АХМЕТОВ ОКТЯБРЬДЕН НЕГЕ АЙРЫЛМАЙДЫ?

1362
0
Бөлісу:

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов Ертіс жағасындағы Октябрь жағажайын қайта реконструкциялауға өз батасын беріпті. Енді жағажайда балалар ойнайтын жер, спорт алаңдары мен веложолақтар пайда болатын көрінеді.

29 маусымға дейін құрылысшылар қиқулап отырып асфальт жолды, көлік тұрағын бітіруге тиісті. Жағалауға көлік кірмейтін болады. Мұнан соң жаяу жүргіншілер жолы ретке келтіріледі. Велосипедпен жүретін жол да жөнделеді. Арасына бордюр салынады. Екі жолдың ұзындығы 1500 метрдей болады. Суға түсетін аймақ бір жобаға келтірілген соң жағажайға құм төселіп, кішігірім архитектуралық пішіндер қойылады.

Бәрі дұрыс. Әкімнің қолдауы болмаса, мұндай жұмыс қауырт іске аспайтыны түсінікті. Алайда, дұрыс емес бір нәрсе бар. Былтыр Октябрь революциясына 100 жыл толған. Жағажайдың атауы да сол революция құрметіне қойылғаны белгілі. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Бірақ, өткеннің құнсыз атауы әлі тұр.

Жобаға қолдау білдірген кезде әкім неге «Мына атауды осы заманға сай етіңіздер» деп бір ауыз сөз айтуға жарамайды? Әлде, «Октябрь» деген сөзден айрылғысы келмей ме? «Рухани жаңғыру» деген тіл ұшындағы тіркес емес. Ол – нақты саясат. Шығыс Қазақстан облысының әкімі кеңестік жүйеге адалдығын көрсетсе, «Октябрь» атауы осылай қала береді. Ал Тәуелсіз Қазақстанға қызмет етуге, Елбасы белгілеп берген Рухани жаңғыру жолымен жүргісі келсе, Президент командасындағы өз орнын, Мемлеке басшысын қолдауда адалдығын көрсетем десе, атауды өзгерту қолында тұр емес пе?!.

Осы ретте Қарағанды облысының басшылары да «Октябрь ауданы» дегенді әлі күнге дейін көздерінің қарашығындай сақтап отырғандығын еске саламыз.

Сәбет өкіметі қымбат па? Тәуелсіз Қазақстан қымбат па?

Ахмтеовтің ау-жайына қарағанда, сәбет өкіметі қымбатырақ сияқты…

Есен ЖОЛАМАНОВ

Коллаж А.Ахметқазы.

Фото altaynews.kz сайтынан алынды

Бөлісу:

Пікір жазу


*