Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы: Бас қала осылай басталған

869
0
Бөлісу:

Бұл мақалада осыдан 20 жыл бұрынғы Астананың халықаралық тұсаукесер рәсіміне дайындалып жатқан кездегі оқиғалар баяндалады. Бұған осы іс-шараның қарсаңында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінің бұрын еш жерде жарияланбаған стенограммасы арқау болды. 

1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақ­мола ресми түрде тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды. Сол жылы көшіп келгендердің төзімділігін сынағысы келгендей, бұл өңірде қыс та ерекше суық болып еді. Қар толас­тамай­тын аспаннан күннің әлсіз сәуле­сі анда-санда жылт етіп көрінген сәттерде, қатты аяз ұзаққа созылатын боранға ұласатын.
Алайда ауа райына қарайлайтындай уақыт та жоқ еді. Барлық жерде жұмыс қайнап жатты, себебі мемлекеттік аппа­раттың алдында жергілікті жағдайларға тез бейімделіп, жаңа астананың тір­ші­лігін жолға қою міндеті тұрған еді. Оның үстіне, жаңа елорданың ха­лықаралық тұсаукесер рәсімін өткізу жазға бел­гіленген болатын. Көшіп кел­ген соң, Нұрсұлтан Әбішұлы еште­ңені кейін­ге қалдырмайтын өзіне тән дағ­ды­сы­мен бұл жөнінде көпке созбай-ақ мәлімдеді.
Мен бүгін осы тұсаукесер рәсіміне әзірлік мәселелерін қызу талқылаған мәжіліс­тердің бірі туралы әңгімелеп бермекпін. Арада 20 жыл өткен соң, сол кеңестің стенограммасын қайта оқи оты­рып, оның осы уақыт ішінде ақпа­раттық құн­дылығын жоғалтпағанына, керісінше, маңызды құжаттамалық куә­лік ретінде тарихи салмағын арттыра түскеніне тағы да көз жеткіздім.
Оның үстіне, Президентіміз өткізетін кеңес дегеніміз, бұл – әрдайым мүдделі әрі бейресми әңгіме, кәсібилік байқауы, іскерлік идеялар мен шешімдер кон­курсы, біліктілік турнирі, жедел үн қосу аренасы.
Іс мүддесін басты орынға қоя білу, әңгімелесушілерге құрметпен қарау, сөз тізгінін шеберлікпен өз қолына алу, келіп түскен ақпараттың дәлдігін, жаңалығын, прагматикалық құндылығы мен келе­шекте пайдалану жайын нақты бағалау – міне, Елбасымыз белгілі бір пробле­маны талқылаған кезде ұстанатын басты қағи­далар осылар дер едім.


«Н.Ә.Назарбаев: Қатысушылардың бәрі осында. Шетелдік компаниялардағы достарымызға, әріптестерімізге қош келдіңіздер дейміз және қатысқандары үшін алғысымызды білдіреміз. Астананың тұсау­ке­сер рәсімі 10 маусымда болады. Бүгін 21 сәуір, 50 күн қалды.
Ахметжан Смағұлұлы (А.Есімов – ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Ақмола қаласының ҚР астана ретіндегі тұсаукесер рәсімін өткізу жөніндегі Үкімет комиссия­сының төрағасы), сіз жалпы пробле­ма­лар туралы кейін баяндап бересіз, ал мен әңгімені ірі құрылыс шараларынан бастағым келеді.
Қонақтар келген кезде қаланың ең басты нысаны әрі бет-бейнесі әуежай болмақ. Кім баяндайды? Паколли Беджет мырза, сіз сөйлеңіз.
Б.Паколли («Мабетекс» фирмасының президенті): Іргетасы қаланып болды, те­мір конструкция 24-іне дейін дайын бо­лады. 10 маусымға қарай алдыңғы жағын аяқтап, тамыз айында әуежайды толық­тай тапсырамыз.
Н.Ә.Назарбаев: Қонақтарға арналған орталық бөлігі дайын бола ма? Перрон жағындағы беті, қалаға шығатын тұсы, залы, қабырғалары, төбесі, шатыры – бәрі ойдағыдай болады ғой?
Б.Паколли: Дайын болады. Қазір ны­санда 240 адам жұмыс істеп жатыр, 1 ма­мырдан бастап тағы 150 адамға көбей­теміз.
Н.Ә.Назарбаев: Рахмет, отырыңыз. Одан ары қарай жол арқылы жылжиық. Шамиль Хайрулұлы.
Ш.Х.Бекболатов («Қазақстан жол­дары» АҚ президенті): 25 сәуірден бастап үш ауысымдық режімге көшеміз. Ас­фальт-бетон зауыттары жұмысқа әзір. 5 маусым­ға қарай бітіреміз деп ойлаймын.
Н.Ә.Назарбаев: 1 маусымға дейін бі­ті­ріңіздер. Әуежайдан қалаға дейін көше бойына жолақтар жүргізіліп, жиектеріне жарық беріліп, көшет отырғызылсын, бәрі ойдағыдай болуға тиіс. Жазып ал­дыңыз­дар ғой. Енді, көпірге жақын­даймыз.
Ә.Р.Жақсыбеков (Ақмола қаласының әкімі): 1 маусымға дейін аяқтау міндеті қойыл­ды. Барлық жабдықтарға, барыстардың мүсіндеріне, бәріне де тапсырыс берілген. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде.


Н.Ә.Назарбаев: Көпірден өтіп бара жатып сол жаққа қарасақ – жағалауды көре­міз, оң жаққа қарасақ – қамыс басып кеткен арна мен масаның ұясы көзге түседі.
Ә.Р.Жақсыбеков: Жағалауды 6 метрге дейін кеңейтеміз. Ол жерге 15 мың шар­шы метр плита төселіп, ротондалар орна­ты­лады. Қарсы бетінде – сол жағалау бе­кітіледі, бетон плиталармен безен­діріліп, жүргіншілер үшін жол төселеді. Өзенде түнде түрлі-түсті сәуле шашатын су­бұрқақтар пайда болады. Бүкіл жағалау соңғы технологияларды қолдану арқылы жарықтандырылады. Ол қаланың ажарын аша түседі.
Н.Ә.Назарбаев: Енді даңғыл бойын­ша кеттік.
Ә.Р.Жақсыбеков: Бірыңғай колоритті сақтау үшін Республика даңғылындағы әрбір кәсіпорынның, сауда орнының иесіне ғимараттардың сыртын безендіру және дизайнын қолға алу жөнінде та­лаптар қойылды. Қаланың орталық бө­лігін безендіру бағдарламасы қабылдан­ған, ол мамырда-ақ нәтижесін береді. Шетелдік мамандарды шақыру арқылы, кешкі жарықтандыру жүргізіледі. Рес­публика даңғылындағы ғана емес, Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы, сондай-ақ Абылай хан мен Гумилев көшелеріндегі иллюминациялық-деко­ративтік тораптар толықтай жабдық­талады. Динамикалық жарнама, ЗD-вижн, түрлі виньеткалар іске қосылатын болады.
Н.Ә.Назарбаев: Алаңға келдік.
Ә.Р.Жақсыбеков: Алаңда және оған іргелес орталық көшелерде ауқымды жұ­мыс бар. 120 мың тонна асфальт, 54 мың шаршы метр кесік тас төселіп, 24 шақы­рым көлеміндегі жиектастар алмасты­рылуы керек. 2 шақырым кәріз құбыры мен 1 шақырым су құбырының құрылысы аяқталып келеді. Сонымен қатар қала­ның желілік инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Биыл бұл нысандар бойынша қаржы­ландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері біршама жақсы шешілді. Құрылысшылар тарапы­нан сұрақ жоқ. Сондықтан 1-іне немесе 5-іне қарай үлгеруге тиіспіз.


Н.Ә.Назарбаев: «5» деген санды бар­лық кестеден алып тастаңдар. Енді Кон­грестер сарайы. Сіз сөйлеңіз, «ТехноАрт», Иржи Зралы мырза.
И.Зралы («ТехноАрт» фирмасының президенті): Тапсырыс берушінің қалауы бойынша бұл театрдың, конгрестің, кинотеатрдың қызметтерін атқара беретін әмбебап ғимарат болуы тиіс. Құрылыс барысында салмақ түсетін конструк­цияларға қатысты жаңа проблемалар пайда болуда, бірақ біз оларды бірте-бірте шешіп жатырмыз. Мен басшы ретінде негізгі құрылыс пен әрлеу жұмыстарын 30 мамырға қарай аяқтау үшін шаралар қабылдадым.
Н.Ә.Назарбаев: Бұл – өте маңызды ны­сан, басты іс-шара сонда өтеді. Оннан ас­там мемлекеттің басшылары, көптеген делегация қатысады. Көрермендер залы­ның, сахнасының, фойесінің, қонақтарға арналған бөлігінің жұмыстарын бел­гіленген мерзімге дейін бітіріп үлгеруді сұраймын.
Мен онда болдым, бәрі жақсы жүріп жатыр. Сіздерден, өз қолдарыңыздан келе­тінін көрсетіп, бәрін әдемілеп жасап шығуды өтінемін.
Енді «Интерконтиненталь» қонақүйі. Онда тұсаукесер рәсімі болмайды, бірақ барлық басты қонақтар – президенттер мен маңызды тұлғалар сонда тұратын болады. Кешкі қонақасын да сонда береміз. Бәрі де шақыртуларын алды және қазірдің өзінде келісімдерін беріп отыр. Сондықтан мінсіз қызмет көрсетуді қамтамасыз ету керек.
Бекир бей, сөйлеңіз.
Б.Окан (Окан-Исот-Холдинг фирма­сының президенті): Президент мырза, жиынға қатысушы мырзалар! Біз жұ­мысты аяқтап, 10 маусымға қарай қонақ­үйді «Интерконтиненталь» компаниясын басқарушыға тапсырамыз. Ол тексеріп, бүкіл қонақүйді пайдалануға беру үшін белгілі бір уақыт сұрап отыр.
Н.Ә.Назарбаев: Қашан?
Б.Окан: Сірә, ашылу рәсіміне біз Анта­лиядағы «Марко Полодан» адам­дарымызды жұмылдыратын болармыз. Бір ғана айтарым, қызмет көрсету сала­сында проблемалар болу мүмкін екенін ескерткім келеді. Бірақ мерзімінде үлгеру үшін біз бар күшімізді саламыз.
Н.Ә.Назарбаев: Стадион туралы кім айтады?
Т.М.Досмұхамбетов (ҚР Білім беру, мәде­ниет және денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің Туризм және спорт коми­тетінің төрағасы): Қазір онда 240 адам 3 ауысыммен жұмыс істеуде. Барлық материалдар, алаңның синтетикалық төсеніші, жиһаздар, есік-терезелер, бояу мәселелері бүгінгі күні шешімін тауып отыр. 1-не қарай аяқтауға тиіс.
Н.Ә.Назарбаев:Нысандардан тағы не қалды, Еркін Жекенұлы?
Е.Ж.Қалиев (ҚР Көлік және комму­никациялар министрі): Вокзал алдындағы алаңның жұмыс ауқымы жөнінде келісіл­ген, жобалау ісі аяқталды, алдыңғы жа­ғын жаңар­ту жұмыстары басталды. Аяқталуы – 1 маусым».
Кеңесте көтерілген келесі үлкен мә­селе қала мен төңіректі көгалдандыру болды. Күрделі табиғи-климат жағдайла­рын, топырақтағы ылғалдың жетіспеу­шілігін, суландыру желілерінің дамымағандығын, өсімдіктердің ау­дандастырылған сорттары жиынтығының шектеулілігін, питомниктер санының аздығын, қаржыландырудың пробле­мала­рын және т.б. ескерсек, бұл мәселе­лердің бірден шешілуі мүмкін емес екені түсінікті еді. Бүгінде Астананың қолдан жасалған «жасыл белдеумен» көмкеріліп, гүлденген оазиске айналуы осы мәселені өзінің жеке бақылауына алған Прези­денттің тұрақты назар аударуының арқа­сында ғана жүзеге асқанын білеміз.
Ауыл шаруашылығы министрі С.В.Кула­гиннің және орманшы маман­дардың ақпаратын (соның ішінде 50 гектарға отырғызылған ағаштардың 95 пайызы қурап қалғаны туралы мәліметті де) назарға алған Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: «Сергей Витальевич, Сізді де үйрету керек пе? Осыны қалай жасау керектігін ойланыңыз. Содан кейін айтарсыз. Барлық ағаш суарылуға және біреуі де қурап қалмауға тиіс. Міндет – осы. Түсіндіңіз бе? Отырыңыз».
Жаңа астананың басымдыққа ие нысан­дарының қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті, Әл-Фараби шағын ауданы, Ішкі істер ми­нистрлігі мен «Қазақойл» компаниясы­ның ғимараттары да қарастырылды. Бұл жөніндегі ақпараттарды Қ.Е.Көшербаев, В.В.Ни, Қ.Ш.Сүлейменов, Ә.Р.Жақ­­сы­­­беков егжей-тегжейлі баяндап берді.
Астананың гүлденуі – бүкіл Қазақ­стан­ның гүлденуі. Мемлекет басшысы дәл осы жұмылдырушы идеяға баса назар ауда­рып, Қазақстан өңірлерінің басшы­ларын елорданы абаттандыру мен дамы­туға белсенді атсалысуға шақырды. Нақ сол кезде Елбасының бастамасы бойынша облыстардың жекелеген даңғылдар мен көшелерді «шептік қамқорлыққа алу», әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызу, елордаға мо­нументальдық өнер туын­дысын сыйға тарту, жергілікті мәдениет шеберлерінің мәдени «десанттарын» жеткізу, азық-түлік сату жәрмеңкелерін ұйымдастыру сияқты жан-жақты көмегі кең қанат жайды.
Оның қалай басталғаны туралы мына қысқаша үзіндіде баяндалған.
«Н.Ә.Назарбаев: …Қызылорда ет пен күріш әкелді. Шағын аудандарда спорт алаңдарын жабдықтауда.
Б.М.Сапарбаев (Қызылорда облысы­ның әкімі): Футбол, баскетбол алаңдары және теннис корты бар.
Н.Ә.Назарбаев: Міне, Бердібек Мәш­бекұлы жақсы іс бастады. Алматы қаласы мен облыстардың әрқайсысы шағын көшені өз міндетіне алып, ең болмаса, төрт метрден абаттандырсын. Үлкен делега­циялар келген кезде, міне мынаны біз елордамыз үшін істедік деп айтатын боламыз.
Облыстардың тұсаукесер рәсімдеріне байланысты іс-шаралар өткізуі де өте маңызды. Бүкіл Қазақстанды танытатын өнімдер, базар, таңдаулы шығармашылық ұжымдар, көркем шығармалар
мен экспонаттар және тағы да басқа үлгілер… Бұл баршаға пайдалы нәрселер ғой. Демек, 25 мамырдан 10 маусымға дейін 15 күн бойы қаланы өзге іс-шаралардан арылтқан жөн».
Президент кәсіби режиссер сияқты ой толғап, алдағы телевизиялық трансля­цияның сапасына қатысты мәселені де бүге-шігесіне дейін талқылады. «Бұл іс-шаралардың бәрінен жақсы түсірілім әзірленуге тиіс», – деді ол. – Мен барлық ғимаратты алдын ала қарап шығып, мынаны байқадым: барлық көріністер қалай болса, солай түсірілген. Алдын ала барып, қолайлы күндері жайнап тұрған өсім­дік­терді, су бұрқақтарды, түнгі отшашу­ларды және тағы басқа керемет көрініс­тер­ді түсіріп алу соншалықты қиын ба?..».
Белгіленген салтанатты іс-шаралар­дың мәдени бағдарламасын жоспарлау барысында Нұрсұлтан Әбішұлы бәрін де өз орнымен шешу қағидатын ұстанды: «мейлі, іс-шаралар тым көп болмай-ақ қойсын, бірақ сапалы болсын».
Бұл орайда Президент мереке күнде­ріндегі қала тұрғындары мен елорда қонақтарының, жалпы осы мезгілде Астанада болатындардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударды.
«Н.Ә.Назарбаев: Менің ойымша, екі күнге созылатын мерекеге, кемінде 100 мың ақмолалық қатысады. Бұл жерде дұрыс орналастыру, жиылған жұртты түрлі алаңдардағы көпшілікке арналған іс-шараларға «бөліп тарату» маңызды. Бәрін күні бұрын ойластырып қойылуға тиіс.
Көпшілік жан-жақтан Гала-концертті көруге ұмтылады. Ал бұл алаңға 5-6 мың­нан артық адам сыймайды. Сондықтан Төлеген Мұхамеджанұлы (Т.Мұхамеджа­нов – Ақмола қаласы әкімінің орын­басары), басқа алаңдарда – вок­залдың алдында, Теміржолшылар сарайының алдында, жағалауда, тұрғын үй аумақ­тарында қосымша концерттер ұйымдас­тыруды тапсырамын. Бірақ бұл концерт­тер орталық алаңдағыдан бір сағат кеш аяқталуға тиіс. Бұл аса маңызды!».
Ақмоланың бұрын халықаралық фор­маттағы мұндай ірі фестивальдерді өткіз­бегенін ескерген Нұрсұлтан Әбішұлы елорда мэриясын тәжірибелі менеджер­лерді тарту арқылы күшейтуді ұсынды:
«…Демек, шамамен мамырдың 20-на қарай, Ахметжан Смағұлұлы (А.Есімов) мен Дүйсен Қорабайұлын (Д.Қасейі-
нов – ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Мәдениет коми­тетінің төрағасы) немесе Қырымбек Елеуұлын (Қ.Көшербаев – ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау ми­нистрі) осында әкімнің орынбасарлары­мен жұмыс істеу үшін мерзімсіз демалысқа жіберер едім. Олар негізгі жұмыстарын аз уақытқа – 10-15 күнге қалдыра тұрсын. Темірхан Мыңайдар­ұлын (Т.Досмұ­хамбетов) да Алматыдан босатып, осында жіберу керек. Әрине мүлдем босат­паймыз».
Оқырмандар стенограмманың осы үзіндісінен Президенттің Астанадағы мә­дени құрылыс және мәдениет саясатын­дағы басымдықтарға елорданың негізін қалаған сәтте-ақ айқын көзқарас таныт­қанына көз жеткізе алады. Мұндағы басты қағидат жергілікті жерде өнердің ерекше әрі бәсекеге қабілетті инфрақұ­рылымын түзу болатын. Әрине, ол күн­дері көп адам үшін бұл мүмкін емес әрі күмәнді нәрсе болып көрінетін. Бірақ, уақыт Нұрсұлтан Әбішұлының бұл тұста да өз дегеніне жеткенін көрсетті.
«Н.Ә.Назарбаев: Мен мынаны айт­қым келеді: біз мұнда Алматы опера­сын көші­ріп әкелмейміз. Біз осы жерде Ақмо­ланың опера театрын құрамыз. Яғни, Алма­тының мектебі бар, енді Ақмоланың да жаңа мектебі болмақ. Төлеген Мұха­меджанұлы, Сізді осы қызметке сол үшін қойдық қой. Осы жердің адамдарын ша­қырыңыздар, бүкіл әлемнің театр инсти­туттары мен училищелерінің жас түлек­терін тартыңыздар. Неге солай істемеске?
Ақмоланы әйгілі тұлғалар гас­трольмен келетін, ұдайы шақырылатын жерге неге айналдырмасқа? Бұл ретте алматылықтар келіп, Ақмоланы «жарылқап тастайды» деп кадрлардың негізсіз сабылуынан қашқанымыз жөн. Біздің мақсатымыз бұл емес.
Есіңізде болсын. Ертең анау үлкен Сарай іске қосылғанда, ішінде не болады?. Соны ойлап жүрсіздер ме, жоқ па? Содан кейін мынаны да жасаймыз. Кешегі Теміржолшылар сарайы – ол енді бос, керегі жоқ ол. Кеңес өкіметі кезінде әрбір үлкен ұйымның өз мәдениет сарайы болды. Бірақ, қазір заман басқа, ал ғимарат бос тұрып қалмауы керек. Ол жерден, мәселен, филармония ашыңыздар».
Президенттің осындай идеялары мен түсіндірмелері Астананың мәдени да­муына қатысты көп жайтты ұғындыруы­мен ғана емес, сондай-ақ, онда көрініс тапқан Елбасының тактикалық және стратегия­лық тұрғыдан ойлауының үйлесімді синтезі арқылы қызғылықты болып отыр. Ол «күнделікті» міндетті талқылағандай болып көрінгенімен, соның шешімін алыс келешектегі және көпшілік үшін таза «теориялық» мәселе болып саналатын істердің мүддесіне орайластыратын (біз «Астана Опера» театрының 2013 жылы, ал «Астана Балет­тің» 2016 жылы ашылғанын білеміз).
Жаңа елорданың іргесін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлы оның ұлтты жаң­ғыртудың және бостандық пен тәуелсіздік жолындағы жанкешті күресінің символы, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мүддесінің материалдық және рухани тұрғыда жүзеге асқанының көрінісі болып саналатынын ешқашан естен шығарған жоқ. Сол себепті «Отан Ана» монументінің құрылысын салу мәселесінің арнайы қарастырылуы кездейсоқ емес.
Мен бұл жерде мына бір жайтты оқыр­манның есіне салғым келеді. 1990 жылдардың басында зиялы қауым арасында және билік орындарында ел тәуелсіздігі идеясын ұлттың көпғасырлық тарихы тұрғысынан көрсете алатын Отан қорғаушыларға арналған заманауи ес­керт­кіш құрылысының жобасы белсенді түрде ұсынылып, талқыланып жүрген болатын. «Ескерткіш қандай болуға тиіс? Ол не болады: пантеон ба, кенотаф па немесе басқа бір түрде қойыла ма?». Осы және басқа да сұрақтар көптеген адамды толғандырған еді.
Жалпыұлттық маңызы бар қастерлі орталықты орнықтыру – асығыс шешім қабылдай салатын жеңіл-желпі шаруа емес. Нұрсұлтан Әбішұлының кеңесте айтқан ой-толғамдары да осы сөзіміздің дәлелі болмақ.
«Н.Ә.Назарбаев: 9 маусым күні сағат 12-де Отан қорғаушылар монументінің іргетасын қалау жоспарланған.
…Ойлап отырғаным, батыр­ларымыздың мүрделерін осы жерге алып келіп, қайта жерлеу мұсылмандар үшін қаншалықты орынды? Олардың сүйегін бір жерден екінші жерге ауыстыру деген мұсылмандардың дәстүрінде бар ма? Мұны қалайша дұрыс іске асыруға бола­тынын ойланыңыздар.
Мүмкін батырларымыздың қаны там­ған киелі жерлердің топырағын әкел­геніміз жөн шығар?. Оны біздің ата-бабаларымыз шай­қасқан – Аңырақайдан, Бұлантыдан, Түр­кістаннан, Қазақстан­ның барлық түкпір-түкпірінен әкелсек… Содан кейін – пан­филовшылар жандарын қиған Мәскеу түбінен, жерлестері­міз партизан­дық жорықтарда болған Украина мен Беларусьтен, Волгоградтан, Германиядан жеткізсек… Оның үстіне, біз жай қаланы емес, еуразиялық елорданы салып жатырмыз. Меніңше, топырақ са­лынған құтылар тіпті дұрысырақ болар еді.
Арнайы экспедиция жасақтап, оларға түсірушілер тобын қосып, кейін соның бәрін көрсетсек… Ойланыңыздар».
Халықаралық ынтымақтастықты кеңей­ту мен нығайту, инвестициялар мен заманауи технологияларды тарту, шетелдік серіктестер мен инвестор­ларды ынталандыру және қолайлы жағдай қалыптастыру – Астананы салу кезінде көптеген оң нәтижеге жеткізген Елба­сымыздың стратегиялық бағытының тағы бір серпінді күші. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының шетелдік серіктестерге деген құрмет пен алғысқа толы сөздерін мысалға келтіргім келеді.
«Н.Ә.Назарбаев: Осында жұмыс іс­­­­­­теп жатқан барлық шетелдік ком­па­ния­­ларды – «Финтраконы», «Окан-Исот-Хол­дингті», «Мабетексті», «Ах­сель­­ді» және «ТехноАртты» келесі жыл­­дан бастап, жаңа бастамаларға тарта­ты­­нымызға сенімдімін. Бәріңіз де жұмыс істейтін боласыздар. Бұл жерде әлі шаруа көбейеді.
Мен белгіленген барлық мерзімнің сақталуын сұраймын. Шегінетін жер қалған жоқ. Комиссияның төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Есімов мырза. Ол күнделікті барлық мәселені апта сайын қарайтын болады. Егер сіздерде, айталық, жұмыс күшіне, техникаға, мүлік пен нысандарды күзетуге қатысты проблемалар туындаса, қысыл­маңыздар, айтыңыздар. Біз бәрін өзіміз жасаймыз, сіздердің есептеріңізден емес. Сіздер тек жұмыс істеңіздер».
Мәселенің мәнісін терең білу, аудито­рияның өзіндік ерекшелігін ескеру, сенім ахуалын қалыптастыру, стратегиялық тұрғыдан ойлай білу және құбылмалы жағдайда жедел жол табу сияқты қа­сиеттерді иеленген Нұрсұлтан Әбішұлы өзін тек саяси жетекші, дипломат, ме­неджер ғана емес, сонымен бірге өмірлік тәжірибесі мол адам ретінде танытады.
Елбасымен қызметтес болған немесе араласқандардың көпшілігі оның бол­мыс-бітімінің тартымдылығы мен тұтас­тығы, сыртқы және ішкі мәдениеті, ойың­дағыны оқып отыратын сұңғыла­лығы мен ой-өрісінің кеңдігі, өзінің энергиясы және идеялары арқылы қанат­тандыра білетін қабілеті жөнінде айтып жататыны бекер емес.
Дегенмен, Президентіміздің тіл табысу дағдысымен таныс адамдардың қай-қайсысы да Нұрсұлтан Әбішұлының ең шынайы кейіп-келбеті оның көзде­рін­дегі от ұшқыны мен жарасымды әзілде­рінсіз толыға түспейтінін атап өтетіні анық.
Сол кеңесте де Президенттің әзілі мен әжуасы, уытты сөздері айтылмай қал­мады.
Мәселен, пікірталастың бір сәтінде қала әкімі мен Президенттің Іс басқару­шысының арасына Мемлекет басшы­сының төреші болуына тура келді.
«Ә.Р.Жақсыбеков: Көптеген ведо­м­ство­­лар абаттандыру жұмысына әлі кіріс­­кен жоқ. Бірақ, кінәнің көбін Іс басқармасына артамыз. Әл-Фараби шағын ауданы бойынша арыз-шағым өте көп түсуде. Мәселе мынада, әл-Фараби шағын ауданын абаттандыруға 327 миллион қажет. Владимир Васильевич осы мақ­сатпен 76 миллион бөлді, одан басқа бір тиын да бермей отыр. Арыз-шағым­ның көбісі бізде ғана, ал негізі, тапсырыс беруші бұл істі қаржыландыруы керек қой.
Н.Ә.Назарбаев: Владимир Василье­вич (В.В.Ни – ҚР Президентінің Іс бас­қа­ру­шысы), Сіз Әділбек Рыскелді­ұлына жауап бермедіңіз (Ә.Жақсыбеков –Ақмола қаласының әкімі). Бүкіл шағын ауданды ластап біттіңіздер: балшықтан аяқ алып жүре алмайсыз.
В.В.Ни: Иә, мен оған жауап беремін. Бірақ, қазір оны бұл жерде сөз етудің керегі не? Біз мұны жеке талқылаймыз. Менде оған ақша жоқ. Қалай табамыз, солай міндетті түрде жасаймыз.
Н.Ә.Назарбаев: Владимир Василье­вич, Сіз, кәне, жасаңыз. Макиевскийдің «ақ­шамен ақымақ та жасай алады, ал Сіз ақшасыз жасап көріңіз» деген қанатты сөзі бар».
Көгалдандыру жұмыстарының мүш­кіл халі туралы білгеннен кейін Президент бірнеше «халықтық» ұсыныс айтып, оны­сын халықтың жалпақ тілімен түсіндірді.
«Н.Ә.Назарбаев: Қурап қалған әрбір ағаштан шыбық жасап алыңыз да, осылай күтім жасаған адамдардың жалаңаш жам­басынан сабалай беріңіз…
С.В.Кулагин (ҚР Ауыл шаруашылығы министрі): Сірә, сабап қана қоймай, өлті­ру де керек шығар. Мен көрдім, онда еш­теңе де өспейді.
Н.Ә.Назарбаев: Сіздің адамдарыңыз сондай ғой: отырғызды бітті, қайтып оған көз қырын да салмайды.
Сіз цистерналы машиналарды жүр­гізіп, әрбір ағаш көктегенше су құйып тұруын ұйымдастыратын болыңыз. Ақмола облысының халқын жұмыспен қамтамасыз етіңіз, жұмыссыз отырған колхозшыларды жұмылдырыңыз, әрқай­сының қолына шелек ұстатып, сыра толы бөшкені әкеліп қойыңыз (залда күлкі). Көктеп кеткенше бәрі суарылатын болсын. Бұл маңызды мәселе, күлетін түгі де жоқ».
Қала тазалығының қамын ойлаған Мемлекет басшысы жұрттың бәрін немқұрайлылықтан аулақ болуға, көз­бояу­шылық үшін жұмыс істемеуге шақырды. Ғимараттардың алдыңғы беттерін де, аулалардың қуыс-қуыстарын да ретке келтіру керектігін айтты: «Абат­тандыру мен тазарту жұмыстары тек бекітіліп берілген «алақандай» жерде ғана емес, бірнеше көшені бойлай жүргізілсін. Адам күтіп-бапталған аллеядан бұрылған бетте… арғы жағындағы қоқысқа мұр­нымен тірелетіндей болып шықпасын. Үй иелері қонақ шақырғанда мойындарын да жуады, пәтерлерін де жинастырады, солай емес пе?..».
Астананың байырғы тұрғындары ал­ғашқы жылдары масалардың қала үшін елеулі проблема болғанын ұмыта қой­маған шығар. Олармен күрестің бір шарасы ретінде Президент былайша кеңес берді: «Әділбек Рыскелдіұлы, ескі құрылыстарды бұзғаннан кейін жүздеген текше метр қоқысты қайда шығарып тастайтыныңызды мен білмеймін. Алай­да оны қаланың өндіріс аймағындағы, түрлі зауыттар мен қоймалардың айна­ласындағы көптеген шағын көлшіктерді көму үшін пайдалануға болады. Қоқысты сол батпақтың үстіне апарып төгіңіз, маса біткен мыс легеннің астында басы­лып, тұншығып қалатын­дай болсын».
Президент бұл кеңесті әдеттегідей іскерлік көңіл-күймен әрі келешекке деген айқын сенімді кейіппен аяқтады: «Тұсау­кесер рәсімі жақындағанда біз тағы бір рет жиналамыз, бәрін талқы­лай­мыз және нақтылаймыз. Болдық па? Рахмет!».
Міне, еліміздің әрбір патриотының бостандық пен тәуелсіздікке байланысты ең жарқын идеяларын, сезімдері мен образдарын жүзеге асырған ел ордасы – Астананың бой көтеруі осылай басталды. Уақыт сабақтастығын қалпына келтіріп әрі бабалар дәстүрін жаңғырта отырып, біз жаңа қаһармандық эпосты өмірге әкелдік. Оның ең керемет аңызының бірі Астана болды.
Сол кездесудің мазмұнын толықтай дерлік әңгімелеп бердім. Бірақ, дәйексөз­дерді осынша көбірек алғаныма титтей де өкінбеймін. Себебі, бүгінде біз Астана рухы, астаналық стандарт және өмір салты, әлемді танудың астаналық әдісі деп жүргендеріміздің негізгі архетиптері мен түпкі бейнелері сол жылдардағы қызу ой-талқы барысында қалыптасқан еді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*