Қыдырғыш шенеуніктің қадірі бар ма?

1257
0
Бөлісу:

Барлық шенеуніктер үшін Сингапурдың бюрократиялық аппаратты қолдау саясаты – аңсарлы арман. Бұл арал – мемлекетте министрлерге ай сайын миллион доллардан төлейді. Бірақ алып корпорацияда жұмыс істейтін бұл ел «халық қызметшілерінің» тағдырын түсімге тәуелді еткенін ескеру керек: экономика өркендесе, жалақысы өседі, тоқыраса, күрт құлдырайды. Нәтижесінде, Сингапур тез-ақ дамыған елге айналып, жаһандық рейтингтерде көш бастады.

Қазақстан да мемлекеттік қыз­мет­шілер жалақысын олардың жұ­мыс тиімділігімен байланыстыруға қадам жасауда: қызметі жемісті деп танылса, қомақты бонус пен сы­й­ақы­лар алады. Бірақ бұл жүйе эко­но­микалық дағдарыс туғанда, халық күйзелгенде, шенеуніктер еңбекақы­сын да төмендетуді қарастырмайды.
Әрине, Қазақстан өз шенеунік­теріне миллион доллар төлей алмай­ды, өйткені экономикасы дамыған елдер қатарында емес. Сондықтан мамандарды мемлекеттік қызметке сан алуан жеңілдіктермен қызық­тыруға, еңбек шарттарын қолайлы етіп, ынталандыруға күш салуда. Осы аптада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «мемле­кеттік қыз­метшілердің икемді жұ­мыс кестесі» бекітілетінін жария­лады. Агенттікке жыл басынан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын үйлестіру жүк­телген екен. Соның аясында ве­домс­тво бірқатар жобаларды іске асыруда.
– Олардың бірі икемді жұмыс уақыты кестесін белгілеуді қарас­тырады. Жобаның мақсаты – бірінші кезеңде агенттік аппаратының қызметкерлері үшін оңтайлы жұмыс күнінің тәртібін құруды көздейді. Жоба оң әсер берген жағдайда, ары қарай бұл тәжірибе басқа мемле­кеттік органдарға, әсіресе, ірі қа­лаларда орналасқан мемлекеттік мекемелерге таратылады, – дейді кіші бағдарламаның бас менеджері Шыңғыс Төрегелдин.
Мемлекеттік қызметшілерге қолайлы жағдайлар жасау үшін ең алдымен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұжымында ау­қым­ды әрі жан-жақты сұрау салыныпты.
– Қызметкерлеріміз арасында жүргізілген талдау олардың 70 па­йызы еңбек тәртібінің өзгеруін қажетсінетінін анықтады. Бірінші кезекте, бұл жұмыс күнінің басталу уақытына қатысты. Кішкентай балалары бар агенттіктің жекелеген қызметкерлері жұмыс күнін бел­гіленген уақыттан кеш бастау мүмкіндігін беру туралы тілек айтты. Әйтпесе, білім беру мекемелерінің жұмысы таңғы 8-де басталады. Қызметкерлер балаларын мектепке жеткізгенше біраз уақыт жоғалтып, жұмыс орнына әрдайым уақтылы келуіне мүмкіндігі бола бермейді. Соның кесірінен, олар кешігеді, стреске ұшырайды, басшылығынан сөз естиді. Бұл мәселе қала маңында және қаланың шалғай аудандарында тұратын қызметкерлер үшін де көкейтесті: көлікпен жұмысқа жету процесі біршама уақыт алады, – дейді Ш.Төрегелдин.
Рас, олардың сұраулары тек «таңертең кешігіп келуге рұқсат етумен» шектелмейді. Сауалнама барысында агенттік қызметшілері мұның сыртында «түскі үзіліс уақы­тын ұзартуды» өтінген. Олар тамақ­тануға бөлінген бір жарым сағатты азсынатын көрінеді.
– Қолданыстағы тәртіп бойынша түскі үзіліс уақыты 1,5 сағатқа созы­лады. Бұл ретте сауалнама нәтиже­лері көрсеткендей, қызметкерлер түскі үзіліс уақытында сондай-ақ тұлғалық дамумен айналысуды қалайды. Мысалы, біз қызметкер­леріміздің түскі үзілісте фитнеспен, спортпен шұғылдануға тырысаты­нын білдік. Сонымен қатар олар осы кезде музейге барғысы, бассейнге суға түскісі немесе отбасылық-тұрмыстық мәселелерін шешкісі келеді, бірақ бұған 1,5 сағат аздық етеді, – дейді бас менеджер.
Агенттік қызметкерлердің «тұл­ғалық өсуіне оң ықпал ету үшін» пилоттық режимде «түскі үзіліс уа­қытын тағы жарты сағатқа ұзартуға» шешім қабылдады. Яғни, мемле­кеттік органда дәл күн ортасында екі сағат бойы үзіліс жарияланады.
«Осылайша, бастапқы кезеңде агенттік аппаратының жұмыс кесте­сін келесідей етіп, өзгерту ұсыны­лады. Мектепке дейінгі жастағы және бастауыш сыныпта оқитын балалары бар агенттіктің қызметкер­лері үшін жұмыс күні кештеу, сағат 9:30-да басталады деп белгіленеді. Бірақ олар үшін түскі үзілістің уа­қыты бұрынғыдай 1,5 сағат көлемінде қалады, сонда жұмыс күні сағат 19.00-де аяқталады. Ал түскі үзілісті өзгертуді қалаған қызмет­керлері бар қызметтер үшін жұмыс­тың басталу уақыты өзгертілмейді. Оның орнына түскі үзіліс уақыты бұрынғыдай 13:00-ден 14.30-ға дейін емес, 13:00-ден 15.00-ге дейін ұзар­тылады. Бірақ басталу уақытын ескере отырып, жұмыс күні олар үшін де 19.00-де аяқталады» дейді Шыңғыс Төрегелдин.
«Оңтайлы жұмыс кестесін орнату мәселесі біздің агенттікпен бірге, Инвестициялар және даму ми­нистрлігінде де сынақтан өткізі­летін болады. Бұл министрлік өткен жылдан бері жұмыс уақытын өзгерту бойынша тәсілдемелерді пысықтап жатқанын атап өткеніміз жөн. Министрліктің штат саны мен құрылымының үлкендігін есепке ала отырып, оларда барлығы мемле­кеттік орган ведомстволарының салалық бағдарланушылығына байланысты болады. Тиісті алгоритмі пысықталуда. Жуық арада ИДМ-мен бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірісеміз деген үміт бар. Жыл соңына дейін осы жұмыстың оң нәтижелері болып қалар» деді кіші бағдарла­маның бас менеджері Ш.Төрегелдин.
Мемлекеттік қызмет агенттігінің байламынша, осы жобаның жүзеге асырылуы «мемлекеттік органдар­дың ұйымдастырушылық мәде­ниетін жақсартуға мүмкіндік береді, қызметкерлерді тұлғалық өсуге ынталандырады, стрестік жағдай­ларды азайтады, жұмысқа кешігу проблемаларын шешуге жол ашады, жұмыскерлердің жауапкершілігін арттырады».
Әлеуметтік желілерде аталған өзгерістер қызу пікірталас туғызды. Пікір білдірушілердің бір бөлігі бастаманы құптаса, басқалары таң­даныстарын жасырмайды. Жұрт­шылық шенеуніктерге қайырылып, түскі үзілісте қарынды тойдыра сала, бірден фитнеспен, спортпен айна­лысуға болмайтынына назар аудартады, ал музейге баруға, бас­сейнге түсуге дәл жұмыс үстінде алаңдамай, демалыс не мерекелік күндері уақыт бөлуге кеңес береді.
«Жақсы қыдырып жүрер, Қыдыры артынан шұбырып жүрер» деген мақал бар қазақта. Бұл қауым елді күттіріп қойып, екі сағат бойы қыдырыстап жүретін шенеуніктерге қатысты болмаса керек.
Сондай-ақ бірқатар азаматтарды «таң азанда не түскі уақытта берілетін қосымша уақытты қызметкердің қалай және қандай мақсатқа жұм­сайтынына мемлекеттік қызмет агенттігінің бақылау жасауды жос­парлап отырмағаны» мазалайды. Ұжымдағы қызметкерлердің бір бөлігі толығымен екі сағатқа (музейге, саунаға, фитнес залға) «жоғалып» кетсе, ал кейбір қызмет­керлер тек тамақтана сала, жұмыс орнына ертерек оралса, басшылар келіп түскен шұғыл тапсырмаларды да соларға арта салып, жүктемесін ұлғайтуы ғажап емес. Демек, жаңа жүйе өз қызметіне жүрдім-бардым қарайтын қызметкерлердің жауап­сыздығын заңдастырып бермеуін қарастырған жөн.
Осы және басқа да түйткілді жайттарды шешуге кәсіподақ атса­лысатын болса керек. Мемле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов биылғы сәуірде Қазақ­станда мемлекеттік қызметшілердің де алғашқы кәсіподақ ұйымы құрылғанын мәлім етті. Кәсіподақ енді шенеуніктердің еңбек құқық­тарын қорғаумен, сондай-ақ оларға және отбасы мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсетумен айналыспақ. Оның айтуынша, елімізде мемле­кеттік қызметшілерге арналған шипажайлардың тұтас желісі бар, бұдан былай олар да кәсіподақтық жарна есебінен қолжетімді бола түспек. Бұл кәсіподақтың бастауыш ұйымдары тек агенттікте ғана емес, басқа мемлекеттік органдарда жұмыс жасайды және олар тек мәдени-бұқаралық немесе спорттық ша­ралармен шектелмей, сондай-ақ корпоративтік саяхаттар мәсе­лелеріне де көңіл бөледі.
– Бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің пікірінше, кәсіподақ құру мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуге және олардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға мүмкіндік береді. Ай сайынғы жарна арқылы кәсіподақ ұйымы жинайтын ресурстар есебінен қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өткізіледі, бірлескен тынығуларға шығу ұйымдастырылады, спорт залдарға баруға жеңілдіктер жасалады, – деді Саян Ахметжанов.
Оның мәліметінше, жыл са­йынғы санаториялық жолдамалар сыртында, агенттік қызметкерлері кәсіподаққа қарасты емдеу-сауықтыру орындарында жеңілдікті шарттармен өз денсаулықтарын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер алады. Бұдан бөлек кәсіподақ комитетінің шешімі бойынша қиын өмірлік жағдайға тап болған, ұзақ немесе созылмалы дерттерге душар болған әріптестерге материалдық көмек көрсетілуі мүмкін.
«Мемлекеттік қызметшілер құ­қық­тарын қорғау тетіктерін күшейту жайына тоқталсақ, кәсіподақ ұйы­мының өкілдері тұрғын үй комис­сиясының құрамына кіреді, мем­лекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін бағалауға, тәртіптік жауапкершілікті қарауға қатысады және қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын басқа да мәселелерге атсалысады. Қорыта айтқанда, ұтымды жұмыс пен шығармашылық көзқарас танытса, бастапқы кәсіподақ ұйым­дары қолында мәдени тынығуды ұйымдастырудың, персоналды дамытудың және қызметкерлердің өмір сапасын арттырудың сарқылмас резервтері бар!» дейді агенттіктің аппарат жетекшісі С.Ахметжанов.
Сонымен бірге, 2019 жылы Қазақстанда шенеуніктердің жалақысы өсірілетін болады. Бұған бүгінде ендіріліп жатқан факторлық-балдық жүйе септеспек. Оның ая­сын­да салмақты бонустар төленеді.
– Бонустық жүйеде ең кем дегенде төрт лауазымдық айлық көз­делген. Егер эксперт-маман тиімді жұмыс атқарған болса, тиісінше, жыл соңына қарай ол он айлыққа дейін алуы мүмкін, ал бұл шамамен – 3 миллион теңге. Бүгінде 40 шар­шы метрлік екі бөлмелі пәтер нарықта 12 миллион теңге тұрады. Ендеше ол осы баспана ипотека­сының үштен бір бөлігін бірден өтей алады. Ал 3-4 жылда толық төлеп шығады. Егер барлық мемлекеттік органдар бірте-бірте факторлық-балдық жүйеге көшсе, онда осы деңгейге қол жеткізеді», – дейді мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің төрағасы Алик Шпекбаев.
2018 жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанда шенеунік­терге арналған 98 мың 499 бірлік штат бар. Оның ішінде биік лауа­зымды «саяси мемлекеттік қызмет­шілердің» штат саны – 436 бірлік. Ал қалғаны, яғни 98 мың 63 бірлігі «әкімшілік мемлекеттік қызмет­шілер»: төменгі деңгейдегі басшылар мен қатардағы қызметкерлер. Оның ішінде «А» корпусы – 279 бірлік, «Б» корпусы – 97 784 бірлік.
Алайда қазіргі кезде жеті мыңдай лауазым орны бос тұр. Нәтижесінде, Қазақстандағы шенеуніктердің нақты саны бүгінде 91 мың 830 адам­ды немесе штат санының 93,2 па­йы­зын құрайды. Соның ішінде «сая­си мемлекеттік қызметші­лердің», яғни әкімдер, министрлер, ведомство басшыларының жалпы саны – 428 (штат санының 98,2 пайызы).
«Әкімшілік мемлекеттік қызмет­шілердің» «А» корпусы (халық оны әзілдеп, «ағашкалар» деп атайды) – 267 (штат санының 95,7 пайызы). Ал «Б» корпусындағылар (әзіл-сықақ тілінде «братишкалар») саны – 91 мың 135 (немесе штат санының 93,2 пайызы).
Бұл ретте орталық мемлекеттік органдарда 48 мың 735 шенді жұмыс істейді. Бірақ олардың тек 9 мың 397-уі Астанада, орталық аппарат­тарда жұмыс істейді (саяси – 319, «А» корпусындағылары – 57, «Б» корпусындағылары – 9 021). Қалған 39 338 қызметкер орталық мемле­кеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде еңбек етуде.
Жергілікті атқарушы органдарда 43 мың 95 адам қызмет атқаруда (саяси – 109, әкімшілік мемлекеттік қыз­метшілердің «А» корпусында­ғылары – 210, «Б» корпусындағылары – 42 776). Егер тарата айтсақ, бұл сапта­ғы­лардың 1 мың 51-і мәслихат­тар­дағы, тағы 584-і облыстардың, Астана мен Алматының тексеру комиссияларындағы мамандар.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қыз­метте жасы тіпті 23-ке де толмаған 1 305 адам қызмет атқаруда. 23-тен 30 жасқа дейінгі санаттағылар саны – 22 мың 296 (24,3%), 30-дан 40 жасқа дейінгілер – 29 мың 655 (32,3%), 40-тан 50 жасқа дейінгілер – 19 мың 842 (21,6%). «Зейнеталды жастағы», яғни 50 жастағы және одан егделе­рінің саны – 18 мың 732 адам. Олар шенділер арасында 20,4 пайыздық үлеске ие.
Мемлекеттік қызметшілердің тек 91,8 пайызы жоғары білімге ие екені мәлім болды. Қалғаны – орта мектеп қана бітіргендер немесе кол­ледж түлектері. Қызықты дерек: мем­лекеттік қыз­метшілердің көп­ші­лігі – 37,5 пайызы экономика және бизнес, тағы 25,3 пайызы құқық саласындағы жоғары білімге ие. Қынжылтарлығы сол, қазақ­стандық шенеуніктердің тек 9,3 пайызы ғана техника ғылымдары мен техноло­гиялар салаларында жоғары білімді меңгергендер екен.
«Тас лақтырсаң, экономист пен заңгерге тиеді» деген «нақыл» әзірге мемлекеттік қызметтегі қалыптасқан жағдайдан да көрініс береді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*