БАУЫРЛАС ТАТАР ЕЛІ ТӨРІН ҰСЫНДЫ

921
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысы алдымен, Қазан федералдық университетіне соқты.
Оқытушы-профессорлар құра­мымен кездесудің алдында Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қала­сында оқып жатқан Қазақстан студенттерімен әңгімелесті. Ел­басы жас қазақстандықтарға толағай табыс тілеп, зор жетіс­тіктерге жетулеріне ниеттестік білдірді.
Мемлекет басшысына Қазан федералдық университетінің Құр­метті профессоры атағы бе­рілді.
Ресей Федерациясының же­текші оқу орындарының бірі сана­латын университет ұжымына арналған сөзінде Қазақстан Пре­зиденті білім ордасының акаде­мия­лық және ғылыми базасы мықты екенін, сондай-ақ оның инновациялар саласындағы нақты жетістіктерін атап өтті.
– Тарихи деректерге сәйкес, Қазан университетінде 1877 жыл­дан бастап қазақ интеллиген­циясы да білім ала бастаған. Оқу орнының Қазақстанмен тарихи байланысы бүгінге дейін жалға­сып келе жатқаны қуантады. Қа­зіргі уақытта мұнда түрлі ма­мандық бойынша 500-ден астам қазақстандық студент оқиды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің 25 жылдық дипло­матиялық қатынастары кезеңінде екіжақты саяси және экономи­калық ынтымақтастық үлгі болар­лық дәрежеге жеткенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты Астана мен Мәскеудің стратегиялық серік­тестігінің маңызды элементі деп атады.
Нұрсұлтан Назарбаев екі мәдениет пен халықты жақын­дас­тыра түсу ісінде татар диаспо­расы маңызды рөл атқаратынына назар аударды.
Қазақстан Президенті Та­тарстан Республикасымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.
– Біз машина жасау, мұнай химиясы, әскери-техникалық жә­не көлік-логистикалық ынты­мақ­­тастық салаларында түрлі инвес­тициялық жобаларды бір­лесе іске асырып келеміз. Біздің елордаларымыз – Астана мен Қазан арасында бауырластық байланыс орнаған, ал Алматы мен Қазан серіктес қалалар са­налады, – деді Мемлекет бас­шысы.
Елбасы бүгінде Қазақстанда халықаралық бағ­дарламалардың талаптарына сәйкес балаларды жаратылыс­тану-математика пән­дері бойын­ша оқытуға бағдар­ланған 20 зияткерлік мектеп са­лынғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стан­дықтарға әлемнің үздік уни­вер­ситеттерінде білім алуға мүм­кіндік берген «Болашақ» бағдар­ламасының нәтижелері жөнінде де әңгімеледі.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көр­шілік пен достық қатынастарды нығайту қажеттігіне назар ауда­рып, бұл мәселеде жастар маңыз­ды рөл атқаратынын атап өтті.
Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Мәскеу ынтымақтастығын одан ары іл­герілету үдерісіне екі елдің өске­лең ұрпағын белсенді түрде тар­туды көздейтін бірқатар іс-шара ұйымдастыруды ұсынды.
– Қазақстан мен Ресейдің жас көшбасшыларының форумын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл басқосу жастарға мемлекеттері­мізді дамытудың өзекті мәселе­леріне қатысты өз ойларын ортаға салуға және нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ мәдени байланыстарға тың серпін беріп, елдеріміздің дарынды және шығармашыл жастарына қолдау көрсету мақ­сатымен жас орындаушылардың, суретшілер мен музыканттардың жыл сайынғы байқауларын өткізуді жандандыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Құрметті профессор атағын беру рәсімі аяқталған соң, Қазақ­стан Президенті Қазан федерал­дық университетінің Құрметті қо­нақтар кітабына қолтаңба қал­дырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Татарстан Республи­касына жұмыс сапары барысында өнеркәсіп орындарының көрме­сіне барды.
Қазақстан Президентіне кеме және машина жасау, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі кешені саласындағы кәсіпорындардың өнімі көрсетілді.
Жұмыс сапары аясында Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республи­касының президенті Рустам Миннихановпен кездесті.
Келіссөздер барысында та­рап­­тар екіжақты қатынастардың қа­зіргі мәселелері және өзара ын­ты­мақтастықты дамытудың ал­дағы жоспарлары жөнінде әңгіме­лесті.
Елбасы екі ел ара­сындағы бай­ла­ныстарды нығай­тудың перс­пективті бағыттарына тоқ­талып, Татарстанның әлеу­меттік-экономикалық дамуының қар­қыны жоғары екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Татарстан арасында бауырластық әрі сенімді қарым-қатынас орнағанын айтты.
Қазақстан Президенті сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық ынтымақтастықты жан­дандырудың маңыздылығына назар аударды.
– Сіздерде ІТ технологиялар саласы жақсы дамып келеді. Біз­дің жастарымыз бұл тәжірибені зерттеуі керек. Өңіраралық ынты­мақтастық та ілгерілеп келеді. Екіжақты сауда көлемі 700 мил­лион долларға дейін өсті. Енді 1 мил­лиард доллар көрсеткішіне қол жеткізу керек, – деді Мемле­кет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударды.
Мемлекет басшысы Қазақ­станның көлік-транзит әлеуетін дамытудың және инфра­құры­лымдық бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижелеріне тоқ­талды.
Қазақстан Президенті мә­дени-гуманитарлық ынтымақ­тастық, соның ішінде білім беру мен медицина саласындағы байланыстарды нығайту мәсе­лелеріне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Р.Мин­нихановтың елдеріміз арасындағы достық қатынастарды, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Татарстан Республикасының президентін бірінші дәрежелі «Достық» ор­денімен марапаттады.
Рустам Минниханов эконо­миканың түрлі секторларындағы тиімді екіжақты ынтымақ­тас­тықтың маңыздылығын атап өтті.
Сапар соңында Қазақстан Президенті Болгар қаласын және аумағында Успен Құдай-Ана ер­лер монастырінің басты ғибадат­ханасы – Успен соборы орна­лас­қан Град Свияжск аралын қайта жаңғырту жоспарымен танысты.

Бөлісу:

Пікір жазу


*