Роналду әлем чемпионатындағы алғашқы хет-трикті жасады (видео)

1200
0
Бөлісу:

15 маусым күніне жоспарланған кездесулердің нүктесін Португалия мен Испания қойды. Матчтың тартысты өтеріне ешкім де күмәнданбаған және солай болды да.

Алғашқы минуттардан-ақ қос ұжымның да деңгейлес екені, төрешінің соңғы ысқырығы шалынғанша ентікпей ойнайтындары анық байқалған. Матчтағы есепті Криштиану Роналду 4 минутта пенальтиден ашты. Оны айып алаңында «Реалдағы» командаласы Начо шалып жыққан болатын. Бірақ 24 минутта Испания құрамасының шабуылшысы Диего Коста есепті теңестіріп кетті. Осыдан соң 44 минутта Роналду тағы да мергендігімен көзге түсіп, командасын алға шығарған. Алайда Диего Коста 55 минутта  дубльге дубльмен жауап берді. Есеп 2:2. Арада 3 минут өткенде Начо ойынның алғашқы сәтіндегі қателігін түзеп, алыстан Руи Патрисиу қақпасын дәл көздеді. Дегенмен ойынның бүкіл қызығы 88 минутта тұр екен. Криштиану Роналду айып алаңының сыртынан айып добын теуіп, Давид Де Хеаға ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ.

Осылайша, Роналду бұл әлем чемпионатының алғашқы хет-тригін жасады. Тиісінше төрт әлем чемпионатында қатарынан гол соққан бірегей футболшы атанды. Бұған дейін ондай атаққа Уве Зеелер, Пеле және Мирослав Клозе қол жеткізген болатын.

Роналду 8 ірі турнирде қатарынан гол соғып келе жатқан бірегей ойыншы: Еуро-2004, ӘЧ-2006, Еуро-2008, ӘЧ-2010, Еуро-2012, ӘЧ-2014, Еуро-2016, Конфедерация кубогы-2017 және ӘЧ-2018.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*