Жолдар, жолдар…

1004
0
Бөлісу:

Қазақстандағы жол қатынасы, салынған жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Жыл сайын еліміздің әр аймақтарында жолдар жаз бойы жөнделгенімен, күздің алғашқы жауынына шыдас бермей, шұрық-тесігі шығып жататынын қайтерсің. Оны әсіресе, тозығы жеткен жолда жүруден шаршаған автокөлік жүргізушілері мен жолау­шылар жақсы біледі.

Ауылдан қалаға, қаладан басқа аймақтарға жетелейтін сан түрлі бағыттағы жолдардың сапасы кім-кімді де болсын тол­ғандырары сөзсіз.
Жол жөндеу жұмысымен ай­налысатын мердігерлер кепілдік міндеттемелер шеңберінде жібер­ген олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Биыл ақпан айында Оңтүстік Қазақстан об­лы­­сында жол жөндеуге сал­ғырт қараған, мерзімінен кешіктірген 9 мердігер, 4 жобалаушы және 4 техникалық қадағалаушы ме­кемеге 8,5 миллион теңге айып­пұл салынған. Міне, біздегі
бас ауыртар басты мәселелердің бірі – осы.
Әр өңірдің қандай екенін оның таспадай созылған теп-тегіс жолдарына қарап баға­лайтын заманда неғұрлым са­палы әрі тиімді жұмыс жаса­лы­натын болса, мердігерлік компаниялар үшін де, қала басшылығы үшін де жақсы. Елімізде жыл сайын қомақты қаржы көздерін желге ұшырып, қала жолдарын кедір-бұдыр етіп жаба салатын жауапсыз бас­шы­ларды жазаламаса, жолымыз­дың жағдайы да оңалмайды. Сон­дықтан жол мәселесіне жауапты қарасақ екен.

Жолаушының мұңы –  жолдың сапасы

Биыл айнадай тегіс боп тө­селіп, келер жылы адам көргісіз күйге түсетін бұндай жолдар жо­лаушыны діңкелетіп, таяқ тастам жердің өзіне сағаттап жеткізбей қояды. Жол жақсы болса, жо­лаушы мен темір тұлпарға алыс қашықтықтың өзі бұйым болмас еді. Мемлекет қолға алып отыр­ған қазіргі міндет те осы: алыс-жақын бағыттардың бәріне де сапалы, жайлы жол салу. Бұл – әлеуметтік маңызы бар мәселе. Сондықтан жыл сайын мемлекет қазына­сынан жол құрылысына қыруар қаржы бөлініп келеді. Бірақ сол қаражат тиімді жұмса­лып отыр ма? Салынып жатқан жолдардың сапасы қандай? Жаңа төселген жолдар неліктен тез тозады? Осы сұрақтар төңірегінде әңгімемізді өрбітейік.
Сарапшылар жолдардың жыл­да бұзылуының себебін құ­зыретті орындардың жауапсыз­дығынан іздейді. Ал шұрық-тесік жол, шаңы шыққан көше елі­міздің көп өңіріне тән көрініс еке­нін – жол азабын тартқан жүргізу­шілердің аузынан жиі естиміз. Қала көшелеріндегі мұндай жолдардан айналып өту мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, тоз-тозы шыққан жолдарды әр облыс аймақтарынан кездесті­руге болады. Жолдар қыруар қаржыға жөнделгенімен, жылға жетпей жырылып қалады. Жол­дан гөрі құрақ көрпеге көбірек ұқсайтын жамау көшелер ауа райының кезекті тосын мінезіне шыдас бере алады дегенге сенудің өзі де қиын. Әр өңірдегі шұрық-тесік жол­дарға қарап, сол қара­жат желге ұшты ма деген ойға қаласың.


Статистика сөйлесін

– Болжам бойынша, 2020 жылға қарай табысы төмен және орташа мемлекеттердегі жол апатының саны екі есе өспек. Орталық Азия елдерінде адам өлімінің басты себептерінің алдыңғы қатарында жол апаты тұр.
– Айта кетейік, жыл сайын жол апатынан әлемде 1,25 миллион адам қаза тауып, 50 миллон адам түрлі дене жарақатын алады-мыс. Бұл малярия мен СПИД сияқты ғасыр дерттерінен болатын адам шығынынан да көп.
– 137 елдің арасында Біріккен Араб Әмірліктерінің жолы ең сапалы деп танылып, бірінші орынға қойылған. Екінші сатыда – Сингапур, үшіншіде – Швейцария. Қазақстан – 115-орында.
– 2017 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жол апатынан қаза табатындар саны ТМД және Еуропа елдерінен асып түседі.
– Елімізде жол апатынан қаза табу қаупі Норвегиядан 11 есе жоғары екен.
– Қазақстанда 1 шақырым жол салуға орта есеппен 3,7 миллион доллар жұмсалады. Бұл өзге елдермен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары.


Қазақстан Республикасының ІІМ әкімшілік полиция коми­тетінің өкілі Ақтоты Борано­ваның айтуынша, еліміздегі респуб­ликалық маңызы бар жолдарда 2018 жылдың алғашқы төрт айында 500-ден астам жол көлік оқиғасы тіркелген. 187 адам қаза болып, 900-ге жуық адам әр түрлі дене жарақатын алған. Мұндай келеңсіз жағдай­лардың орын алуының бірнеше себебі бар. Соның бірі – жол сапасының нашар болуы.
Жол салудың мән-жайына тоқталған Қарағанды облыстық жол-құрылыс саласындағы қауымдастық төрағасы Ермек Әбілдин: «Ең алдымен, жол тө­сей­тін кәсіпорынның мүмкін­дігіне қарау керек. Техникасы қандай, қай технология бойынша жұмыс істейді, құрылыс мате­риал­дары­ның сапасы қандай – бәрі ескерілуі тиіс. Қазіргі кезде көп фир­малар жалғыз қаламмен барады да, тендерге қатысып, ұтып алып жатады. Мемлекеттік тапсы­рысқа ие болу үшін 50 пайызға дейін жеңілдік жасай­тындар бар. Ол дұрыс емес. Жа­рытып қаражат алмаған ком­пания сапалы жолды қайдан салсын?»,–дейді. «Қазақ­стандық жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Бағдат Телтаевтың айтуынша, еліміздің Орталық, Шығыс ай­мақтарында асфальт-бетонның қатты суыққа шыдас бермей, жа­рылып кетуі елімізде жиі кез­десетін мәселе­лердің бірі са­налады екен. Б.Бұрханбайұлы өз кезегінде жолдың тез бұзы­луының себепте­рін де айтып өтті: «Ең негізгі жол­дар асфальт бе­тоннан жаса­лады. Бұндай жолдарға климаттың ықпалы тиеді. Айталық, солтүс­тікке қарай қатты аяз болғанда, олар­дың көбісі суықтан қарс айы­рылып кетеді. Жарықшақтар пайда болады. Ал оңтүстікке қарай керісінше, үдерістер орын алады. Соның ішіндегі көп кез­десетін бұзылу түрлерінің бірі – төменгі температуралық жарық­шақтардың пайда болуы», – дейді.
Статистикаға көз жүгіртелік. 2017 жылы Global Competitiveness Index-тың жасаған рейтингісінде автокөлік жолдарының сапасы жөнінен Қазақстан 137 елдің арасында 115 орында тұр екен. Осыдан-ақ жолымыздың жағ­дайы жақсы еместігін білуге болады. Қайтпек керек?

Жолымыз біздің зор болсын,
Бізден тілек сол болсын

Қазақстан – аймақаралық инфрақұрылымды дамытуға арналған инвестицияларды пайдаланушы басты мемлекет. БҰҰ тас жолдар желісі, Азия даму банкінің Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ын­тымақтастық бағдарла­ма­сының аясындағы транспорттық желілер және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы еліміз арқылы өтеді. Бір-бірімен өзара тығыз бай­ла­нысты аса ірі жобалар Қа­зақ­станның тас жолдарын қамти­тындықтан, олардың сапасы мен жол апатының болу мүмкіндігін зерттеу маңызды. Соған орай, CSIS мамандары Қазақстандағы 13 мың шақырым тас жолдың сапасы мен олардағы жол апа­тының ықтималдығын зерттеген.
Жолдардың қауіпсіз болуы тек инфрақұрылымдық жоба­лардың сәтті өтуі үшін ғана қажет емес. Халқының 45 пайызы ауыл­дық жерде тұратын Қазақ­стан үшін мектепке, ауруханаға және жұ­мысқа баратын жолдың қауіп­сіздігі аса маңызды. Инфра­құрылымды дұрыс жобалап қана қоймай, жүргізушінің жолдағы тәртібін жақсартып, қоғамдағы көлік жүргізу мәдениетін өзгерт­кенде ғана жолдар қауіпсіз бола түседі. Оның үстіне, тас жолдар сапасының артуы Қазақстан­ның Орталық Азиядағы транспорт­тық жобалардың басты орталы­ғына айналдыруға септігін тигізеді.
Бұл күнде дамыған мемлекет­тер жолдардың сапасын көтеру арқылы апат санын айтарлықтай азайтқан. Жол апаттарының алдын алуға болады. Ол үшін ең алдымен, жолдардың сапасын жақсарту керек.
2016 жылдың қазанында Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының қатысу­шылары Жол қауіпсіздігі стратегиясын қабылдады. Оған сәйкес 2030 жылға қарай, жол апатынан қаза тапқандар мен жарақаттанғандар санын екі есе азайту жоспарлан­ған. Бұл жыл сайын 23 мың адамның өмірін сақтап, 250 мың адамды ауыр жарақаттан, мүгедек болудан құтқарады.
Қазақстан халыққа керекті инфрақұрылымды дамыту үшін 2014-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдаған болатын. Биыл рес­публикалық маңызы бар жер­лерге салынатын және жөнде­летін жолдың ұзындығы 4 мың 200 ша­қырымға жетпеді деп жоспар­лануда. Барлық облыстар қам­тылған 23 жоба аталған бағдарлама аясында жүзеге аспақ. Бұл туралы 30 қаңтарда көлік-логистика саласының дамуы жөніндегі республикалық кеңесте айтылған болатын.
Автомобиль жолдары коми­теті төрағасының сөзіне сүйен­сек, Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгінде жергілікті жер­лердегі жол сапасын 50 пайызға жақсарту қолға алынуда. Биыл бұл шараға 150 млрд теңге тар­тылады екен. Оның жартысын облыс әкімдік­тері көтерсе, қал­ғанын респуб­ликалық бюджет бөледі. Сондай-ақ алдағы жарты жылда 468 шақырым жол ақылы болады. Олар: Астана – Темір­тау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас тасжолдары. Бұл тізім жылдан жылға өсе бермек.
2018 жылы елімізде жолға 38,8 млн теңге бөлінген. Бұл 2017 жыл­мен салыстырғанда 42 па­йызға көп. Қаржыға 583 нысан, 1576 шақырым жол мен ішкі көшелер жөнделмек. Оңынан болсын дейміз.


Түйін

Жол – қарым-қатынас құралы. Сол себепті, ел мен елді, жер мен жерді жалғайтын ұзын сонар жолдардың сапасы жоғары болса дейсің. Оның үстіне, халықтың бүгінгідей өркениет заманында жөні түзу көшелермен жүріп-тұрғысы, алыс жолға шыққанда жол қиындығын сезінбей сапар шеккісі келетіні шындық.
Жол жөнделсе – жүргізуші мен жолаушының көңілі де жайланары анық. Тегінде «жол жаман болса – атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» деген сөз текке айтылмаса керекті.


Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*