Анық ақпарат адастырмайды

1000
0
Бөлісу:

Жексенбі күні сағат 13:25-тер шамасында, Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты «Шығанақ-Шу» учаскесінің «Жиделі-Бірлік1» телімінде жолаушылар тасымалдайтын Астана – Алматы бағытындағы №9 «Бәйтерек» пойызының 6 вагоны рельстен шығып кетті. Апатты жағдай қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басшылары осы оқиғаға байланысты шұғыл түрде қажетті шаралар қабылдап, жолаушылардың тиісті жерлеріне аман-есен жетуіне көмектесті.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компа­ниясының басшылары БАҚ өкілдерімен арнайы кездесіп, болған оқиғаның мән-жайына қатысты мәліметтер берді.
Біз де апат орнына арнайы барып, дәл қазіргі жағдайды көзбен көріп қайттық.
Кеше кешкілік Жамбыл теміржол бөлімшесінің Шу стансасында «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, ИДМ Көліктерді бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев №9 «Астана-Алматы» жолаушылар пойызының жолдан шығып кетуіне қатысты оқиға бойынша журналистермен кездесті.
Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев зардап шеккендерді қолдаудың барлық шаралары жасалып жатқандығына тоқталды.
Қазақстан Республикасы заңнамасы бекіткен төлемдерден өзге, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы қазалы отбасына 2 миллион­нан астам теңге, зардап шеккендерге алған жара­қатының денсаулығына келтірген залалының ауырлығына байланысты 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін беріледі.
Сондай-ақ жолаушылар «Жолаушылар тасы­малы» АҚ-ның «НСК» сақтандыру компания­сымен өткен жылы жасасқан келісімшартына орай, тиісті өтемақы ала алады. Сақтандыру ком­паниясының қосымша өтемақы төлеу мәселесі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ерекше бақылауында тұр.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жанынан жедел штаб құрылды. Ол вагондардың жолдан шығып кетуіне қатысты барлық зардаптарды жоюдың шараларын үйлестіреді. Оқиға болған жерде 9 техника мен 300-ге жуық теміржолшы қалпына келтіру жұ­мыстарын жасауда. Пойыз қозғалысы екінші жолмен жүргізілуде.
Арнайы комиссия оқиғаның себебін сарап­тауда. Оның нәтижесі қосымша хабарланады.
«Қазіргі кезде жол телімінің инфрақұрылымы техникалық тексеруден өткізілуде. Жылжымалы құрамның инструментарлық өлшемі жасалуда. Сараптау нәтижесі зерделенуде» дейді Қанат Алпысбаев.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметтік тергеу амалдарын жүргізуде. Соған орай оқиғаның себебі сараланады. Локо­мотивтер мен вагондардың жағдайы тексеріледі. Пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне талап күшейтілді.
Орын алған оқиға бойынша Бас көлік прокуратурасының қадаға­лауымен құқық органдары қылмыстық іс қозғады.
Жолаушылар пойызының №0014 электровозын машинист Александр Метанников тізгіндеген екен. Алғашында төтенше жағдай орын алғанда 3 адам жарақат­танып, бір адам қаза тапты деген дерек тарады. Біз де оқиға орнында болып, осындағы мән-жайды көзбен көріп, кей ақпараттардың анықтығына қол жеткіздік.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен жедел оқиға салдарын анықтау, мүмкіндігінше көмек сұраған­дарға қол ұшын беру үшін штаб құ­рылып, штаб төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тікұшақпен оқиға орнына жеткендігін айта кеткен жөн. Жедел хабар алған соң апат орын алған телімге облыстық төтенше жағдайлар қызме­тінің өкілдері, теміржолшылар, Шу ауданы әкімдігінің өкілдері, жедел жәрдем қызметі жеткен. Пойыз құра­мындағы 18 вагонда 832 жолаушы болған. Ал құлаған үш вагонда барлығы 152 жолаушы отырған. Апатқа ұшыраған пойыз артынан келген «Көкшетау-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызына және аудан әкімдігі тара­пынан ұйымдастырылған көліктермен жолаушылар Шу стансасына жеткізілген.
Оқиға салдарынан 2006 жылы туған жасөспірім қайтыс болса, 14 жолаушы медициналық көмекке жүгінген. Ол азаматтар жедел-жәрдеммен Шу аудан­дық ауруханасы мен Шу қалалық ауру­ханасына жеткізілген. Бүгінгі күні 13 азамат өздерінің денсаулығы жақсы болғаннан кейін діттеген жерлеріне аттанып кетіпті. Астана қаласының 48 жастағы тұрғынына бүгін ота жасалды. Шу желілік Ішкі істер бөлімінде жоғарыдағы оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Апат орын алған телімге жет­кенімізде жағдайдың біршама қалыпқа келгендігіне көзіміз жетті. Қалай дегенде де, пойыздар қозғалысына кедергі келмеген. Өйткені былтыр желтоқсан айында толық іске қосылған Шу-Алматы-1 бағытындағы темір­жолдың екінші жолы олқылықтың орнын толтыруға сеп болып отыр. Әрине, апат айтып келмейді. Сонымен, жедел тежегіш іске қосылғанда жол оқиғасы орын алып, үш вагон жолдан шығып кетті. Бір вагонның артқы доңғалақтары ілініп қалып, қисайған. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Астанада жасақ­талған арнайы комиссия кеше таңертең оқиға орнына жетті. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев та бүгін оқиға орнына келеді. Қала берді телім бойында үш жүзге жуық теміржолшы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Біз мұнда бірқатар оқиға куәгерлерін және қалпына келтіру шараларының басы-қасында жүрген азаматтармен тілдестік.
– Астана-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы Шу стансасына 20 шақырым жетпей апатқа ұшырады. Жедел диспетчерге хабар жеткен соң, қалпына келтіру пойызы, барлық жауап­ты сала өкілдері осында жетті. Алды­мен жедел-жәрдем шақыртылып, жолау­шы­лардың қауіпсіздігі тексерілді. Бірінші кезекте адамдардың вагон­дардан шы­ғуына көмектестік. Екі жолау­шы жедел ауруханаға жөнелтілді. Оқиғадан кейін араға бір сағат салып №56 «Көкшетау-Қызылорда» жолау­шылар пойызы келді. Ол пойызға да жолаушыларды отырғы­зып, стансаға жеткіздік.
Әрине, жұмыстың барлығы «Жолау­шылар тасымалы» АҚ басшылығымен келісіліп жүргізілді. Өйткені апатқа ұшыраған пойыздың басындағы сау жеті вагонды элек­тровозға тіркеу керек болды. Ал Шу вокзалы және Шу станса­сының бастығы жолаушы­лар­ды ыстық тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етті. Бағыттары бойынша жолынан қалмауына да көмек көрсетті. Жексенбі күні кешкі сағат алтыға дейін жолынан қалған жолаушы болмады. Барлығын толық дерлік аттандырдық. Бір айта кетерлігі, құлаған вагонның бірінде Астана қаласынан демалып келе жатқан жиырма шақты оқушы болған. Қаскелеңдік бұл оқушылардың барлығы аман-есен. Олардың қауіпсіздігін ескеріп, облыстық штаб төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың ұйымдас­тыруымен жедел үш көлік дайындалып, жергілікті полиция қызметі жасағының сүйе­мелдеуімен балаларды Қаскелеңге шығарып салдық. Балалардың жетек­шісі алғысын айтып, көмегімізге ризашы­лығын білдірді, –дейді ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесі директорының Шу аймағы бойынша орынбасары Серік Халықов.
Оқиға орында болған «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентінің даму бойынша вице-президенті Данияр Нұрмағамбетов алдымен жолау­шылар­дың қауіпсіздігі ескерілгендігін алға тарт­ты. «Жолаушылар тасымалы» АҚ та­рапынан арнайы штаб жұмыс істеп тұр.
– Жолаушыларға психологиялық көмек те көрсеттік. Менің өмірлік тә­жірибемде талай жағдай болған шығар. Дегенмен, мен машинистің пойызды жедел тоқтату шеберлігіне риза болдым. Былайша айтқанда, ұшақты қондыр­ғандай болды. Оны да ескерген дұрыс болар, – дейді №10 «Астана-Алматы» бағытындағы «Бәйтерек» жолаушылар пойызының бригадирі Айман Қойшыбаева.
Біз оқиға барысында ауыр дене жарақатын алған Астана қаласының тұрғыны Әліби Байжановтың да жағдайын сұрап, Шу қалалық ауру­ханасына бас сұқтық. Екі аяғы сынған науқасқа ота жасалады. Оқиғаның мән-жайын сұрағанымызда пойыз жедел тоқтағанда вагон ішінде қарбалас болып, есін жоғалтқан. Қазір жағдайы жақсы, дәрігерлердің қарауында. Теміржол­шылар да келіп, жағдайын білуде. Шу қалалық ауруханасының травматологы Александр Новиковтың айтуынша, оқиғадан жарақат алып, дәрігерлерге қайырылған барлық азаматтарға көмек көрсетіліпті.

P.S. «Нұр Отан» партиясы теміржол бойындағы апаттан қаза болған Алексей Мальневтің отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Ерман Әбдиев

Бөлісу:

Пікір жазу


*