НҰР КЕЛБЕТТІ АСТАНА

1046
0
Бөлісу:

12 маусым күні Ұлттық музейде мәдениет және спорт министрлігінің бастамашы болуымен Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған «Нұр келбетті Астана» атты көркемсурет көрмесі ашылды. Көрмеде бас қаламыздың әсем келбетін кескіндеген әлемдік суретшілердің туындысы қойылмақ. Шара аяқталған соң, көпшілік назарына ұсынылған барлық сурет  Ұлттық музейдің қорына табысталады. 
Көрмеге АҚШ, Бразилия, Ресей, Жапо­ния, Үндістан елдерінен келген қылқа­лам шеберлерінің туындылары қойы­лыпты. Өнерлеріне әлем жұртшы­лығы тәнті болған Александра Коннор (Ұлыбритания), Джовани Томасси (Италия), Жизель Улисс (Бразилия), Игорь Дубовой (Ресей), Марко Зубак (Хор­ва­тия), Әділбек Бәйтереков (Қырғыз­стан) секілді шеберлер Астананың көркем бейнесін өз қиялдарымен тоғыстырып, тамаша туындыларды ел назарына ұсын­ған. Шетелдік суретшілерден бөлек, қазақ­стандық Амангелді Кененбаев, Нұр­базар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспановтардың да суреттері көрме төрінен орын алған.
Шараның мақсаты – көрме қонақ­та­рын Астанамыздың 20 жылдық тарихымен таныс­тыру, шаһардың тарихи-мәдени жетістіктерін паш ету. Суретшілердің қиялы сан тарапты шарлаған. Астананың архитектуралық ансамбльдерін, өнер мен білім ошақтарын бейнелегендер де бар. Енді бірі демалыс орындарын, гүлзар мен саябақты тақы­рыптарына арқау етіпті. Әдеттегі нұсқадан ауытқып, қиялы мен елорданың көркем бейнесін үйлестіре отырып, жаңаша бағытта сурет ұсынған қатысушылар да баршылық. Ең бастысы, фестивальге келген көрермен шығар­ма­шылық көрмеден ерекше әсер алып, мерейленіп қайтпақ. Фестиваль қонақ­та­ры­­ның арасында – әйгілі Лувр музейіне де туын­дылары қойылған меймандар бар. Олардың қазақ жеріне аяқ басуы әрине, үлкен құрметтің белгісі. Әдетте, қол жете бермейтін қылқалам шеберлерінің Қазақ­стан­ға келгенін пай­даланып қалған ұйым­дас­тырушылар, қонақтардың қатысуымен оқушылар сарайында және «Шабыт» университетінде арнайы шеберлік сабақ­та­рын да өткізбек. Көркемсурет өнеріне қызығатын дарынды тәлімгерлер үшін бұл әрине таптырмас мүмкіндік.
– Әуежайдан шыға сала ең бірінші назарға іліккені – жап-жасыл кең дала. Табиғаты тамаша екен. Астана – болашақ қаласы деп ауыз толтырып айтуға болады. Егер мен Жапонияда тумасам және қаланы таңдау мүмкіндігі өзіме берілсе, Астанада дүниеге келуімді қалаушы едім, – дейді жапон суретшісі Акира Мурата.
Ұлыбританиялық суретші Алек­сандра Коннордың айтуынша, оны қазақ­тар­дың тұрмыс-тіршілігі, этникалық негіз­дегі салт-дәстүрі қатты қызықтырған. «Ұшардың алдында бір апта бұрын үстімдегі бешпетті көріп қалып, ойлан­бас­тан сатып алдым. Мұны қазаққа деген құр­метім деп есептеңіз. Сондай-ақ бүркіт­ші­нің суретін сала бастадым. Жалпы, туындыларымның басым бөлігін тарихқа арнағым келеді» дейді ол.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*