанай, Павлодар облыс­тарына тиесілі. Әлбетте, Астана мен Алма­ты да тұрмыстық қалдық «өндіруден» көш басында тұр. Жан басына шақсақ, әрбір адам 270 келі қалдық зат шығарған. Былтыр Алма­ты­да R4PARTNERS халықаралық бизнес-форумы өтіп, дәл осы мәселе талқыға түскен. Форумда италиялық FISE UNIRE басшысы Андреа Флуттеро да, Еуропа қайта құру және даму банкінің еліміздегі директоры Агрис Прейманис те өз ойымен бөліскен. Соның ішінде Азия даму банкінің басшысы Джованни Капанеллидің пікірі қолайымызға жақты, аздап шымбайымызға да батты.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша Орталық Азия елдерінің қай-қайсын­да да жағдай мәз емес. Бұл ретте қоқыс­тарды игеруі тиіс инфрақұрылымдар мен қар­жылық құрылымдар әлсіздік танытып отыр. Мәселен, күніне 13 мың тонна қалдық жинал­са, Қазақстан тек соларды жинап шығу­мен ғана шектеліп отыр» дейді ол. Келіс­пес­ке шара қайсы. Қазір сыртқа шыға­рыл­­ған қоқыстардың 5 пайызын ғана өңдеп отырмыз. Мұны Қазақстанның экологиялық ұйымдары Басқармасының басшысы Айгүл Соловьева айтты. Әлгі 5 пайызбен әлемдегі 162 елдің ішінде 39-орында тұрмыз. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жақсы жабдықталған зауыттардың жоқтығы, технологиялардың жетіспеушілігі, қоғамда әр қоқысты сұрыптап, бөлек тастау жүйесінің жетілмеуі де бізді аяқтан тартып келеді. Бір-бірімен бытысса араласқан тонна-тонна қоқыстар солайымен полигонға төгіледі де, жан-жағына адам төзгі­сіз улы ауа таратпақ. Бұдан ауа райы өзгереді, климат сұрқай тартады, табиғи ландшафтар қайта қалпына келместей болып «ренжиді» екен. Енді алдағы 20 жылда тұрмыстық қал­дық­тарды өңдеу көрсеткішін 50 пайыздық меже­ге жеткізе алмасақ, экологиямыз біржола тұра­лауы ықтимал. Бұған адамның ішкі мәде­ние­тін де қосыңыз. Көрінген жерге қоқыс лақтыру, әрбір қалдықты жеке-жеке бөліп тастамау – зиян үстіне зардап жамап, ауруды асқындыра түседі.

Миллиондаған доллар қоқыста жатыр…

Еуропалық елдер сияқты қоқыстан пайда табуды да әзір армандай алмаспыз. Рас, шетел­де бұл – кәдімгідей бизнес. Дамыған елдер керексіз болып қалған қағаздардан, әйнек сынықтарынан, бөтелке мен пластиктен де жаңа зат шығарып, қоқыстарға «екінші ғұмыр» сыйлап жатады. Әрі материал үнем­дей­ді, әрі ақша табады. Қажет десеңіз, борсып кет­кен тамақтың қалдығынан да биогаз өнді­ріп алатын пысықайлар бар. Бізге тым құры­ған­да
• Францияның қоқыстарды парализ әдісімен жоғары температурада күйдіруін; (атмосфераға зиянды газ тарамайды)
• Қоқысты селекциялық тәсілмен жинап, алюминий мен әйнекті қайта өндіріп алуын;
• Қытайдың қоқыс жинайтындарға күн сайын ақы төлеп тұру әдісін;
• Жапония секілді қағазға бөлек, пластик­ке бөлек, темір мен жанғыш заттарға әр басқа контейнер қоюды;
• Сауда орталықтарында тегін пакет тарат­пау­ды неге үйренбеске? Бұл салаға капи­талы бай бизнесмендер араласса, мемлекет пен кәсіп­керлер тізе қосып еңбек етсе, полигон­дар­да көміліп жатқан қоқыстарды аршып алып, жаңа өнімдер дайындауға мүмкіндік мол. Ол үшін қайта өңдеу зауыттары, жоғары температуралы пештер, қоқыс сұрыптайтын құрылғы мен жүк көліктері керек дейді маман­дар. Жалғыз біз емес, дамушы елдердің қайсы болмасын қоқыс сұрыптау тұрғысынан Еуропа елдеріне ілесе алмауда. Себеп жетіп артылады: сұрыптай қоятын мықты технология жоқ, қажетті ресурс тапшы дегендей. Алайда біз жіберіп отырған ең басты кемшілік – халықтың әлі де болса қоқыстардың экология мен экономикаға үлкен қауіп төндіретінін толық сезінбеуінде секілді…
Алматы қалалық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Талғат Қамбетовтың айтуынша, қазір мегаполистің бүкіл қоқысын құшағына еркін сыйдырып өңдейтін зауыт салынып жатыр екен. Біраздан бері жырға айналған зауыт тіпті осы шілде айында да ашылып қалуы бек мүмкін.
«Жалпы, қазіргі таңда қала бойынша жылы­на 650 мың тоннадай тұрмыстық қалдық шығарылады. Оның бәрі Қарасай ауданындағы полигонға апарып төгіледі. Ол қаншама жерді алып босқа жататындықтан, қоршаған ортаға зиян келтіретін. Енді қазір қаланың шетіндегі Алғабас ауылында салынып жатқан зауыт пайдалануға берілсе, біраз мәселе шешімін таппақ. Дәл қазір ол зауыт қоқыс атаулының қанша пайызын өңдейтінін тап басып айту қиын. Дегенмен 20 пайызын өңдеді дегеннің өзін­де біраз көмек болмақ. Бұрын полигон­дар­ға әкелінген барлық қалдықтар қабылдана бере­тін. Соңғы уақытта қоқыс саясатына қатысты заңға да өзгерістер енгізілуде. Сол жаңалықтардың бірі – 301 бапқа сәйкес енді полигондар тұрмыстық қалдықтардың бәрін бір­дей қабылдамайды. Шектеу бойынша – жарылатын, коррозиялы, қышқылданатын, өрт қаупі бар қалдықтар, сумен реакцияға түсе­­тін заттар, пестицидтер, медициналық қал­дықтар, әйнек сынықтары сияқты заттар поли­гонға жіберілмейді» дейді Талғат Мұсаұлы.

9 пайызға да тәубе қыл

Тұрмыстық қалдықтар туралы әңгіме қозға­ғанда KazWaste қазақстандық қалдық­тар­ды басқару жөніндегі қауымдастыққа хабар­лас­пай өте шыға алмайтынымыз тағы белгілі. Осы қауымдастықтың басшысы Шынболат Байқұловтың сөзінше, полигонға келіп түсетін қалдықтар қоршаған ортаға және жер асты суларына орасан зиян келтіретін көрінеді. Сондықтан оларды құр жойып жібермей, өңдеу керек. Ал еліміздегі қалдықтарды өңдеу­мен айналысатын 130-ға жуық мекеме жабы­лып жүріп жылына бүкіл қалдықтың тек 9 пайы­зын ғана еңсере алады. Көбіне қағаз қалдық­тары, картон, макулатуралар қайта өңдеуге жіберіледі. Мәселен, канализациялық қақ­пақтар – іске жарамай қалған бөтелке мен құмды араластыра отырып жасалады екен. Түрлі төсемдер, плиткалар, төбедегі шатыр жабындары да – осы тұрмыстық қалдықтан шыққан «туындылар».
– «Жасыл энергия» аясында тағдыры тұр­мыс­тық қалдықтармен байланысты екі жоба қарас­тырылуда. Астанада қалдықтарды өртей­тін және биогаз шығаратын зауыт мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы ақпараттар мамыр айының басында шыққан еді. Бірақ одан бері қандай да бір жаңалық жоқ. Алайда біз өз мақса­тымыздан таймаймыз, алдымен қалдық­тар­ды өңдеу мәселесін біржақты еткіміз келеді. Ол үшін 2030 жылға дейін тұрмыстық қалдық­тар­ды өңдеуді 30 пайызға жеткіземіз деп жос­пар­лап отырмыз, – дейді Шынболат Байқұлов.
Бұрын қоршаған орта министрлігі деген бол­ған. Кейін аталған ведомство тарап, таби­ғат пен тұрмыстық мәселелер энергетика министр­лігіне қосақталған. Онсызда бен­зин мен мұнай бағасын ойлап басы қатып жүрген Қанат Бозымбаев 9 пайыздың өзіне тәубе деп отыр. Оның айтуынша, 2016 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың небәрі 2,6 пайызы ғана қайта өңделген. Ал еліміз бойын­ша экологиялық талаптар мен санитар­лық нормаларға сай келетін полигондардың үлесі – 16 пайыз ғана. Министр 2030 жылға таман еліміз гүлденіп, полигондар 95 пайызға дейін талаптарды қанағаттандыратын болады деді. Сонымен қатар 2018 жылдың желтоқсанына дейін жаңа Экологиялық кодексті әзірлемек. Кодекс жобасы 2019 жылдың желтоқсан айын­да Парламентке әкелінуі тиіс. Расымен қолға алын­са бұл шаруа да көңілге медеу боларлық іс. Бозымбаевтың уәдесі деп мұны да қойын дәптерімізге түрттік. Ал біз бен сіздің міндет – тұтынған затымызды бейберекет лақтырмау, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамға қолдан келгенше күтім жасау.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*