ЖОЛАУШЫЛАР ПОЙЫЗЫ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ (ВИДЕО)

1374
0
Бөлісу:

Жексенбі күні түстен кейін әлеуметтік желілерде Шу маңындағы апатқа ұшараған пойыздың жолаушылары түсірген бейнероликтер пайда болды. Онда құлап жатқан вагондардың терезелерінен бірін-бірі тартып шығарып жатқан жолаушыларды көріп жұрт жағасын ұстады.

Артынша құтқару құрылымынан ресми хабарлар түсе бастады. «17 маусым күні сағат 13.25 минутта «Астана-Алматы» бағытымен келе жатқан № 9 жолаушылар пойызы Жамбыл облысындағы Шу стансасы маңында апатты жағдайға ұшырады. Пойыз құрамындағы жолаушылар келе жатқан вагондар  рельстен шығып кетіп, оның үшеуі аударылып қалды» деп  мәлімдеді ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Астанадан Алматы арасына қатынайтын «Бәйтерек» жолаушылар пойызының құрамында 20 вагон болған. Құрамның артқы жағындағы сегіз вагон рельстен шығып кетіп, үшеуі бір жағына жантайып құлаған. Апат болған жерге дереу аттанған Жамбыл облыстық құтқару бөлімдері, жол бойында жедел мән беру медициналық-құтқару пунктінің бригадасы, реанимобильмен жеткен жедел медициналық көмек бригадасы жарақат алғандарға дәрігерлік көмек көрсеткен. Құтқару қызметінің хабарлауынша, бір жеткіншек қаза тауып, үш адам жарақат алған. Жарақат алғандар ауруханаға жатқызылған. Олардың аты-жөні анықталып жатыр. Арада жарты сағат өткеннен кейін апатқа ұшыраған пойыздың жолаушылары «Астана-Қызылорда» қатынасы бойынша жүретін жолаушылар пойызымен Шу стансасына жеткізілген.

Сағат 15.10 минутта Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің директоры «Казавиаспас» тікұшағына мініп оқиға болған жерге аттанды, деп хабарлады жергілікті баспасөз қызметі.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Видео әлеуметтік желіден алынды

Бөлісу:

Пікір жазу


*