Астана музейлері: Ұлы дала тарихының шырақшылары

978
0
Бөлісу:

Астана – бабадан  қалған  байтақ мекен. Ұлы  даланы мекен қылған жауынгер жұрттың  мыңдаған жылдарға созылған  жорықтары да, күн түбіне  созылған  ұлы көштері де  елорданың Арқа төсіне  ауысуы арқылы байыз тапқан сияқты. Оғыз қағанның  әр жорықтан соң  Ертағы мен Кертағы тауына оралғаны сияқты,  қазақ та Арқаға ту тігіп, Қараөткелді елдің ордасына айналдыруды ежелден  мұрат тұтса керек. Өйткені Арқа өлкесі  Ұлы даланың кіндігі саналған. Қазақтың тағдыр-талайында  айрықша орны бар аймақ.

Бүгінде Астананың ресми түрде мемлекеттің бас шаһары аталға­ны­на 20 жыл толғанымен, Есіл мен Нұраның арасын адамзат баласының мекен қылғанына сан мыңдаған жылдар өткен. Ғалым­дар­дың айтуына қарағанда, адам­дар осы аймақта алғаш рет бір жарым миллион жыл бұрын қоныс тебе бастаған көрінеді. Одан бері аң аулаған қауым, кен балқытып, жылқыны қолға үйреткен жұрт та осы аймақтан алыстаған жоқ. Беріде бұл төңіректе Бозоқ сияқты қалалар да бой көтерген. Сауда-саттық қызған деседі. Одан соң бұл мекеннің «Қараөткел» атанғаны бар. Ақмола, Целиноград, қайтадан Ақмола атанып, 20 жыл бұрын ғана Астана деген мәртебеге ие болғаны белгілі. Яғни, Астана мен оның төңі­регіндегі тарих мыңдаған жыл­дарға кетеді. Сол тарихтан сыр шертіп, өңірдің сан қатпарлы сыры­на, құпияларына үңілуге музей­лердің жәрдем қылатынын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Сол себепті, Астана музейлерін таныстыр­маққа бекіндік.

20 жыл бұрын…

Ақмола қаласы ресми түрде астана мәртебесін алмай тұрған кез­де осы шаһардағы рухани-мә­де­ни орталықтар да облыстық дең­гейдегі қалаларға ғана тән си­пат­­та болған-ды. Яғни, қаладағы музейлер мен мәдени орындар тұрғындардың санына, келетін қонақтар мөлшеріне сәйкес еді. Ақмолада өткен ғасырдың тоқса­нын­шы жылдары 3 музей ғана болған. Олар: Тарихи-өлкетану музейі, Заманауи өнер музейі және Сәкен Сейфуллин музейі. Алғашқы музейдің тарихы ХХ ғасырдың орта тұсында дүниеге келсе, Заманауи өнер музейі 1980 жылы ашылыпты, ал С.Сейфуллин музейі 1988 жылы ашылған еді. Сөйтіп, Ақмола елдің бас шаһары мәртебесін алғанға дейін өңір тарихынан сыр шертетін осынау үш мекеме халыққа қызмет көрсетіп келді. Кеңес Одағы кезінде әр облыста, қалада, ауданда тарихи өлкетану музейлерін ашу қалыпты жағдай. Дегенмен Ақмолада кейінен ашылған екі музейдің жөні бөлек болатын. Заманауи өнер музейі 1980 жылдың 2 қазанында Тың және тыңайған жерлерді иге­ру­­дің 25 жылдығына орай ашыл­ды. Әу баста, «Целиноград облыс­тық бейнелеу өнері музейі» деп аталатын. Кейін Заманауи өнер музейіне айналды. Музейдің алғаш­қы коллекциясын Алматыда өткен «Жер және адамдар» атты бүкіл одақтық көрмеден соң, шараны ұйымдастырушылар берген 500 туынды жасақтады. Одан соң музейдегі жәдігерлер саны өсе берді. Мекеменің сатып алған туын­дылары бар, суретшілердің бергендері бар, кейінгі жылдары Заманауи өнер музейінің қорына 4 мыңнан астам туынды жиналған. Сәкен Сейфуллин музейі ақын­ның ресми түрде ақталғанына 30 жыл толғанда, 1988 жылдың 20 ақпанында ашылды. Музей орналасқан ғимарат ХІХ ғасырда салынып, өткен ғасырдың 20 жылдары онда Сәкен Сейфуллин жұмыс істеген екен. Музей алғаш ашылған кезде қордағы жәдігерлер саны 700 дана ғана болыпты. Оның өзінде негізгі қордағы мұралар 200-дей болса, қосымша қорға кіретін жәдігерлер 500 шамасында. Қазір жалпы жәдігерлер саны бес жарым мыңнан асады екен. Соның ішінде Сәкеннің шапаны, тақиясы, сағаты тәрізді жәдігерлер осында тұр. Бұл мұраларды ақынның жары Гүлбаһрам Сейфуллина тапсырыпты.

Музейлер саны еселеп өсіпті

Жиырма жыл ішінде Астана­дағы музейлердің өзі бірнеше есе­ге өсіпті. Қазір елордада ірі музей­лермен қатар, кәсіптік музей­лер де кездеседі. Әлбетте, олар­дың көшін Қазақстан Республи­касының Ұлттық музейі бастап тұр.
Ұлттық музей 2014 жылдың 2 шіл­десінде ашылды. Бұл музей көлемі жағынан Орталық Азиядағы ең үлкен музей болып саналады. Жалпы аумағы – 74 мың шаршы метр. Жеті блоктан тұрады, 14 мың шаршы метрді құрайтын 14 зал бар. Бұл музейде өзгесін айтпағанда, Абылай ханның шапаны тұр. Қаз дауысты Қазыбек пен Төле бидің қай­тадан қалпына келтірілген шапан­дары да осы музейге қойыл­ған. ХҮІІІ ғасырда жасалған, алтын­мен апталып, Құран аяттары жазылған дулыға, Абайдың алғаш басылып шыққан кітаптарының түпнұсқасы, Мағжан Жұмабаевтың портфелі, Дина Нұрпейісованың домбырасы тәрізді құнды дүниелер бар. Берелден табылған алтын кежімді тұлпарлардың да макеттері осында тұр. Тағы бір тамаша музей – Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті музейі. Бұл музейдің Астанаға ғана емес, Қазақ­стан тарихында алар орны ерекше. Өйткені музей 1997-2004 жылдар аралығында Президент резиденциясы болған ғимаратта орналасқан. Музей Президенттің 2004 жылдың 28 тамызындағы жарлығымен құрылған болатын. Бүгінде бұл музей қорында 126 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың ішінде Президенттің жеке кітапханасы да бар. Онда 16 мың кітап пен басылым жинақ­та­лыпты. Елбасының жеке архи­він­де 100 мың данадан астам түрлі құжат сақталған. Музейдің жеке кол­лекциясына келсек, онда 8 мың дана бұйым бар. Музейдің жалпы аумағы – 12 мың шаршы метр. Музей өз қызметін ресми түр­де 2005 жылдың наурыз айында бастаған еді.
«Қазақстан Республикасы алтын және бағалы металдар музейі» бар. Музей 1990 жылы Алма­тыда ашылған. 2000 жылы Аста­наға көшірілді. Бастапқы кезде музей Президенттің мәдени орталығында орналасқан болатын. Кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің ғимаратына көшірілді. Мұнда жалпы саны 7 мыңнан астам экспонат бар. Соның ішінде негізгі қор ретінде 1720 бұйым тіркелген. Сонымен қатар Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» да осы музейде сақталады деседі. Бір ғана «Алтын адамның» бойынан 4 мыңнан астам алтын бұйымдар, алтын қабыршақтар табылыпты. Жалпы, бұл музейде алтын және күміс­тен жасалған бұйымдарға арнал­ған арнайы залдар бар. Олар­дың өзі нумизматика, зергерлік бұйымдар, археология мен тұрмыстық бұйымдар деп бірнеше түрге бөлінетіні бар.
Тағы бір тамаша музей 2015 жыл­дың желтоқсан айында қыз­ме­тін бастады. Ол – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейі. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің күш-қуаты мен жауынгерлік өнердің жалғасын наси­хаттау үшін құрылған бұл музейде қазірдің өзінде 9 мыңнан астам жәдігер жинақталыпты. Мұнда Қанжығалы Бөгенбай батыр­дың дулығасы, Айдарбек батырдың сауыты, Қожаберген батыр Жәнібекұлының шапаны, Зуқа батыр Сәбитұлының дүниелері мен сақалы тәзірді бірқатар құнды мұра­лар бар. Музейде армия гене­ралы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев ұшқан МиГ-25 жойғыш ұшағының кабинасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ғарыш­қа апарылып, қайтадан әке­лінген жауынгерлік туы да тұр. Ежелгі дәуірден бас­тап, күні бүгінге дейінгі қару-жарақты да осы музейден табуға болады. Музейдің жыл сайын ұйымдастыратын «Ұлы дала батырлары» атты конферен­ция­лары да ғалымдардың назарын аударып келеді. Бүгінде музейде «Қазақтың 100 батыры» жоба бас­­талып, жүзеге асырыла бастап­ты.
Назарбаев орталығы. Әрине, бұл орталықты бірден музей деу­ге келмес. Алайда, құрылымы мен онда жинақталған мұралар орта­лықтың музейлерден кем түс­пей­тінін көрсетеді. Әрі орта­лық­тың құрамдас бөлігінің бірі музей деп аталады. Орталық 2012 жылы 23 қаңтарда Қазақстан Президентінің Жарлы­ғы­мен құрыл­ған болатын. 2012 жыл­­дың наурыз айында орталыққа Қазақ­стан Республикасы Прези­ден­тінің мәдени орталығы қосы­лып, Nazarbayev centre жаңа сипат­та жұмысын жалғастырды. Орта­лық орналасқан аумақ 20 мың 315 шар­шы метрді алып жатыр. Орталықтағы музейде 143 мың жәдігер бар. Олар археология, этно­­графия, тарих, мәдениет пен өнер тақырыптарын қамтиды. Музей­де «Тәуелсіз Қазақстан және оның негізін қалаушы, Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, археология қоры, жазбаша дерек көздері мен ақпа­рат қоры дейтін үш бөлімнен құралған. Музейде «Берел алтын­дары», Болат Сарыбаевтың 315 экспонаттан құралған жеке музы­калық коллекциясы, «Сақ көсемінің қорғаны» тәрізді тама­ша экспонаттар бар. Тәуелсіз Қазақ­стан және Тұңғыш Президент қорын­да сирек кездесетін құжат­тар, мемлекеттік рәміздер және Елбасыға шетелдіктердің берген сыйлықтары, өзге де жәдігерлер сақ­талған. Орталықтың кітапха­на­сын­да 619 мың кітап сақтаулы тұр.

Сипаты бөлек жәдігер

«Атамекен» Қазақстан кар­тасы» этно-мемориалды кеше­ні. Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен 2001 жылдың 8 қыркүйегінде ашылған бұл ке­шен – іс жүзінде Астананың визит­тік картасына айналды. Кешен ашылған кезде «Бәйтерек» мону­мен­ті тұрғызылмаған да еді. Әрі «Атамекен» Қазақстан картасы» ерекше келбетімен есте қалғаны бар. Ашық аспан астындағы музей деуге келетін бұл орын 1,7 гектар жерді алып жатыр. Картада Астана мен Алматы қалалары және 14 облыс орталығының, түрлі тарихи, мәдени орындардың, ескерткіштердің, табиғи ландшафтардың макеттері орналасқан. Кешенге келген адам санаулы сағатта тұтас қазақ елін аралап шыққандай күй кешеді.
Астананың іргесіндегі саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» музей-мемориал кешені зұлмат заманды ұмытпау үшін құрылған болса керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылдың 31 мамырында Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылында «АЛЖИР» мұражайы ашылды. Облыстың аумағында дегенімізбен, мұражайдың Астана тарихымен тікелей қатысы бар әрі қала қонақтары ұдайы ат ба­сын тірейтін мекенге айнал­ған. Мұнда 18 мыңнан астам әйел болған. Әрине, оларды «жаза­­сын өтеді» деуге келмейді, өйт­кені олардың бар айыбы «халық жауы» деп тұтқындалған, атыл­ған азаматтардың жарлары бол­ған­дығында еді. Мұнда Тұрар Рысқұловтың жары мен енесі Әзиза Рысқұлова, Арифа Есенғұлова, Темір­бек Жүргеновтің жары Дәмеш Жүргенова, Санжар Асфен­дияровтың әйелі Рабиға Асфендиярова, КСРО-ға танылған әнші Лиди Русланова, маршал М.Тухачевскийдің қарындасы Елизавета Тухачевская тәрізді әйелдер отырған.
Елордадағы ерекше бір музей жайлы айтпасқа болмайды.
Ол – Жазу тарихы музейі. Жазу тари­хы музейі Л.Гумилев атын­дағы Еуразия университетінде орналасқан. Музей 2003 жылы ашылды. Одан бұрын, 2001 жылы осы университетке Күлтегін бітік жазуының көшірмесі әкелінген еді. Жазу тарихы музейінің ашылуы да тікелей осы түркі дәуірімен байланысты еді. Өйткені музейде өзгенің емес, түркі жазуының тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Тіпті 693 жылы тасқа қашалған Елтеріс Құтлұғ қағанның бас мүсіні де сонда тұр. Төркіндес 26 тілде сөйлеген түркі тайпалары қолданған 16 түрлі жазуды да осы музейден көруге болады. Ең бастысы, Күлтегін заманынан келе жатқан, батырға арналған бітіктас төңірегінен табылған тас тұр. Ол тасқа осыдан 1300 жыл бұрын Білге мен Күлтегіннің бірі отырып, жорықтардың арасында сәл тыныстап алды ма, әлде Тоны­көк­тің қолының ізі қалды ма, кім білсін?! Әйтеуір, қарапайым ғана болғанымен Орхон жа­ға­сындағы бітіктастың төңіре­гі­нен әкелінген тас. Түркі дәуірінің рухын Орхоннан Арқаға әкелген тас ол. Сондықтан Жазу тарихы музейінің жөні бөлек. Астанаға жолы түскен қазақ сол музейге бір бас сұқса артықтық етпес дейміз.
Астанадағы музейлердің сыр-сипаты әртүрлі. Бұрын Жазу тарихи музейі түгілі далалықтарда «жазу болмаған» деген кезеңді де бастан өткізгенбіз. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Біз өткен күндерге тек тарих деп қана қарайтын болдық. Алты мың жылдық Ұлы көш – мемлекетшілдік рух байыз тапқаны бар. Астана музейлері сол рухты сезінуге мүмкіндік беретін орындар.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*