Қаржы неге игерілмей отыр?

889
0
Бөлісу:

Шамамен жүз миллиард теңгедей қаражат экономикаға жұмыс атқармай, бос жатыр. Бұл Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында Үкімет мүшелері өткен 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджетті игерудің қорытындыларын шығарды. Сондай-ақ күн тәртібіне «сумен жабдықтау жүйелерін дамыту», «бизнесті цифрландыру» мәселелері шығарылды.

Бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­менов осы жылдың алғашқы бес айында Қазақстан ЖІӨ-нің өсімі 3,9 пайыз болғанын хабарлады. Инфляция көр­сеткіші төмендеу бойынша рекорд орнатыпты.
– Жыл басынан бері инфляция 2,4 пайызды құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 0,9 пайыздық тармаққа төмен. Жылдық инфляция небәрі 6,2 пайыз деңгейінде тіркелді. Бұл соңғы 3 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады! – деді бас экономист.
1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақ­стан­ның халықаралық резервтері 1,4 пайыз­ға ұлғайып, 90,4 млрд долларға жетті. Отан­дық өнеркәсіптер өндірісі де тұрақты өсім даңғылында қозғалып келеді: жалпы өсімі 5,4 пайызды құрады. Соның ішінде шикізат өндіру өнеркәсібінің өсуіне негізгі қолдауды мұнай-газ саласы қамтамасыз етуде. Мұнай өндірісі 6,4 пайызға, табиғи газ өндірісі – 6,5 пайызға, кен өндірісі – 3,6 пайызға артты.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 5,5% болды. Мұндай екі санды өсім қағаз өнімдері өндірісінде (14,4%), химия өнеркәсібінде (11,2%) және машина жасауда (12,2%) тіркелді. Өңдеудің негізгі салалары да сүбелі үлестерін қосуда: сусын өндіру 8,1 пайызға, тамақ өн­дірісі – 6,3 пайызға, мұнайды қайта өңдеу – 4,3 пайызға, фармацевтика – 6,1 пайызға, қара металлургия өндірісі – 6 пайызға ұлғайды.
Негізгі капиталға салынған инвести­ция­лар жыл басынан бері жағымды үрдіс-тренд­ті паш етуін жалғастыруда: олар 25,3 пайызға өсті. Оған Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаң­ғырту және «Теңіз» кен орнында болашақта кеңейту жобасын іске асыру ин­вестициялары серпін берген. Бұл ретте өң­деу өнеркәсібіне құйылған инвес­тиция­ның 21,5 пайызға көбейгенін айта кеткен жөн.

Қазақстанның жаһандық нарықтағы саудасы да жүріп тұр: сыртқы сауда айналымы І тоқсанда 24,3 пайызға (21 млрд доллар) ұлғайды. Соның ішінде шетелге өткізген экспортымыз 27 пайызға өскен. Бұл жерде шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 11,2 пайызды құрап, одан 3,8 млрд доллар табыс келді. Өзге елдерден тасы­малдаған импортымыз 19,4 пайызға көбейді, оларға 7,2 млрд доллар шығындалды. Ол негізінен, машиналар мен құрылғылар секілді инвестициялық тауарлар есебінен өсті. Олардың легі 25,7 пайызға артқан.
– Өңірлердің жағдайына келсек, олар­дағы экономика салаларындағы жағдай әр бағытта өрбуде. Өнеркәсіпте 2 өңірден, яғни Батыс Қазақстан (-2%) және Қызылорда (-4,4%) облыстарынан басқа барлық өңірлер өсім жолында дамуда. Алайда соның ішінде он өңірдің өсімі республикалық мәннен, яғни 5,4 пайыздан төмен. Ауыл шаруашылы­ғын­да барлық өңірлер өсудің оң үрдісін сақ­тап қалды. Бірақ тағы да 8 өңір республи­ка­лық мәннен, яғни 3,9 пайыздан төмен қар­­қын көрсетуде. Мәселен, Маңғыстау, Аты­рау, Қызылорда, Алматы, СҚО, Пав­ло­дар, БҚО, ШҚО-да бұл сала өсімі небәрі 1,3–3,5% деңгейінде, – деді Тимур Сүлейменов.
Астана қаласында, Павлодар және Атырау облыстарында құрылыс саласы жыл басынан бері кері кетуде екен. Бірақ бұл өңірлерде жағдай өткен аймен салыстырғанда жақсарған: Атырау облысында теріс мән -8,2 пайыздан -3,1 пайызға дейін, Павлодар облы­сында -35 пайыздан -18,6 пайызға дейін және елордада 23,8 пайыздан -22,8 пайызға дейін қысқарды.
Отырыста «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру, экономиканы ұзақ мерзімдік несиелендіруді қамтамасыз ету, ипотекалық несиелендіруді дамыту арқылы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру тура­сында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндады.
«Ұзақмерзімді несиелендіруді дамыту мақсатында банктер таяу жылдары «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарлама аясында 200 млрд теңге алып, оны ипотекалық несиелен­діруге бағыттайды. Болашақта бұл сома 1 трлн теңгеге дейін өсіп, банктердің ипотека­лық портфелінің қазіргі көлемін 2 трлн теңгеге дейін арттырады» деді Д.Ақышев.
Алғашқы бес айда мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің (жалпы бюджет) кірісі – 11 пайызға, соның ішінде республикалық бюджеттікі 12 пайызға, жергіліктісі – 7 пайызға ұлғайған.
Шығыстардың игерілу көрсеткіштері өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстыр­ғанда жақсарыпты: МБ – 97,8%, РБ – 98,1% және ЖБ – 98,4%. Бес айдың қортындысы бойынша республикалық бюджет тапшы­лығы 138 млрд теңгені құрады. Бас қаржыгер бұл тапшылық сырттан қарыз алмай, ішкі ресурстар есебінен жабылғанын жеткізді.
– Игерілмей қалған ең көп сомалар ке­лесілер үлесінде: Қорғаныс министрлігі – 17,2 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлiгi – 8,5 млрд теңге, Iшкi iстер ми­нистрлiгi – 5,4 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі – 7,8 млрд теңге, Қаржы министрлiгi – 3,3 млрд теңге, Жоғарғы сот – 1,8 млрд теңге, – деді қаржы министрі.
Республикалық объектілердің құры­лысына бюджеттен 275,5 млрд теңге жұмсау қарастырылған. Алайда күні бүгінге дейін оның небәрі 15 пайызы ғана немесе 42,2 мил­лиарды игерілген.
– Енді жыл соңына дейін 233,3 млрд теңге игерілуі қажет. Бұл сома мына мемле­кеттік органдарға тиесілі: Инвестициялар және даму министрлігі – 188,5 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлiгi – 15,5 млрд теңге, Iшкi iстер министрлiгi – 5,2 млрд теңге және Мәдениет және спорт министрлігі – 4,1 млрд теңге, – деді Б.Сұлтанов.
Мұны естіген Премьер-министр Бақыт­жан Сағынтаев бюджет қаражаттарын пайдалану тиімділігін арттыруды жүктеді. Үкімет жетекшісінің байламынша, шамамен 100 миллиард теңге экономикаға жұмыс атқарылмай отыр. Сондықтан игерумен күрес қатаң сипатта жүретіні, ол қаражат кері қайтарып алынып, басқа салалар мен жобаларға қайта бөлінетіні ескертілді.
– Біз игерілмеген қаржыны алып қойып, соны қажетсінген салаларға бағыттаймыз. Әкімдер өздері жауапкершілік арқалайды. Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қаржы бөлді, Парламент қолдады. Бюджет қабылданды. Бірақ қаржы игерілмей отыр. Қашанғы күтеміз? Не экономикаға өсім қоспайды, не халықтың алдында айтар дәлел жоқ. Есеп бергенде бәрін қатырудамыз дейміз, артынша бәрі ұмыт қалады. Соңғы сөз: жарты жылдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы басқа салаға берілетін болады. Халық пен Мемлекет басшысының алдында өздеріңіз жауап бересіздер, – деп нықтады Үкімет басшысы.
Ол министрлер мен әкімдерге бюджет қаражатын тиімді пайдалануды мұқият қадағалап, тиісті конкурстық процедура­ларды өткізу үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Қаржы министрлігі осы жылдың алты айының қорытындысы бойынша бекітілген индикаторларды орындамаса, бөлінген қаражатты қайтарып алуға және оны Президент қойған басқа міндеттерді іске асыру үшін қайта бөлуге міндеттелді. Ауыл шаруашылығын, қайта өңдеу саласын дамытуды, экономиканы несиелендіруді қаржымен қамтамасыз ету бойынша мін­деттерді шешу үшін жүйелі шараларды кү­шейту қажеттігі атап өтілді. Тапсырма­лардың орындалуын бақылауға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин және вице-премьер Ерболат Досаев жауапты.
Осыдан кейін, Үкімет сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін одан ары дамытудың жаңа тәсілдемелерін қарады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағ­дар­ламасы аясында 2011–2017 жылдары республикалық бюджеттен жарты триллион, нақтырақ айтсақ, 494 млрд теңге шығын­далды. Осынша қаржыға қалалардағы және ауылдардағы сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 1684 жоба іске асырылыпты.
Бұдан бөлек сумен жабдықтау және кәріз жүйесі жобалары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында да жүзеге асырылады. Екі бағдарлама бойынша жалпы шығындар 600 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде, Қа­зақстан көлемінде жалпы ұзындығы 23 мың шақырымдық құбыр тартылған және ескі су құбырлары қайта жаңғыртылған.
Инвестициялар және даму министрінің мәліметінше, 2011 жылдан 2017 жылға дейін халықтың орталықтандырылған сумен жаб­дықтау жүйесіне қолжетімділігі қалаларда 82 пайыздан 93,8 пайызға дейін (жоспар 90% болатын), ал ауылдарда 42,5 пайыздан 57,4 пайызға дейін (жоспар 55%) көтеріліпті. Орталықтандырылған кәріз жүйесі бойынша қолжетімділік қалаларда 73 пайыздан 88 пайызға дейін, ауылдарда 8,8 пайыздан 11,5 пайызға дейін артқан көрінеді.
– Биыл 2025 жылға дейінгі «Қазақстан­ның стратегиялық даму жоспары» бекітілді. Оған сәйкес, орталықтандырылған сумен жабдық­таумен халықты қалаларда 100%, ауылдарда 80 пайызға қамтамасыз ету межесі белгіленді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолда­уында Үкіметке ауылды сапалы ауыз­сумен қам­тамасыз ету мәселесін шешуге жыл са­йын барлық көздерден 100 млрд теңгеге де­йін қаражат қарастыруды тапсырды. Осы мақ­сатқа қол жеткізу үшін «Өңірлерді да­мы­ту» бағдарламасына «осы секторды одан ары дамытудың жаңа тәсілдемелері», «жоба­лар­ды қаржыландырудың жаңа тетіктері», «ин­ди­каторларды өзектендіру» бағыттарында өз­герістер енгізу қажет, – деді Жеңіс Қасым­бек.
Секторды одан ары дамытудың жаңа бағыттарына тоқталған министр «су арна­ларының өндірістік процестеріне кешенді технологиялық жаңғырту жүргізу керектігін» айтты. Бұл ретте су арналарының барлық про­цестерін толық аспаптандыру, автомат­тандыру жүргізілмек. Бұл судың өндірістік ысырабын 15 пайызға, судың жолай пайда­сыз ағып кетуін 2 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Осының есебінен жыл сайын 35,7 млрд теңге үнемделеді.
Бұдан бөлек бюджет шығындарын азайту үшін қолданыстағы желілер заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңғыр­тылады. Мысалы, Қазақстанда сынақ ретінде Mitsui компаниясының жапондық технологиясы бойынша тат басуға қарсы жабдықтарын орнату жоспарланған. Бұл – министрдің сендіруінше, коррозияны жояды және құбырлардың қызмет ету мерзімін 40 жылға дейін ұзартады әрі судың сапасын жақсартады.
«Айталық, 100 шақырым желінің құбырларын ауыстыру 11,6 млрд астам теңге тұрады. Ал осы көлемдегі желіге антикорро­зиялық жабдықты орнатуға шамамен 618,5 млн теңге жұмсалады. Яғни, 19 есе арзанға түседі. Эксперимент аяқталған соң және мәлімделген нәтижелері расталса, осы тех­но­логияны одан ары қолдану орындылығы айқындалады» деді Ж.Қасымбек.
Мәселені талқылауды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Инвестициялар және даму министрлігімен келісіп, ауылды сумен жабдықтаудың Кешенді жоспарын әзірлеп, бекітуді, сондай-ақ МЖӘ тетігі арқылы ауылды сумен жабдықтау жобаларын іске асыру бойынша ұсыныстарды алдағы 1 шілдеге дейін енгізуді тапсырды. Бұл жұмыс­тады үйлестіру вице-премьер Ө.Шө­кеевке жүктелген.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*